Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:38, 20 Қыркүйек 2024

Саясат Нұрбекті ғалымдар әлі түсінбей жүр

Жұрынов, Саясат Нұрбек, Күрішбаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Өткен аптада ғылым комитеті 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсының құжаттамасын жариялады. 

Негізгі талаптар баяғы, өзгерістер де жоқ емес. Сол жаңалықтардың кейбірі наразылық тудырып, ғалымдар қарсылық білдіріп жатыр.

Гранттық қаржыландыру әртүрлі бағдарлама аясында, әртүрлі интервалда жүреді. Ғалымдар, ЖОО, ҒЗИ зерттеушілері гранттық қаржы алу үшін белгілі бір талаптарды орындауы тиіс. Оның ішінде жоба жетекшісінің біліктілігіне, салаларға, күтілетін нәтижелер мен құжаттамалық рәсімдеуге қатысты пункттер қатаң сақталуы керек. Міне, осы тұстарға жаңа талаптар қосылып, ғылыми қауымдастықтың сынына ілікті. Алдымен Жас ғалымдар кеңесі мәлімдеме жасап, нақты үш пунктті көрсеткен. Соның біріншісі – грант иегерлерінің белгілі бір мерзім аралығында конкурстан шеттетілуі.

«Осы жылы жарияланып отырған конкурсқа 2022-2024 жылдардағы грант иегерлері қатыса алады, ал 2023-2024, 2024-2025 жылғы жеңімпаздар қатыса алмайды. Яғни жаңа талап бойынша мықтылар үш жылда бір-ақ рет бәйгеге ат қоса алады деген сөз. Өткен жылы екі немесе одан көп жоба алғандарды осы жылғы конкурсқа қатыстырмау деген орынды ұсыныс болған, осы оптималды нұсқаға келгеніміз дұрысырақ. Ал өткен жылғы жеңімпазды биыл және келер жылы шеттету – ғылымды қолдан тежеу», – дейді Жас ғалымдар кеңесі өкілдері.

Шахислам Ұзақбайұлы
Шахислам Ұзақбайұлы

Шахислам Ұзақбайұлы, ғалым, география мамандығы бойынша PhD: Әлеуеті төмен ғалымдарды қолдау – мықты ғалымдарды тұсау

– Жеңімпаз ғалымдарды келесі жылғы гранттарға қатыстырмау ғылымның сапасына кері әсер етеді. Әрі бұл еңбектеніп, мықты зерттеулер жүргізіп жатқандар үшін әділетсіздік. Бәсеке бар жерде сапа болатыны заңдылық. Сондықтан бәріне бірдей мүмкіндік беру арқылы бәсекеге жағдай жасалғаны жөн. Егер мықты ғалымдарды тұсап қойсақ, ғылыми процесте нәтиже болмайды. Ал әлеуеті төмен ғалымдарға жағдай жасау арқылы сапаға жету мүмкін емес.

Келесі пункт – конкурстық құжаттамаға әр жоба жетекшісі бір доктор даярлауы тиіс деген талап қосылған. Өз кезегінде бұл орындалуы өте қиын нәрсе. Жобаға бөлінуге тиіс қаржы үнемі жарты жылға жуық кешігіп келеді. Жыл басынан берілмейді. Мәселен, 2024-2026 жылғы грант иегерлеріне ақша әлі берілген жоқ. Жылдың аяғы болса жақындап қалды. Бұл тіпті дәстүрге айналып кетті. Енді жоба үш жыл, докторантура үш жыл деген күнде де, жұмыс бірінші жылдың ортасында немесе аяғында басталады. Бұл бір деңіз. Екіншіден, жобаны тек ЖОО ғалымдары ғана емес, Ғылыми зерттеу институтының ғалымдары да алады. Бірақ олар PhD дайындамайды ғой. Демек, ЖОО үшін бұл талап қиындық тудырмағанымен, ҒЗИ-лар үшін бірқатар мәселе болатыны анық. Мұндай талап қою үшін ҒЗИ-ларға PhD дайындаудың толыққанды тетігін беру қажет.

Үшінші мәселе, патент иесі ретінде ғалымдар уәкілетті органды көрсету керек. Бұл авторлық құқықты бұзады. Көш жүре келе түзеледі дейді емес пе? Процесс барысында мұндай қателіктер біртіндеп түзеледі деген үміттеміз.

Айнұр Ахметова
Айнұр Ахметова

Айнұр Ахметова, әдебиеттанушы ғалым: Оқу процесі мен ғылымның арасын ажыратып алу керек

– Айтылып жатқан наразылықтармен келісемін. Әсіресе КҚ ғылыми-зерттеу жобасы аясында бір философия докторын (PhD) дайындау талабы жоба жетекшісіне ауыр соғатыны сөзсіз. Жаңа талап бойынша диссертациясының тақырыбы сенің жобаңа сай келетін кемі бір доктор дайындауың қажет екен. Бірақ тақырыпты докторант пен оның жетекшісі өз қызығушылықтары мен ғылыми бағытына қарап таңдап алады. Одан бөлек, неге жоба жетекшісі докторант үшін жауапкершілік алуы керек? Біреуі оқу процесі, екіншісі ғылым. Докторанттың жұмысы жоба жетекшісіне дәреже болып қосылмайды ғой. Әрі докторанттар тек диссертация қорғамайды. Көптеген мақала жариялайды. Оның ішінде біреуі Scopus-қа шығуы тиіс. Докторанттың жауапкершілігі қандай, зерттеушілік санасы қалыптасқан ба? Ол ғылымнан алыс болса ше? Жұмысын бастап, аяқсыз тастап кетсе ше? Докторантты қабылдар кезде сұхбаттасуға қатыспаған, зерттеу салалары әртүрлі жетекші өзін қысып, қинап бәріне жауапты болуы тиіс деген қаншалықты орынды?

Елімізде мерзімінде қорғай алмаған докторанттарды еске түсірер болсақ, мұның жауапкершілігі оңай емес екенін айтқым келеді. Ал шын мәнінде елімізде ғылыми жобалардың зерттеу құрамына докторанттар мен магистранттар жеткілікті деңгейде қатысып келеді. Ал докторантты дайындау мен қорғату мәселесі ғылыми жобалардың жауапкершілігіне артылмағаны дұрыс деп есептеймін.

Сонымен қатар гранттық қаржыландыруға әлеуметтану, гуманитарлық және өнертану салалары бойынша ғылыми жобаға өтінім беретін ғалымдарға – жоба жетекшілеріне қойылатын талаптарға қатысты да мәселелер бар. Бір жағынан бұл жалпы жарияланымдар процентиліне байланысты талаптар деуге де келеді. Негізінен талаптарда көрсетілген журналдар мен мақалалардың жарияланғанын толық қолдаймын. Өйткені ол отандық ғылымның әлемдік ғылымға интеграциялануына мүмкіндік береді. Бірақ осы тұста процентильден гөрі ғылыми мақалалардың сапасы басты назарға алынса жақсы. Мәселен, гуманитарлық салада ұлттық немесе жергілікті масштабтағы тақырыптарды көтеретін мақаланы халықаралық журналдарға жариялау оңай емес. Процентилі жоғары журналдардағы мақалалар сапасы жоғары деген мәселеге кепілдік бере алмаймыз.

Болыс Сәбитбек
Фото: Болыс Сәбитбек

Болыс Сәбитбек, математик ғалым: Талапты қайта-қайта өзгерте беру жұмысты баяулатады

– Мемлекет PhD докторантураға көптеп грант бөліп жатыр. Ең өкініштісі, оның көбісі дәрежесін қорғай алмай жүр. Енді ғылыми грант алғандар бір-бір докторанттан шығарсын деген талап пайда болды. Бірақ бұл жасанды жол ғой. Мысалы, сен олимпиададан орын алып келіп, келесі олимпиадаға бару үшін бір спортшыны дайындауға міндеттелсең... Әрі ол медаль алсын деп талап қойылса? Бұл аналогия ғылымдағы жағдайды да дәл сипаттайды. Негізгі үш-төрт тұсы айтылып жатыр. Одан бөлек те өзгерістер көп. Бұлай жағдайды қайта-қайта өзгерте беру жұмысты баяулатады. Ғалымдар терең ойланып, жұмыс істеудің орнына жаңа жағдайға бейімделумен болады.

Және жарияланымдарға қойылатын талап та күшейтіліп жатыр. Әрине, әлемдік журналдардан жарияланым сұрау дұрыс. Бірақ оны аса күрделендіруге болмайды. Мәселен, жаңа талап бойынша пәнаралық журналдарға кемі бір мақала шығару міндеттеледі. Бұл жүзіп жүрген адамға жүгір деумен тең. Негізінен, өз бағытына сай журналдарға жарияласа да жеткілікті. Онсыз да талап бойынша аз мақала сұралмайды. Мысалы, бір ғана жаратылыстану бағытында іргелі зерттеуге грант алу үшін Web of Science базасындағы импакт-факторы 1,2,3 квартиль болатын немесе Scopus-тағы процентилі 60-тан жоғары журналдарға үш, ККСОН-да екі материал қажет. Оның бірі multidisciplinary категориясында болуы тиіс. Бұл өз кезегінде қажетсіз өзгеріс деуге де болады.

Ал патентке қатысты Жас ғалымдар кеңесі былай дейді: «Уәкілетті органмен зияткерлік меншікті, яғни патенттер, авторлық куәліктерді бірлесіп пайдалану туралы міндетті келісім және патент иесі ретінде уәкілетті органды көрсету ғалымдардың өз жұмыстарына деген құқығын бұзады. Әрі олардың еркіндігін шектейді және халықаралық тәжірибеге қайшы келеді». Осы пункт туралы бірнеше ғалымға сұрау салып, пікірлерін білуге тырыстық. Алайда олардың бәрі жаңа талапты толық түсінбегендерін, сондықтан нақты бірнәрсе айтуға ерте екенін жеткізді.

Осылайша, ғылыми қауымдастық наразылықтарын білдіріп, аргументтерін айтып жатыр. Онсыз да құжаттамасы көп, шаруасы шаш-етектен келіп жатқан гранттық конкурстың әдеттегі талаптары қалғаны жөн дейді олар. «Алдымен ғылымды түсініп, одан соң ғана өзгерістер енгізген дұрыс» деген пікір де жиі ұшырасады. Ал министр мен жауапты комитет ғалымдардың пікірімен санаса ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Баян Мұратбекқызы