Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:05, 04 Наурыз 2022

Саят Қамшыгер: Жынды заман жынды қылды мені де...

None
None

Бақыттымын

Сөзде жатыр әр адамның сор, бағы,

Өмір деген – триллион ойдың орманы.

Жасыл жазда жайнап жүрген кезіңде

жырым сені жадыратса болғаны.

Жан дүнием жанартаудай жарылды,

Қалар артта сөздерім бар жалынды.

Есіңе алсаң табыламын қасыңнан,

күз жаңбыры жауратқанда жаныңды.

Әр күніңнен үміттенші ақ таңдай,

Ұмытылмай өмір сүру бақ қандай!

Қыста дағы жақын болам,

жақсы жан,

аяғыңның астындағы ақ қардай...

Құстар қайтып,

жаңарсыншы көңіл де,

Күн күлімдеп тұрса екен көгіңде.

Бақыттымын әр көктемде ағаштай

бүршік атсам жүрегіңнің төрінде!

Наурыз келді

Наурыз бізге қыр астынан күліп кеп,

Жүрекке – жыр, көңілдерге гүл екпек.

Бақыт құсы,

бізге бір сәт аялдап,

Қыдыр ата, үйіме кеп түнеп кет.

Сыр шертетін бағзы заман, көнеден,

Наурыз бізді ән-думанға бөлеген.

Бұл өмірде мөлдіреген жанары,

Мен – көктемнің бір-ақ шумақ өлеңі ем...

Көктем деген – жаңғырып бір тазару,

Тойға барар кездегідей жасану.

Наурыз деген – гүлге толған құшағы,

Жүректерді табындырар жас ару.

Күнім солдан, айым оңнан туса анық,

Көк байрағым биіктерде тұрса нық.

Наурыз келді жайсаң мінез халқыма,

Шексіз-шетсіз жер менен көк бусанып.

Алла деген – адалдардың жақтасы,

Көктем – пәктік,

тұнығыңды сақташы.

Адамдағы түрленетін төрт мезгіл,

Наурыз болса – жүректердің қақпасы!

                   

Ой

Наурыз келді,

жүректі жылындырып,

Өмір сырын көктем тұр ұғындырып.

Өтіп барам базардан,

жас жігіт тұр,

Қызыл гүлдің құлпырған құнын біліп.

Көпшілікке ұнайды батыл күйің,

Жалын жігіт, жасаса ақын түйін.

Гүлдер жайнап тұрғанда қымбат болар,

Ал солған соң құны оның бақыр тиын!

 

Заман-ай

Жынды заман...

жынды қылды мені де,

Сайқал ертең дуалайды сені де.

Есі ауысқан жындысүрей заманда

бұл құлазу,

жабырқаудың емі не?

Тыныштық жоқ мына менің жанымда,

Құтырынып, жын ойнайды қанымда.

Күннен-күнге тым сезімтал боп барам,

бұл мінезім сор ма,

әлде бағым ба?!

Қыз анаға,

ұл әкеге қарамай,

Ит – тірлікте адам ит боп барады-ай.

Қорқақ – батыр,

әлжуаздар көсем боп,

сақауларың шешен болған заман-ай!

Ақша менен дәулет,

пұлға құл заман,

Біреулерге сәулет, думан, гүл заман.

Мәңгүрттерің тірі өлікке айналып,

аруақтар «көтерілген» бұл заман.

Біреулердей соңымда жоқ сенерім,

Барым менен бағым да сен,

сен, елім.

Түлкі болып бұлғаңдаған заманның

мен де артынан тазы болып еремін.

Жынды қалам,

ессіз мынау заманым,

Күн кешуде тірлігіндей баланың.

Барым менен бағым да сен,

сен елім,

жүрек соғып,

тұрғанынша табаным!

Түтін

                         Ылғи жұмыстан қайтып бара жатқанда көшенің

                        бір бұрышында темекі тартып тұратын қазақ қызын көрем

Күнде өтемін жаныңнан,

Шылымнан у тарады.

Өткендей от, жалыннан,

жаным жанып барады.

Арттырасың мұңымды,

Қазылғандай молам мың.

Қыз тұтатса шылымды,

азғаны ма қоғамның?

Жанға салсаң сен сызат,

Шылым емес дауасы.

Алматының сенсіз-ақ

тарылуда ауасы...

 Кеттім бейне құздардың

 Құрдымына құлдырап.

 Түтінінен қыздардың

 болашақ тұр бұлдырап.

Қайғы қалсын тасаңда,

Қыр гүліндей жайнашы.

Қыз дегенің қашанда

Аналардың айнасы.

Айықсаңшы дертіңнен,

Бақыт күнге басташы.

Қазақ қызы, өтінем,

темекіңді тасташы?!

Шылым деген айтар ем,

Сәні емес қой еріннің.

Басқа жолмен қайтар ем,

ол жақтан да жеріндім...

Темекіде сары у бар,

Қарашы бір сыйқыңды.

Шылым сорған арулар

бола алмайды сүйкімді!

Оралыңдар, қандастар

Аман болсын деген қазақ даласы,

Ар ма ағайын, ел мен елдің арасы.

Паналады-ау босағасын жат жұрттың,

Бір кездегі бай-бағланның баласы.

Көктей өтіп шекараның қамалын,

Жетуді ойлап тозды ұлтан, табаның.

Елге жетсең табар едің қалайда,

Әз бейітін әже менен бабаның.

Құшағына ала келсең өр елің,

Сен оралсаң кеңейеді көлемім.

Атажұртқа асықтың-ау армандап,

Сағыныштың ерттеп мініп төбелін.

Заман тыныш, сені күтіп тұр елің,

Бұл жақта да ерттеулі тұр күреңің.

Атамекен — өз жұртыңа келуден,

Үмітіңді үзе көрме,

тілерім.

Өзге жұрттан мен сендерді қызғанам,

Өз елінде бұлаңдасын қыз, балаң.

Халқымыз бар сағынысып қауышар,

Қалпымыз бар, жүрек мынау,

сыздаған...

Атажұртпен табыстырып тағдырың,

Қандай ғажап тамашалау таң нұрын.

Домбырамен қосылғандай қыл қобыз,

Шырқайық бір еркіндіктің ән-жырын.

Қандасына бола алатын бек тіреу,

Қазағың бар өзге жұрттан тектілеу.

Қай қиырда жүрсе дағы қазағым,

Оттан ыстық Отаны оның тек біреу!

Наурыздағы қар

Тал-теректер,

гүлдер қалды қар-мұзда,

Ақ ұлпадан гүл сыйлаймыз әр қызға.

Біздің жақта жаңбыр төгіп қаңтарда,

жапалақтап қар жауады наурызда.

Арулардың саны ерден аз артық,

Азаматтың қайткенмен де басы артық.

Вирустары құтырынған ауаны,

Жаратушы алар солай тазартып.

Тіршіліктің сәні ару, анамен,

Олар үшін бар тәттіні алар ем.

Мерекеде қар жауып тұр,

қараңдар,

Ана деген қардай таза,

ақ әлем!

Достың бары бір бақыт

Досыңменен басқосқан да,

Бір жүру де ғаламат.

Жақсыменен достасқанда

арайланар бар алап.

Уақыт алға тарта берсін,

Өмір сәні – дос екен.

Бірлігіміз арта берсін,

Бақыт, байлық осы екен.

Доспен бірге мұң кешірер,

Шаттандырар бұл уақыт.

Арқа сүйеп, бірге жүрер

Достың бары бір бақыт.

Досым менің, өмірімде

Түскендейін нұр көктен.

Досың барда көңілің де

Күзде, қыста гүл көктем.

Досың барда шаршасаң да,

Жоламайды уайым-мұң.

Досым, саған әрқашанда

Күн-түн демей дайынмын.

Көңіліңнен құралғанмын,

Шүкір, досым, барсың сен.

Сен барыңда ну орманмын,

Мен бар кезде таусың сен.

Ақ ниетін ұрлатпаған

Дос көтерер барлығын.

Бәрінен де қымбат маған,

Досым, сенің саулығың!

Ездерге сенбеймін...

Қазып-қазып сарқылған бір кендеймін,

Дерт жанымды Құранменен емдеймін.

Шашын бояп,

қызтекедей жылмиған,

сырға таққан жігіттерге сенбеймін.

Иә, сенбеймін сырға таққан ерлерге,

Елім үшін азаптанып терлер ме?

Гүлдей нәзік қызға ұқсас жігіттер

үміт сыйлар деп ойламан сендерге.

Жаһандану көз сүзуде құмартып,

Ұлтжандының арқасына мұң артып.

Өз баласын өз тілінде боқтаған

ит жетектер мәңгүртіңнен мың артық!

Бағамдасам бұл заманның безбенін,

Намысы жоқ мәңгүрт пенен кезбенің.

Сырға таққан жігіттерден шығады,

Ел намысын қорғай алмас ездерің.

Мұны ойласам қыста дағы терлеймін,

Ауып бара жатқан ауыр теңдеймін.

Ешбір ойсыз

смартфонына телмірген

сырға таққан жігіттерге сенбеймін!

                  

Ұрпаққа аманат

Тербетер ойдың көлін мұң,

Қымбат қой құны көңілдің.

Біріңді-бірің ұстап қал,

дауылдарында өмірдің.

Мейірім бейне таң нұры,

Қызық қой адам тағдыры.

бірлесіп жүрсең езбейді

өмірдің қар мен жаңбыры.

Кедейі көп те, бай азы,

Адамның болма таязы.

Біріңді-бірің жылытшы,

қысқанда тағдыр аязы.

Адамдық – өмір ақ таңы,

Арамдық – жанның қақпаны.

Біріңе-бірің сая бол,

күйдірмес мезгіл аптабы.

Қайғы бір улы қарақұрт,

Уайымсыз болсаң алабұрт.

Біріңді-бірің жадырат,

көңілді басса қара бұлт.

Біріңді-бірің тыңдаңдар,

Көңілдердегі сырды аңғар.

Бірлессең ғана мықтысың,

өмірде мынау сынбаңдар.

Кедергілерге қарама,

Қараңдар қайсар далама.

әрқайсың бір-бір сом алтын,

Біріңді-бірің бағала!

Карантинде

Жауын көп,

жылы күндер кешігуде,

Ел-жұрттың шыққандай-ақ есі мүлде.

Адамдар бетпердені кигенменен

қоғамның бетпердесі шешілуде.

Ұйықтамай,

таң атқанда арай көрем,

Ғаламтор үйімізде тарайды әрең.

Қырық екі мың бес жүзім түсті ме деп

үңіліп телефонға қарай берем...

Ешкімге жақындамай әбігермін,

Ыңылдап Марат аға әніне ердім.

Елімді дәрігерлер емдер деуші ем,

қиыны-ай ауырғаны дәрігердің!

Көшеде сақшы менен жасағың да,

Вирусың күннен-күнге жасаруда.

Кейбіреу сақал қойып,

шаш алуда,

біреулер шаш ал десең бас алуда.

Әркім де өз сабырын мықтасыншы,

Тәжвирус енді ешкімге жұқпасыншы.

Алаңсыз ұрпақ ертең жүру үшін

бүгінде ел-жұрт үйден шықпасыншы!

Намыс

Қыз – нәзіктік, сұлулығы солмайды,

Тұнығымыз лайға айналса, сол – қайғы.

Сұлуы көп, жылуы жоқ бұл қоғам,

арулары арақ ішсе оңбайды!

Ана азса көгімді бұлт торлайды,

О, Жаратқан! Көрсетпеші ондайды.

Анасы көп, панасы аз бұл заман,

аналары масаң жүрсе сорлайды!

Әжелерсіз қатарымыз толмайды,

Әзәзілді шайтан ғана қолдайды.

Әжелерден арақ иісі мүңкісе,

шаңыраққа бақыт құсы қонбайды!

Сағыныппыз иісіңді

Көктем келдi арасынан көп белдiң,

Көктем деген – құстар әнiн төккен күн.

Балдай тәттi күндердi еске салады

хош иiстi бүршiктерi көктемнiң.

Қызығы мол нұрлы көктем кезiнiң,

Жылуын ал мейiрлi күн көзiнiң.

Қызғалдақты көрсем еске түседi

ең алғаш ұяң, нәзiк сезiмiм.

Көктем келсе ақ сезiмге ұлтым бай,

Сұлулыққа қызығады бiр тынбай.

Жаңа шыққан көк шөптерге қарасам,

тебiндеген бозбаланың мұртындай.

Көктемiмнiң келдi құстар – дерегi,

Барлық жандар қырдан гүлдер тередi.

Таласқан ед ақ пен қара, күн, түнiң,

күн ұзарды,

ендi адалдық жеңедi!

Елжiреттi нұрың тәттi күй сынды,

Сұлу көктем,

көркiңе көп сүйсiндi.

Алыс жолдан әкемiздi күткендей,

көктем, сенiң сағыныппыз иiсiңдi!

Сатар болсаң жүрегімді сат менің

Көрген кезде енді азаттық ақ таңын,

Қаптық па екен зұлым күштер қақпанын.

Сатқындықты кешірмейді ел, сатылма,

жерді сату – мұқым елді сатқаның!

Онсыз дағы құшаққа алды жатты елім,

Тар уақытта сыздап тұр ғой сәттерім.

Тау мен дала, ой мен қырды сыйдырған,

сатар болсаң жүрегімді сат менің.

Ез болғаным қорғамасам елімді,

Онсыз дағы халқым көп-көп желінді.

Қажет болса өмірімді алыңдар,

бірақ менің сатпаңдаршы жерімді.

Онсыз дағы таппай тұрмын тиянақ,

Есті елім есерлерін тия алат.

Бабалардан қалған бұл жер аманат,

аманатқа жасай көрме қиянат!

Байтақ жерді қорғап қалу – ірілік,

Сайын дала кетпесінші тілініп.

Жер шұқырмыз қарай алмай көзіне,

бабаларым келер болса тіріліп.

Жер – ырыс,

құт, сол байлықты сақтаңдар,

Ұрпақ үшін ел үмітін ақтаңдар.

Онсыз дағы барлық нәрсе сатылды,

Тоқтатыңдар!

Ел мен жерді сатпаңдар!

Ағаларым,

жерім еді мақтаным,

Қабақтарың болды менің баққаным.

Жерімізді анамызға теңеуші ек,

Жерді сату – өз анаңды сатқаның!

Арыстарым

Хақтың өзі сөз салған таңдайына,

Бекзаттығы жарасқан тал бойына.

Қайран біздің Алаштың алыптары,

сыймай кеткен жалғанның маңдайына!

«Оян!» сөзі бар елге жайылғандай,

Оянбасақ болар ед жайым қандай?

Қайран біздің Алаштың арыстары,

бір-ақ сәтте барлығын жай ұрғандай...

Зұлмат кезді ойласам жылап алам,

Кейін көңіл сынығын құрап алам.

Қайран біздің Алаштың арда ұлдары,

әрбір сөзі бір діңгек құламаған!

Енді бүгін рухым тұр асқақтаған,

Мәңгілікке тұр бізді бастап далам.

Қайран біздің Алаштың ардақтары,

Сталин түгіл ажалға қас қақпаған...

Үміттерді үзілген жалғап алам,

Ерлер жолын жалғайтын бар ма балаң?!

Қайран біздің Алаштың асқарлары,

күн туғанда құныңды даулап алам!

Індет

Артым – думан,

байқасам алдым – сұрақ,

Раббым, елді індетпен алдың сынап.

Екі миллион халқы бар қалада да,

жұртта қалған жандаймын жалғызсырап.

Қайран менің қор болған салтым ізгі,

Жаһандану жұтуда жалпымызды.

Басқа-басқа, жеңіс қой деп білемін,

сақтай алсақ қазақтық қалпымызды.

Замананың жарасы сан құрттаған,

Бабалардың дәстүрін жаңғырт, балам.

Үркек құстай жүрегім дірілдеп тұр,

орнамасын деп тілеп мәңгүрт қоғам.

Өз қағынан жеріну – талай күнә,

Өмір деген ғажайып сарай мына.

Ұрпақ өсіп келеді, ұрпақ өсіп,

біздер түгіл,

танымай Абайды да!

Өсер елге қашанда халық тірек,

Тілекші боп жүрейік тауып тілек.

Тәжвирустан мың есе зардабы көп

мәңгүрттену індеті қауіптірек!

Бүгінгі күй

Қайран халқым қиналып жөтелуде,

Дәрігерлер міндеті өтелуде.

Жұмыс болмай қалғанның әл-ауқатын

қырық екі мың теңге «көтеруде».

«Біз біргеміз» дегенмен қалдым дара,

Артың – мехнат,

жұртым-ау, алдың пана.

Тойханаға лық толар халық едік,

енді міне,

толды ғой аурухана...

Атың өшкір сұм індет таралуда,

Күйі кетті даланың,

қаланың да.

Кең далаға сыймайтын қайран қазақ

өздігінен үйіне қамалуда.

Алдын ала келмейді өлім айтып,

Туса, шіркін баяғы өмір қайтып.

Отырамын есіктес көршіме де

әлеуметтік желімен көңіл айтып.

«Кінәліні» табуда, «жазалауда»,

Қанша әлі жүр аңдып ажал алда?

Дәрі іздеген адамдар кезекте тұр,

сөз көтермей бір-бірін қажалауда.

Көңілдерде қаншама сұрақ тұрар,

«Бетперде тақ» дегеннен құлақ тұнар.

Сәбилерге не дейміз ояна сап,

«Жеңдік пе» деп «вирусты» сұрап тұрар?

Бір-бірінің көңілін қимаған ел,

Досы түгіл дұшпанын сыйлаған ел.

Айналайын халқының саулығы үшін,

Аппаратқа ақшасын жинаған ел!

Тегтер: