Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 02 Қараша 2025

Саяси сауаттылықтан ақпараттық манипуляцияға дейін

манипуляция
Фото: Shutterstock/Fotodom.ru

Француз жазушысы және саясаткері Чарльз Монталамбер мынадай қанатты сөздің авторы: «Сіз саясатпен айналыспасаңыз да, саясат бәрібір сізбен айналысады».

Бұл нені көрсетеді? Бұл дегеніміз, егер азамат өз мемлекетінің саяси өміріне мүлдем бейжай қараса да, қоғамдық процестермен қоса елдегі әлеуметтік-экономикалық дамуға қызығушылық танытпаса да, онда кез келген жағдайда ол өзі «бетін қайтарған» саясаттың салдарлары оған сөзсіз әсер етеді. Бұрынғыға қарағанда, қазіргі саясат әр адамның өмірінің барлық салаларын әлдеқайда кең қамтып, оларға тереңірек сіңеді. Сондықтан азаматтардың саяси сауаттылығының маңыздылығы күннен-күнге артып келеді.

Саясаттану ғылымында «саясат» ұғымының бірнеше анықтамалары кезігеді. Ғылыми түсініктемелерді егжей-тегжейлі қарастырмай, біз олардың ең қарапайым деген жалпылама түсінігін ұсынамыз. Сонымен, саясат – мемлекет пен азаматтар билік тетіктерін пайдалана отырып, қоғамдағы өз мақсаттары мен мүдделерін жүзеге асыратын адамзат қызметінің түрі. Қысқаша, «саясат –мемлекетті басқару өнері» деп те түсінуге болады. Бірақ бұл қысқаша анықтамалардың негізінде әртүрлі саяси жүйелердің орасан зор және жан-жақты қызметі, көптеген ұйымдастыру процестері мен адамдардың мүдделері, соның ішінде күрделі еңбекті қажет ететін басты кәсіп – мемлекетті басқару бар екенін атап өткен жөн. Тиісінше, саясат экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа да маңызды өмірлік салаларға әсер ете отырып, қоғамда маңызды рөл атқарады.

Саяси сауаттылықтың маңызды болуының бірден-бір себебі – саяси жүйе өте күрделі құбылыс. Билік пен саяси партиялардың көптеген түрлі тармақтары бар және олар қабылдаған шешімдер адамдардың өмір сүру деңгейіне және олардың әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі өзінің саяси сауаттылығын үнемі арттырып отыруы тиіс. Саяси сауаттылық – бұл қоғамның саяси өміріне саналы түрде қатысу үшін қажетті білімнің жиынтығы. Атап айтқанда, Үкіметтің, Парламенттің, басқа да билік құрылымдарының қалай жұмыс істейтіні, олардың өкілеттіктері қандай екендігі туралы нақты түсінікке ие болу қажеттілігін білдіреді, сонымен қатар әртүрлі саяси көзқарастарды дұрыс бағалау үшін сыни ойлау дағдыларын дамыту. Саяси жүйенің жұмыс істеу негіздерін түсінуден басқа, саяси сауаттылық сайлауға қатысу қажеттілігін, кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын зерделеу мен бағалауды, депутаттарға ұсыныстар мен өтініштер дайындауды және тағы басқа іс-шараларды қамтиды. Саяси сауаттылық – бұл саясаттың адамдардың өміріне қалай әсер ететінін түсіну. Азаматтардың оңтайлы негізделген шешімдер қабылдауы, демократиялық процеске тиімді қатысуы маңызды. Саяси сауаттылық азаматтарға өз елінің мүддесі мен болашағы туралы негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік беруге бағытталған.

Қазіргі уақытта саяси сауаттылықтың маңызды мәселе болуының көптеген себептері бар. Мысалы, кез келген саясаткер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі, блогер немесе белсенді әлеуметтік желілер қолданушысы тарататын ақпарат бүгінде көптеген адамдарға жағымды немесе жағымсыз әсер етуі әбден мүмкін. Соңғы жылдары интернет кеңістігінде азаматтарды заңбұзушылыққа итермелейтін хабарламалар мен бейнероликтер тарату арқылы азаматтарды заңсыз акцияларға қатысуға шақыру жиілеп кеткені белгілі. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта интернеттегі пайдаланушылардың едәуір бөлігі ақпарат көзі ретінде күмәнді көздерді таңдайтыны да құпия емес. Теріс сипатты ақпарат берілген жағдайда, әртүрлі манипуляциялардың негізгі құрбандары жастар болатыны анық, сондай-ақ, сыни тұрғыдан ойлай алмайтын, белгілі бір оқиғаларды дұрыс талдай алмайтын адамдар да аз емес. Бұл саяси сауатсыздықтың салдары. Ал саяси сауатсыздық көбінесе төңкерістер, наразылықтар мен дағдарыстар сияқты мемлекет үшін ең қауіпті құбылыстардың себебі болып табылады.

Идеология – қауымды қарқынды жұмылдыру құралы екені белгілі, ал насихат адамдарға саналы түрде әсер етудің негізгі әдісі. Жастар әрқашан жаңа нәрсені ықыласымен қабылдайды, өзгерістерге ұмтылады. Көбінесе өмірлік тәжірибенің аздығына және саяси сауаттылықтың болмауына байланысты көбіне олар өз көзқарастарын дұрыс бағалай алмайды. Мемлекет ішіндегі жағымсыз процестерді дамыту мақсатында жастарды ақпараттық манипуляциялаудың көптеген мысалдары бар. Саяси сауатсыз халық көбінесе жат ойлардың «теріс пиғылды жетекшілерінің», әртүрлі опасыз секталардың «гуруларының» тұтқынына айналады, сондықтан мақсаттары мен салдары оларға түсініксіз болғандықтан, тіпті қауіпті әрекеттерге бас ұрады. Саяси сауатсыздық мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Осыған мысал ретінде, Ақтөбе қаласы өз тарихындағы ең дүрбелең күндердің бірін бастан өткерген 2016 жылғы 5 маусымдағы қайғылы оқиғаларды айтуға болады. Бір кездердегі тып-тыныш қала бұрқанған террорға ұшырады. Қазақстанда тыйым салынған «Ислам мемлекеті» террористік тобының ұяшығы ретінде әрекет еткен «радикалды исламшылар» тобы қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасап, полициямен атысқа қатысып, әскери бөлімді басып алуға тырысты. Шабуылдардың әрекеттерінің салдарынан жеті адам қазаға ұшыраған. Сотта қылмысқа қатысушылардың ешқандай саяси және діни білімі болмағандығы анықталды, сондықтан да олар күмәнді пайымдарды уағыздаушы жалған идеологтар мен авантюралық рухани «гурулардың» үндеуі мен айдап салуларына сыни көзқараспен қарай алмады. Жеткілікті саяси білімі жоқ және өздерінің ойластырылмаған әрекеттерінің салдарын болжамаған жастар барлық ауыр зардаптарды бағдарламай, қылмыс жасауға көздерін ашпай килікті. Кейінірек, олардың көпшілігі өз іс-әрекеттеріне шын жүректен кейіп, қатты уайымдап, өткен қайғылы істеріне өкініш білдірді. Олардың саяси білімі жетілмегендіктен, патриотизм сезімдері уақытылы қалыптаспай, өз Отандарына қастандық жасаған. Қордай оқиғалары сияқты, бұқараның толқулары да мемлекеттік тұтастыққа, оның саяси негіздеріне қауіп төндіреді. Саяси сауатсыздық және халықтың құқықтық мәдениетінің төмендігі мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Осының бәріне сүйене отырып, халықтың, әсіресе жастардың саяси және құқықтық сауаттылығын арттыруға жағдай жасау өзекті міндет екені анық. Осылайша, халықтың тұрақты саяси білімі, құқықтық мәдениеті және азаматтық қоғамның құндылықтарының игерілу дәрежесі жоғары болған жағдайда ғана табысты заманауи мемлекет құруға болады.

Әрине, азаматтар өз ойлары мен мүдделерін көпшілік алдында білдіре алады, бірақ олар бұл әрекеттерді белгіленген құқықтық нормаларға сәйкес жүзеге асыруы керек. Мәселен, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы бойынша ел азаматтары бейбіт және қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикет өткізуге құқылы. Заңда бейбіт жиналыстар өткізудің басты қағидаттары болып мыналар қарастырылған: «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің күш қолданылмайтын сипаты; заңдылық; мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету; қатысу еріктілігі; бейбіт жиналыстар өткізу пайдасына презумпция; тараптардың жауапкершілігі».

Сонымен қатар мемлекет оның бірлігі мен тұтастығының негізі болып табылатын рухани-идеологиялық компоненттерсіз өмір сүре алмайды. Прогрессивті идеологияның болмауы қоғамның бөлінуіне және елдегі тұрақсыздыққа әкеледі. Саяси идеология – бұл саяси болмыстың теориялық түсінігін қамтитын идеялар жүйесі. Қалыптасқан идеологиялық негізі бар сауатты қоғам әрқашан өзінің мүдделері мен аумақтық тұтастығын қорғауға қабілетті, күшті мемлекетті қалыптастырады. Бұл ретте, қайсыбір саясаткердің, саяси партиялардың құндылығын, идеологиялық белгілері мен жарияланған қағидаттары бойынша айқындай алатын саяси сауатты халықтың көбеюіне жан-жақты жәрдем көрсету қажет.

Саяси сауаттылық ақпарат көздерін сыни тұрғыдан бағалау қажеттілігін, негізделген шешімдер қабылдау үшін сенімді көздерді пайдалану мүмкіндігін білдіреді. Саяси сауаттылық сонымен қатар дауыс беру арқылы демократиялық процеске қатысудың маңыздылығын, саяси пікірталастарда белсенді болу қажеттілігін және оң өзгерістерді насихаттауды қамтиды. Бұл қоғамға тиімді оң өзгерістер енгізу мақсатында азаматтық белсенділіктің маңыздылығын түсінуді білдіреді. Саяси сауаттылық – бұл саясатты түсіну және оған қатысу үшін қажетті білім жиынтығы. Саяси сауаттылығын жеткілікті дәрежеде арттырған азаматтар дұрыс шешімдер қабылдап, қоғам мен тиімді үкіметті қалыптастыруға белсенді қатыса алады. Демек, мемлекет маңызды шешімдер қабылдау процесінде саяси сауатты және білімді қоғамның пікірлеріне сүйенуі керек.

Мемлекеттің табысты дамуы мен саяси жүйені оңтайландырудың маңызды факторларының бірі халықтың саяси сауаттылық деңгейін елеулі арттыру мәселесі. Халықтың, әсіресе жастардың саяси сауаттылығын дамытудың маңызды бағыты білім беру жүйесін жетілдіру екені анық. Орта мектеп пен жоғары оқу орындарының жас ұрпақтың жеке қасиеттерін дұрыс қалыптастыруға зор мүмкіндіктері бар екені белгілі. Оқушылар мен студенттер оқитын саяси пәндерді енгізу жастарды тәрбиелеудің маңызды бағыты болмақ. Сондай-ақ белгілі бір бағдарламалар арқылы саяси өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеуді насихаттау қажет. Айта кетер болсақ, саясаттану қарапайым оқулығы саяси сауаттылықтың бастапқы курсы бола алады. Азаматтардың санасында маңызды саяси білімі бар және оны қоғамда қалай дұрыс қолдануды білетін адам ғана мәдениетті және білімді деп саналуға болады деген сенім қалыптасуы керек. Тиісінше, әркім өзінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін білуі, нақты азаматтық ұстанымға ие болуы керек. Ең алдымен, саяси сауатты азамат өз елінің шынайы патриоты бола алатыны айдан айқын. Ал патриотизм дегеніміз – бұл ел азаматының өз Отанына, халқына, мәдениеті, тілі, ділі мен дәстүрлеріне деген шынайы сүйіспеншілік, әсіре адалдық және ұлтына деген мақтаныш сезіміне мейлінше бөлену болып саналады. Ол өз елінің мүдделеріне адал қызмет етуге дайын болуды және қажет болған жағдайда ол үшін жанын беруді де қамтиды. Патриотизм – бұл өз атамекеніне аса құрметпен қарайтын әлеуметтік сезім, саяси принцип. Сонымен, патриот ешқашан сатқын болмайды.

Мемлекет дамуының маңызды негізі – азаматтық қоғамды қалыптастыру екені анық. Бұл ретте қоғамдық пікір елеулі ықпал етуі және мемлекеттік мәселелерді шешу кезінде ескерілуі тиіс. Сондықтан халықтың саяси сауатсыздығын жоюға бағытталған ауқымды шараларды жүзеге асыру қажет, әйтпесе, ол деструктивті салдарға әкелуі мүмкін. Қоғам мен мемлекеттің қазіргі жағдайы азаматтардың саяси-құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын жан-жақты арттыруды талап етеді, бұл бағыттағы игілікті іс-шаралар қоғам мен мемлекет алдында тұрған міндеттерді оңтайлы да сәтті шешуге ықтиятты және тыңғылықты ықпал жасайтыны анық.

Нақыпбек Сәдуақастегі,

заңгер-құқықтанушы, публицист