Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Саясат Нұрбек сағым қуып жүр

Саясат Нұрбек
Фото: forbes.kz

20242025 жылғы оқу жылында еліміздегі студенттер саны рекордтық көрсеткішке жетті. ЖОО білімгерлерінің саны 624,5 мыңнан асып, шетелдік студенттердің қатары 30 мыңға таяды.

Ұлттық статистика бюросы берген мәліметтерге сүйенсек, олардың үштен бірі Алматыда оқиды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тек арта бермек. Елдегі инфрақұрылым мен ЖОО-лар оған дайын ба?

Қазақстандық қоғамдық даму институтының болжамы бойынша жақын жылдары жоғары білім беру жүйесін күрделі демографиялық өзгерістер күтіп тұр. Нақтырақ айтқанда, 2029 жылға қарай абитуриенттер екі есеге артып, университеттерде орын дефициті байқалуы ықтимал. Демек, оқытушылар мен жатақхана, жаңа жұмыс орындарының жетіспеушілігі де күтіледі. Ал ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2029 жылға дейін шетелдік студенттер санын 150 мыңға жеткіземіз деп, білек сыбанып отыр. Бұл жайлы Қазақстандық қоғамдық даму институтының баяндамасында былай делінген:

«Осы аталған факторлардың бәрі білім беру инфрақұрылымына қомақты инвестиция тартуды қажет етеді. Есептер бойынша 2040 жылға дейін шамамен 29,1 трлн теңге керек болады. Қазірден бастап жоғары оқу орындары бірінші курсқа қабылданатын студенттердің санының күрт көбеюіне, оларды оқытуға, жатын орынмен қамтамасыз етуге, сапалы білім беріп, бос уақыттарын ұйымдастыруға қауқарлы ма деп ойлану керек».

Алдымен Алматыдағы жағдайға тоқталайық. Қазір мегаполисте 202 мың студент оқыса, соның 123,5 мыңы өзге қалалардан немесе мемлекеттерден келген. Олардың 58 мыңға жуығына жатақхана қажет. Алайда студенттік кампустардағы орын тек 35 мың студентке жетті. Қалған 89 мың студент пәтер немесе хостел жалдауға мәжбүр. Жауаптылар мәселені шешіп жатырмыз деп есеп беріп жүр. Маусымның аяғында ғана парламент палаталарының бірлескен отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев биыл 23 жатақхана пайдалануға беріледі деді. «Өткен жылы 11 мың орынға арналған 40 жатақхана ашылды. Ал биыл 10,5 мың орындық 23 нысан студенттерге қолжетімді болмақ», – деп мәлімдеді ол. Демек, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 2025-ке дейін 90 мың орындық жатақхана салынуы тиіс деген тапсырмасы орындалмайын деп тұр. 2018–2023 жылдар аралығында жалпы саны 50 966 орындық жатақхана ашылған. 2024-тің соңында 10 304 орын пайдалануға берілді деген мәлімет шықты. Биыл тағы осынша орын дайын болған күннің өзінде, 90 мыңның ауылы алыс. Қалыптасқан қажеттіліктерді өтей алмай отырғанда студенттер екі есе артса, жағдай күрделене беретіні айтпаса да түсінікті.

Жатақханаға өкпелеп жүргенде оқу ғимараты шықты

90 мың қайда, соңғы уақытта жатақханадан бөлек, оқу ғимараттарының тапшылығы сезіліп жатыр. Тіпті онлайн оқытуға арналған платформалар мен онлайн сабақтар әзірленіп, қолданысқа енуде. Кейбір ЖОО-лар студенттеріне диплом беруге «үлгермей», әуре-сарсаңға түсіп жатқанын да көріп отырмыз. Әлеуметтік желілерде «Төрт жыл оқыдық, ал диплом беру рәсімінде әр студентке 5–8 секундтан бөлді. Өзімізді жоғары білім алып шыққан студент емес, базарда жүрген адамша сезіндік»; «Елдің түкпір-түкпірінен ата-аналар ат терлетіп келіп жатыр. Ал диплом табыстау рәсімі тар залда өтті. Неге деген сұраққа «түлектер көп, уақыт тығыз, тапқан жерде табыстаймыз» деген сынды жауаптар алдық», – деп, наразылық білдіріп жатыр студенттер. Әсіресе алматылық түлектер осындай наздарын айтып, әлеуметтік желі беттерінен жиі көрінді.

Оқу орындарының бәрін бір жерге шоғырландырады, жатақхана мен ғимарат жетіспеушілігі мәселесін шешеді, Алматыға түсетін салмақ азаяды, ғылым қалашығына айналады деген Алатау қаласына да сену қиын. Себебі уәде етілген университет филиалдары былай тұрсын, мақтаулы қаланың қазығы да қағылмады. Саясат Нұрбек пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 2024–2027 жылдар аралығында еліміздің төрт университетін көшіру үшін ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар, жатақханалар мен қонақүйлер салу жұмыстары атқарылатын болады деген мәлімдеме таратқанын ұмыта қойған жоқпыз. Десек те, әлі күнге бір ЖОО-ның да іргетасы қаланбады. Ол туралы газетіміздің өткен сандарында айтылды. Осы жөніндегі ресми сауалдарымызға жауап берген Қонаев қаласы архитектура және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі Әлішер Байдуановтың айтуынша, төрт университеттің көшу жоспары әлі талқылау сатысында:

«Қонаев қаласының бас жоспары бойынша Жаңа Іле ауданында алаңы 100 га құрайтын жер телімі академиялық қалашық құрылысына деп белгіленді. Инвесторлармен кездесу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр KAZIND Medical Group компаниясына 100 га жер телімі медициналық академ-қалашықтың құрылысын салуға берілді. Құрылыс нысандары 2030 жылға дейін аяқталады деп күтілуде».

Бұл жоспардың да 2024-те төрт университетті көшіреміз деген уәде секілді орындалмай қалмауын кім қадағалайды деген сауалымызға «Ғылым және жоғары білім министрлігі» деген жауап келіпті. Бірақ министрлікке қарасақ, жаңа академиялық хабты ұзақ күтетін сияқтымыз.

Нұрбек рейтингке сенеді

Инфрақұрылымнан бөлек, білім сапасы да өзекті мәселе. Қазақстанда студенттердің 90 пайыздан астамы бакалавриаттар. Небәрі 7–8 пайызы магистрант. Ал докторанттар саны 1 пайызға да жетпейді. Яғни ғылыммен айналысатындардың қатары дамыған елдермен салыстырғанда аз. Академиялық дәреже алғандардың өзі ғылымға үлес қоса алып жатыр ма деген сауал туады. Магистратура мен докторантураға тағы бір диплом және ай сайынғы стипендия деп қарайтындар көп екені жасырын емес. Соған қарамастан, Қазақстандағы он бірдей университетке «зерттеу университеті» деген мәртебе берілді. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Қарағанды медициналық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және Назарбаев университеті бар. Осы мәртебені алған соң аталған он ЖОО-ның басқаша сипат алып, бағыты өзгерді ме? Жауабын жақсы білесіз.

Ал министр мырза рейтинг нәтижелерін келтіріп, университеттеріміз бәсекеге қабілетті деп жүр. Биыл QS World University Rankings 2026 нәтижелері жарияланды. Оған Қазақстанның 20 жоғары оқу орны еніпті. Рейтингке кірген үш жаңа университет – Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Шәкәрім университеті. Бұл оқу орындары алғаш рет әлемдік рейтингке кіріп отыр. Осы рейтинг турасында ғалым, әлеуметтанушы Дана Рахымғали.

«Биыл Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғаш рет жұмыс берушілер арасындағы индикатор бойынша үздік 100 университет қатарына, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушылар мен студенттердің арақатынасы бойынша үздік жүздікке кіріп, Abai University 628-орынды иеленді. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 43 позицияға жоғары көтерілді. Осының бәрін оң динамика деп бағалауға да болады.

Бірақ бұл рейтинг танымал болғанына қарамастан, өзіндік кемшіл тұстары да жетерлік. Мәселен, бағалаудың жартысы академиктер мен жұмыс берушілердің сауалнама нәтижесіне қарап шығарылады. Яғни критерийлер субъективті. Сол үшін ле QS-ке объективті баға деп емес, репутациялық немесе пиар жоба деп қарайтындар да кездеседі. Әрі мұнда ғылыми жарияланымдар мен іргелі ғылымға баса назар аударыла қоймайды. Тағы барлық оқу орындарын бағыты мен мамандандырылуына қарамастан, бір призмамен бағалайды. Сондықтан реалды көрсеткіштерге емес, сауалнама нәтижесіне негізделетін рейтингті елдегі ЖОО-лардың прогресін айқындайтын нысан ретінде қарастырмағанымыз да жөн. Шынайы нәтиже ғылыми-техникалық дамудан байқалуы тиіс», – дейді.

2024–2025 оқу жылында ғылым және жоғары білім министрлігі ауыз толтырып айтқан бір нәрсе болса, шетелдік «филиалдар» шығар. Оның өзі не әріптестік, не байланыс, не бағдарлама екені түсініксіз (бұл туралы «Жас Алаш» бірнеше рет жазды). Сосын, билік бұлбұлдары жаппай насихаттап баққан жұмысшы мамандықтар жылы... Басқа? Басқа ештеңе жоқ. Бәрі де баяғыдай: Жатақхана – жетпейді! Ғимарат – жетпейді! Сапа – өспейді! Ал Саясат Нұрбек рейтинг – сағым қуып жүр.

Баян Мұратбекқызы