Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:34, 10 Желтоқсан 2023

Саясат Нұрбектің «үйіне» жас ғалымдар сыймай қалды

Саясат Нұрбек
Фото: из открытых источников

Елімізде жас ғалымдарды қолдау мақсатында ғылым және жоғары білім министрлігі оларды баспанамен қамтамасыз етпекші. Сол үшін жаңа бағдарлама ұсынып отыр.

 Министр Саясат Нұрбек «Отбасы» банк басшысы Ләззат Ибрагимовамен бірге жас ғалымдарға жеңілдетілген несие берудің 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша меморандумға қол қойған. Барлық істі жылдам «шешіп» тастағысы келетін министр асығамын деп бүлдіріп алған сияқты. Бағдарламаны оқып, тізімді көрген жас ғалымдар Саясат Нұрбектің бұл ісін әділетсіз санайды.

жас ғалымдар
Фото: liter.kz

Жас ғалымдарды баспанамен қамтитын қандай бағдарлама?

«Отбасы» банк пен ғылым және жоғары білім министрлігі арасында қол қойылған келісім аясында, 2023 жылдың 1 желтоқсанынан бастап ғалымдар жеңілдетілген несиемен өтініш бере алады. Бағдарлама ғылыми ұйымдар мен жоғары және ЖОО кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарына 5 жыл бойы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алу мүмкіндігін береді. Оған жасы 40-тан аспаған, ғылымда кем дегенде 3 жылдық жұмыс тәжірибесі бар ғылыми қызметкер қатыса алады. Жас ғалым ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары қол қойған жолдаманы алып, төлем қабілетін бағалату үшін банкке жолдама алады. Егер банк мақұлдаса, жаңа баспана немесе екінші нарықтан сатып алуға болады. Несиенің жылдық мөлшерлемесі – 5%. Алғашқы жарна 10%-дан 50%-ға дейін. Бағдарлама қатысушысына берілетін ең жоғары сома – 20 млн теңге. Тағы бір айта кететіні, бағдарлама шарты бойынша жас ғалымның және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында кейінгі 5 жылда баспанасы болмауы керек.

Екі жақты келісімге келіп, қолжетімді баспана делінген бұл жеңілдікке барлық жас ғалымдардың қолы жетпейін деп тұр. Себебі тізімге ғылым және жоғары білім министрлігіне бағынышты 53 мекеме енгізілген. Басқа мекемеде, басқа министрлікте жұмыс істейтін, ғылымға еңбегі сіңіп келе жатқан жас ғалымдар мұндай мүмкіндіктен шет қалайын деп тұр. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегендей, министрліктің бұл ісі жас ғалымдарға біртүрлі көрінгені рас. Осындай бағдарлама қабылданады, енді жас ғалымдар да қолжетімді баспанамен қамтамасыз етіледі дегенді естіген жас ғалымдар алғашында «елімізде ғылымға да көңіл бөліне бастаған екен» деп қуанып қалғанымен, тізімді көріп, қуаныштары су сепкендей басылған. Енді олар ғалым деп тек ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайтындарды ғана атай ма дейді. Ғылым және жоғары білім министрлігі республикадағы барлық ғылым мен білімге жауапты екенін ұмытып кеткен сияқты. Өзіне бағынышты ғалымдарды ғана тізімге енгізуі министрліктің министрлік емес, департамент деңгейінде жұмыс атқарғанын білдіреді.

PhD доктор Тілеуберді Нұрбол қызмет ететін Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институты тізімге енбей қалған мекеменің бірі.

«Тізімді қарадық, ол жерде біздің Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институты көрінбеді. Себебі біздің орталық ғылым және жоғары білім министрлігіне қарамайды. Сондықтан тізімге қоспаған деген сияқты пікірлерді естіп қалдым. Енді министрлік басқа тізім дайындайтын шығар деген үмітпен отырмыз. Ғылым және жоғары білім министрлігі тек өз қарамағындағы жас ғалымдардың жағдайын ойлап отырған шығар. Басқа жас ғалымдардың жағдайын басқа министрліктер ойлайтын шығар. Негізі жас ғалымдарды бөлуге болмайды ғой. Бәрі бірдей жұмыс істейді. Бізде де үйге мұқтаж жас ғалымдар бар. Бәрінде жағдай бірдей емес. Меніңше, министрлік қармағында немесе оған қарасты демей, жалпы тізім енгізу керек. Баспаналы болғысы келетін ғалымдарға деп тізім берсе әділетті болар еді. Біріне беріп, біріне бермеу деген болмайды», – дейді Тілеуберді Нұрбол.

PhD, жетекші ғылыми қызметкер Фарида Ришадқызы да жас ғалымдарды бөліп-жармау керек деп есептейді. Ол Саясат Нұрбектің қарамағынан басқа жерде жұмыс істейтін ғалымдар да еңбек ететінін, жүгері күзетіп жүрмегенін айтады.

«Кеше тізім жіберді. Көрдік. Бірақ тізімде тек өздерінің министрлігіне қарасты мекемелерді ғана енгізіп қойыпты. Оған көптеген жас ғалым наразылық танытып жатыр. Бұлардан бөлек жас ғалымдар не істеп жүр сонда? Басқалар жүгері күзетіп жүр ма? Бәріміз өкіметтің қызметіндеміз. Мен жеке басымды айтып жатқан жоқпын. Үйім бар. Бірақ жеңілдетілген несиемен үй алғысы келетін жас ғалымдарымыз көп. Көріп, біліп отырмыз. Жас ғалымдарды бөліп-жармау керек. Мысалы, біз мемлекеттік мекемеде жұмыс істейміз. Бірақ қарайтын министрлігіміз басқа. Біз де жас ғалымбыз, біздің де еңбегіміз бар. Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу ұлттық орталығы бұл тізімде жоқ. Егер қызметкерлеріміз «Отбасы» банкіне барса, үй берілмейді. Осы әділетті ме?!».

Тізімге енбей қалған университеттер мен ғылыми мекемелер арасында Алматы технологиялық университеті де жоқ. Үні шыққандардың бірден аузын жабатын министрліктің сесінен қорықты ма, атын атамауды өтінген жас ғалымдар ғылым және жоғары білім министрлігінің бұл тізіміне көңілдері толмайтынын жеткізді.

«Біздің ойымыз – тізім қате. Әділетсіз. Өйткені АТУ жоқ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ да жоқ. Біздің ғалымдардың тізімге ілінген ғалымдардан не айырмашылығы бар?! Бізде де РҺD докторанттар бар, үй ала алмай жүрген. Олардың да жалақысы мардымды емес. Оларға да баспана қажет. Бұл тізімнің қандай критерийге сүйеніп жасалғанын білмей тұрмыз», – дейді Ә. және К. атты жас ғалымдар.

Күзде ғалымдарға кейбір тақырыптар бойынша цензура жасаған Саясат Нұрбектің кәрінен қорқатын жас ғалымдардың атын атамауды өтінгендеріне де «түсіністікпен» қарауымызға тура келді.

Саясат Нұрбек  пен жас ғалымдар
Фото: из открытых источников

Министр Саясат Нұрбек ғалымдарға қамқорлық көрсетуді басқаша түсінеді

Елімізде ғылым саласы тұралап қалды деп дабыл қағып келе жатқанымызға бірнеше жыл болды. Сондықтан болар, ғалымдарымыздың орташа жасы да қартайып бара жатыр. Оларға көңіл бөлінбегендіктен шетел асып жатқандары да бар. Оны Саясат Нұрбектің өзі де айтып жүр. Мысалы, биыл 650 мың студенттің 1 пайызы ғана жас ғалымдар. Себебі оларға берілетін мүмкіндік пен жеңілдіктердің жағдайы қолжетімді баспана бағдарламасы сияқты шикі. Сондықтан жас ғалымдар келмей жатып басқа жолды таңдайды немесе бақытын басқа елден іздейді. Статистикаға келер болсақ, 1991 жылы 52 мың ғалым болса, 2000 жылы 12 мың ғана қалған. 35 мың ғылыми қызметкер басқа салаға ауысып кеткен.

Ал 2022 жылы олардың саны тек 10 мыңға ғана көбейген. Сол 22 мың ғалымды да жарылқап, ғылымға көңіл бөле алмай отырмыз. Олай дейтініміз, бізбен сөйлескен жас ғалымдар қазір ғылыммен айналысып емес, күнделікті тіршілік үшін жанталасып жүргендерін айтады. Сонда ғалымдарға көңіл бөлеміз деген министрліктің сөзі қайда қалды? Министрлікке бөлінген қаржы жыл сайын өсіп жатыр. Статистика да бұл сөзімізді дәлелдейді. Мысалы, ғылымды қаржыландыруға 2020 жылы 89 млрд теңге бөлінсе, биыл қаржы көлемі 160 млрд-қа артқан. 2023 жылғы Астанада өткен Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жөніндегі II конференцияның ашылуында Саясат Нұрбек «алдағы үш жылда ғылымға бөлінетін ақша 650 миллиард теңге болады, бұл тәуелсіздік алғалы 30 жылда болмаған қаржы» деп бөркін атып, сүйіншілеген еді. Кезең-кезеңімен таратып айтатын болсақ – 2024 жылға 244,2 млрд теңге; 2025 жылға 240,2 млрд теңге қарастырылған. Бірақ жас ғалымдардың сөзінен мұндай ерекше «қамқорлықты» көрмей отырмыз. Саясат Нұрбек бұл қаржыларды қайда жұмсап отыр деген сұрақ туады? Әлде қаржының барлығы «Coursera қазақ тілінде» сияқты жетілмеген жобаларға жұмсалып жатыр ма?

Қазан айында ҚазҰУ-дың бір оқытушысына қысым көрсетіліп, оқудан шығарылғанда бірден үн қатып, «оперативтілік» танытқан Саясат Нұрбек бұл жолы жас ғалымдардың үніне құлақ аса қояр ма екен, әлде кейіннен бұл бағдарламада қателік кетіпті дегендей бірдеңе ойлап табар ма екен?!

Айтпақшы, жеңілдетілген баспана бағдарламасы бойынша министрлік өкіліне хабарластық. «Сұрақтарыңызды ресми жолдаңыздар, алдағы уақытта жауап береміз» деген жауап алдық. Сондықтан біз де ғылым және жоғары білім министрлігінің жауабын газетіміздің алдағы санында жариялап қаламыз деген үміттеміз.

Тұрсынбек Башар