Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 28 Мамыр 2024

Саясат Нұрбек кадр тапшылығын 10 000 теңгелік «кепілхатпен» шешеді

НҰРБЕКТІҢ ГРАНТТЫ ҚАРЫЗҒА ӨСІРУ САЯСАТЫ
Фото: из открытых источников

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде студенттер кепілхат сатып алып жатыр.

Себебі жоғары оқу орны «гарантийное письмо» әкеліңдер деп қайта-қайта сұрап, талап етіп жатқан көрінеді. Естеріңізде болса, Jas Alash мемлекеттік грантты өтеу туралы жазып (№4, 18 қаңтар), жауапты тараптармен тілдескен. Сол кезде оқуды аяқтаған жас мамандардың жұмысқа орналасу деңгейі бойынша мониторинг жасайтын «Қаржы орталығы» АҚ студенттерден алдын ала қандай да бір анықтамалық құжат талап ету заңсыз екенін айтқан. Ал ҚазҰМУ тарапы ешқандай кепілхат сұратпаймыз деген. Алайда жалған кепілдік саудасы әлі қызып тұр...

Бұл туралы аталған оқу орнының 4 курс студенті айтып берді. Аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған білімгердің сөзінше, қатарластары кепілхат үшін «жүгіріп», ақыры ақшаның көмегіне жүгіне бастапты.

«Әуелде бізге 1 наурызға дейін жұмыс орнынан «сені жұмысқа аламын» деген кепілхат әкеліңдер деді. Тіпті магистратураға тапсырамын десең де кепілхат алып келесің. Алайда әлі диплом алмаған біз үшін жұмыс табу оңай іс емес. Тәжірибесі бар медицина мамандарының өзі әупірімдеп жүріп әрең орналасады. Ал жас студентке дайын орын, дайын кепілхат қайдан болсын? Қай жұмыс берушіге барып мен оқуды бітіремін, диплом аламын, сол кезде мені жұмысқа алыңыз, сол алатыныңыз туралы кепілхат беріңіз дей аламыз? Мейлі мемлекеттік, мейлі жекеменшік орын болса да... Солай созып жүре бердік. Бірақ оқу аяқталуға жақындағанда студенттердің бірі өзіне деканаттан хабарласып, кепілхатты тез өткізбесеңдер диплом берілмейді деп айтқанын сөз етті. Тағы біреулер «обходной лист» үшін қажет деп жүрді. Бәрімізге бір-бір хабарласып, кепілхат туралы ескертті. Содан соң студенттер тура оқу бітірейін деп жатқанда артық проблема болмасын деп өткізіп жатыр.

Біреулер расында жұмыс тапқан болар. Бірақ көпшілігі кепілхатты сатып алуда. Ортақ чаттарға «саудагерлердің» хабарламалары келіп, жарнамалары да шықты. Бірі 5 мың, екіншісі 8 мың, тағы біреуі 10 мың деп өз бағаларын айтты. Кейбіреулер өз таныс-тамырына «ақшаңызды береміз, сіз ештеңеге міндеттелмейсіз, тек құжат жасап беріңіз» деп жасатады. Негізі кепілхат болмаған жағдайда enbek.kz-ке тіркейтінін хабарлаған. Алайда онда өңірлерге жолдайды деп бітіруші түлектердің көпшілігі кепілхатқа жүгінеді», – дейді студент.

Ол бізге студенттер чатына жарнамасын жолдаған адамдардың байланыс нөмірлерін де берді. Хабарласқанымызда «пысықайлар» кепілхатты 10 мың теңгеге жасап беретінін, мөр мен қолтаңба жеке кәсіпкерлік негізіндегі дәріханадан қойылатынын, бірнеше күн ішінде дайындап беретінін жеткізді. Осындай оңай да тез шешімге жүгінушілер көп сынды. Салдарынан студенттердің расында жұмыспен қамтылуы мен шынайы статистика деген қиял күйі қалып қояр ма екен дейсің. Демек, «отработка» да өз функциясын орындамайтын пайдасыз құралға айналады.

Дипломды қарызға, кепілхатты қолма-қол ақшаға аласың

Еске сала кетейік, 2016 жылы Білім туралы заңға өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік грантпен білім алған студенттер өз мамандығы бойынша мемлекеттік ұйымдарда кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттелді. Оның ішіне бакалавриат, магистратура, PhD докторантура, «Серпін» бағдарламасы мен ауылдық квота арқылы грантта оқыған барлық жастар кіреді. Сол кездегі білім және ғылым министрлігі грант өтеуді міндеттеудегі мақсат кадр тапшылығын шешу деп түсіндірді. Себебі белгілі, грантпен оқып жатқандардың басым бөлігі дипломмен жұмыс істемейді. Бұл орайда әр университет өзінде білім алған түлектерге Жұмыспен қамту орталығы арқылы вакансиялар ұсынуы тиіс. ЖОО-дағы арнайы комиссия алдын ала жолдамалар дайындап, түлектерге таныстырады. Жұмыс тапқан студент 1 қыркүйектен бастап орналасқаны және зейнетақы қорының жүріп тұрғаны туралы есеп беріп отыруы тиіс. Бұл – кадр тапшылығын «шешудің» бір жолы. Ал осының бәрін тіркеп, мониторинг жасаумен «Қаржы орталығы» АҚ айналысады. Жоғарыда айтқанымыздай, орталық мамандары алдын ала қандай да бір анықтама талап ету заңсыз екенін хабарлаған. Соған қарамастан, кепілхат сұратылып жатқан соң тағы байланысқа шығып, сауалдарымызды қойдық. Орталық маманы Ақзере Серікқали былай деп жауап берді:

«Негізгі жұмыспен әр ЖОО-ның өзінде құрылған комиссия айналысады. Өз кезегінде олар да жас мамандарды жұмысқа жіберу үшін белгілі бір құжатқа сүйенуі керек. Сондықтан студенттер ваканттық орнын көрсету үшін шақыру хат, кепілхат, жұмыс істеп жатқандары жұмыс орнынан анықтама әкелуі қажет. Ал енді кепілхаттың қандай жолмен алынғанын немесе шынайылығын тексеру, анықтау жағы Қаржы орталығының құзыреттілігіне кірмейді. Біздің жұмыс жас маман оқу бітірген соң мониторинг жүргізуден басталады. Оған дейінгі жұмыс ЖОО-дағы комиссия құрамының жауапкершілігінде. Сол жақтан бізге хаттама келеді. Кім жұмыспен қамту орталығына жолданды, кім қай жерге жұмысқа тұрды, кім бекітілген критерийлерге сәйкес міндеттемеден босатылды, осы тұрғыда ақпарат аламыз. Осы тізімге сәйкес тексеріс жүргізіп, грантын өтемей жүргендерге байланысамыз, қажет болған жағдайда талап-арыз ісін бастаймыз. Іс сотқа жеткен жағдайда шешім шығады да, жеке сот орындаушыларға беріледі. Олар ақшаны өндірген соң келісімшарт негізінде қаржыны мемлекетке қайтарамыз. Ал жұмысын істеп жүргендердің ай сайынғы есебін қарап, грантты өтеу мерзімі біткенде біткені туралы хабарлаймыз. Біздің жұмыс – осы».

ҚазҰМУ: Студенттердің әрекеті түсініксіз

Демек, кепілхат талап ету тікелей университеттердің өз шешімі деп қорытынды шығаруға болады. Өйткені ЖОО-лардың бұл ісіне ғылым және жоғары білім министрлігі де араласпайды. Қаржы орталығы болса тек мониторинг жасаймыз деп отыр. Ал студенттердің сөзіне қарасақ, мұндай «справка» мен кепілхатты университеттердің барлығы дерлік сұратып жатыр. ҚазҰМУ солардың айқын бір мысалы. Аталмыш оқу ордасының оқу-ісі жөніндегі проректоры Жанна Калматаева университет ешқандай да кепілхат талап етпейтінін, тек жұмысқа орналасқан соң анықтама сұрататындарын, жұмыс табылмаған жағдайда enbek.kz сайтына тіркелгеніне көз жеткізіп, бақылауда ұстайтындарын айтқан еді. Десек те, жағдай бақылауда емес секілді. Осы мәселе жөнінде ЖОО-ның мансап орталығына байланысып, сатылымдағы кепілхаттардың жайы туралы сұрадық. Олардың жауабы мынадай:

«Мансап орталығы «Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидаларын бекіту туралы» бұйрық негізінде жұмыс істейді. Осы ереженің 18-тармағында комиссияның қарауына қандай құжаттар тапсырылуы қажет екені көрсетілген. Соған сай кепілхат талап ету заңды.

Ал негізінен оқуын тәмамдап жатқан студенттерді жұмыспен қамту мақсатында әр жылы бірнеше шара өткізіледі. Университет жәрмеңкесі, аймақтардан келген жұмыс берушілер делегациясымен кездесу ұйымдастыру, сұраныс хаттар негізіндегі жұмыстар жүргізілуде. Осының бәрі студенттерге таныстырылады, чаттарға жіберіледі. Жұмыс таппаған күнде enbek.kz-ке орналастыратынымыз туралы да хабарладық. Соған қарамастан студенттердің неге кепілхат сатып алып жатқаны түсініксіз, бұл сұраққа жауап бере алмаймыз».

Ал студенттердің өзі жедел арада жұмыс таба алмаймыз, сондықтан кепілхат сатып алуға мәжбүрміз дейді. Еnbek.kz-ке тіркелу туралы сөз қозғасақ, бірі түсінсе, бірі түсінбей, ондағы ваканттық орындар алыс-шалғайдағы өңірлерде екенін айтып қашқақтайды. Онда барғанда қалай күн көремін деп, орынды уәждерін жеткізеді... Ал ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ештеңеге қарамай, өтеуі үш жылдық грантты арттыра береміз деп отыр.

Баян Мұратбекқызы