Саяси аутсайдер
Украина-Ресей соғысына Батыс пен АҚШ-ты кінәлай сөйлеген Иманғали Тасмағамбетовті бұрындары әйтеуір бір уәж айтып, ақтап алатын ел бұл жолы шындап дағдарды.
Ол ҰҚШҰ бас хатшысы болып тағайындалған 2023 жылдың алғашқы күні – оның саяси аренаға қайта оралуы емес, біржола құрдымға кетудің, тіпті ел алдындағы сүйкімін жоғалтудың басы болған сияқты.
«Киевке толассыз қару-жарақ жеткізіп жатқан АҚШ пен Батыстың кесірінен үстел басына отырып, мәмілеге келу мүмкін болмай тұр», дейді және НАТО-ның Балтық жағалауы елдері, Қара теңіз аймағы мен Польшадағы әскери әлеуетін тоқтаусыз өсіріп жатқанын да айтады. Мұндай бір жақты пікірді тек Кремль пропагандасы мен әзелден сыралғы Лукашенко айтса жарасады, оған көз де, құлақ та үйренген. Ал Тасмағамбетов бұлай сөйлеп шыққанда – ол ҰҚШҰ-ға барғанда Путиннің өзін өзгертіп жіберердей, Қазақстанды ҰҚШҰ құрамынан шығарып алардай өзеуреген миллиондаған жанкүйері дағдарып қалды. Дегенмен Тасмағамбетовтің бұл мәлімдемесі – күтілген, алғышарттары айқын көрінген оқиға болды.
Зиялысы бастап, өзгесі қостап, «Иманғалидай кімің бар?» деп жүрген ел ақпан айының ортасына қарай оның Беларусь президентінің алдында момақан кейіпте, бас изеп отырғанын көргенде бір дағдарды. «Еуропаның соңғы диктаторы» Лукашенко – ҰҚШҰ төрағасы, Тасмағамбетов – бас хатшы, кездесулері регламентке сәйкес дейік, бірақ ол үнсіз бас шұлғыған сөз – Украина-Ресей текетіресі басталғалы Кремльді агрессор, Киевті демократияның қорғаушысы санайтын, Украинаға жиі-жиі гуманитарлық көмек жіберіп, қазақтың киіз үйін апарып тігіп, жанашырлық танытып жүрген достық рәуіштегі қазақ қоғамына жақпайтын сөз еді. «Егер біреулер Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс біздің қақтығыс емес, тыныш қана бір бұрышта бұғып отыра тұрамыз десе, қателеседі. Позицияңды нақты айқындайтын уақыт келеді», – дейді.
Төраға төпелеп сөйлеген, бас хатшы үнсіз бас шұлғыған кездесудің осы бір үзіндісі бүкіл әлемді кезіп кетті. Тасмағамбетов кездесуден шыққаннан кейін журналистерге берген сұхбатында да ашылып ештеңе айта алмады. Ол ОДКБ атынан сөйледі және «сыртқы қауіп-қатер» деген сөзді қолданды. Сосын, биыл Беларусьте «Взаимодействие», «Эшелон» және «Поиск» деп аталатын ҰҚШҰ-ның бірлескен әскери жаттығуы өтетінін қайыра бір еске салды.
Осыдан кейін іле-шала Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесіп, әскери одақтың бірлескен жаттығуы туралы тәптіштей ақылдасты. ҰҚШҰ-ның бірлескен әскери жаттығуы «Мызғымас бауырластық – 2022» деген атпен былтыр қазан айында Қырғызстанда өтуге тиіс болған. Бірақ Қырғыз тарапы бұл шараны өткізуден бас тартты. Бас тартып қана қойған жоқ, Арменияда өткен кеңесте ҰҚШҰ-ны әскери қысым көрсету бойынша айыптай сөйлеген. Бұл жаттығуға қатысудың өзі Кремль мен Батыс елдері арасында арбаны сындырып алмай, өгізді өлтіріп алмай, әупірімдеп жүріп жатқан біздің ел үшін онша жақсы абырой әкеле қоймайды деп жүргенде, қазақстандық даңқты саясаткердің бұлай қисаюы – құлағалы тұрған тауға қой жайғандай болды.
Тасмағамбетов мұнымен де тоқтаған жоқ. Ресейдің Индустрия және сауда министрлігіне қару-жарақ пен әскери техниканы бірлесіп әзірлеу туралы ұсыныс айтып, ҰҚШҰ елдерінің кооперациясын құруды да ұсынды. Әлбетте, сарапшылар мен саясаттанушылар оның бұл ұсынысының түбі Кремльден шығып отырғанын, түптен келгенде, Ресейдің қаңсық қаруына тәуелділікті арттыратын қадам деп бағалап жатты.
Ресейден зейнеткерлікке, зейнеткерліктен Ресейге
Тасмағамбетовтің ҰҚШҰ бас хатшылығына тағайындалуын президент Тоқаевтың арнайы жоспары ретінде қарастыратындар да бар. Бұл сценарий бойынша Тасмағамбетов те «жүйенің құрбаны» болып шыға келеді. 2017 жылы Ресейге елші болып кеткенде де Қазақстан билігі оны президент ауысар қарсаңда кедергі келтірмеу үшін сыртқа шеттетіп тастады дегендер болған. Қасым-Жомарт Тоқаев таққа отырған 2019 жылдың соңғы күндері ол Ресейдегі қызметінен босап, зейнеткерлікке шықты. Бір жылға жуық үнсіз жатып алған Тасмағамбетов 2020-ның қара күзінде баспасөзде бір көрінді – «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан сұхбаты көп тәпсірленді. Кейбір сарапшылар оның бейбіт рәуіштегі рухани әңгіме түріндегі бұл сұхбатының астарынан «Назарбаевтан алыстап, Тоқаевқа жақындау пиғылын» танып қалып жатты. 2021 жылы ресейлік «КамАЗ» компаниясының директорлар кеңесіне мүше болғанда, оны жаңа билікпен тіл табыса алмады, саясаттан біржола кетті, енді тек бизнеспен айналысуы мүмкін деген болжамдар жасалды.
Оның саясатқа оралуын аса бір қажеттіліктен туған деп болжағандар да болды. Яғни, миллиардер күйеу баласы мен қызының байлығы туралы жиі айтылып кеткен «мәліметтер» оны қайта оралуға мәжбүрледі. «Көзден кетсең – көңілден де кетесің», өзі айтқандай, «зейнеткерлік – шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бергенмен», бизнес пен жиған-тергеніңді қорғап қалуға қауқарсыз болып шыққан сияқты.
2022 жылдың көктемінде Қазақстан гольф федерациясының президенті болып тағайындалғанда, оны Қаңтар оқиғасынан кейін бар билікті қолына алған, мейлінше күшейген Тоқаевтың оң шырайына ие болған, бірақ тым жұғысып та кете алмаған ескі гвардияның нейтральды сарбазы есебіне қостық. Арада бір жыл өтпей жатып ҰҚШҰ-дан бір-ақ шыққанда, Тоқаевқа ҰҚШҰ-да сенімді өкіл болатын, әрі күрделі геосаяси кезеңде екі жақтың да тілін табатын бір адам керек болған шығар дестік. Қалай болған күнде де, Ресейден зейнеткерлікке шыққан Тасмағамбетовті араға үш жыл салып, қайтадан Мәскеудің дәмі тартыпты.
Былтыр жазда Қасым-Жомарт Тоқаев Петербургте ЛХР мен ДХР-ді «квазимемлекеттік бірлестіктер» деп атап, Қазақстанның бұл құрылымдарды мойындамайтынын айтқан. Оның бұл мәлімдемесі билікке сенімсіздікпен қарайтын көптеген қазақстандықтарды да бір арқаландырып тастады. Қазақстан президенті одан бұрын да Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын айтып, америкалық National Interest журналына мақала да жазған. Одан бергі уақытта да Батыстың санкцияларына ілігіп, қосақ арасында кетпеудің және Ресейді де ашуландырып алмай, амалдап келе жатқан Қазақстан билігі Тасмағамбетовтің бұл мәлімдемесіне қатысты әлі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Сірә, отқа май құйғандай болмай, тыныш қана жауып тастағанды жөн көретін шығар.
Назарбаевтың… Путиннің өнімі
Иманғали Тасмағамбетовтің аты жер дауымен де шықты. 2003 жылғы Жер туралы кодексті қабылдар қарсаңда премьер-министр болып келді де, 1,5 жыл үкімет басы болды. Ол осы уақыт арасында 15 жылда да шешімін таппаған дауды бастап беріп кетті. Өзінің атақты «мен Назарбаевтың өнімімін» деген сөзін де дәл осы үкіметке келер қарсаңда айтты. Зиялыларды жақсы көретін «кілт үлестіргіш» Тасмағамбетовтің атақты жазушы Шерхан Мұртазаны жылататыны да осы «Жер туралы кодекстің» парламенттегі мәмілесіз талқылауларының бірі болатын.
Жерді жекеменшікке сату керек деп, оған «Мемлекет – жердің ең нашар иесі»; «Мемлекет меншігіндегі жерді ешкім дұрыс күтпейді, қазақ жерінің тоз-тозы шығып кетті»; «Жерді жеке қолға беріп, экономикалық айналымға түсіру керек»; «Инвестор тарту үшін жерді жалға беру керек» деп, уәж айтқан Тасмағамбетов ақыры парламентпен келіспей, премьерліктен кетіп тынды.
Жерге қатысты Тасмағамбетовтің атын кірлеткен тағы бір іс – «Шаңырақ оқиғасы». Алматы қаласының әкімі кезінде өзі келіп, халықпен кездесіп, «үй, жерлеріңді заңдастырамыз, алаңдамаңдар», деп, домбырамен ән салып, шапан жамылып қайтқанмен, көп ұзамай, бульдозерлері мен ОМОН жасағын жіберген. Осы күні «егер Тасмағамбетов сол кезде уәдесін бұзбағанда, «Шаңырақ оқиғасы» болмайтын еді» дейтіндер де «Шаңырақтағы қанды қақтығыс үшін Тасмағамбетов жауапқа тартылуы керек еді» дейтіндер де аз емес.
Тасмағамбетовтің «Шаңырақ оқиғасына» қатысты берген бағасы – ағашты талға жалғап, әупірімдеп үй салып, жарық күнге, жақсы өмірге ұмтылған ықшам аудан тұрғындарын «әлеуметтік аутсайдер» атаған сөзі болды.
«Жерді сатайық» дегенін де, «үйіңді бұзайық» дегенін де кешірген, тіпті ұмытуға дайын ел Тасмағамбетовтің мұнша құлдырап, өзін жақсы көрген, ерекше үміт күткен, тіпті «президент болатын адам» ретінде бағалаған елінің жанды жеріне тиіп алды. Енді бір қырынан қарап көрсек, оның кезекті мәлімдемесі Қазақстанның сыртқы саясаттағы имиджіне соншалық әсер ете қоймауы да мүмкін. СІМ тарабы асса «бұл біздің ресми ұстанымға сәйкес келмейді, ол ұйым басшысы ретінде ҰҚШҰ атынан жасалған мәлімдеме» дей салуы, оны қазақстандық саяси тұлға емес деп көрсетуі де мүмкін. Дегенмен кезекті мәлімдеме Батыстың Қазақстанға сергек қарауға мәжбүрлейтіні анық. Яғни, қазақстандық саяси тұлғаның ұйым атынан АҚШ-ты, Батысты сынаған (қаттырақ айтқанда айыптап) мәлімдемесінен кейін Ресейдің өзіне төндірген қаупінен алаңдап отырған ЕО елдері, оның артындағы алпауыт АҚШ пен НАТО ендігі жерде ресми Астананың ҰҚШҰ-ға қатысты ұстанымын, ұйымға байланысты әрбір іс-қимылын жіті қадағалап отырады. Бұл дегеніміз, Батыстың көзіне Қазақстан Ресейді қолдап кетуі ықтимал ел ретінде көрінеді деген сөз.
Әрине, қай-қайсы елдің де көзіқарақты саясаткерлері Қазақстанның Ресей бас болған аталмыш қауіпсіздік ұйымда өз еркімен отырмағанын жақсы түсінеді. Тек, Тасмағамбетовтің бұл ұсақталуын артындағы елі түсіне алар ма екен және бұл оның осы мағынадағы мәлімдемелерінің басы ғана болса ше? Путин ҰҚШҰ бас хатшысының аузымен әлі талай мәлімдеме жасайтыны анық қой.
Тасмағамбетов не де болса артындағы елге емес, Путинге арқа сүйегенді құп көрген сияқты. Бір кездері өзі «әлеуметтік аутсайдер» атаған елі оның «саяси аутсайдерге» айналғанын, Гаага соты тұтқындауға ордер берген ақ қарға Путиннің өніміне айналғанын кешіре алар ма екен...