Саясат Нұрбек су басқан өңірдегі талапкерлерге қандай мүмкіндік берілгенін айтты
ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім беру тапсырысы 3 жылда алғаш рет 99%-ға игерілгенін айтты.
Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы гранттық конкурсқа 11 000 талапкер артық қатысқан.
Гранттарды тағайындау жөніндегі шешім Республикалық конкурстық комиссиясында қабылданып, 3 тамызда нәтижелері жарияланды. Мемлекеттік білім беру тапсырысының соңғы 3 жылда алғаш рет 99%-ы игерілді. Атап айтсақ, конкурс нәтижесі бойынша әлеуметтік осал топтардан 412 жетім бала, мүгедектігі бар 382 адам, көпбалалы отбасынан шыққан 3 576 бала, толық емес отбасыдан шыққан 933 бала, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыдан 437 балаға грант берілді», — деп баяндады Үкімет отырысы барысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ батыс және халық тығыз қоныстанған өңірлерінің жастары үшін нысаналы гранттардың 100% игерілгені атап өтілді.
Сонымен қатар, су басқан өңірлерден 20 мыңнан астам түлектің жартысынан көбі жалпы конкурс бойынша өткен. Зардап шеккен облыстардан талапкерлер үшін барлығы 5 112 грант бөлінді.
«Бұл аймақтарды қолдау үшін талапкерлерге дайындалу және конкурсқа құжаттарын тапсыру үшін мерзімі кеңейтілді және конкурсқа ең жақсы ҰБТ нәтижесі бар сертификатын ұсыну мүмкіндігі берілді», – деп баяндады Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Жалпы, 2024-2025 оқу жылына бакалавр бойынша 78 219, магистратура үшін 13 113 және докторантура үшін 2 919 грант бөлінді. Мемлекеттік тапсырыстың 60%-дан астамы экономиканың басым салаларында кадрлар даярлауға бағытталған.