Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:54

Сайын Борбасов, саясаттанушы: Ресейдің оқшантайында әлі де оғы бар

Сайын Борбасов
Фото: Жас Алаш

Аляскадағы Трамп пен Путиннің кездесуі қазір жұрт назарында.

Осы саммиттің мәнін ашып, оның Қазақстан мен әлемдік саясатқа ықпалын талқылау үшін Jas Alash Youtube-арнасы өзінің тұрақты спикері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Сайын Борбасовты студиясына шақырды. 

– Трамп пен Путиннің кездесуін қалай бағалайсыз?

– Бұл кездесу әлемдік геосаясатта үлкен маңызды орын алған кездесу болды. Себебі Украинадағы соғыстың басталғанына 3,5 жылдан асты. Оның бітетін түрі жоқ. Соғыстан келген шығын көп, екі халық та шаршады. Бұл соғыс әлемдік өзгеріске де әсер етті. Бүкіл әлем жанталасып, қарулана бастады. Әсіресе Еуропа. Соғыс алдындағы психоз басталды. АҚШ басшылығы мына соғысты тоқтатпайынша әлемдегі жағдайлар шиеленісе береді, қақтығыстар көбейе береді. Бұл адамзаттың тағдырына әсер ететін оқиға. Мұны реттеп отырмаса болмайды. Бірінші реттеуші кім? Әрине, басым держава – АҚШ. Экономика, қарулы күштер, саяси ықпалы жағынан да АҚШ-қа тең келетін мемлекет жоқ. Сондықтан олар әлемдегі тыныштықты сақтау миссиясын алып отыр. Біз мұны қуаттауымыз керек. Себебі кейінгі кезеңде болған бірнеше қайшылық Трамптың араласуымен шешілді. Мысалы, кейінгі Әзербайжан мен Армения арасындағы мәселенің шешіліп, нүкте қойылуы АҚШ-тың сыртқы саясатының жетістіктерінің бірі деп бағалауға болады. Әйтпесе, Ресей қанша араласты, біз араағайын болдық, бірақ бұл мәселе шешілмеді.

– Кездесу басында екі ел президенті қол алысып жүріп бара жатқанда аспаннан АҚШ-тың әскери қуатын білдіретін В-2 және Ғ-35 ұшақтары ұшып өтті. Негізі мұндай кездесуде ұшақтардың ұшуы міндетті емес. Бұған Путин қарап қойды. Тағы бір назар аударатын жағдай, Лавровтың «СССР» деген жазуы бар жейде киіп келуі. Екі ел осы арқылы саяси белгі беріп жатыр ма?

– Әрине, белгі береді. Мысалы, ана ұшақтар символикалық дүние ғой. «Сенің қарулы күштеріңнен менікі әлдеқайда басым. Біздің стратегиялық авиация сендерден әлдеқайда қуатты. Біздің флот сендерден күшті» деген сөз жатыр.

– Яғни Ирандағыдай «біз қаласақ, сендердің ядролық қаруларыңды жоя аламыз» деген сияқты ғой?

– Иә, сондай бір мағына жатыр. Ондай белгі бекерден-бекер жасалмайды. Ал енді Лавровтың СССР деген жазумен жейде киіп келуі мені тіпті таңғалдырды. Ол дегенің – «біз тарихты кері айналдырамыз. Мақсатымыз –құрдымға кеткен Кеңес Одағын қайта қалпына келтіру. Сыртқы да, ішкі де саясаттың мақсаты осы» деген мағына жатыр. Оны басқаша түсіну мүмкін емес. Одан бөлек, «біз ұлы империяның мұрагеріміз. Біз КСРО-ның қуатты дәуірін қалпына келтіреміз. Біз империялық елді мақсат тұтамыз» деген ой жатыр.

– Қазір әлемдік сарапшылар «бұл кездесуден Путин ұтты» деген пікір айтып жатыр. Сіз қалай ойлайсыз?

– Кездесудегі көп жайт ашық ақпаратқа шықпайды. Өкінішке қарай, біз сияқты ғалымдар сол ашық ақпараттарды жинайды. Соның негізінде қорытынды шығарамыз. Сондықтан «кім ұтты» деген сауалға жауап беруге әлі ерте. Мүмкін АҚШ ұтты, мүмкін Украина ұтты. Бірақ Ресей өзінің әлемдік қатынаста орны бар екенін көрсетті. АҚШ әлі де Ресеймен санасатынын білдірді. Әлем соған куә болды. Трамптың өзі қызыл кілем жайып, ұшақтан күтіп алып, құрмет көрсетіп жатыр. Яғни Ресейдің оқшантайында әлі де оғы бар, әлі де потенциалы бар. Онымен әлемдің саяси элита, қаржылық элита, бизнес элитасы санасады деген сөз. Сондықтан Ресейдің 3,5 жылдағы соғыста түскен беделі біршама көтерілді.

Екінші жағынан, қазір Ресейдің жағдайы мүшкіл. Ішкі өнімнің басым 15–20 пайызы соғысқа жұмсалып жатыр. Әлеуметтік мәселелер жабылды. Кейінгі жылдары 24 500 мектеп, 5,5 мың аурухана жабылған. Мұның бәрі қаржының аздығынан деп ойлаймын. Азаматтық авиациясы да құрдымға кетіп барады. Ұшақтары тозған. Осындай жағдайда салынған санкциялар азаяды. Нәтижесінде олар ұшақтарына қажетті құрылғыларды сатып алады. Теміржолына байланысты да осыны айтсақ болады. Міне, осы жағынан Ресей ұтып отыр.

– Кездесуден кейін Трамп сұхбат беріп: «Енді бәрі Зеленскийге байланысты» деп айтты. Ақ үй басшысы бұл сөзімен нені меңзеп отыр?

– Оның бұлай айтуының себебі, Зеленский территориялық ымыраға бармауы мүмкін. Егер Украина басшысы мұндай ымыраға барса соғыс ертең бітеді. Қазіргі жағдай басқаша. Қазір әлеуметтік зерттеулер бойынша, Украина халқының 68 пайызы соғыстың аяқталғанын қолдайды. Соғысты тоқтату керек деп есептейді. Ал 2022 жылы украин халқының 20 пайызы ғана осындай ниетте еді. Қалғаны «ешқандай территорияны бермейміз, соңына дейін соғысамыз» деп айтатын. Қазір халық та, армия да шаршады. Зеленский «жерімізді берсек, Украинаның жеңілгені ғой» дейді. Ал Трамп «соғыс болып жатқан алғы шептен атысты тоқтатайық та, келісімге келейік. Қазір украин әскері тұрған жер Украинада қалсын, қалғанын Ресей алсын» дейді. Егер Зеленский осы келісімге келсе соғыс тоқтайды, келмесе соғыс жалғаса береді. Зеленскийге келіп тірелетін мәселе өте көп. Оны мен батыр адам деп есептеймін. Украина халқын біріктіріп, әлемдегі ірі державалармен тіл табысып, соғысты жүргізе алды.