Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:12, 28 Наурыз 2025

Саясат Нұрбек секіріс жасамақ

Саясат Нұрбек
Фото: из открытых источников

Елдегі ғылыми жобаларды коммерциализациялаумен айналысатын Ғылым қоры венчурлық қорға айналмақ.

 Ол туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет отырысында айтты. Онсызда жемқорлық тәуекелі жоғары, бұрмалаушылықтар көп деп есептелетін Ғылым қорына мұндай механизмдерді енгізу қаншалықты тиімді? 

Жаһандану мен технологиялар дәуірінде ғылымның маңызы жоғары деп, соңғы жылдары салаға бөлінетін ресурсты арттырдық. Өз алдына министрлік құрылды, Ұлттық ғылым академиясы да қайта жасақталды. Ал бюджет тек өсім көрсетіп отыр. Мәселен, 2024-2026 жылдары ғылымға қарастырылған қаржы – 703,6 млрд теңге. Бұл оның алдындағы үш жылдықпен салыстырғанда 9 пайызға артық. Тек былтырғы бюджет – 177,3 млрд теңге болған. Бірақ ресурстың көлемі ғана емес, оны пайдалану мен нәтиже шығарудың тиімділігі де аса маңызды.

Жалпы бюджет артқан сайын, Ғылым комитетіне қарасты Ғылым қорының да ақшасы мен жұмысы көбейетіні анық. 2022-2024 жылдары ғылыми жобалардың қаржыландыру көлемі 18 млрд теңге болса, 2023-2025 жылдары 62 млрд-қа жеткен. Аталған қор экономиканың сұраныстарына сай ғылыми және техникалық жобаларды коммерцияландырумен айналысады. Соңғы есептерге сүйенсек, олардың қаржыландыруы арқылы 230 жоба өз өнімін нарыққа шығарыпты. Инновациялық тауарлар мен қызметтердің айналымы 45 млрд теңгеге жуықтап, жаңа жұмыс орындары 2 500-ге жеткен.

Мұндай гранттық қолдау елдегі ғылыми инновациялардың экономикаға пайдасын арттыру мақсатында жүргізіледі. Оның иегерлері конкурстық негізде іріктеледі. Қаржыны кейде мықты жоба алып жатса, кейде непотизм, трайбализм, коррупция сынды факторлардың ықпалы да болатыны жасырын емес. Онсыз да қадағалануы қиын қор енді венчурлық негізде жұмыс істемек. Ол туралы 11 наурызда өткен үкімет отырысында министр Саясат Нұрбек айтты:

«Коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру жоғары сұраныста және мемлекеттік инвестициялардың да маңыздылығын көріп отырмыз. Бұл конкурстардың қаржыландыру көлемі кейбір өңірлік және макроөңірлік венчурлік қорлардың орташа көрсеткіштерінен асып түсті. Нәтижесінде, Ғылым қоры deep tech жобаларын тұрақты қолдайтын институт ретінде қалыптасуға мүмкіндік алды. Мұндағы негізгі өзгеріс – жекелеген жобаларды емес, салалар бойынша олардың топтарын қолдау тетігін енгізу.

Осы бағытта Ғылым қоры кезең-кезеңімен трансформацияланып, венчурлік тетіктерді әзірлеуді бастады. Бұл жеке капиталды тарта отырып, венчурлік қорларға, соның ішінде халықаралық қорларға инвестиция салуға мүмкіндік береді. Жаңа тәсіл тәуекелдерді мемлекет пен жеке инвесторлар арасында бөлуге, технологиялар трансфертін жеделдетуге және ғылымды қажетсінетін салалардағы стартаптар үшін экожүйе қалыптастыруға бағытталған. Ғылым қоры технологиялық брокерлік тетікті іске қосады».

Қордың қалыпты жұмысы мен венчурлік жүйенің қандай айырмашылығы бар деген сауалға тоқталар болсақ, венчурлік қор – стартаптарға және дамушы инновациялық компанияларға инвестиция салатын қор. Оның мақсаты – тәуекелдің көп бөлігін өзіне алатын, бірақ өсім мен пайда көзі жоғары болуы мүмкін кәсіпорындарға қолдау көрсету. Әдеттегі қорлар қалыптасқан, сенімді компанияларға инвестиция салса, венчурлік қорлар енді жұмыс істеп жатқан компаниялардың жоғары өсім әкелуі ықтимал жобаларына салады. Сондықтан да, оның тәуекелдері жоғары. Себебі стартаптардың басым бөлігі сәтсіз аяқталып жатады. Ал сәттілері, «жүріп кеткендері» көп кіріс әкеледі. Алайда бұл мемлекеттік бюджетті игеруде қолданыла бермейтін әдіс. Ол жайлы қоғам белсенділері мен журналистер жазып жатыр. Мәселен, журналист Гүлбану Әбенова:

«Министр мырза әдеттегідей англицизмдерді пайдалана отырып, әдемі сөз сөйледі. Бірақ венчурлік инвестициялар табиғатынан өте тәуекелді нәрсе. Оның үстіне, әлемде іс жүзінде еш жерде бюджет қаражатымен жүзеге асырылмайды. Әдетте, жеке инвесторлар, бизнесмендер, жекеменшік қорлар жоғары пайда алу үшін тәуекелге баруға дайын. Олар сондай қадамға барса да, өздері біледі. Өйткені өз ақшасымен «ойнайды». Ал салық төлеушілердің қаражатымен мұндай қадамға бару дұрыс па? Тәуекел мемлекетке, ал пайда компанияға, бұл ше, орынды ма?

Қазір венчурлік қор деп отырғанымыз, ертең ашықтықтың шектелуіне, ақшаның қалай болса солай жаратылуына әкеледі. Ал сәтсіздіктерді «инновациялық инвестициялардың табиғатына» жабатын болады», – деп жазды.

Иә, көпшілік бұл қадамды бюджетті жымқырудың жаңа схемасы деп қабылдаған. «Бөлінген қаржы артып, ол ғылымға емес, біреудің қалтасына кетсе, ұрандатудың қандай қажеті бар? Трендтегі сөздерді айтып, бір нәрсені түсіндіруге тырысып жүрген шенеуніктер өздеріне «кормушка» жасап жүр ме?», «Мемлекеттік бюджетті жұмсап отырғандардың мұндай жаңалығы қызық екен. Венчурлік инвестициямен жеке сектор айналысуы керек қой», – дейді әлеуметтік желі қолданушылары.

Мұндай сенімсіздікті орынсыз деуге де келмес. Өйткені Ғылым қоры әрдайым антикордың назарында, жиі-жиі ескерту алады, сот ісі қозғалып, жемқорлық фактілері дәлелденген мысалдар да баршылық. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Ғылым қоры АҚ-ның экс-төрағасы университет ректорынан ғылыми жобаны қаржыландыру үшін пара алғаны анықталып, 57 млн теңге айыппұл арқалады.

Министр мақтанады, ғалымдар ұялады

Ғылыми жобаларды нарыққа шығару процесінің жемқорлықтан өзге де проблемалары жетерлік. Ол жайында Германия халықаралық университетінің түлегі, экономика саласының маманы, ғалым Нұрбек Ачиловпен сөйлестік.

«Қордың қазіргі сипатының өзі дұрыс емес. АҚШ-тың, Германияның, жалпы әлем елдерінің қорлары басқаша жұмыс істейді. Бір қорлар студенттердің, шетелдік студенттердің оқуы мен стипендиясын, білім алу процесін қаржыландырса, екінші қорлар ғалымдардың жобаларына бағытталған. Әрине, әр елде әртүрлі ғой. Бірақ біздің елде есептілік пен қағазбастылық көп болғанымен, ашықтық толық қамтамасыз етілген деу өте қиын. Бұрмалаушылық көп. Негізі, венчурлік қор болса, ашықтық жағынан салыстырмалы түрде жақсырақ болар еді. Десек те, венчурлік қор біртұтас емес, әр сала бойынша бөлек жұмыс істесе ғана тиімді. Қазіргі Ғылым қоры барлық саланы қамтиды. Кірпіш шығарғанды да, мұнай-газ саласындағы инновацияны да, биотехнология мен ақпараттық технологияны да, бүкіл саланы тек бір қор қарайды. Ал қорда ары кетсе 200 адам жұмыс істейді. Олардың әлеуеті осыншама ауқымды шаруаны сапалы атқаруға жете ме, жетпей ме, белгісіз. Егер, түпкілікті зерттеп, нәтижесінде грантты тиімді үлестірсе, 100 қаржыландырудың 10-ы табыс әкеледі. Бүгінде өнімділік жағы керемет емес. Сондықтан алдымен салаландыру жағын дамыту қажет. Тым құрыса приоритетті салалар бойынша 5-6 бөлек қор құрылып, онда білікті ғалымдар, профессорлар кеңесі жұмыс істеп, сол сала бойынша алдына келген жобаларды әлемдік патенттер мен тенденцияларды ескере отырып шешім шығарса, сапа артар ма еді? Мұны пилоттық жоба ретінде жасап көруге де болады.

Кеше министр мырза халықтың алдына шығып, кабельді көрсетіп, біздің ғалымдар жасады деп мақтанып жатыр. Ол енді ұят шығар... Әлем елдері инновациялық даму жолына түскенде, біздің мақтанып отырғанымыз мынау. Жалпы ғылыми жобаларды нарыққа шығару да, жалпы ғылымды ұйымдастыру да біраз өзгерістерді керек етеді», – дейді сарапшы.

Қордың жұмыс принципі мен жемқорлықты, салаландыру жағын айтпағанда да, deep tech – терең технологияларға басымдық беру бастамасы да түсініксіздеу. Ғалымдардың біразы «іргелі зерттеулер ше?» деген сауалды қойып отыр. Аграрлық, экологиялық, климаттық, білім саласындағы базалық зерттеулерге ресурс жеткіліксіз кезеңде жаңа технологияға «секіру» шешімі мен оның ұзақмерзімді нәтижесі көпшілікті алаңдатып отыр. Бір жағынан, министр мырза мен министрлік ғылым мен жоғары білімді дамыту тұжырымдамасында көрсетілген басты мақсаттарын ғана ойлап отыр ма деп қаласың. Бұл құжат бойынша, 2023-2029 жылдар аралығындағы қазақ ғылымы экономика мен қоғамның сұраныстарына бейімделген ғылыми-техникалық сипат алуы тиіс. Осы тақырып төңірегіндегі барлық сауалымызды ғылым және жоғары білім министрлігіне жолдадық. Жауап күтеміз.

Ғылым саласындағы қажеттілік пен заман талабын, жеңіс пен жетіспейтін тұстарды бақылап, байқап отырған қоғамда кезіндегі білім және ғылым министрлігі бекер бөлініп кетті ме деген де сұрақ бар. Ғылыммен Ғылым академиясы айналысып, қалған шаруа бір ғана білім министрлігінің құзыретінде болғаны да дұрыс еді деген пікір жиі айтылып жүр. Дубликат министрліктер мен дубликат министрлер, бөлек берілетін қомақты бюджет ақталса, ел осылай дер ме еді...

Баян Мұратбекқызы