Саудиялық компания «Лукойлдың» шетелдегі барлық активтерін сатып алуы мүмкін — Reuters
Сауд Арабиясының Midad Energy компаниясы санкцияға іліккен «Лукойлдың» шетелдегі активтерін сатып алу жөнінде алдын ала келісімге қол қойды.
Мәміле АҚШ-тағы реттеуші органдардың рұқсатын алуға байланысты, деп жазды Reuters агенттігі.
Қаңтар айының соңында қол қойылған келісім «Лукойлдың» шетелдегі барлық мақсатты активтерін қамтиды.
Midad активтерді қолма-қол қаражатқа сатып алуға және қажетті реттеуші рұқсаттар алынғанға дейін қаражатты эскроу-шотқа орналастыруға келіскен. Аталған рұқсаттардың қатарында АҚШ Қаржы министрлігінің келісімі де бар.
Reuters дереккөзінің мәліметінше, Midad қажетті реттеушілік талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатыр. Өтінім Сауд Арабиясымен берік саяси байланыстарға сүйенетін, тәуекелі жоғары қадам ретінде бағалануда.
Еске салайық, 29 қаңтар күні «Лукойл» америкалық Carlyle инвестициялық компаниясымен LUKOIL International GmbH-ты (ПАО «Лукойлдың» шетелдегі активтеріне иелік ететін 100% еншілес компаниясы) сату туралы келісім жасасқанын хабарлаған еді.
Сондай-ақ, мәміле Қазақстандағы активтерге әсер етпейтіні, олар «Лукойл» тобының меншігінде қалып, қолданыстағы лицензиялар аясында жұмысын жалғастыратыны атап өтілген.
Бұған дейін ҚР Энергетика министрлігі де АҚШ Қаржы министрлігі жанындағы Шетелдік активтерді бақылау басқармасына (OFAC) Қазақстандағы жобалардағы «Лукойл» үлесін сатып алу мәселесіне қатысты ресми хат жолдаған болатын.