Сауранбаев дөңгелек ауыстырып алғанша...

Қазақстанда былтыр күзде егін жинау науқаны толық аяқталғанда «26,5 млн тонна астық жинадық» деп бөркімізді аспанға атқанбыз.
Жылдағыдай ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалар әр гектардан 16 центнерден астық жинағанын айтып есеп берді. Сауда және интеграция министрлігі «ол астықтың саудасын қыздырамыз, экспортқа шығатын өнімнің көлемін арттырамыз» деген жоспарларымен бөлісті. Үкімет отырысында Олжас Бектеновтің алдында есеп берген сауда министрлігінің вице-министрі Қайрат Төребаев «Қазақстанның Азия елдеріне астық жеткізу мүмкіндігі жоғары» деп те мақтанды.
Сондай-ақ аталмыш министрлік еліміз 12 млн тонна астық экспорттауды жоспарлап отырғанын хабарлаған. «Экспортқа саудалануы тиіс 12 млн тонна астықтың 7,5 млн тоннасы бидай, 1,4 млн тоннасы арпа, 300 мың тоннасы жүгеріге тиесілі, ал майлы дақылдар көлемі 1 млн тоннадан асады» деп жобаланған.
Сауда және интеграция министрлігінің есебіне сүйенсек, еліміз биыл Орталық Азия мен Ауғанстанға 4,2 млн бидай жеткізбек. Қытайға астық экспортын 1,6 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ Италия, Латвия, Испания сияқты Еуропа елдері де маңызды нарық болып отыр. Түркия мен Таяу Шығысқа шамамен 1 млн тонна бидай экспорттауға мүмкіндік бары айтылған.
Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзия нарықтарында қазақстандық бидай брендін ілгерілету жұмысы басталған. Бұдан бөлек, сауда министрлігі Арменияға 600 мың тонна, Италияға 1 млн тонна бидай жөнелту туралы келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеді. Солтүстік Африка елдеріне 200 мың тонна экспорт бойынша келісімдер әзірленуде. Министрліктің мұндай жоспарларына қарап «Азияны қойып, Еуропа мен Солтүстік Африкаға дейін қазақ астығы сатылады, саудамыз қызады» деп екі алақанымызды ысқылап, біздің де кеудемізді мақтаныш сезімі кернеген.
«Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» демекші, сауда министрлігінің мұндай әдемі жоспарларына сеніп отыра беретін де едік. Өткен аптада бірқатар мәжіліс депутаттары «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы (ҚТЖ) астық экспортына қауіп төндіруде деп дабыл қақты. Бұл мәселеге қатысты олар үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына және Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал да жолдады. Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаевтың сөзіне сүйенсек, Қазақстанның астық одағының (елдің 168 жетекші астық кәсіпорнын біріктіреді), Қазақстан тасымалдаушылар және вагон операторлары қауымдастығының, сондай-ақ осы саладағы жекелеген кәсіпорындардың қазір ҚТЖ-ға өкпесі қара қазандай. ҚТЖ енгізген вагондарды жарақтандыруға қатысты қойылған талаптар олардың еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді және астық экспорты бойынша келісімшарттардың бұзылуына қауіп төндіреді. Атап айтқанда, астық экспорттаушыларға ешқандай ескертпестен, алдын ала түсіндірместен ҚТЖ вагондардың дөңгелектерінің қалыңдығына қатысты ең төменгі рұқсат етілетін талаптарды 25 мм-ден, 26 мм-ге дейін өзгерткен. Ұлттық компания астықты тасымалдау үшін вагондарды осылай қайта жарақтандыруды талап етуге кірісіпті. Қазір кәсіпкерлерді «Қазақстан теміржолы» АҚ-ның 2025 жылдың 15 қаңтарынан бастап енгізген жоғарыдағы талабы қатты алаңдатады. Вагондардың дөңгелегін қалыңдатуға кететін шығындардың өзі де оңай емес.
ҚТЖ-ның аяқ астынан мұндай талап қойғанына қатысты астық экспорттау саласында жүрген кәсіпорындар және еліміздің вагон операторлары қауымдастығы шұғыл көмек көрсетуді сұрап депутаттарға жүгінген. Олардың ақпараты бойынша ҚТЖ алдын ала зерттеп, талдау жүргізбестен жаңа талаптарды енгізген. Депутат Ерлан Барлыбаев мұның барлығы заң талаптарын бұзу екенін айтады. Оның ойынша, бұл шешім халықаралық және ұлттық стандарттардың нормаларына да сай келмейді. Соның ішінде Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына, ТМД нормативтік актілеріне, ЕО теміржол көлігін пайдалану нормативтеріне қайшы.
«Жаңа талаптар қазақстандық жүк жөнелтушілерді тең емес жағдайларға қояды, өйткені басқа елдердің операторлары25мм стандарттар бойынша жұмысын жалғастыруда. Ал ҚТЖ-ның дөңгелектердің қалыңдығын 26 мм ауыстыру талабы нарыққа қатысушыларды қаржылық шығындарға әкеп соғады. Астық одағының есебі бойынша вагон паркінің 80 пайызын жаңарту үшін10 мыңвагон дөңгелегі жинағын ауыстыру үшін 72 млрдтеңге көлемінде қаражат қажет. Ал олар бұл қаражатты қайдан алады?! Аталған талапты орындау астық жөнелтуді тоқтатуға, келісімшарттардың орындалуын бұзуға әкеп соғады. Бұл отандық бизнес пен экономикаға орасан зор зиян келтіреді. Астық экспортының көлемін төмендетеді», – дейді Ерлан Барлыбаев.
Депутаттың ойынша, үкімет ҚТЖ-ға осы талапты қайта қарауды және жоюды міндеттеу керек. Ал ол талапты енгізу қажет болған жағдайда вагондарды қайта жабдықтау үшін Қазақстан вагон паркіне қолайлы шартпен 72 млрдтеңге мөлшерінде қажетті қаржыландыруды алуға жәрдемдесу қажет.
Осылайша, ҚТЖ-ның саланы жаңғыртып, сапаны арттыруға қатысты енгізіп отырған реформасы астық экспортында жүргендер мен Қазақстан вагон операторлары қауымдастығын әрі-сәрі күйге түсіруде. Бұл саланы зерттеп жүрген Стратегия және агробизнесті дамыту орталығының маманы Алмас Сәлменовтің пікіріне сүйенсек, мұндай шектен тыс талаптар расымен де Қазақстан астығының экспортына кедергі келтіреді. Маманның сөзінше, көрші Ресей де былтыр астықты шамадан тыс көп жинаған. Олар қазір 53 млн тонна астық экспорттауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Қытай әзірге Қазақстанның астығына белгілі бір шектеулер қойған. Өйткені олар алдымен өз өнімін игереді, жетпеген жағдайда ғана импортқа жүгінеді. «Иран, Ауғанстан, Тәжікстан бидайымызға қызығып отыр» дегеннің өзінде біздің ішкі нарықта астық артылып қалады. Ішкі нарығымызға керегі 8-9 млн тонна астық десек, сонда 17-18 млн тонна астық артық қалады. Ал енді соның барлығын қайда жібереміз, қалай ұқсатамыз, кедергілерден қалай өтеміз?!
«Жас Алаштың» сауалына жауап берген сарапшы Алмас Сәлменов былай дейді:
«Бізде теңіз порттары өте алшақ. Әрі оның шығындары да өте қымбат. Бұдан бөлек, вагондар онсыз да қат. Мысалы, 1 тонна бидайдың құны 100 доллар десек, 1 вагонға әрі кетсе 60 тонна бидай артылады. Сонда әр вагонның құны бар болғаны 6 000 доллар. Қазір астық өндірушілерге өте қиын. Оны экспорттайтын кәсіпорындарға да оңай емес. Тасымалдауды былай қойғанда сапа мәселесі де алдымыздан кес-кестейді. 3-сортты былай қойғанда былтыр еліміздегі бидайдың басым бөлігі 4 немесе 5-сорт болып шықты. Мұндай бидайды тек мал азығы ретінде пайдаланады. Көп елдер алмайды. Тек Азияда, Таяу Шығыста мал азығына алып жатыр деп естідім. Былтырғы су тасқыны, егістіктерді қарғын судың басып кетуі, жердің тыңайтылмай қалуы бәрі астықтың сапасына кері әсер етті. Кәсіпкерлер де, диқандар да қиналып қалды. Себебі олар желтоқсан айында салық пен несиесін төлеп үлгеруі тиіс болды. Екіншіден, сапаның төмендігіне байланысты өнімнің өтуі де қиын. Үкімет отандық шаруалардан 1,5 млн тоннаға дейін астық сатып алатынын алға тартқан, бірақ оларға бұдан да басқа қосымша жеңілдіктер керек. Олай етпесек, таяуда банкротқа ұшырайтын шаруалар көбейеді. Өйткені былтыр кәсіпкерлер 1 гектар жерге бидай егіп, жинауға орта есеппен 100 мың теңгеге шығындалған. Ал содан көрген пайдасы әр гектардан 55 мың теңге ғана тапқан. Демек бұл дегеніңіз – әр гектардан 45 мың теңге шығынға кетті деген сөз. Енді мұндай шығындарға теміржол тасымалының бөгеті қосылса, жүк тасымалы тарифінің қымбаттауы қосылса, әлгіндей ҚТЖ тарапынан тасымалдайтын парктерге вагондарды жаңарту талабы қойылып, ол вагондардың жарақтануына қаншама уақыт керек болса, онда бұл салада жүрген кәсіпкерлер нарыққа қатысуын доғарады. Бұдан барып сауда министрлігінің 12 млн тонна астық экспорттау жоспары тек болжам күйінде қалады».
Сала маманының айтуынша, жоспар орындалуы үшін нарықта келісімдер, ескертулер жасалуы қажет. Сондықтан үкімет ҚТЖ-ға негізсіз талаптар қоймауды ескертуі қажет.
Жалпы, бір бұл емес, диқандардың ҚТЖ-ға батпандай базына айтқанына бірнеше жылдар болған. ҚТЖ-ның салғырттығынан әбден мезі болған диқандар компанияны «вагондарды уақытылы жолға салмайды, сыртқы нарыққа өнім жеткізу бойынша талаптарды уақытында орындамайды» деп кінәлайды. Вагондардың тапшылығынан бөлек, оларды жалдау тарифі де ұлғайған. Былтыр бір вагонды экспортерлар 700 мың теңгеге жалдаса, биыл ол вагондар 1,6 млн-нан 1,7 млн теңгеге дейін көтерілген. «KazGrain Ұлттық экспортерлар» ассоциациясы да саладағы жағдайды біледі. Ассоциация басшылары мәселені айтып, үкіметке хат та жазған. Алайда ондай үшбу хаттардан да қайран болмапты.
«Ертіс» ЖШС агросекторының маманы, Бауыржан Енсебаев былай дейді:
«Біз жылдың соңында салық төлейміз, несие қайтарамыз. Сондай кезде барлық диқандар жаппай астықты сата бастайды. Ұсыныс көбейген кезде, баға өзінен-өзі түседі. Осы сәтті көрші Тәжікстан ұтымды пайдаланып үйренген. Олар бізден арзан астықты көптеп алып кетеді. Өзге нарықтарға бізден алған астықты қымбатқа сатады. Шыны керек, біздің кейде шығынымыз ақталмай да қалады. Негізінде астық экспорттауда теміржолдар тынымсыз жұмыс істеп, сауда тоқтамауы тиіс. Бірақ бізде ҚТЖ-ның кейбір талаптары ақылға қонымсыз. 2022-2023 жылдары астық тиейтін вагондарды 40 күннен артық тосатынбыз. 40 күнде бір кәсіпорынның өнімін екі мәрте апарып келуге болады ғой. Ал енді биыл вагондар паркіне «астық таситын вагондардың дөңгелектерін қалыңдату керек» деген талап қойылыпты. Естіп жатырмыз. Ол дөңгелектерді қалыңдату үшін қанша уақыт кетеді?! Оған вагондар тасымалы операторлары қаражат табуы керек. Әрине, кезең-кезеңімен жүзеге асырады дегеннің өзінде бұл астық тасымалының уақытын созып жібереді. Сондықтан мұндай талаптарды қайта қараған жөн».
Мамандар осылай дегенімен, ҚТЖ «өз желіміз бойынша Орталық Азия елдеріне жаңа астық экспортын арттырдық» деп отыр. Компанияның бізге берген деректеріне жүгінсек, 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қаңтарына дейін жаңа астық тасымалдау көлемі 6,1 млн тоннаны құраған. Бұл алдыңғы кезеңнің ұқсас көрсеткішімен салыстырғанда 47 пайызға артық. Тасымалданған астықтың негізгі бөлігін экспорттық жеткізілімдер құрап, 4,8 млн тонна астық шетке сатылымға шыққан. Ішкі тасымалдар да оң динамиканы көрсетіп, былтырғыға қарағанда 28 пайызға өсіп, 1,3 млн тоннаға дейін ұлғайған.
Әйтеуір есепке қарасақ, төмен көрсеткіш көрмейміз. Бірақ елдегі диқандар «Обалымыз ҚТЖ төрағасы Нұрлан Сауранбаевқа» дегенді жиі айтып, жыларман болып жүр...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ