Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:43, 09 Ақпан 2023

Саяси дода: Жеті партия да жеңіске жете ме?

None
None

Енді оншақты күннен кейін Мәжіліс сайлауына қатысты үгіт-насихат жұмыстары басталады.

Ауыл-ауылға барып, «бізден мықты ешкім жоқ, біздің партияға дауыс беріңіздер», деген сөзді енді жиі еститін боламыз. Бірақ бәрі де мықты ма? Мәселе сонда. Бұл сауалдың жауабы 19 наурыз күні Мәжіліс сайлауына таңдаулыларды таңдайтын күннің соңында ғана анықталатын болады.

Ең бір қызығы, бұл жолы Мәжіліс сайлауына алғаш рет жеті партия қатысайын деп отыр. Жеті партия! Бәрі де үмітті. «Біз байкот жариялаймыз» деп сайлау қорытындысына күдік келтіріп отырған бірі де жоқ. Сонымен,  алғашқы сөзді жеті партияның ішінен бірінші болып съезін өткізген бұрынғы қызыл коммунистерден, яғни Қазақстанның халық партиясынан бастайық. Расын айту керек, бұл партияның ең алдымен, басшысы жаңа. Жиын өткізетін сахнасы ғана қызыл демесең, мұнда бұрынғы коммунистердің жүрнағы да қалған жоқ. 1990 жылдардың басында саяси додаға қатысып, мәжіліс депутаты болған Ертісбаев бұл жолы тағы да парламентке келе ала ма? Қос орынбасарын қазақтілді етіп алған Ертісбаевтың елді соңынан ертуге құдіреті жете ме? Жоқ әлде, қазақтілді аймақтарға қос орынбасарын жіберіп, өзі орыстілді халықпен кездесе ме? Қалай айтсақ та, жетпіске жақындаған жасында партия төрағасы болып, сайлауға қатысайын деп отырған Ертісбаевтың жеңістен дәмесі зор. Әңгімесіне қарасақ, жеңісті шаппай алатын адамға ұқсайды. Съезде жасаған мәлімдемесінде Е.Ертісбаев: «әділ сайлау жағдайында партия сайлаушылардың қолдауымен парламенттің 40-45 мандатына ие болады», деп мәлімдеді. ҚХП партиялық тізім бойынша 52 адам, ал мажоритарлық жүйе бойынша 15 адам ұсынды. Кандидат ретінде ұсынылған тізімде бұрынғылардан қалған 4 депутат бар. Ал тізімдегілердің басым бөлігі партияның облыстық филиалдарының төрағалары. Партиялық тізім мүлде жаңарған. Тіпті, тізімде кезінде Президент сайлауына түскен қызыл коммунист Жамбыл Ахметбеков те жоқ. Халық арасында «тұңғыш президенттің бұлбұлы» атанып кеткен Ермұхамед Ертісбаев бұл жолы қалай сайрайды екен? Енді «парламенттен 40-45 орын аламыз» деп отырған оның үміті көкке ұша ма? Бұл – ҚХП үшін үлкен цифр. Шынымен, 40-45 орын алса, «Аманатқа не қалады? Ертісбаевтың мұнысы «популистік пікір» деп қорытынды жасар едік.

Ал өздерін «жасылдар партиясы» деп атаған, жалпы, сайлауға бірінші рет қатысайын деп отырған «Байтақ» партиясы мәжілістен үмітсіз емес. Басқа жаңа партияларға қарағанда, тіркелудің кедергісін көп көрген «жасылдардың» мүмкіндігі қандай? «Байтақ» партиясы партиялық тізім бойынша 18 кандидатын ұсынды. Ал бір мандаттық округ бойынша 4 адамы сайлау додасына қатыспақ. Бұл жолғы саяси додада «жасылдар» жеңімпаз атана ала ма? Ақиқатын айтайық, партия 5 пайыздық межені алса, онда үлкен жеңіс. Мықты партияны халық таңдайды. Бәрін уақыт көрсетеді.

Ендігі әңгіме – Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы туралы. «Ауыл» партиясы кезектен тыс XXII съезінде 19 наурызға белгіленген Мәжіліс сайлауына түсетін кандидаттар тізімін бекітті. Атап айтқанда, алдағы саяси науқанда «Ауылдың» партиялық тізім бойынша 25, ал бір мандатты жүйе бойынша 9 кандидаты бақ сынайды. Ең бір қызығы, аталған тізімнің ішінде Президент сайлауында екінші нәтиже көрсеткен Жигули Дайрабаев бар. Ол ешнәрсе емес, сол президент додасында басқалармен бәсекеге түскен

Қарақат Әбден дүбір басталған уақытта «Ауыл» партиясына кірді. Сөйтіп, саяси дода алдында қатарын күшейтіп алған ауылдықтар Мәжіліс сайлауына зор дайындықпен кірісейін деп отыр. Сонымен қатар, «Ауылдың» құрамында 2019 жылы Президент сайлауына қатысқан Төлеутай Рахымбеков те бар. Қысқасы, осы жолғы Мәжіліс сайлауына олар тас-түйін дайындықпен келді. Қалай айтқанда да осы жолы «Ауыл» партиясы парламенттен бес-алты орын алуы мүмкін.

Ал осыған дейін бірнеше мәжіліс сайлауына қатыспай, байкот жариялаумен аты шыққан ЖСДП-ның мүмкіндігі қандай? Аталған партия партиялық тізім бойынша 25 адам ұсынды. 19-ы партиялық тізім бойынша, 6-уы мажоритарлық жүйемен сайлау додасына кіреді. Ең бір қызығы, ЖСДП «билік партиясы Amanat-қа біз ғана бәсекелес бола аламыз» деп отыр. Бұл қисынға келетін болжам ба? Былтырғы Президент сайлауына кандидат ретінде қатысқан партия өкілі Нұрлан Әуесбаевқа бар-жоғы халықтың 2,22 пайызы ғана дауыс берді. Демек, ЖСДП мәжілістен орын алады дегенге сену қиын. «Amanat-қа біз ғана бәсекелес бола аламыз» деуі де популистік ұран.

Ал 2000 жылдан кейін парламент сайлауында мәжілістен, шамамен, тұрақты түрде 7-10 орын алып келе жатқан «Ақ жол» бұл жолы партиялық тізім бойынша – 54, мажоритарлық жүйе бойынша 23 адамын ұсынды. Ал барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына «Ақ жолдан» 652 кандидат баратын болды. Бұл жолы да «Ақ жол» партиясы 5 пайыздық межеден асып түсе алады деген сенім бар. Алайда саяси додада бәсекелестердің көбеюіне байланысты олардың мәжілістен алатын орны азаюы ықтимал. Бұрын Мәжілісте партияның он адамы отырған болса, «бұл жолы аталған көрсеткіш екі есеге кемиді» деген де болжам жоқ емес.

Ал «Мәжіліс сайлауына алғаш рет қатысайын деп отырған Respublica партиясына жұртшылықтың ерекше назары ауады» деп қазірден қисын жасауға болады. Негізінен, жас кәсіпкерлерден құралған бұл саяси ұйымды «биліктің жобасы» деп айтушылар көбейді. Жаңа партия Әділет министрлігінен еш кедергісіз өтті. Қалай айтсақ та Respublica-ның саяси жүрісінде сенім мол сияқты. Жас кәсіпкерлердің мәжілістен орын алуына, шын мәнінде, билік мүдделі болып отыр ма? Жоқ әлде, олардың саяси технологиясында жаңашылдық бар ма? Оның барлығын уақыт көрсетеді. Егер 19 наурыз сайлау қорытындысында жаңа партия мәжілістен аз дегенде, бес-алты орын алып жатса, оған еш таңғалуға болмайды.

Ең соңынан өзінің құрылтай съезін өткізген елдегі жетекші Amanat-тың партиялық құрамы бұл жолы 75 пайызға жаңарды. Мәжіліске кандидат ретінде ұсынылған тізімде жас буын өкілдері өте көп. Amanat партиясы мәжіліс сайлауына 119, ал мәслихатқа 3821 кандидат ұсынды. Рас, қазірден бастап айтуға болатын және мойындауға тұрарлық бір нәрсе бар: Amanat мәжілістегі орынның басым бөлігін сөзсіз алады. Оған қазіргі билік өте мүдделі. Екіншіден, жетекші партияның республикада 250 филиалы бар. Ал қалған партиялардың аймақтағы филиалдары, шамамен, 18-20 аралығында болса, Amanat үшін бұл үлкен күш.

Сонымен, саяси доданың дүбірі жақын. Біз «жеті партия да жеңіске жете ме?» деп бекер айтып отырған жоқпыз. Amanat-тан басқалары мәжілістен аздаған орын алып жатса, мұның өзі де жеңіс. Ал үгіт-насихат жұмыстарын аталған жеті партия қалай өткізеді? Мәжіліске қанша партия келеді? Бәрі ең алдымен, халықтың таңдауы мен үгіт-насихат айындағы саяси технологияның сәтті өтуіне байланысты.

Тегтер: