Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға дін өкілдері де атсалысуда

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ұлықтап, еске алып қана қоймай, оларды ақтау бүгінгі ұрпақ үшін ең үлкен міндет болып саналады.
Осы орайда, 31 мамыр қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілді.
Ал осы күнге орай елімізде қандай шаралар өткізіліп жатыр дегенге келсек, былтыр Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрак университетінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Философия, саясаттану және дінтану институтының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы «Дін дүрбелеңі»: Кеңестік биліктің дінге қарсы репрессиялық шаралары» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Жиын басталмас бұрын саяси қуғын-сүргін көрген дін өкілдернің рухына құран бағышталды. Жиынды ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажыТағанұлы ашып, университет қызметкерлерімен біргесаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мәселе қозғаған еді.
Негізі қуғын-сүргін құрбандары дегенде, есімізге бірден Алаш қайраткерлері түсетіні анық. Бірақ қуғынға Алаш қайраткерлерімен бірге дін саласында қызмет еткен өкілдердің де, халықтың да ашашршылықпен қырылғанын ұмытпауымыз керек. Бұл жөнінде кезінде тарихшы талас Омарбеков былай деп пікір қалдырған болатын. «Ашығын айтар болсақ, 1921-1922 жылдары болған ашаршылық жұтқа байланысты. Ашаршылықтан үлкен зардап шеккен Батыс Қазақстан мен Орталық Қазақстан аумақтары. Ал Жетісу өңірінің халқы отырықшылықтың арқасында аман қалды. Батыстағы ашаршылық туралы мәліметтер нақты. Төрт түлік малдың әр түрінен қанша бас қырылғаны және қаза тапқан адам саны жөніндегі деректер 1924 жылы Қазақстандағы ресми әдебиеттерде келтіріледі. Кей зерттеушілер кітапханада тұрған осы деректерді оқымай, көрмей, көз жеткізбей жатып ашаршылық жайында нақты мәліметтер жоқ деп мәлімдейді. Мұндайда дәлме-дәл айту қиын, дегенмен қолда бар демографиялық есеп пен мұрағат деректерін салыстырып қарағанда 700 мыңнан астам адам 1921-22 жылдардағы ашаршылықтың тікелей құрбаны болды. «Бұл жұттан аман шығуға болатын ба еді?» деген сауал қойылатын болса, әрине, аман қалуға болар еді. Онда да Батыс Қазақстан аймағында азамат соғысының салдары сақталмаған болса. Орталық және Батыс Қазақстан аймақтарын большевиктер екіге бөліп кетті. Бай, кедей деп қана емес, ақ, қызыл деп. Азамат соғысының алаңына айналған бұл екі аймақтың халқы да ол тұста жайлы ғұмыр кешті деу қиын. Халықтың ерсілі-қарсылы көшінен жұттың алдын алу мүмкін болмай қалды. Ашаршылықты большевиктердің немесе сол тұстағы өкіметтің қателігі деп айта алмаймыз. Өкіметтің қазақ жерінде жасаған зобалаңы – ел ішіне іріткі салу арқылы халықты бір-біріне айдап салды. Бұл – ашаршылыққа қосымша түрткі болды. 1931-32 жылдардағы ашаршылықтың себебі – большевиктік жүйенің аграрлық, индустрияландыру реформасының механизмдерінің дұрыс жобаланбауы. Индустрияландыру саясаты елімізге завод, фабрика салуды көздеген жоқ. Қазақстан Ресейдің еуропалық бөлігіндегі жаңдан салынып жатқан екпінді құрылыстарды етпен қамтамасыз етуші ел ғана болды. Ленинград, Мәскеу, сонымен қатар Қызыл Армияны есептегенде барлығы 12 миллион адамды етпен асырағандығы мұрағаттағы ресми деректерде көрсетілген. Ашаршылық кезінде «Ленинград мясопродукт», «Москва мясопродукт» деген атпен құрылған ұйымдар Қазақстаннан ет тасып әкетумен айналысты. Ет дайындау науқанының асыра сілтеуі қазақ халқына қасірет болып жабысты. Халық комиссариаты Сталинге 1928 жылдың басында мемлекет бойынша астық дайындаудың азайып кеткендігін мәлімдеді. Сталин екі вагоннан тұратын мемлекеттік пойызбен негізгі астық дайындайтын аймақ – Сібірге сапарға шықты. Әрине, өте құпия түрде. Бәрін көзбен көру еді. Ол тұста Қазақстан әлі отырықшыланбаған болатын. Өндірісті дамыту үшін Сталинга екі нәрсе қажет болды. Біреуі – астық, екіншісі – алтын. Шетелден трактор, станоктар алу үшін астық пен алтыннан басқа тауар айырбасқа саналмайтын. Жолшыбай Омск, Томск, Иркутск, Красноярск өңірлеріне соғып, Алтайға дейін аралады. Жергілікті партия кеңес басшыларына 1926 жылғы РКСФР-дің Қылмыстың істер кодексіндегі 107-бапты пайдалануды ұсынды. 107-бап бойынша базарға өз өнімін шығарып, базар нарығын қасақанабұзып, бағаны көтерген алыпсатарларды соттау, түрмеге қамау (3 жылға бас бостандығынан айыру) қажет деп ұсыныс жасады. 1928 жылы 31 қаңтарда Крсаноярскіде «Шығыс кеңесі» деген жасырын кеңес болды. Оның мәліметтері әлі күнге жарияланған жоқ, құпия сақталып келеді. Қазақ халқын зар илеткен Голощекин сол жиынға қатысыпты. Голощекиннің 1 ақпан күні Красноярск өңірінен Қазақстанға жолдаған телеграммасы бар. Онда астық дайындауды бүлдіріп жатқандарға 107-бапты қолданыңыздар деген нұсқау берілген. Телеграмма астық дайындауға байланысты құрылған республикалық «Бестікке» жолданған. Мұрағат деректеріне қарап отырсақ, қаншама адам осы баптың құрығына ілінген, яғни түрмеге қамалғанын анықтауға болады. 1929 жылдан бастап ет дайындау бойынша бірнеше қаулы қабылданды. Мал соятын алаңдар құрылды. Малды сойып үлгере алмаған елді-мекендер малды тірідей жөнелтіп отырды. Шаруалар, кулак атанғандар малды сойып тастамас үшін қаулылар қабылдады» дейді.
Ашаршылықты зерттеп жүрген өзге де ғалымдар зұлмат жылдарға қатысты түрлі пікір айтып келеді. Мәселен, зұлмат, ашаршылық жылына қатысты нақты деректердің жоқтығын алға тартады. Ал бұл жөнінде Талас Омарбеков былай деп пікір а йтқан болатын. Мұрағатта отырмаған тарихшылар ашаршылық жайында нақты деректер жоқ деп жатады. Ол – жалған. Мал басы 1930 жылы 1 маусымда 39 миллионнан астам болды. Есеп дәлме-дәл жүргізіліп отырды, себебі әр жылдың 1 маусымында мал саны есебі өткізілетін. Осы ретте халық санағы да жүргізілген. 40 миллионға жуық малдан ашаршылық біткенше 4 миллионға жуық бас қалды. Бұл Орал Исаевтың ресми баяндамасында да айтылған. 1931-1937 жылдар аралығындағы халық саны қанша болғандығы жөніндегі деректер бар қолымда. Мәскеудің Орталық экономика мұрағатынан алып келдім. 1930 жылы 1 маусымда Қазақстанда ауылдың халқы 5 миллион 873 мың болса, оның 4 миллион 800 мыңы – қазақтар. Мұны отырықшыландыруға байланысты қазақтардың есебін жүргізген деректерден алып отырмыз. 726 мың шаруашылықты отырықшыландырған. 5 миллион 873 мың адамнан 1933 жылы 2 миллион 493500 ғана қалған. 3 миллион 379500 адам жоқ. Мұның 1 миллионға жуығы – босқындар. «Алтаудың хатында» 726 мың шаруашылықтан 350 мың ғана шаруашылық қалғаны айтылады. Осы деректерде қазақтардың 1 миллионға жуығы босып кеткенін көрсетілген. Ресейдің Поляков, Жиромская деген тарихшылары ашаршылық кезінде қазақтар көп қырылған жоқ, 2 миллионнан астам қазақ Қытайға өтіп кеткен дейді. Бұл жайында Мәскеуден шығатын «Социс» журналының 1991 жылғы 7 нөмірінде жазады. Олардың айтуынша 1 миллионнан астам ғана халық қырылған. Бұл – өтірік. Білместік. Қолымда Қытай шпиондарының Ресейге жіберіп отырған хаттары бар. Әрбір 10 күн сайын қытайлықтар Қазақстаннан келген адам санын тіркеп отырған. Қаншама қандасымыз шекарадан өту кезінде қаза тапты. Оның нақты есебін ешкім білмейді. 1930 жылы 15 302, 1931 жылы 36 965 қазақ арғы бетке өткен. Әрине Қытайға қазақтар арзан жұмыс күші ретінде керек болған. Екіншіден, 1930 жылдан бастап Қытайда паспорт беру басталған. Кімге беріп, кімге бермеу керектігін шешу үшін де олар қазақтардың санын анықтап отырған. Нақты дерек келтірер болсақ, 87 мың қазақ өткен, оның 60 мыңы Батыс Қытайда тұрған. Голощекиннің Сталинге арнап 1932 жылдың 9 қыркүйегінде жазған 9 беттік хаты бар. Қазақстандағы мал санының азаю себептері Мәскеуде қаралатынан хабардар болған Голощекин қатты қорыққан. 2 миллион пұт астық елімізге тұқымдық қор ретінде берілген. Шын мәнісінде бұл 2 миллион пұт астық аштарға берілген болатын. Қазақстанның аштан қырылуының басты себебі – ет дайындау науқаны. Негізгі қор – мал еті ғана болатын. Бұл жағдайды Мирзоян Сталиннің тікелей рұқсатымен Қытайдан сауын сиыр сатып алу арқылы түзеді. Мирзоянды қазақтардың Мырзажан атап кеткені де сондықтан. 9 наурызда Сталинге жазған хатында Мырзажан көмекке 2 миллион пұт астық сұрай отырып, оның 1 миллион пұтын тары түрімен беруін талап етті. Бұл оның алындағы 2 миллон пұт астықтан өзге. Осылайша қазақтарды аштықтан аман алып қалуға тырысты Репрессия Мизоянға тіреліп тұрған жоқ. Кейбіреулер осы мәселеге Алашорданы тықпалайды. Алашордашылар 1928 жылдың басы 1929 жылдың аяғына дейін ұсталып бітті. Алашордашыларға «Батпаққара көтерілісін ұйымдастырды» деген айып тағылды ғой. Ал қызыл қырандар – Т. Рысқұлов, О. Жандосовқа тағылған айыптың сыйқын қараңыз. Оларды «Қытай елінен брюцеллезбен ауырған сиырларды әкеліп, халыққа ауру таратты» деп қинаған. Мирзоянның халықты құтқару жолында жасаған әрекеті осылайша біреулерге қасірет болып жабысты. Ұзақбай Құлымбетовтың, Ораз Жандосовтың осы іске байланысты жауап алған кездегі айтқандарымен таныстым. «Қытайдан ауру сиырларды елге ауру тарату мақсатында әдейі сатып алып келдік», – деп айтады олар. Жандары қысылған болар. Әлде солай айтсаңдар кешірім болады деді ме екен? Себебі оларды қатты азаптаған. Ал Алаш қайраткерлері 1930, 1932 жылдардағы екі соттан кейін бас көтеруге, халықпен байланысуға еш шамасы болған жоқ. Мұны ұмытпаған жөн.» дейді тарихшы ғалым.
Шындығында, біздегі ғалымдардың зерттеуі әртүрлі нұсқада айтылып та, жазылып та жүр. Дегенмен, ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандарын жай зерттеп қана қоя салу – жеткіліксіз. Себебі, бұл үлкен тарих болып есептеледі. Ал тарихты бұрмалау – келешек ұрпақты шатастыруға әкеліп соғады. Сол себепті де, елімізде қуғын-сүргінге қатысты нақты деректер әлі де айғақталып, толығып, халыққа нақтысы ғана ұсынылуы қажет. осы орайда, еліміздің әрбір өңірінде қуғын-сүргінге қатысты жұмыстар мен шаралар әлі де ұйымдастырылып, өткізіледі деп сенеміз.