Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

«Сәуегей» Сүлейменовтің болжамдары неге қиыс кетті?

Сүлейменов
Фото: Жас Алаш коллаж

Ұлттық банк келер жылы инфляцияны 5 пайыздық деңгейге түсірудің қиын екенін мойындай бастады. Бұған дейін бас банкир Тимур Сүлейменов үкіметке барған сайын инфляцияға қарсы ұтымды шаралар жасалып жатқанын, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ақша-несие саясаты қатаңдатылғанын, Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп, баға тұрақтылығы мен макроэкономикалық тепе-теңдікті сақтауға қатты күш салатынын, осыған байланысты 2026 жылы елдегі инфляцияны 5 пайызға түсіруге болатынын айтатын.

Ал өткен аптада бас банк ақша-несие саясаты жөнінде жазылған арнайы баяндамасын жариялады. 

Баяндамада Ұлттық банк базалық сценарий бойынша 2026 жылға арналған инфляция болжамын өзгертті. Бас банк келер жылы қымбатшылық қысатынын жорамалдап, инфляция деңгейін 9,5-12,5 пайызға дейін ұлғайтты. Сөйтіп бұған дейін болжанған 5-6 пайыздық инфляцияға жету көзден бұлбұл ұшты. Енді Ұлттық банк, бәлкім, 2027 жылы инфляция 5,5-7,5 пайыз болып қалуы мүмкін деп болжайды.

Байқағанымыздай, бізде жыл сайын инфляцияны төмендетуге қатысты жоспарлар құрылады, болжамдар айтылады, ақша-несие саясаты қатаңдатылады. Ұлттық банк пен Үкімет жанығып, жанын салып жұмыс істеп жатқандай, инфляцияны төмендетуге қатысты уәделерді үйіп төгеді. Экономиканың өсіп жатқаны, ЖІӨ-нің артқаны жайында статистикалық деректер көз алдымызға тізіледі. Мәселен, биыл ЖІӨ 6 пайыздан асты. Алайда экономиканың артқанын, жағдайдың жақсарғанын қарапайым халық сезінудің орнына, қымбатшылық қос өкпеден қысып барады. Өткенде Мәжілісте біраз депутат халықтың азық-түлікті кредитке ала бастағанын айтқан еді. Экономикалық белсенді халықтың (8,4 млн-нан астам адам) 80 пайыздан астамының банктерге қарыз екенін, мерзімі өткен төлемдер сомасының 1,4 трлн теңгеден асып кеткенін, несиесін төлей алмай қара тізімге енгендердің саны бүгінде 1,7 млн адамға жеткенін депутаттар қаузап-қаузап қойған.

Сарапшылар да халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп кеткенін, ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге өсіру қажеттігін, осы арқылы халыққа төленетін жәрдемақы, күнкөріс себетін арттыру керектігін айтқан. Алайда ақша-несие саясатын қатаңдатып, нарықтағы ақша массасын азайтуды көздейтін, сол арқылы «нарыққа көп ақша жібермеу керек» деп есептейтін үкімет пен бас банк биыл да, келер жылы да ЕТЖ өсірмейтін болды, күнкөріс деңгейі де қайта қаралмады. Есесіне, базалық ставка 18 пайызға өсті, халыққа несие беруде талап қатаңдады. Экономикадан артық ақша алынатын болды. Артық ақшаны қысқарту арқылы Ұлттық банк инфляцияны да төмендетеміз деп ойлаған. Келер жылы 5-6 пайыздық инфляцияға осылай қол жеткізетін болғанбыз. Ал енді төмен инфляция арманға айналды, «сәуегей» Сүлейменовтің болжамдары қиыс кетті.

Тіпті біз Орталық Азия бойынша қымбатшылық дендеп тұрған мемлекеттердің біріне айналдық. Trading Economics дерегінше, қазір Украинамен соғысып жатқан Ресейдің өзінде инфляция деңгейі 8,1 пайыз. Ал Өзбекстанда – 8, Қырғызстанда – 9,5, Беларусьте – 7,1, Арменияда – 3,7, Тәжікстанда – 3,1 пайыз ғана. Соңғысында қымбатшылық қарқыны бізден 3-4 есе баяу. Ол аз десеңіз, дамыған елдерде инфляция деңгейі 2 пайыздан аспайды. Еуроодақты түгел қамтығандағы көрсеткіш 2,4 пайыздан көп емес.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзіне сүйенсек, Қазақстан нарығында бәсеке әлсіз. Оның үстіне жекелеген салаларда монополия дендеген. Әсіресе азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары секілді стратегиялық нарықтарда санаулы ғана ірі ойыншы бар.

«Бәсекелестік аз болған жерде бағаны тұтынушы емес, сол ірі компаниялар өз қалағанынша қояды. Өзбекстан мен Тәжікстан азық-түлікті өздері көп өндіреді. Ресейде де үлкен өндірістік экономика бар. Халқы көп болған соң нарық та үлкен, бәсеке де жоғары. Армения мен Қырғызстанда шағын кәсіп жақсы дамыған. Ал Қазақстанда монополия көп. Экономикамыз мұнай бағасына, геосаяси жағдайларға тәуелді. Осыдан барып қымбатшылық дендейді», – дейді Бауыржан Ысқақов.

Сала мамандары Ұлттық банк пен Үкімет қандай да бір болжам жасағанда өндірістік қабілетімізді ескермейтінін, содан барып болжамның мүлт кететінін айтады. Үкіметтің де, Ұлттық банктің де жоспарлары мен болжамдарының орындалмайтынының ең негізгі басты себебі осы.

«Банкирлердің болжамы таусылмайды»

Жалпы, Ұлттық банкті кім басқарса да, инфляцияны төмендетіп, экономиканы өсіруге қатысты болжамдарды әсірелеп айтудан бір танбайды. Мәселен, Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарған 2013 жылдары инфляция шамамен 6,8 пайыз болды. 2014 жыл: инфляция деңгейі орташа есеппен 7,4 пайызға жетті. 2015 жылдардан бастап Қайрат Келімбетов инфляцияны төмендетем деп тыраштанды. Одан кейін бас банкир болған, Ерболат Досаевтың кезінде инфляция 7-8 пайыздан асып жығылды. Ол кезде де қымбатшылықты бұғаулап, оны 5-6 пайыз деңгейіне түсіруге әрекеттер жасалды. 2022-2023 жылдары Ұлттық банкті Ғалымжан Пірматов басқарған кезде инфляция 13-15 пайызға дейін көтеріліп кетсе де, тағы сол 5-6 пайыздық межені жоспарладық, болжадық. Енді осы ескі сүрлеуге Сүлейменов түсті.

«Жас Алаштың» тұрақты спикері, экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтің пікіріне сүйенсек, Ұлттық банкті басқарған бас банкирлердің болжамы таусылмайды. Бірақ, шын мәнінде, Үкімет пен Ұлттық банктің тірлігі бір-бірімен байланыспайды. Мәселен, Ұлттық банктің мақсаты – бағаны тұрақты ұстап тұру. Үкіметтің мақсаты – экономиканы өсіру. Қазір осы екі мақсат бір-біріне қайшы кеп тұр.

«Жуырда Ұлттық банк «экономикада 8 трлн теңге артық ақша бар, оны нарықтан алу керек, нарықта ақша массасы көбейіп кетті» деді. Бұдан шығатын қорытынды – Ұлттық банк пен Үкімет Қазақстанның экономикасына нақты қанша қаражат қажет екенін білмей отыр деген сөз. Айналымда қанша көлемде ақша жүру керектігін олар сауатты есептей алмаған. Егер экономика шын мәнінде өсіп жатса, ол ақша артық қаражат есебінде болмай, жұмыс істейді. Экономика өсіп, өндіріс орындары дүрілдеп тұрса, қаражат та айналымда жүреді. Сондықтан Ұлттық банк пен Үкімет бірігіп жоспар құрып, экономикаға нақты қанша қаражат керек екенін есептеу керек.

Содан кейін қазір Үкімет пен Ұлттық банк «Тұрақты даму тұжырымдамасы»дегенді жиі айтады. Бұрын бағдардамалар бойынша жұмыс істесек, енді тұжырымдама бойынша жұмысқа кірістік. Тұжырымдама деген – концепция. Негізінде, концепция деген сөздің мағынасы ғылыми көзқарас дегенді білдіреді. Бірақ біздің үкіметтегілер ғалымдардың пікірімен санаспайды, ұсыныстарын қабылдамайды, сөйте тұра, концепциялар жасайды. Мен осыны түсінбеймін. Ғалымдармен бірге кеңеспесе, ұсыныстарын тыңдамаса, сауатты тұжырымдама жасалмайды ғой. Сондықтан қазіргі экономикалық даму тұрғысында жасалып жатқан концепциялар нақты орындалмай, тек болжам түрінде қалуда», – дейді экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков.

Ескірген қағиданы қашан жаңартамыз?

Ал қаржыгер Арман Мусин болса, біздің инфляциямен күресте ұстанып отырған қағидамыздың өзі ескі екенін айтады. Маман қазіргі ұстанып отырған бағытты өзгертпесек, теріс ықпалға жақындай салу оп-оңай дейді. Себебі біздің ұстанып отырған бағытымыздың өзі көне дәуірден келе жатыр. Қазіргі Ұлттық банк ұстанып отырған ақша массасын қысу теориясын монетаризм мектебінің өкілі Милтон Фридман өткен ғасырда дәлелдеп, ұсыныпты. Оның көзқарасы бойынша ақша бар жерде инфляция да өсе береді, осыған сәйкес ақша ұсынысын қысқарту инфляцияның өсімін баяулатады. Кезінде Милтонның бұл теориясына 1979-1980 жылдары АҚШ, 1980 жылы Ұлыбритания, 1970-1980 жылдары Чили және Германия жүгінген. 1990 жылдан бастап Жаңа Зеландия, Қазақстан, Өзбекстан ұстана бастады. Сарапшылар қазір бұл теорияның әбден ескіргенін, инновацияның дамып, ақпараттық технологияның өркендеп жатқан кезеңінде басқаша бағыт ұстануымыз керектігін айтады.

«Бізді адастырған Милтон қағидасын өзгерту қажет. Мысалы, іргеміздегі Өзбекстанды алайықшы, қазір өзбектердің сомын «сабан» ақшаға теңейтіндер көп. Ақшасы құнсызданып жатыр дегенмен Өзбекстанда қазір инфляция деңгейі 8,8 пайыз болып отыр. Өзбекстан фискалдық саясатты үйлестіре алып, инфляцияны осындай деңгейде ұстап отыр. Өзбекстанның үкіметі шығындарын бақылап, бюджеттік саясат инфляцияны арттырмау үшін ақша-кредит саясатына үйлестіріледі. Салық саясаты мен әлеуметтік трансферттер арқылы сұранысты тұрақтандыруға бағытталған шаралар қолданылады. Өндірісті қолдап, импортқа тәуелділікті азайтуда. Ал бізде айналымдағы ақша массасын қысқартып, ақша-несие саясаты қатаңдатылғанымен, бюджет қаражаты үнемделіп, орынсыз шығындар қысқарғаны шамалы. Біз тек ақша-массасын қысатын ескірген Милтон қағидасына қатты иек артып кеттік. Енді мұны түбегейлі өзгерту керек», – дейді қаржыгер Арман Мусин.

Не істемек керек?

Жалпы, маманның ойынша, болашақта Ұлттық банк пен Үкімет мынадай жаңа қағидаларды ұстанғаны жөн:

Бірінші, көп елдерде орталық банктерге инфляцияны бақылау, жұмыспен қамту, қаржы тұрақтылығы бойынша жұмыс істеу міндеттеледі. Ал жаңа тәсіл бойынша Ұлттық банк тек бір мақсатты ұстануы тиіс. Ол бағаның тұрақтылығы. Сонда саясаттың шашырауы болмайды.

Екінші, инфляцияны алдын ала болжайтын саясатты нақтылау керек. Ұлттық банкті тек президентке ғана бағынатын орган ету дұрыс емес. Ұлттық банк Мәжіліске барып есеп беріп отырсын. Ұлттық банктің жұмысы да Мәжілісте талқыға салыну шарт. Халық алдында ашық есеп берілгені жөн. Сол кезде ғана ақша-несие саясатына қатысты сауатты тұжырымдамалар жасалады.

Үшінші, Милтон Фридманның ережесінен бас тартып, нарықтағы ақша массасын экономиканың нақты жағдайына қарай автоматты түрде реттейтін жүйе құру керек.

Төртінші – фискалдық саясат. Ең жаңа және маңызды қағида. Үкіметтің шығыны мен бюджеттік саясаты бас банктің инфляциямен күресіне қайшы келмеуі керек. Қазір бізде Ұлттық банк ақша массасын қысып, нарықтан ақшаны азайту керек десе, Үкімет Ұлттық қордан қаражат алып немесе сырттан қарыз алып, қайтадан ақша массасын көбейтеді. Осы қаражат үнемделіп, сыртқы қарызды да азайтып, қордан да қаражат алуды доғару керек. Егер бюджет көп шығын жасаса, инфляцияны бас банк ешқашан тежей алмайды.

Бесінші, бәсекелестік нарығын қолдау қағидасы керек. Бағаның өсуі тек ақшаға емес, монополияға да байланысты. Таза нарық болғанда инфляция төмендейді.

Алтыншы – «өндірістік инфляцияны» төмендету қағидасы. Бұл жаңа көзқарас инфляцияны тек ақша саясаты арқылы емес, өндіріс шығындарын азайту арқылы да тежейді: логистика мен энергия бағасын төмендету, ішкі өндірісті арттыру, импортқа тәуелділікті азайту. Бұл ұзақ мерзімді, бірақ тұрақты нәтиже беретін қағида.

Міне, сала маманы осындай ұсыныстарды ұсыну арқылы біз армандап жүрген 5 пайыздық инфляцияға жетуге болатынын айтады. Ал мұны Үкімет пен Ұлттық банк құлаққа ілсе, қанеки?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ