Саясат сахнасына жаңа партиялар, жаңа тұлғалар шығуы тиіс
Қазақстанда аты дардай, алты партия тіркелген. Сайлаудың «көрігін» қыздырып жүргендер де солар.
Әрине, жұртқа көрсеткенге, айтқанға жақсы. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар», көп партиялы мемлекетпіз… дегендей.
Шын мәнінде, парламентте өкілдері отырған «Аманат» (бұрынғы «Нұр Отан»), «Ақ жол» және «Халық» (бұрынғы коммунистік партия) партиялары ғана елге біршама таныс. Ал қалған «Адал», «Ауыл» және Жалпыұлттық Социал Демокаратиялық партиялары сайлау кезінде болмаса, қалған уақытта «өлі» партиялардың қатарына жатады. Сайып келгенде, бұл аты аталған партиялардың барлығы дерлік биліктің сойылын соғатын, «Аманаттың» көлеңкесі іспетті бірдеңелер. Демек, елімізге нағыз халықтың сөзін сөйлейтін, ұлттың мүддесін жоғары қоятын, мемлекеттің дамуына серпін беретін жаңа партиялар керек екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Әрине, партия құрсақ, елдегі саяси-экономикалық реформаларға белсене аралассақ, деп жүрген қоғам белсенділері жетерлік. Бірақ кешеге дейін партия тіркеуде үлкен кедергілер болды. Билік ыңғайына жығылған қозғалыс-ұйымдарды ғана тіркеді. Қалғанына жол жабық еді. Алайда, президент Тоқаев өткендегі жолдауында сол бөгеттердің біразы алынып тасталатынын айтты. Алдағы уақытта партияларды тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға төмендетілмек. Демек, бір «жылымықтың» кезі келіп жеткендей. Көп ұзамай, «Жаңа Қазақстанда» саясат сахнасына жаңа партиялар, жаңа тұлғалар шықпақ.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
— Қазір партияларды жаңғырту мақсатында әрекеттер жасалынып жатыр. Ендігі уақытта партиялар көбейетін болады. Мұны бір қадам деп емес, жарты қадам деп айта аламыз. Ниет дұрыс, бірақ әлі де батылырақ қадамдар қажет. Бір жағынан, «ескі саяси жүйе жойылып кетеді», деп Тоқаевты арттан тартып тұрғандар да бар. Жаңа дәуірге қадам басу үшін қоғамдағы кертартпалықты жою керек. Саясат сахнасына жаңа партиялар, жаңа тұлғалар келуі қажет. Өйткені, ескі жүйе, ескі кадрлармен «Жаңа Қазақстанды» құру мүмін емес.
Азаматхан ӘМІРТАЙ,
«Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы:
АТЫ ӨЗГЕРІП, ЗАТЫ ӨЗГЕРМЕГЕН ПАРТИЯДАН ТҮК ТЕ ШЫҚПАЙДЫ
— Президент халыққа Жолдауы кезінде партиялар туралы айтқан болатын-ды. Жолдауда ең бірінші, партиялық монополия болмайды, көппартиялы жүйе қалыптастырамыз деді. Бұл бізге үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа партиялардың тіркелудегі қол жинау 20 мыңнан 5 мыңға дейін төмендететіндігін де айтып өтті. Бұл жұмысты жеңілдетіп, партияның құрылуына мүмкіндік береді. Оның үстіне, соңғы екі жылдан бері халықтық экологиялық «Байтақ» партиясын құрдық. Осы бағытта көп жұмыс атқарып келеміз. Енді соның нәтижесін көру үшін бұл жолдау бізге жақсы мүмкіндіктер береді. Сондықтан халықтық экологиялық партияның тіркелуі үшін барынша тырысып жатырмыз. Атап айтсақ, жақында ғана партияға мүше боламыз деген адамдардың өтінішін алып, Әділет министрлігіне құжаттарды өткіздік. Қазір соның хабарын күтіп жүрміз. Партиямыз тіркелсе, алға қойған мақсаттарымызды жүзеге асырамыз, деп сенемін. Ал мақсаттарымызға келсек, ең бірінші, Қазақстанның жерасты байлығы халыққа тиесілі, деп Конституцияны өзгертсек деген ойымыз бар. Сонымен қатар, болашақта экологиялық шараларды реттей отырып, халықтың әлеуметтік жағдайына көмектессек дейміз. Сондай-ақ халықаралық-экологиялық қорлармен жұмыс істеп, елдің экономикасының өсуіне көмектессек, деген ойымыз бар.
Ал Nur Otan партиясының Amanat партиясы болып өзгеруі өте күлкілі жағдай. Ол халыққа керек емес. Себебі, аты өзгеріп, заты өзгермеген партиядан түк те шықпайды. Оның үстіне, ол партия мемлекеттік бюджеттен, ұлттық қордан бір жарым триллион ақша алып отыр. Оны тоқтату керек. Сондай-ақ бұндай саяси ойындарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатыспаса екен деймін.
Әрине, көппартиялық жүйе бәсекелестіктің арқасында, халықтың қалауын тез орындауға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ жеке адамның қоғамдық күштер мен саяси басшыларды, билік түрін таңдауына жол ашылуы мүмкін. Сонымен қатар, көппартиялық жүйе билік басындағы саяси топтар мен басқарушы партиялар өз міндеттерін толық орындай алмаған жағдайда орнын алмастыруға жағдай жасайды деп сенеміз. Сол себепті қазіргі жаңару кезеңінде партиялардың саны емес, бағыт-бағдары, атқаратын жұмыстары маңызды саналады.