Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:49, 07 Қыркүйек 2023

Саяси-қуғын сүргіннен әулетімізден 5 кісі қаза тапқан. Аталарын ақтай алмай жүрген кісімен сұхбат

None
None

2020 жылы 24 қарашада саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде комиссия құрылған еді.

Қазіргі күнде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесі жүріп жатыр. Бірақ бұл жерде де басы ашылмаған мәселелер бар. Соның бірі – ешбір құжаты жоқ, бірақ репрессияға ілініп, қуғын көрген, соның кесірінен қаза тапқан адамдар. Олардың саны елімізде мыңдап саналады. Негізінен олар орта тапқа жататын, ісін өздері дөңгелетіп отырған шаруалар еді. Байлармен бірге бұларды да жаппай кәмпескелеу кесірінен қазақ халқы аштыққа ұшырады. Салдарынан ресми дерек бойынша 1,2-1,5 миллион адам көз жұмды. Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің де аталары саяси қуғын-сүргінге ұшырап қаза тапқан адамдар. Бірақ олар жөнінде бірде-бір құжат жоқ.

Аталарым саяси қуғын-сүргін құрбаны болған

Есімім – Ілияс Абылайұлы Әйтімбет, зейнеткермін.Мен саяси қуғын-сүргіннің құрбандары болған арғы атам Әйтімбет Таңабайұлы, бергі атам Әбділдә Әйтімбетұлын жоқтаушы немересі, шөбересімін. Арғы атам 1868 жылдары, ал бергі атам 1885 жылдары шамаларында туған деп болжаймыз, олардан қалған ешбір құжаттар жоқ.Апамыз Әдемінің (Әбділдә атамыздың әйелі) айтуынша орта шаруаларды тәркілеген науқан кезінде аталарымыздың мал-мүліктері екі рет тәркіленіп, өздері отбасыларымен сол кезде Қордай ауданының орталығы болған Қасық және Лубзавод мекенжайларына күштеп жер аударылып, Кендір плантациясына құл ретінде жегілген екен. Оның дәлелі – арғы атамыз сол Қасық маңында жерленген. Ол туралы оның баласы Ешімұрат Әйтімбетұлы өзінің қызы Бибіжанға айтқан.

Ал Әбділдә атамыз плантацияда ауыр жұмыс, аштық, антисанитариядан сүзек ауыруына шалдығып, көп ұзамай көз жұмған. Ол Отар станциясында жерленген. Екеуінің де мүрдесін білмейміз, белгі қойылмаған.

Саяси-қуғын сүргін салдарынан әулетімізден 5 кісі қаза тапқан

Менің әкем Абылайдың Қанымжан атты қарындасының өз қолыменен 26 қаңтар 1997 жылы жазып қалдырған «Айтымбетовтар әулетінің қысқаша бағыт-бағдарламасы» (14 парақтан тұрады) бар. Тәркілеудің салдарында болған ашаршылықтан Әйтімбет атамыздың отбасынан әйелі Күләсия мен ұлы Ешімұрат тірі қалған. Атамыз, келіні мен немерелері, яғни 5 адам қаза болған.

Әбділдә атамыз төрт баласымен қайтыс болған. Тірі қалғаны – апамыз Әдемі мен оның 9 жасар ұлы Абылай.

Атамызға екі рет салық салғанда ауыл адамдары мал-мүлік беріп құтқарып қалған

Әкем Абылай 1942 Ұлы Отан соғысына қатысып, 1943 жылы әйгілі Курск шайқасында Прохоровка маңында қан шайқаста басынан бастап (шілде-тамыз) соңғы күніне дейін қатысып, соңғы күні ауыр жарақат алып, соғыстың екінші дәрежелі мүгедегі болды. 1992 жылы сол жарақаттан өмірден озды, жарықтық.

Әбділдә атамыздың дүние-мүлкін тәркілеп, оған салық салғанда әрең құтылыпты. Мен өзім Әдемі апамның аузынан: «Сол кезде ай жарық еді. Төңіректегі ауылдардан түні бойы арбалардың дөңгелектерінің шыйқылы басылмады және таң атқанда есіктің алдында таудай боп үйіліп астық жатты, сөйтіп, атамыз салықтан құтылды» деген әңгімесін бірнеше рет естіген едім. Осы эпизод атамыздың ел арасындағы беделін, оған деген құрметінің көрсіткіші еді.

Сонымен қатар апамызды жұмысқа құл ретінде салғанда, емшектегі жылап жатқан қызын емізуге жібермегенін, қызының сондай жағдайда өмірден озғанын, көзіне жас алып күрсініп, күңіреніп айтушы еді.

Сонымен, аталарымыздың бай-кулак деп тәркілеуін дәлелдейтін біздегі фактілер:

1. Әпкеміз Қанымжанның өз қолымен жазып қалдырған «Айтымбетовтар әулетінің қысқаша бағыт-бағдарламасы»;

2. Әйтімбет атамыздың немересі Бибіжан әпкеміздің естелігі;

3. Менің апам Әдемінің өз аузынан естігенім;

4. Арғы атам Әйтімбеттің, бергі атам Әбділдәнің Аңырақайдағы Ақ қорған бейітінде молаларының жоқ екені, ашаршылық жылдарында бірі – Қасықтың, екіншісі – Отар станциясының бейітінде жерленгені.

Аталарымның репрессия құрбаны екенін дәлелдеймін деп бармаған жерім, баспаған тауым жоқ

Аталарымды ресми заңды іздеу ережесіне сай аудандық архивтерден бастап облыстық, мемлекеттік архивтері мен арнайы құзырлы органдарға сұрау салдым. Дәлірек айтсам: Қордай, Шу аудандарының архивтері, «Қазақстан Республикасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне», Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрлігінің ақпараттар және байланыс департаментіне, Алматы облысының прокуратурасына, Жамбыл облысының прокуратурасына, ал олар облыс полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік департаменті, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жамбыл, Алматы облысы басқармаларының және облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар мен құжаттама басқармаларына сұрау салған. Нәтижесінде, «азамат А. Айтымбетовқа қатысты ешқандай мәліметтер анықталмады» деген жауап алдым.

Мысал ретінде, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің 19 04 2022 №2-20-22- 03727  жауабында «Сіздің сұрауыңызды қарап, 1885 ж.т. атаңыз Абдильда Айтымбетовқа қатысты мәліметтер жоқ екендігін хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік Кодексінің 91- бабына сәйкес, Сіз осы жауапты әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағымдануға құқылысыз. Төрағаның орынбасары Ғ.Миразов» деп жазып жіберіпті.

Сонымен менің аталарым – репрессияланды, қорланды, өмірінен айырылды, ұрпақтары жапа шекті, ал осыны жасаған сол кездегі мемлекет өз жасаған қылмыстарын жасырды, ізін таба алмай отырмыз, сонда қылмыс жасалмады деуіміз керек пе?

Және де біз сол қылмысты дәлелдеу үшін сол мемлекет жасаған заңдарға сәйкес дәлелдеуіміз керек, болмаса қылмыс болған жоқ дегенді мойындап, тынышталуымыз керек.

Сот біздің айтқан, келтірген дәлелімізді дәлел деп санамайды

Сот біздің айтқан, келтірген дәлелімізді дәлел деп санамайды, оған мөр басылған құжат керек, сонымен қатар дәлелдейтін куәгерлер керек. Оларды біз қайдан таппақпыз? Кешегі Кеңес өкіметі кезінде бай-құлақтар деп қуғын-сүргіннің құрбаны болған менің әкем бізге ол туралы айтудан қорықты, кесірі тиіп кетеді ме деп тағдырымызға алаңдады.

Мемлекеттік комиссия мүшесі Мемлекет тарихы институтының директоры Еркин Әбілдің 11. 06. 2022 жылы «Костанайские новости» газеті тілшісіне берген сұхбатында менің аталарымның ісі секілді жағдайды «Рассматривать во вне судебном порядке. Этим должен заниматься какой-то постоянный орган, та же государственная комиссия, например. Прокуратура и МВД будут включаться только в те моменты, когда есть какие-то сомнения» деп дұрыс қорытқан.

Менің аталарым ешқандай қылмыс жасамаған, керісінше, сол кездегі үкімет, билік, жүйе зорлық-зомбылық жасады.

Менің аталарым сияқты саяси қуғын-сүргін құрбандарын не үшін ақтау керек?

Маған және отбасыма және мен сияқтыларға аталарымызды репрессия құрбаны ретінде анықтау және ақтау не үшін керек деген сұрағыңа жауап берейін.

Біріншіден, ақиқат қайткенде де салтанат құру үшін, кінәсіз зорлық-зомбылық көрген аруақтардың артында іздеушісі, елі бар екенін, соны жасаған билік, үкіметке лағнет айту үшін, ақиқатты әлемге жария ету үшін, айыптау үшін, біз өзіміз – Адам, Тұлға болуымыз, тарихи жанды жадымыз қалыптасу үшін! Болашақта бұндай зұлымдық қайталанбау үшін, оған жол бермеу үшін!

Екіншіден, егерде біз әр отбасы осы болған зобалаңды тек отбасымызда білумен шектелсек, онда осындай зобалаңның болашақта қайталануына қолайлы жағдай  жасағанымыз. Қазіргі кейбір мемлекет, сол мемлекетте билік басындағылар қазақ халқының басынан кешкен зорлық-зомбылықты жоққа шығаруға тырысып жатыр. Міне, сондайларға нақты деректер оларға өлермендей соққы беретін құрал.

Егер де әр отбасы болған зобалаңды өз отбасының ішінде білумен шектелсе, онда қоғам, ұлт, мемлекет қалыптаспайды. Онда қоғам емес, индивидумдар, атомданған индивидтер қауымы тіршілік етеді.

Үшіншіден, біз жас буындықұрғақ статистикамен сусындатып өсірсек, олар жансыз роботтар болып өседі. Жан, сезім, мейірім, жанашырлық сияқты кісілік, адами қасиеттер тек осы нақты, қанша қасіретті болса да, ащы шындық арқылы қалыптасады және де сол арқылы адами рух, ақыл өмірге келеді.

Көптеген адам жантүршігерлік оқиғалардың бастауында осы адами, жанды тарихымызды келеңсіз, ыңғайсыз тарих деп ысырып тастағанымызда жатыр.

Төртіншіден, Мемлекеттік комиссия осы қуғын-сүргінді кездейсоқ оқиға деп қабылдамай большевиктік, сталиндік жүйелі террор деп санап, ұлттық  азаттық күрес контексінде қарап, Алаш үкіметі, Алаш ұлт-азаттық қозғалысына жасалған ретті репрессиялық іс-әрекет деп саяси баға берілуі тиісті.

Бесінші, осыған байланысты саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтау мен ақтау сол заманның заңдары ауқымында емес қазіргі тәуелсіз, гуманистік, демократиялық ережелер мен заңдар негізінде қарастырылуы қажет. Осыған орай кезінде қуғын-сүргіннен жәбір көргендердің репрессиялау туралы құжаттар мемлекеттік арнай құзырлы органдардан табылмаса ( біздің жағдай сияқты) келтірген естеліктер негізінде ақталуға тиісті. Қылмысты сол кездегі мемлекет, билік жасады, ал енді оны дәлелдеу жәбір көргендерге жүктелуде. Бұл қандай әділет?

Айналдырған үш адам шешім шығарып, қуғын-сүргінге ұшыратқан

Мен әлі сотқа барған жоқпын. Себебі қолымда мөр басылған қағаз жоқ. Әкімшілік деңгейінде қарасам, менің ешқандай дәлелім жоқ сияқты. Себебі аталарым сияқты орта шаруа адамдарын жоғары жаққа жібермей, айналдырған үш адам шешім шығарып, қудалай берген, ату жазасына кесе берген. Сондықтан ешқандай мәлімет жоқ. Бар мәліметті жаңағы үш адам құртып отырған. Мен сізге айтайын – еврей халқы бір ғана күнделік тауып алса, соның ішіндегі бар мәліметті айыптау үшін дәлел деп санайды. Менің жасым келіп қалды. Әпкем өмірден өтіп кетті. Бибіжан да жетіп қалды. Сонда менен кейін мына мәселені көтеретін адам да қалмайды. Бұл мәселенің ізіне шам алып түстім. Оның соңына жетемін деп ойлаймын.

Шыңғырған тарихты білмесең, өмірдің қадір-қасиетін де білмейсің

Социализмнің бізге жүргізген диктатурасының жемісін қазір көріп отырмыз. Ресейдің өзі бұл жолмен жүріп, Украинаға империалистік көзқарасын көрсетіп отыр. Алаш азаматтары айтқан демократиялық бағытты таңдағанда кішкентай ғана топ ойына келгенін істей алмас еді. Бәрін атып, қалғандарын қолдарына қаратып қоймас еді. Менікі атамның ғана жоғын жоқтау емес. Сол сияқты қазақтың жоғын іздеу. Мен жоғары оқу орындарында сабақ берген адаммын. Сол кездегі тарихи оқиға біздің санамыздан ғылыми деңгейге дұрыстап сіңген жоқ.  Біз жастарға кейде ренжиміз: «жалтақ боп кетті, әр нәрсеге қызығады, бірақ тез жалығады», қала берді «рухани дүниені білмейді» дейміз. Оның бәрі жай ған сөзбен бала тәрбиесіне енбейді. Оның бәрін қорыта алатын, сараптай алатын деңгейге жету керек. Ол үшін мына тарих айқайлап, шындықты айтып тұруы керек. Шыңғырған тарихты білмесең, өмірдің қадір-қасиетін де білмейсің.

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымының докторы, профессор: Біз кешегі совет кезеңіне қатысты тарихи танымы шатысқан халықпыз

Совет дәуіріндегі репрессия тақырыбы қазір жан-жақты ашылып көрсетіліп келеді. Бұл тақырыптағы материалдар Алматы мен Астанада ғана емес, облыс  орталықтарында жарық көрді. Бірақ әлі де атқарылатын істер бар. Арнайы қарайтын мәселелер аз емес.

Профессор Ілияс Әйтімбеттің айтып отырғаны сол жағдайдың көрінісі. Саяси репрессия құрбаны болып, артында істің егжей-тегжейін анықтауға мүмкіндік беретін құжат материалдары сақталмаған жеке тағдырлар қаншама. Ондай адамдар еліміздің түрлі өңірлерінде мыңдап саналады. Демек, бұл тақырып әлі де болса жан-жақты қарастыруға мұқтаж. Зерттеу жұмыстары, репрессияға байланысты құжат материалдарын іздеп тауып, жариялау ісі бұл саясаттың иіріміне тартылған барлық отбасыны қамтығанда ғана біз тарихи шындыққа жақындай түсеміз. Тарихи жады мықты халық қана жасампаз күшке айналады. Біз кешегі совет кезеңіне қатысты тарихи танымы шатысқан халықпыз. Отан деген ұғым бәрімізге ортақ. Оған деген махаббат солғын тартса, біз болашақтан айырыламыз. Ал ол солғын тартпауы үшін еліміздің өткен өмірін, оның мұңлы да қайғылы кезеңі мен оқиғаларын санадан өткізіп отыру керек.

P.S. Қазақ даласында саяси қуғын-сүргін салдарынан қаншама мал-мүлік тәркіленіп, мұқым қазақ аштыққа ұшырады. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұраны үлкен террорға әкелді. Бір деректерде 5 миллиондай қазақ қаза тапты делінеді. Халықты геноцидке ұшыратып, жаппай қыру Украинада, еврей халқында да жүрді. Бірақ Украина «голодомор» деп оған саяси мәртебе беріп, КСРО мен Ресейді айыптады. Израил «холокост» деп айдар тағып, бәрін ақтап алды. Ал қазақ халқының аштық салдарынан қынадай қырылуына баға берілді ме? Мен оны Бейімбет Майлиннің «Аштық құрбаны» шығармасына ұқсатамын. Бұл әңгімеде Шырынкүл өшіп бара жатқан отты қайта-қайта көсеп жайнатқандай болады. От сөнсе, бұлардың өмірі де сөнетіндей сезінеді. Біздің хәл де Шырынкүлдің ісі сияқты. Тек жылда 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ғана тарихтағы алапат қылмыстың қолдан ұйымдастырылғанын айтамыз. Іштегі сөніп бара жатқан шоғымызды жайнатқан боламыз. Кейіпкеріміз Ілияс Әйтімбет айтқандай, оның өзі статистика мен сандар ғана...

 Жазып алған – Тұрсынбек БАШАР

Тегтер: