Саяси адам саудасы. Путиннің бір тыңшысы 1,6 адамға тең

АҚШ пен Еуропа елдері Ресеймен тұтқын алмасты. Батыс адам өлтірген баскесер мен тыңшылық еткен агенттерді, қаржылық қитұрқы қылмыс істеген хакерлерді қамаудан босатып, Ресей түрмелерінен саясаткерлер мен журналистерді босатып алды. Кім ұтты?
Анкарадағы айырбас
1 тамыз таң ата Батыстың басылымдары, беделді телеарналары абыр-сабыр болды да қалды. Оған Ресей жақтағы сайттар, телеграм парақшалар да қосылып, бұлыңғыр, күңгірт, басы бар, аяғы жоқ әлдебір әңгіменің шетін шығарды. Бірақ ешкім ештеңені ашып айта алмай, оған дерегі мен дәлелі жетпей дымы құрыды. Оқырман мен көрермен де үздіге түсіп, әр сәт сайын жаңарып жатқан жаңалықтарды ақтарып, кірпік қақпады. Әуелде сағымдай бұлдыр көрінген ақпарат түске таман қоюлана түсті. Бұған дейінгі тұтқын алмасу кезінде Ресей пайдаланған ұшақтардың Мәскеуден көтеріліп Түркия астанасына қарай бағыт алғаны, Германияның да дәл сондай арнайы борттары Анкараға бара жатқаны белгілі болды. Ақпарат легіне түрік телеарналары да жылдам қосылып, әуежайдан үздіксіз тікелей эфирге шықты. Кешке қарай әуежайда АҚШ пен Еуропа елдері Ресеймен тұтқын алмасып жатқаны ресми айтыла бастады.
Анкара әуежайындағы айырбас кезінде Батыс 16, Ресей 10 адам алды. Ресейге берілгендердің екеуі кәмелет жасына толмаған балалар. Олар Словения аумағында Аргентина азаматы ретінде жалған құжат жасатып алып жүрген орыс тыңшылары Артем мен Анна Дульцевтердің ұлы мен қызы. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, балалар орысша сөйлемейді және әке-шешелерінің ресейлік тыңшы екенін Мәскеуге ұшып келе жатқан жолда ғана білген.
Мәскеуге қонған ұшақты президент Владимир Путиннің өзі барып күтіп алды. Траптан түскен 10 адамның бәрін қапсыра құшақтап, бауырына басқан Ресей басшысы Дульцевтерге гүл сыйлады. Олардың соңынан шыққандарды да елеусіз қалдырмады. Қолдарын қаттырақ қысып, разылық кейіп көрсетіп, жылышырай танытты. Путиннің жылы құшағын сезінгендердің арасында бес жылдай Германия түрмесінде отырған Вадим Красиков та бар. Ол 2019 жылы Берлиннің қақ ортасында Зелимхан Хангошвили есімді шешенді атып өлтірген. Хангошвили – екінші шешен соғысында (1999-2000) сепаратистер қатарында Ресейге қарсы соғысқан командир. Соғыс біткен соң Грузияға өтіп кеткен. Бірақ ол жақта да өміріне қауіп төнген соң Германияға қашып, сол жақтан саяси босқын мәртебесін сұраған. Алайда аңдыған жау бәрібір алмай қоймайды, ақыры неміс жерінде қаза тапты. Бұл оқиға Ресей мен Германия арасында әжептәуір үлкен саяси дау тудырған. Красиков өмір бойына сотталды. Зерттеуші журналист Христо Грозев Красиковтің жай ғана баскесер емес, орыстардың құпия қызметімен байланысы бар адам екенін анықтаған. Күні кешеге дейін оны мойындамай, жоққа шығарып келген Кремль жендетінің табаны орыс жеріне тиген соң ғана Красиковтың ФСБ-дағы (Федералды қауіпсіздік қызметі) «Альфа» атты арнайы бөлімінің адамы екенін, президенттің қауіпсіздік қызметіндегі тұлғалармен бірге істегенін ресми түрде мәлімдеді.
Ресейге қайтқандардың тағы бірі – Павел Рубцов есімді журналист. 1982 жылы Мәскеуде туған. Ата-әжесі 1939 жылы Испаниядағы азаматтық соғыс кезінде Совет одағына қашқан. Бірақ 1991 жылы әке-шешесі ажырасқан соң 9 жасар Павел шешесімен бірге атамекенге қоныс аударған. Сол жақта Пабло Гонсалес деген жаңа есім алып, жаңа өмір бастаған ол кейін орыс құпия қызметінің шырмауына ілінсе керек. Кейбір дереккөздер оның Еуропадағы орыс оппозициясы өкілдерінің әрбір әрекетін ФСБ-ға жеткізу үшін солардың сеніміне кірген, журналист есебінде бәрімен емін-еркін сөйлесу мүмкіндігіне ие болған құпия агент екен деседі. Сөйтіп жүргенде 2022 жылы Польшада ұсталып, түрмеге қамалды. Meduza сайтына сұхбат берген құпия қызметтерді зерттеуші журналист Андрей Солдатов Рубцовты жеке танығанын, жиі кездескенін айтқан және талантты, білімді журналист еді деп сипаттаған, бірақ тыңшы екенін білмеген. Жанама деректерде Рубцовтың 2015 жылы Кремль түбінде қастандықтан қаза тапқан оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың қызы Жанна Немцованың соңына арнайы түскені туралы да сөз бар. Немцова ол кезде «Неміс толқыны» (Deutsche Welle) телеарнасында жұмыс істеп жүрген. Оқырманның есінде болар, Немцова 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұхбат алған.
Байден мен харристің құшағы
1 тамызда түрмеден шыққандарды құшағына қысқан Путин ғана емес, АҚШ-тың президенті Джо Байден мен оның орынбасары Камала Харрис та әуежайда тұрды. 16 адамның үшеуі АҚШ азаматы болатын және тағы біреуінде Green card (грин-карта, Америкада тұрақты тұруға рұқсат беретін жеке куәлік – ред.) бар еді. Соңғысы – Ресейдің атақты оппозиционері, бұрын орыс тыңшылары улап өлтірмек болды делінген Владимир Кара-Мурза еді. Ресейдің Украинаға ашқан соғысын қылмыс деп атап, Путинді қанішерге теңеген оны Мәскеу соты былтыр сәуір айында 25 жылға соттаған. Кара-Мурза Эндрюс әскери әуе базасына қонған ұшақта жоқ болып шықты. Ол Германиядағы саяси әріптестеріне қарай кетсе керек. Ал президент пен вице-президент Wall Street Journal (WSJ) басылымының тілшісі Эван Гершковичті, Азат Еуропа/Азаттық радиосының (RFE/RL) татар-башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашева мен әскери қызметкер Пол Уиланды қарсы алды. Ұшақтан түскендер әуелі Байденнің, кейін оның жанында тұрған Харристің құшағына кірді. Бірі – қазіргі президент, екіншісі – келесі президенттіктен үміткер кандидат жан-жақтан қаумалаған телекамералардың алдында әдеттегі рөлін әдемі сомдап шықты. Қатты қуанып тұрғандарын, бұл күнді асыға күткендерін айтып қалды. Өтірік деуге де келмейді. Бірақ бірнеше адамның тағдырынан әлдеқайда маңызды шаруалары бар саясаткерлердің бұл әрекеті қарапайым саяси технология еді.
Президенттің алдынан өткен соң әуежайда Гершкович анасымен қауышты, Құрмашева екі қызы және күйеуімен көрісті. Нағыз шынайылық осы сәтте байқалды. Сағынысып айқасқан құшақтарды, сол сәттегі эмоцияны сөзбен сипаттау мүмкін емес. Көпшілік көрерменге жай ғана бір картина немесе кино іспетті сезілгенімен, бір уақ ой толғатып, бажайлап қараған адамның жанары жасқа шыланбай қоймайды. Жазықсыз, кінәсіз жапа шегу, ұлы анасынан, анасы қыздарынан айырылып, енді қайта көрісері белгісіз пұшайман күйге түскен жандардың бақытты сәтіне экранның ар жағынан, пәлен мың шақырым жерде отырып куә болу да оңай тимейді. Қызығы, Құрмашеваның кіші қызы дәл сол күні дүние есігін ашқан екен.
Гершковичті Ресей құзырлы органдары 2022 жылы Мәскеуде «тыңшылық істеді», Чехия астанасы Прагадан Қазан қаласындағы кәрі анасына барған Құрмашеваны 2023 жылы «жалған ақпарат таратты» деп ұстаған. Ал Уиланды 2018 жылы Ресейдегі бір досының үйлену тойына келген кезде «шетел агенті» деп жауып тастаған. Бұл адамдарды АҚШ бірнеше мәрте дипломатиялық жолмен босатып алғысы келіп, Кремльге талай хат жолдады, елші де жіберді. Бірақ Вашингтонмен арасы қатты суыған Мәскеу оған көнбеген. Азаттық радиосындағы Құрмашеваның күйеуі, Гершковичтің АҚШ-тағы анасы ақпарат құралдары арқылы Ақ үйге үздіксіз қысым көрсетті. Әріптестерін Батыстың өзге телеарналары, газет-журналдары да қолдап, күн сайын араша сұрады. Reuters агенттігінің жазуынша, Байден әкімшілігі өз абыройын қорғау үшін Путинмен қалай да келіссөз жүргізуге мәжбүр болған.
Анкарадан ұшқан тағы бір ұшақ Германияның Кельн қаласына барып қонды. Оның ішінде немістің бес азаматы және орыс оппозициясының серкелері бар еді. Неміс азаматтары саяси істермен айналыспаған, қатардағы адамдар. Олардың төртеуін орыс құпия қызметінің адамдары 2024 жылы тұтқындаған. «Жалған құжат жасады», «есірткі тасымалдады», «тыңшылық істеді» дейтін айыптар таққан. Бірақ тергеу әлі аяқталмаған еді. Ал бір неміс Беларусь құзырлы органдарының қолына түскен. Оны «теміржолда жарылыс ұйымдастырды» деп, осы айырбастың алдында екі апта бұрын ғана өлім жазасына кескен. Алайда тұтқын айырбасынан бір күн бұрын президент Александр Лукашенко әлгі адамға кешірім бергені хабарланған. Бұл адамдармен бірге бортта орыс оппозициясының беделді өкілдері бірге келді. Владимир Кара-Мурза, Илья Яшин, Андрей Пивоваров, Вадим Останин, Лилия Чанышева есімді саяси тұлғалар, азаматтық белсенділер болды. Оларды Еуропада жүрген орыс диссиденттері, азаматтық белсенділері қарсы алды.
Арада бірнеше сағат өткенде Кара-Мурза, Пивоваров пен Яшин үшеуі журналистердің алдына шығып, баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Шын қылмыскерлерді жіберіп, жазықсыз адамдарды азаптан алып шыққаны үшін АҚШ пен Германия билігіне алғыс айтты. Бірақ сөздерінше, бұл үшеуіне түрмеден шығардың алдында құзырлы орган қызметкерлері Путиннен кешірім сұрайтындары туралы мәтін жазылған құжатқа қол қойдырмақ болған. Үшеуі де бас тартыпты. Әсіресе Яшин қапалы. Ол тұтқын айырбасына қосылғысы келмегенін, орнына түрмеде отырған өзге адамдарды алуды сұрағанын, бірақ құпия қызмет адамдары мәжбүрлеп ұшаққа мінгізіп жібергенін айтты. Енді ес жинап алған соң баяғы саяси жұмыстарын жалғастырмақ. Айта кетейік, Кремль қожасынан кешірім сұрау туралы құжатты түрмеден алып шығар алдында америкалық журналист Эван Гершковичке де ұсыныпты. Гершкович мәтін соңындағы «қосымша айтарыңыз бар ма?» деген графаға «президент Путинмен сұхбат жасағым келеді» дейтін қалауы барын жазыпты. Бұны Кремльдің баспасөз хатшысы, Путиннің көмекшісі Дмитрий Песков та растады. Өйткені тәртіп бойынша кешірім сұраған қағаз бірден президенттің алдына барады. Песков WSJ тілшісінің қалауын орындау жағын ойланып көруге уәде етті.
Кім жеңді?
Бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап береді. Әр тарап та өзін ұтысқа шықтым деп санайды. Айырбасты сынаушылар оның әр тұсынан мін табады. Мәселен, АҚШ-тың бұрынғы президенті, алдағы сайлауда тағы да жеңіп шығудан үмітті Дональд Трамп бұл операцияны Путин үшін сәтті, Америка үшін өте нашар деп бағалады. Байденнің кез келген әрекетін сынай жөнелуге дайын тұратын оның сөзі сайлаушыларға қалай әсер еткені белгісіз, сарапшылар жағы қоғадай жапырыла кетпеді.
Ресейдің «Новая газета» басылымы сөйлескен сарапшылар екі тараптың да есебі түгел деп есептеуге болатынын айтады. Ақыл-есі сау қоғам үшін адам құны маңызды екенін алға тартқан саясаттанушы Иван Преображенскийдің пікірінше, Путинді жеңімпаз тұғырына шығаруға болмайды. «Бұл пайыммен қарағанда Батыс демократиясы ұтты, қанша дегенмен қанқұйлы жүйенің өз азаматтарына құрған тұзағына жазықсыз ілінген жандарды босату – гуманизмнің шыңы» дейді ол. Оның сөзін политтехнолог Станислав Белковский жартылай қуаттайды. Сан жағынан да, сапа жағынан да тұтқын айырбастау кезінде таразының басы Батыс тарапқа қарай ауатынын айтқан ол Путинді де ұтты деп біледі. «Сөзсіз Путин өзін жеңімпаз санайды. Әйтпесе, ұшақты күтіп алу үшін Внуково әуежайына бармас еді. Путин әрқашан жеңістің дәмі сезілетін жерлерде ғана жүреді» дейді Белковский. Саясаттанушы Федор Крашенинниковтың ойынша, орыс оппозициясы да, Батыс саясаткерлері де бұл операция кезінде «Путиннің алаңында ойнаған». Ол «Красиковты (Берлинде адам өлтірген агент) бермесе саяси тұтқындар түрмеде қала берер еді. Германия Путиннің қалаған адамын берді. Осы оқиғадан соң Путин шетелде жүрген тыңшылары мен баскесерлерін айрықша жігерлендіріп отыр. Олардың бәрі өздерін құтқарып алатынына сенімді» деп санайды.
Немістің BILD басылымы Путиннің Красиковты алдыруға қатты мүдделі болуының себебін өзінше пайымдайды. Сенсация қуалап, тақырыбын айғайлатып қойып, кейде өсек деңгейіне түсіп кететін BILD-ке көзсіз сене беру орынсыз. Бірақ ол да неміс құзырлы органдарында, құпия қызметтерінде жасырын дереккөздері бар басылым. Сол BILD-тің жазуынша, Красиков Путинмен сонау тоқсаныншы жылдары таныс, аралас-құралас адам. Путин Санкт-Петербургтің мэрі Анатолий Собчактың жанында жүргенде талай көлеңкелі істі осы Красиковқа тапсырған. Тіпті басылым 2000 жылы Путин президент боп ресми бекіген соң Собчактың кенет жүрек талмасынан көз жұмуына да осы адамның қатысы бар болуы мүмкін деп жазады. Мұндай адамды Ресейге беруді неміс билігі түгел құптамаса керек. Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымы Германия прокуратурасының канцлер Олаф Шольцтің шешіміне наразы болғанын хабарлады. Ұлыбританиялық Reuters агенттігінің хабарлауынша, айырбасқа Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок та үзілді-кесілді қарсы болған. Алайда Шольц бұл шешім оңайға соқпағанын, ел заңын бұзбағанын, үкімет мүшелерінің бәрімен келіскенін, құзырлы органдармен ақылдасқанын айтты. Қызығы – Красиковты түрмеден шығарып, Ресейге жібергелі жатқанын 2019 жылы оның қолынан өлген Зелимхан Хангошвилидің туыстары естімепті. Азаттық радиосына берген комментарийінде Хангошвилидің жесірі «Бізге ешкім ештеңе айтпады, алдымыздан да өтпеді. Бұл оқиға Германия билігіне зардап шеккендердің пікірі маңызды емес екенін көрсетті» деп қысқа ғана қайырған.
Германияның Deutsche Welle телеарнасына берген сұхбатында орыс саясаттанушысы әрі публицист Екатерина Шульман тұтқын айырбасына бірнеше ракурстан қарайды. Оның ойынша, қоғам мен медиа алдында Ресей жағы босатқан адамдар әлдеқайда танымал. Яғни ешкім білмейтін, бұдан соң да елдің саяси-қоғамдық өміріне еш әсер етпейтін тыңшыларды беріп, орыстың ақыл-ойына, саяси өміріне үлес қосатын тұлғаларды шығарып алу – жеңіліс емес. «Ал қазіргі Ресей билігінің пайымына салсаңыз құнды кадр, сапалы тыңшыларды алып, өздеріне ешқандай да қажеті жоқ біреулерден құтылды. Сондықтан бұл оқиғада екі жақ та өзін ұттым деп есептеуге негіз бар» дейді Шульман.
Қалай болғанда да бүкіл әлем ақпарат құралдары бұл айырбасты бұрын-соңды естімеген, ерекше оқиға деп жазып жатыр. Расында да солай. Осыған ұқсас тыңшы мен саяси тұтқын алмасу сонау Совет одағы дәуірінде 1979 жылы болған. Онда да КГБ-ның екі тыңшысын беріп, Батыс совет түрмелерінде отырған бес бірдей орыс диссидентін өлімнен құтқарған. Яғни бұрын да, кеше де орыс билігі Батыспен тұтқын алмасу операциясында өз азаматтарын саудалаған.
Айгүл Баба