Саяси қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөндері әлі толықтырылуда

Былтыр 24 қараша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлыққа қол қойған болатын.
Содан бері еліміздің әр өңірінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысыжандандырылып, оғанзаңгерлер, мұражай қызметкерлері, тарихшылар тартылуда. Қазақстан аймақтарында жазықсыз жандарды ақтап алу үшін өңірлік комиссиялар жұмыс істеп жатқанын айту керек.
Репрессия құрбандарын ақтау мақсатында он зерттеу тобы құрылып, іс жүргізудің екі әдіснамасы әзірленіпті. Мәселен, Қостанай облысында да қарқынды жұмыс жүруде, мұнда жұмыс тобының мүшелеріне архивтерге кедергісіз кіру мүмкіндігі берілген екен. Олардың сөзіне, аштықтан, қудалау мен қанаудан жапа шеккендерге жеке-жеке тоқталу көзделіп отыр. Ашаршылық пен репрессия құрбандары туралы статистика әлі де нақтылауды қажет етеді. Қазіргі мәліметтер бойынша құрбандар саны үш миллион деп көрсетілуде. Алайда қазақ халқына жасалған озбырлықтың зардабы одан да көп болуы мүмкін. Боздақтарды ақтап алуға әр ааматтың атсалысқаны дұрыс. Басты міндет – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттікті толық қалпына келтіру.
– Осы жұмыс тобының құрамына Қостанай облысындағы он мемлекеттік музей және 11 кітапхана, өлкетанушылар, тарихшылар мен тарих мұғалімдері кіріп отыр. Барлығы 189 адам жұмыс істейді және олар облысымыз бойынша 1930-1950 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жазаланған адамдар жөнінде мәліметтерді жинақтап, материалдарды зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде зерттеушілер тобы комиссияның кеңсесі ұйымдастырылды. Сол жерде мамандар мемлекеттік, жабық архивтермен жұмыстар жүргізіп жатыр, жазықсыз жазаланған жандардың аты-жөндері жинақталуда, – дейді Қостанай телеарнасына берген сұқбатында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Нәзима Оташева.