Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:35, 09 Қыркүйек 2023

Саятқора – асарлатып, төбесін жауып алатын ағайынның үйі емес

None
None

«Жас Алаш» газетінің 8 тамыз күнгі (№62) санында «Шәкерімнің Саятқорасы: министр жауап бермейді, әкім мүлде көрмейді» деген мақала жарияланды.

Онда биыл 165 жылдық мерейтойы аталып жатқан көрнекті ақын, ойшыл Шәкерім Құдайбердіұлының өмірінің соңында тұрған, шығармашылықпен айналысқан Саятқорасының қараусыз қалғаны, жақын арада жөндемесе құлап, қирап, жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны жайлы айтылды. Сондай-ақ сол кездегі мәдениет және спорт министрі А.Ораловтың баспасөзіне арнайы хат та жазылды, министрдің «түсініксіз» жауабы да газетте жарияланды.

Саятқораның қазіргі жағдайы

Саятқораның қазіргі жағдайы

Осыдан соң қоғамда едәуір аңыс қозғалды. Газет оқырмандары редакцияға хабарласып, хат жазып, Саятқораның мүшкіл жағдайына алаңдайтынын білдірді, тіпті кейбір оқырмандар: «мемлекеттен қайыр болмаса, халық, өзіміз қаражат жинап, қажының Саятқорасын қалпына келтірейік» деп жатты. Бұл мәселе әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Негізі осыдан кейін қараусыз қалған Саятқораны жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жедел қолға алынуы тиіс еді, бірақ олай болмады. Саятқора сол баяғы қалпында, екі қабырғасы қалқиып, мүжіліп, тозған кейпінде әлі тұр. Сөйтсек, мәдениет және спорт министрлігі бұл мәселені Абай облысына сілтепті, ал облыс мұны ауданға ысырыпты, ақырында «ит итті жұмсайды, ит құйрығын бұлғады» дегендей, Саят қораның тағдыры сиырқұйымшақтанып, ешқандай өзгеріссіз қалыпты. Тіпті жауапты мекемелердің бірде-бір қызметкері Саятқораға ат басын бұрып, қажының құлағалы тұрған жұртын көрмепті. Жоқ, мұны бұлай аяқсыз қалдыруға болмайды. Қалай да Шәкерімнің көзіндей болған киелі орынды сақтап қалуымыз керек. Міне, осындай ізгі ниетпен бұл тақырыпты қайыра қаузап отырмыз.

Қараусыз, күйсіз қалған жалғыз Саятқора емес

Айқын Ақболатов, Абайдың «Жидебай Бөрілі» мемлекеттік мұражайының қорық меңгерушісі:

— «Жас Алашта» қажының Саятқорасы туралы материал жарияланған соң әуелі спорт және мәдениет министрлігі Абай облысына хабарласып «тапсырма» берген көрінеді. Ал облыс оны Абай ауданына жүктеген. Аудан мұны ауылға сілтеген. Сөйтіп, бұл іс «қарастырыла бастаған». Маған әу баста облыстық мәдениет мекемесінен хабарласты, оның өзінде: «Саятқораға бұған дейін арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілді ме, оның құжаттары бар ма?» деп қана сұрады, басқа ештеңе айтқан жоқ. Кейін ауданнан хабарласты, мен оларға: «Саятқораны қалпына келтіру ауданның немесе ауылдың қолынан келетін жұмыс емес. Мұны министрлік араласып, кемі облыс шешетін мәселе» деп турасын айттым. Себебі ең алдымен Саятқораның төңірегі, басы жан-жақты ғылыми түрде зерттеулі тиіс. Ол үшін арнайы археологиялық зерттеу жүргізілу керек. Ахат Шәкерімұлының естелігінде Саятқораның кірпішін өздері құйғанын айтады. Демек, мұндағы кірпіштерде қажының қол табы қалған, енді соны бүлдірмей, зақымдап алмай, қалпына келтіруіміз керек. Онсыз да қирап, құлап, екі-ақ қабырғасы қалды. Сондай-ақ Саятқораның орнына археологиялық зерттеу жүргізілсе, бәлкім, қажыдан қалған қандай да бір зат табылып қалар. Не дегенмен де ұзақ жыл отырған, қоныстанған жұрты ғой. Мүмкін бір құнды зат топырақтың астында жатқан шығар. Онан соң мәдениет министрлігіне қарасты «Қазреставрация» («Қазқайтажаңарту») мұны егжей-тегжейлі зерттеп, қалай қалпына келтіру, ары қарай не істеу керек екенін нақтылауға тиіс. Мұның бәрі ғылыми түрде атқарылатын жұмыстар. Шынын айтқанда, біздің ауылда да, облыста да ондай ғылыми орталықтар жоқ.

Саятқораның қиын жағдайын білген соң: «жұрт болып ақша жинайық, өзіміз бірігіп мұны жасайық, қабырғасын қалайық» деген азаматтар болды. Меніңше, бұлай істеген жөн емес. Себебі Саятқора – асарлатып, төбесін жауып алатын ағайынның үйі емес. Қолдың ұшымен қарабайыр істеле салатын да жұмыс емес. Жоғарыда айтқанымдай, бұған нақты ғылыми тұжырым, шешім керек, тек соған сүйеніп, жіңішкелікпен істеген дұрыс.

Қазіргі ең алдымен істелетін шаруа – мүжіліп, желініп, әбден тозып біткен Саятқораның қазіргі бар кірпішін аман сақтап қалу. Онан соң төбесін жауып, қабырғасын қалпына келтіру. Қазір мұның да түрлі жолы бар, шатырлап жауып, жанын шыныласа да болады.

 Жақында облыстық тарихи мұраларды қорғау ұйымының құрылғанын естідім. Мұндай жұмыстардың бәрін осы ұйым істеуге тиіс. Қажының Саятқорасын қалпына келтіріп, басына кішігірім үй салып, шырақшы қойып қойса тіпті керемет болар еді. Тіпті бұлай істеу мүмкін болмаса, Саятқора сияқты киелі орындардың бәрін Семейдегі өлкетану мұражайының қарамағына өткізу керек. Әйтеуір, қалай болса да қараусыз қалдыруға болмайды.

Негізі қараусыз, күйсіз қалған жалғыз Саятқора емес. «Абай жолында» айтылатын киелі жерлердің біразы осы төңіректе жатыр. Бақанаста қажының сүйегі тасталған Құрқұдық бар, сондай-ақ оққа ұшқан жері Керегетас та мұнан көп алыс емес. Абай дүниеден өткен Балашақпақ та осында. Бұл жерлердің бәріне кішігірім белгілі жекелеген азаматтар, қорлар бас болып қойған-ды. Бірақ әлі де ешқандай мемлекеттік мекеменің қарамағына кірмеген. Осыны тездетіп қолға алу керек.

Саятқораны витринаның астына қою керек

Қуанышбек Қари, журналист:

– Саятқораның әуелгі қалпы, толық сұлбасы 1960-1970 жылдарға дейін сақталған көрінеді. Мен алғаш рет 1994 жылы көрдім. Онда төрт қабырғасы толық, төбесі ғана жоқ болатын. Қабырғаның биіктігі кісі бойынан асатын. Кейін, уақыт өте келе Саятқораның қабырғасы біртіндеп кетіле бастады. Осыдан он жыл ілгері бір барғанымда қабырғалар әуелгі көрген қалпынан едәуір аласарып, кісінің белінен ғана келіп қалыпты. Өстіп, бірте-бірте мүжіле бастады. Енді, міне, жойылудың аз-ақ алдында тұр.

Саятқораны сақтап қалу мәселесі осыған дейін де бірнеше рет айтылды. Тіпті жазушы Роллан Сейсенбаев ағамыз ұйытқы болып, Саятқораның төбесін жабу туралы бастамалар көтерілді, қаражаты да қарастырылған, бірақ соның бәрі аяқсыз қалды.

Саятқораны қалпына келтірудің аса қиындығы жоқ. Кезінде Тараз қаласының іргесіндегі Айша бибінің кесенесін витринаның астында сақтап келген. Кейін оны жөндеп, қабырғаларын биіктетіп, байырғы ою-өрнектерін қайта салдырды. Негізі кесененің төменгі бөлігі ғана әуелгі табиғи қалпы еді. Мына жағдайда да витринаның астына қою керек сияқты. Себебі мұндай әдіс Саятқораны жауыннан, желден сақтайды.

Жергілікті әкімдік бастамашы болуы керек

Махаббат Бигельдиев, «Қазқайтажаңарту» РМК бас директоры:

Біздің байтақ даламызда сақталуы керек ескерткіштер көп. Бірақ кез келген нысанды маңызы бар ескерткіш деп тани салмаймыз. Ең бірінші бұған жергілікті әкімдіктің өзі бастамашы болуы керек. Мәселен, Шәкерім өмірінің соңғы жылдары өткен Саятқораны мемлекеттік маңызы бар ескерткіштер тізіміне енгізу үшін не істеу керек?

Алдымен аудандық әкімдіктің мәдениет бөлімі бұл ескерткішті жергілікті маңызы бар ескерткіштердің тізіміне қосып, облыстық ескерткіштерді қорғау басқармасына хат жазу тиіс. Сөйтіп Абай облысындағы маңызы бар ескерткіштер тізіміне енсе, облыстық комиссия біз сияқты лицензиясы бар мекемені шақырып, арнайы экспертиза жүргізеді. Шынымен маңызы бар, жойылып бара жатқан ескерткішті зерттеп, жойылып бара жатқанын растаған қорытындымен бірге, Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды. Министрлік құрамында жылына екі рет өтетін арнайы комиссия бар. Ол комиссия мемлекеттік маңызы бар ескерткіштердің тізімін жасайды. Облыс осы комиссияға уәждерін дәлелдесе, комиссия құрамы мақұлдаса, Саятқора мемлекеттік маңызы бар ескерткіштер тізіміне енеді. Протокол шықса, болды.

Бірақ мәселе тізімге енгенмен, толық бітпейді. Оны қалпына келтіріп, сақтау жұмыстары бар емес пе?! Сол себепті облыс қайтадан бастама көтеріп, біздің мекемеге жүгінеді. Біз барып, бұрынғы суретімен, тарихы құжаттармен салыстырып, тексеріп, қалпына келтіру жұмыстарын мемлекеттің қаражатымен атқарамыз.

Ең бастысы – облыс бұл істе мүдделі болуы керек.

Түйін: Сөз басында айтқанымыздай, Саятқораның қиын жағдайын айтып бұрынғы министр Ораловқа хат жаздық, бірақ нақты нәтиже болмады. Енді, міне, мәдениет пен ақпарат бірігіп, жаңа министрлік құрылды. Мүмкін жаңа министр бұл мәселені өзі қолға алып, тікелей тапсырма беріп, Шәкерімдей аяулы тұлғаның өмірінің соңғы жылдары өткен Саятқораны қалпына келтіруге атсалысар. Қажының көзіндей болған құтты қонысты бүлдірмей сақтап қалсақ, Ш.Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойында істелген бір игілікті іс болары шүбәсіз.

Тегтер: