Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:45

«Саясат ісі аңдысқан»

Әлихан Бөкейхан

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, 1935 жылдың қаңтар айынан 22 маусым 1941 жылға дейін ССРО-да 19 миллион 840 мың адам тұтқындалып, олардың 7 миллионы атылған. 

Дәл осы аяусыз қырғын кезінде қазақтың небір боздақтары жазықсыз жандарын оққа байлады. Олардың дені ұлтына қызмет ету жолында арып ашып, білімін, білігін, бар ғұмырын осы жолға арнаған ғазиз жандар еді. Соның бірі – әрі бірегейі ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов. Ол 1937 жылы 27 қыркүйек күні атылды. Соңғы үкім оқыларда тағылған айып: «советтік құрылымның жауы», «азаттық соғыс жылдарында қазақ буржуазиясының контрреволюциялық қозғалысын басқару», «Алаш-Орда» контрреволюциялық үкіметіне жетекшілік жасау», «Советтерге қарсы бірлесе күресу үшін Башқұртстандағы уалидовтық үкіметпен байланысу», «контрреволюциялық жұмысты идеологиялық майданда жалғастыру», «Мәскеудегі және Қазақстандағы контрреволюциялық түрікшіл лаңкестік орталық жетекшілерімен байланысу». Міне, осы жалаларға қарата атқан қызыл үкіметтің қорғасын оғы ұлт көсемінің жанын жалмады. 

Белгілі алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы: «Кезекті қазақ қайраткерінің ұлтшыл деп айыпталуы таңғаларлық іс емес. Ол кездегі жаппай қуғын-сүргіндер жантүршігерлік пиғылда жүргізілді. Қуғын-сүргінмен қатар барлық ССРО халықтарын бірыңғай «совет халқына» айналдыруды көздеген зұлым тәжірибе жасалды. Батыста мұны кесінмен «хомо советикус» деп атады» дейді. Иә, Совет үкіметінің қызыл қырғыны шынымен де аяусыз еді. Ал ұлт көсемі, «Алаш» партиясының төрағасы, «Алашорда» үкіметінің премьер-министрі Әлихан Бөкейхановты қудалау, түрмеге жабу, патша үкіметі кезінен-ақ басталды.

Әлихан Бөкейханов патша үкіметі тұсында, яғни 1896-1927 жылдары үш рет түрмеге қамалып, Омбы, Кереку, Семей түрмелерінде жазасын өтейді. Алғаш рет 1896 жылы «Степной край» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінде тұтқындалды. Ондағы таққан айыбы – «үкіметке қарсы мақала жазды». Одан соң 1906 жылы тұтқындайды. Себебі Әлихан мүше болған «Халық бостандығы» партиясының ел арасындағы беделі күн санап арта түседі. 1905 жылы құрылған Бірінші Мемлекеттік Дума депутаттарының көбісі осы партияның мүшелері еді. Ендігіде патша үкіметі партиядан қауіптеніп, оның жұмысына барынша кедергі жасауға тырысады. Ақыры Ә.Бөкейхановты Дума отырысына қатыстырмау үшін оны тұтқындайды. Бұл – 1906 жылдың 9 қаңтары еді. Ә.Бөкейханов бұл жолы жазықсыз ұсталып, еш тергеусіз қамауда жатқанын айтып, Әділет министрі Акимовқа телеграмма жолдайды, онда: «Тергеу билігінің қаулысынсыз қырық күннен бері ешқандай да күнә тағусыз Павлодар түрмесінде отырмын, әкімшілік соғыс жағдайындағы ереженің 23 және 8 статьяларынан және қылмыстық сот жүргізудің 70 статьяларынан тыс әрекет жасауда, тергеуді немесе сотты босатуды талап етемін» делінген. Сондай-ақ Бөкейхановтың Павлодар түрмесінде болған күндері туралы жазған жазбасы бар. Онда өзінің Павлодардан Семейге кетіп бара жатқан жолда Ямышевск кентінде 8 қаңтарда тұтқындалғанын айта келіп былай дейді: «... мені түрмедегі ең тәуір абақтыға орналастырды. Ол бірінші қабатта. Екі терезесі, үлкен орыс пеші бар екен. Бастапқы бес күн бойы түрменің қызметшілері менің сөйлесуге әрекеттенгеніме таза тіл қатпай қойды. Камераға үнсіз кіріп, үнсіз от жағып, қайнаған су әкеліп, үн-түнсіз шығып, камераны ашып жабатын...». Алайда арада аз күн өткен соң Ә.Бөкейханов түрме күзетшісі арқылы сыртпен байланыс орнатады әрі өзіне тиісті газет, кітаптарды алдыртып отырады. Кейіннен ол түрме күзетшілеріне Пушкиннің, Лермонтовтың кітаптарын дауыстап оқып береді. Әлиханның бұл жолғы тергеуі ұзаққа созылады. Әртүрлі жала жабылып, сылтау айтылады. Сөйтіп уақыт созыла түседі. Ал түрме сыртында сайлауға әзірлік жүріп жатты. Нақты айыбы болмаса да уақытты бұлай созбақтау – Әлиханның Дума мүшелігіне өтуіне қасақана қолдан кедергі жасау болатын. Бұл жөнінде оның өзі де: «Бұл деген менің кандидатурамның Семей облысы қазақтарының атынан мемлекеттік Думаның мүшелігіне өтуге кедергі жасаудың нағыз оңбағандық, қаскөй әрекеттерінің бірі болатын» деп ашына жазады.

Алайда Әлиханның себепсіз, жазықсыз түрмеде отыруы оның ел арасындағы абырой-беделін тіпті де биіктете түседі. Оның үстіне, Бөкейхановты ұзақ уақыт қамауға нақты айғақ жоқ, сөйтіп оны амалсыз босатуға мәжбүр болады. Бұл жөнінде Бөкейханов: «15 сәуірде мені Омбы түрмесіне ауыстырды. Одан мені сәуірде өз болысымда бір ауыздан сайлаушы болып сайланғаным белгілі болған соң 30 сәуірде босатты» дейді, сөйтіп Ә.Бөкейханов Мемлекеттік Дума сайлауына бірнеше апта ғана қалғанда түрмеден шығарады. Алайда Әлиханның кандидатурасын халық жаппай қолдайды. Соның нәтижесінде ол Ресейдің бірінші Мемлекеттік Думасына Семей облысы атынан қатысып, депутат болып сайланады. Дауысқа түскенде 176 сайлаушының 175-і Бөкейхановты қолдайды.

Ә.Бөкейханов түрмеден шыға салып 21 маусым күні Петербургке жету үшін Омбыға аттанады. Оны кемеге шығарып салуға орыс, қазағы аралас көп адам жиналады. Алайда Бөкейханов Петерборға жеткенше патшаның бұйрығымен Дума таратылады. Думаның мезгілсіз таратылу себебін Сырым Бөкейханов «Өткен күнде белгі бар» кітабында былай түсіндіреді: «Ақаң Омбыдан Петербургке 3 шілде ғана шықты да, сол себепті астанаға тек Мемлекеттік Думаны күштеп таратудың қарсаңында ғана ілікті. Кешігуінің себебі оның Павлодар түрмесіне қамалуы болатын.

Екі жүзден астам депутаттар Думаны тарату патша жарлығына қарсылық білдіру үшін финнің Выборг қаласына жолға шықты, онда әйгілі «Выборг үндеуі» туған еді. Құжатқа 180 депутат қол қойды.

«Санкт-Петербургтің сот палатасының айрықша басқосуы» Әлиханды басқа қол қоюшылармен қосарлап, үш ай түрмеге қамауға үкім етті. Бұл жолы оны Семей түрмесіне салды». Осылайша, Әлиханның түрмеден босауы ұзаққа созылған жоқ, Дума депутаттарының таратылуына қарсылық білдіріп, патшаның бұйрығына наразылық білдіріп, «Выборг» үндеуіне қол қойғаны үшін оны Петербор сот палатасының шешімімен Семей түрмесіне қамайды.

Бөкейхановқа қатысты сот үкімі 1908 жылы қаңтар айында күшіне енді. Алайда ол Семей түрмесіне қамалған бойда сырқаттанып қалады. Бұдан хабар тапқан жұртшылық күн сайын түрмеге келіп, халын сұрап тұрады. Тіпті Оразбай есімді азамат Семейге әкеліп бие байлап, Әлиханға күн сайын қымыз жеткізіп тұрған. Осылайша, ол Семей түрмесінде үш ай жатады.

Түрмеден шыққан соң үкімет Әлиханды Омбыдан Самараға жер аудартады. Онда Бөкейханов 1915 жылға дейін тұрады. Дәл осы 1908 жылдан 1922 жылға дейін Ә.Бөкейхановтың өмірі күреспен, талас-тартыспен өтеді. Қоғамдық, саяси оқиғаларға белсене араласады, «Алаш» партиясын құрады. Ақыры 711 күн қызмет еткен Алашорда үкіметі күштеп таратылған соң Әлиханның елдегі ықпалынан именген Совет үкіметі оны 1922 жылы Мәскеуге жер аудартады. Бұл – Бөкейхановтың Совет үкіметі кезіндегі алғашқы сүргінге ұшырауы еді.

Мәскеуге барған соң Әлихан негізінен ағартушылық жұмыстармен айналысады. 1922 жылы жаңадан ашылған «Күншығыс баспасында» жұмыс істейді.

1926 жылы Бөкейханов жер нормасын белгілеу мен артық жерді анықтау ғылыми экспедициясының құрамында Қазақстанға келеді. Алайда оны Ақтөбеде қамауға алып, ізінше Мәскеуге күштеп қайтарып жібереді. Бұл – 1926 жылдың 13 қыркүйегі еді. Мәскеуге алып келген соң Әлиханды Бутырка түрмесінде 15 күн қамап, артынан босатады.

 Бұдан соң да оның соңына түсіп аңду, қуғындау тоқтамайды, ақыры 1927 жылы күштеп, мырзақамаққа жабады.

Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Алаш қайраткерлерінің тергеу ісін жан-жақты зерттеген «Ұраным – Алаш» еңбегінде Ә.Бөкейхановтың 1927 жылы Мәскеуге күштеп жіберілуінің себебін былай түсіндіреді «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясы қайраткерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғау үшін тергеу орындары ұзақ әрі тыңғылықты дайындалды. Енді одақтас республикалардың барлық өкілдері ашықтан-ашық қолдап отырған Ә.Бөкейхановты қалай да ауыздықтау қажеттілігі туды. Өйткені кеңес үкіметінің «коммунистік-колонизаторлық» ұлт саясаты мен «артық жерге қоныстандыру» науқанын жүргізу Бөкейханов тұрғанда үлкен кедергіге ұшырайтыны сөзсіз еді. Сондықтан да Мәскеу де, Қазақстан да оның соңынан қатаң бақылау қойды. «Аңдыған жау алмай қоймас» деген. Ақыры бір ілік тапты».

Т.Жұртбай меңзеп отырған «іліктің» мәні былай. 1927 жылы шілде айының 15-і күні Алаш қайраткері Е.Омаров Ә.Бөкейхановты Қостанай облысының шекарасындағы Бозан хуторына барып тынығып, дем алып қайтуға қолқалайды. Саяси қысымның күшейіп, айналасы тарылып бара жатқанын сезген Бөкейханов бұл ұсыныспен келіседі. Ондағы ішіне түйген тағы бір ойы – туған топырағын көріп қайту болатын. Алайда оның бұл сапарынан үкімет те өзінің көз-құлақтары арқылы толық хабардар болып отырады. Онсыз да әр қимылы, әр қадамы қатаң бақылаудағы адамның Бозанға барғаны қызыл үкімет үшін таптырмайтын «ілік» болады. Сөйтеді де, демалыстан қайтып келген Бөкейхановқа «Алашорданың» астыртын контрреволюциялық ұйымының жұмысын ұйымдастыру және жаппай экспроприация қарсаңында кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындау мақсатында Қазақстанмен шекаралас аймаққа барды» (Т.Жұртбай «Ұраным – Алаш») деген айып тағады. Осыдан соң тергеу жұмысын тыңғылықты жүргізу үшін оны 1922 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Күншығыс» баспасындағы жұмысынан да күштеп босаттырады. Баспа саяси басқарманың қысымымен Ә.Бөкейхановты орталық баспада жаппай қысқарту болғаны үшін жұмыстан босатқаны туралы түсініктеме жазып береді. Сондай-ақ осы түсініктемеге қоса берілген анықтамада оны «1893 жылы студенттердің саяси қозғалысына қатысып, жандармерияның бақылауына ілінеді» делінген. Міне, осыдан кейінгі Ә.Бөкейхановтың ғұмырының соңғы он жылы Мәскеуде мырзақамақта өтті.

Ә.Бөкейхановты Қазақстанға келтірмеудің, оны барынша қазақ арасынан алыста ұстаудың тағы бір себебі жоғарыда Т.Жұртбай айтқан «...артық жерге қоныстандыру» науқанын жүргізу Бөкейханов тұрғанда үлкен кедергіге ұшырайтыны сөзсіз еді» деген тұжырымымен тығыз байланысты. Себебі Ә.Бөкейханов осыдан сәл ілгері 1925-1926 жылдары жер мәселесіне баса мән берді. Әсіресе қазақ жерінің бөлісін нақтылайтын ғылыми жұмыстарға көп уақытын сарп етті. Осы аралықта ол түрлі экспедицияның құрамында болды. Соның нәтижесінде С.П.Щвецовпен бірге ғылыми негізін жасаған жерге қатысты тұжырым, жобасы қазақ жерін орыстың жаппай басып алуынан арашалады. Бұл жөнінде Т.Жұртбай: «...Патша мен большевиктердің жазалау және тыңшылық мекемелерінің әдіс-тәсілдерін барынша жетік меңгерген Әлихан Бөкейхановтың араласуының және ақыл, кеңесінің нәтижесінде патшалық Ресей тұсында – 1914 жылы, ал кеңес үкіметі тұсында – 1927 жылы атқарылуға тиіс «тың көтеру науқаны», яғни Ресейден алғашында 360 мың қара шекпенді Қазақстанға әкеп, «коллективтендіру» деген желеумен жер бөліп беру туралы жасырын жоспар жүзеге аспай қалды» дейді. Яғни Бөкейхановтың Мәскеуде мырзақамақта өмірінің соңына дейін отыруының бір себебі – Ресей үкіметі жүргізбекші болған «жер реформасымен» де тығыз байланысты.

Ә.Бөкейхановты соңғы тұтқындау ордері 1937 жылы 26 шілдеде шығады. Тұтқындаушылар оның пәтеріне 27-сі күні таңертең жетеді. Одан арғы бағыт Бутырка. Бұл жолғы тұтқындау бұрынғы тұтқындаулардан өзгерек болды. Ертеректегідей түрмеге қамап қоймады. Себебі 1937 жылдың қанды шеңгелі басталған еді. Тергеу, тексеру, азаптау, ұрып-соғып қинау басталды. Оған біз сөз басында айтқан айыптардың бәрін орындауға қыстады, сол үшін аяусыз қинады. Ақыры түрлі «айыптардың» негізінде КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы үкім шығарды. Онда: «Әлихан Нұрмұқанұлы Бөкейханов қылмыстық жазаның ең ауыры – АТУҒА кесілді.

Үкім біржолата шығарылды, шағым етуге жатпайды және де Орталық Атқарушы Комиссияның 1934 жылғы 1 желтоқсандағы Қаулысы негізінде дереу орындалуға тиісті» делінген. Сөйтіп ұлт көсемі Ә.Бөкейханов осы үкім негізінде 1937 жылдың 27 қыркүйек күні атылды. Сүйегі Мәскеудегі Дон қорымына жерленеді.

Ұлтын сүйген, халқын түнектен жарыққа алып шықсам деп талпынған ұлы жүрек осылайша оққа байланады. «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген ғазиз жанның тынысы мәңгіге тоқтайды.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ