Саяси архитектура жаңару кезеңін бастан кешіп жатыр ма?
Қазіргі жаһандық бәсекелестік заманында ондаған жылдарға арналған қозғалыссыз жоспарлар емес, нақты уақыттың сұранысына жауап беретін икемді стратегия қажет. Бұл тұрғыда мемлекеттің әр тарапта жүргізіп отырған саясаты нақты бағдаршам болуы тиіс.
Сарапшылардың пікірінше,Қазақстанның қазіргі саяси архитектурасы түбегейлі жаңару кезеңін бастан кешіп жатыр. Қазіргі мемлекеттік саясаттың ең басты ерекшелігі – стратегиялық жоспарлаудың серпінділігі мен прагматизмі. Біз бұрынғыдай 30 немесе 50 жылдық ұзақ мерзімді, кейде тым абстрактілі көрінетін бағдарламалардың дәуірінен өттік. Қазіргі құбылмалы геосаяси жағдай мен жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайы мемлекеттен осындай нақты шешімдерді талап етеді.
Мұндай жүйенің негізгі аргументі қарапайым әрі қатаң: мемлекеттік аппарат енді қағаз бетіндегі «әдемі есептер» үшін емес, халық сезінетін «нақты нәтиже» үшін жұмыс істеуге көшті. Егер жалпыхалықтық референдум мемлекеттің жаңа саяси ережелерін бекітіп, билік жүйесінің іргетасын қалаған болса, кейінгі жылдардағы бастамалар сол іргетастың үстіне нақты экономикалық нысандарды тұрғызуға бағытталды.
2022 жылғы конституциялық реформадан кейін бекіген «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы – барлық реформалардың идеологиялық темірқазығы. Бұл жай ғана ұран емес, бұл – биліктің халық алдындағы есептілігін арттырудың заңды жолы. Мәселен, Президент мандатының бір мерзіммен шектелуі мен Парламент өкілеттігінің кеңеюі жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етсе, 2026 жылғы кезеңдегі референдум мен стратегиялық жобалар елдің энергетикалық және инфрақұрылымдық дербестігін айқындайды. Бұл – заңдық негізден нақты іске көшудің жарқын үлгісі.
Депутат Ерлан Сайыровтың пайымдауынша, жаңа Конституция жобасы ең алдымен мемлекеттің саяси тұрақтылығын нығайтатын нақты құқықтық тетіктерді қалыптастырды. Оның айтуынша, президенттің саяси плюрализмді дамытуға қатысты берген уәделері бүгінде дәйекті түрде жүзеге асырылуда. Сарапшы еліміздегі саяси жүйені жетілдірудің эволюциялық жолы нақты нәтиже беріп отырғанын және жаңарған құжатта биліктің халық алдындағы жауапкершілігі айқын көрініс тапқанын жеткізді. Сонымен қатар Е.Сайыров саяси даму мен экономикалық өрлеудің негізі тұрақтылықта екенін алға тартады. Ол қазіргідей жаһандық құбылмалылық кезеңінде мұндай конституциялық негіздің маңызы ерекше екенін, сондай-ақ жаңа заңның өскелең ұрпақтың мүддесі мен болашағына қызмет ететінін баса айтты.
Қалай десек те, оң саяси шешім, тың бастамалар мемлекеттің дамуына серпін берері анық.
Е. АРЫН