Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Сауда-саттыққа бейім, саясатқа енжар C+1

Олаф Шольц
Фото: Michael Kappeler/dpa/picture alliance

Апта басында Германия канцлері Орталық Азияға келіп кетті. Өңірге арнаған үш күндік сапарының бірін Олаф Шольц Өзбекстанның Самарқанында, екі тәулігін Астанада өткізді.

 Сейсенбі күні ол «Тәуелсіздік сарайында» Орталық Азияның бес президентімен кездесіп, сауда-саттықты талқылады. Шольцтің іздегені не және Орталық Азия оған не ұсынды?

Олаф Шольц соңғы 14 жылдан бері Қазақстанға ресми сапармен келген Германияның алғашқы канцлері. Оның алдындағы канцлер Ангела Меркелдің табаны Астанаға соңғы рет 2010 жылы тиген. Содан бері қаншама су ақты. Заман бір орнында тұрмайды. Геосаяси ахуал өзгеріп, жаһанның жүзі құбылды. Мәселен, Қазақстанда президент ауысты. 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы болды. Ресей көрші Украинаға басқыншылық соғыс ашты. Батыс пен орыстың ортасында баяғы «қырғи қабақ» дәуіріндей, тағы да бітіспес қайшылық туындады. Мұндайда әр ел көрпесіне қарай көсіліп, тығырықтан шығар жол іздеуге кірісті. «Іздегенге – сұраған» дегендей, Орталық Азияның сауда-саттық, экономикалық байланысқа сенімді серіктес тапқысы келген талпынысына жаһанның дамыған, әлеуеті күшті алпауыт елдері де дайын-ақ тұр екен, «С5+1» форматындағы келіссөздер көбейді. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Тәжікстан сынды Орталық Азияның 5 мемлекетін бөліп-жармай, бірге қарастырып, олармен өзінің жеке қарым-қатынасын дамытқысы келген елдер біртіндеп, осы форматты таңдай бастады.

Бұл форматтағы жиындар осыдан 10-15 жыл бұрын өте жұпыны, елеусіздеу өтетін. Ары кеткенде сыртқы істер министрлері деңгейіне дейін ғана көтеріліп барып тоқтайтын. Әуелде «Орталық Азия+Жапония», «Орталық Азия+АҚШ» сынды келіссөздер бар еді. АҚШ сәл белсендірек қимылдап, әр жыл сайын жиынға қатысып жүрді, ал Жапония ұмытып кеткендей көрінген. Кейін қатарға Қытай кеп қосылды. Одан қалыспай Ресей, Еуропа Одағы да «Орталық Азия+» форматында түрлі тақырыпты талқылайтын жаңа алаңқай ашты. Қазақстан сыртқы істер министрі Роман Василенконың германиялық Deutsche Welle телеарнасына берген сұхбатында қазір дәл осындай 13 алаң барын айтты. Тіпті Үндістанмен де «С5+1» форматында жиын өте бастаған.

Астанада өткен «Орталық Азия+Германия» саммитіне Олаф Шольц пен Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Қырғызстаннан Садыр Жапаров, Өзбекстаннан Шавкат Мирзиеев, Түрікменстаннан Сердар Бердімұхамедов пен Тәжікстаннан Эмомали Рахмон қатысты. Орталық Азия президенттерінің баспасөз қызметтері таратқан ресми ақпаратқа қарағанда саммитте негізінен экономика, сауда-саттық, шикізат өндірісі, оған инвестиция құю мәселелері талқыланған. Мәселен, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев соғыс, қақтығыс, жаһанның тұрақсыздығы және санкция саясаты Орталық Азия елдеріне өте ауыр тиіп жатқанын, реформаларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғанын айтқан. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да елдердің дамуы үшін жаһанның тұрақтылығы маңызды екенін атап өткен. Садыр Жапаров болса, таулы аймақтағы мұздықтардың еруін Орталық Азиядағы ең маңызды мәселенің бірі ретінде алға тартқан. Ол осы ғасырдың соңында мұздықтың 80 пайызынан айырылып қалу қаупі төніп тұрғанын айтқан. Су ресурстарын сақтау жөніндегі ойын Қазақстан президенті де ортаға салған. Қасым-Жомарт Тоқаев климат өзгеруінің салдарымен күресу, экологияны жақсарту, су-энергетика саласының тиімділігін арттыру мәселесінде Германияның Орталық Азияға ұзақ жылдан бері сенімді серіктес екенін айта келе, серіктестерін Арал теңізін қорғау жөніндегі халықаралық қор жұмысына белсенді араласуға үндеген. Орталық Азия елдері басшыларының баяндамаларын тыңдаған Шольц «біздің арамызда бұрын-соңды дәл мұндай жақындық болмаған, әсіресе тұрақсыздық пен түсініксіздік жайлаған мына дүниеде бізге сенімді халықаралық серіктес керек» деген.

Жоғарыдағы сөйлемдерді оқысаңыз бәрі өзекті. Маңызды емес ештеңе жоқ. «Сенімді серіктес», «айнымас дос» деген тіркестер әдетте ресми тұлғалардың аузынан жиі естілетін, әбден жаттанды болған сөздер. Бірақ оның шын мәніндегі салмағы іс-әрекетке қарай бағаланатынын айтушы да, тыңдаушы да жақсы түсінеді. Мысалы, Шольц сапарының алғашқы күнінде Самарқанда Өзбекстан президентімен «миграция келісімі» деп аталатын құжатқа қол қойды. Екі тарап та бұған аса ынталы болса керек. Германия – арзан әрі сапалы жұмыс күшіне мұқтаж. Өзбекстан – сыртқа барып нәпақа іздейтін азаматтарына тұрақты жұмыс, тәуір жалақы беретін серіктеске ынтызар. Бұл мәселеде екі тарап құжат рәсімдеуді оңайлататын шарт жасасқан. Неміс баспасөзінің хабарлауынша, Шольц бұл келісім арқылы тағы бір саяси майданда сәтті жүріс жасаған. Соңғы күндері Германия саясатында мигранттар тақырыбы ушығып тұр. Неміс оппозициясы Шольц бастаған үкіметтің мигранттарға қатысты саясатына наразы. Оппозиция елге сансыз көп шетелдікті кіргізе беруді доғаруға шақырады. Кейбірі Сирия мен Ауғанстаннан қашқан босқындардың есебінен Германияда исламизация белең алғанын, оның неміс қоғамына өте үлкен қауіп екенін айтады. Олар елге кіріп алып неміс қоғамына сіңбей, не өнімді жұмыс істемей, босқын, қашқын, саяси баспана сұрағандарға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ғана күнелтетіндерден гөрі тек жұмыс істеу үшін келіп, адал еңбегімен жалақысын алып, еліне қайтатындарға басымдық беруге бейіл. Мұндай ұстанымға Германия қоғамында қосылатындар көп болса керек, Шольц те құлақ асқан. Самарқанда жасасқан «миграция келісімінің» бір міндеті – Германияда қылмыс істеп, жергілікті заңдарға бағынбай, жиі тәртіп бұзатын сириялық, ауғандық босқындардың біразын Өзбекстан аумағы арқылы өз елдеріне қайтарып жіберуге қол жеткізу. Неміс басылымдарының жазуынша, ондайлардың саны 200 мыңға жуықтап қалады.

Өзбекстаннан көңілді аттанған Шольцті Қазақстан да ренжітпеген. Ақорданың Telegram арнасы таратқан ақпаратқа қарағанда, Германия тарабы канцлермен бірге беделді, табысты кәсіпкерлерін ілестіріп, үлкен қосын ерте келген. Екі ел кәсіпкерлері қатысқан бизнес форумда оннан аса ресми құжатқа қол қойылған. Шикізат өндірісі, технология, ғылым-білім саласында келісімдер жасасқан. Қазақстан президентінің сөзінше, былтыр екі елдің арасындағы тауар айналым 3,9 миллиард долларға жеткен және Германиядан тікелей келетін инвестиция 64% өсіп, 770 миллион доллар болған. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел құны 55 миллиард доллар болатын жалпы саны 66 бірлескен жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткізгенін атап өтті. Көрсеткіштердің жыл сайын көбейіп келе жатқанына Германия канцлері де қуанатынын айтып қалды. Қазақстан – Германияға мұнай жеткізу жағынан Норвегия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші ел. Украина-Ресей соғысынан кейін балама көз іздеген Германия қазір мұнайдың 12%-ға жуығын «Достық» мұнай құбыры арқылы Қазақстаннан алады. Бұл келісімнен Германия мен Қазақстаннан бөлек Ресей де пайда тауып отыр. Өйткені «Достық» құбыр желісі Ресей аумағымен жүреді.

Ашығын айту керек, «Орталық Азия+Германия» саммитінде жаһанды елеңдетер ешқандай мәлімдеме жасалмады. Бұған сол жиынға қатысушы тараптардың да аса мүдделі емес екеніне күмән жоқ. Сауда-саттық, экономикалық тұрғыдағы алыс-беріс, инвестиция, жасыл энергия мәселелері алдыңғы орынға шыққан жерде саяси сипаттағы сөздерге көп орын қалмайтыны да түсінікті. Дегенмен «сөз аңдыған» (жақсы мағынасында) батыс баспасөзі саммиттен бір күн бұрын Қазақстан президентінің сөзін жарыса жазып, біраз азық қылды. Ақорданың мәліметінше Германия канцлері мен Қазақстан басшысының кездесуінде Олаф Шольц Қасым-Жомарт Тоқаевтан Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты пікір білдіруін сұраған. Ресейді стратегиялық серіктес әрі одақтас ел деп атаған Тоқаев Қазақстанның Украинамен ешқандай келіспеушілігі жоқ екенін жеткізген. Сондай-ақ екі жақтың бейбітшілік келісім жасасуына Қазақстан да мүдделі екенін, ондай мүмкіндік 2022 жылы Ыстамбұлда болғанын, бірақ жанжалдасушы тараптар оны уыстан шығарып алғанын айтқан. Бірақ биыл Қытай мен Бразилия ұсынған бітімгершілік жоспарларын қарастыруға, тіпті қолдауға тұрарлық екенін білдірген. «Мемлекет басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек» деген қазақ басшысы. Алайда Батыс пен Ресей БАҚ-тары бұл сөйлемдерге емес, бұның алдында айтылған «Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық» деген бір ауыз сөзін іліп әкетті.

Қазақстан президентінің бұл пікірі Германия канцлеріне неге керек болғаны түсініксіз. Тоқаевты тәжірибелі дипломат санап, кеңес есебінде сұрады ма, әлде көздегені басқа ма, әйтеуір бұлыңғыр. Қазақстанға келерден бұрын өзбек басшысынан неге сұрамады екен? Анығы – Украина-Ресей соғысына байланысты Орталық Азия басшыларының арасында көбіне Қазақстан президентінің үні жиі шығып қалады. 2022 жылы Санкт-Петербург төрінде, Ресей президенті Владимир Путиннің дәл жанында отырып «Қырым мен Донбасты мойындамаймыз» дегені де сол кезде саясат аренасында көп талқыланған.

Германияның Deutsche Welle телеарнасы журналистерінің хабарлауынша, саммит соңында канцлер Олаф Шольц пен президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің алдына келіп, баспасөз конференциясын өткізуге тиіс болған. Әдетте үй иесі мен ең қадірлі мейманның БАҚ алдына шығуы – халықаралық дипломатияда қалыптасқан дәстүр. Бірақ тілшілермен Шольц жалғыз өзі сөйлескен. Оның себебін DW арнасы Қазақстан тарабының қалауы деп түсіндіреді. Кейбір мәліметке қарағанда, Германия канцлері Өзбекстаннан белгіленген уақытта емес, көп кешігіп жеткен. Соның әсерінен оның Қазақстандағы кездесулері кейінге шегеріліп, кесте кезегінде тұрған баспасөз конференциясының өтпейтіні хабарланған. Бірақ соңғы сәтте Шольц тағы да аяқасты жоспарын өзгертіп, БАҚ өкілдеріне шыққан.

Айгүл Баба

Тегтер: