Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:45, 07 Мамыр 2024

Сайлау туралы заң түзелді, сайланушы мен сайлаушы түзелді ме?

1
Фото: из открытых источников

Қазақстан 2022 жылы Сайлау туралы заңды қайтадан өзгертті. Бұл жолғы өзгерістер қандай болды? Сайлаудағы құқығыңызды білесіз бе?! Сайлау кезінде нені ескеру керек? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде заңгер Жандос Өмірәлиевпен тілдестік. 

– Жандос Шынәліұлы, 2022 жылы сайлауға қатысты заңға өзгерту енгіздік, міне, содан бері де екі жылдай уақыт өтті, осы аралықта жалпы не өзгерді, өзгертілген заң бізге не берді?

Заңдағы бұл жолғы өзгерістер дауыс берудің барлық түріне әсер етті. Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау қайтадан өзін-өзі ұсынушыларға қолжетімді болды. Округтік сайлау комиссиялары қайта оралып, сайлауды бақылау күшейді. Мәжіліс депутаттары ішінара партиялық тізімдер бойынша – 70 пайызға (69 депутат), ішінара бір мандатты округтер бойынша – 30 пайызға (29 депутат) сайланатын болады. Мәжіліске сайлауда бір мандатты округтер өңірлердегі халық санына сәйкес құрылады.ОСК қаулысына сәйкес, ағымдағы сайлауда Алматы мен Түркістан облыстарында үш округ, Астана, Шымкент, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарында екі округ, қалған облыстарда бір округ болады. Осылайша, сайлаудан кейін мәжіліс 98 депутаттан тұратын болады. Осы уақытқа дейін мәжілісте 107 депутат болды – тоғызы Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан қатысты. Енді ҚХА мәжілісте ұсынылмайды, бірақ сенаттан бес орын алады – президент тағайындау үшін көзделген орындардың жартысы. Бұрын сенатта президент тағайындаған 15 сенаторы болған, ал олардың тағайындалуы ешкіммен келіспеген. Сенатта өзгерістерден кейін 50 депутат қалады – әр аймақтан екеуі және президент тағайындайтын 10 депутат.

– Ал мәслихат депутаттарына қатысты қандай өзгерістер енгізілді?!

Енді мәслихат депутаттары басқаша сайланатын болады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарында – партиялық тізімдер бойынша – 50 пайызға. Бір мандатты округтер бойынша – 50 пайызға. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары бір мандатты округтер бойынша толығымен сайланады.

– Сайлау комиссияларының өкілеттіліктері қалай болмақ?!

– Сайлау комиссияларының өкілеттіктері кеңейе түсті, Сайлау комиссиялары бірыңғай сайлау жүйесіне қайтарылды. Осылайша, елде Орталық сайлау комиссиясы, аумақтық сайлау комиссиялары, округтік сайлау комиссиялары және учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істейді. Аудандық комиссиялардың мүшелері саяси партиялардың ұсыныстары негізінде де сайланады. Бір мандатты округтер бойынша мәжіліс депутаттарын, мәслихат депутаттарын, әкімдерді сайлау үшін аумақтық сайлау округтерінің жүйесі пайдаланылады, мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде сайлау округтері сайлаушылар санын ескере отырып, әр облыста, Астанада, Алматыда және Шымкентте құрылады, мәслихат депутаттары мен әкімдерді сайлау үшін сайлау округі тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыстың, ауданның және т.б.) аумағында құрылады. Мәслихат депутаттарын сайлау кезінде сайлау округтері өңірлердің әкімшілік-аумақтық бөлінісі және сайлаушылар саны ескеріле отырып құрылады. Егер бір мандатты округтер бойынша округтердің шекаралары ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің, аудандардың, қалалардың, облыстардың шекараларымен сәйкес келсе, онда округтік сайлау комиссиялары құрылмайды, олардың өкілеттіктерін аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

– Ал Орталық сайлау комиссиясының өкілеттіліктері кеңейді ме?!

– Иә, ОСК өкілеттіктері нақтыланды және кеңейтілді. Орталық сайлау комиссиясы мәжіліс депутаттарын сайлау жөніндегі аумақтық және округтік сайлау комиссияларын құрады; партиялық тізімдерді тіркеумен айналысады, сайлау округтерінің шекараларын белгілейді және президентті, парламент депутаттарын сайлау жөніндегі және бір мандатты округтер бойынша мәжіліс депутаттарын кері қайтарып алу жөніндегі сайлау комиссияларына басшылық етеді; дауыс беруге арналған бюллетеннің нысаны мен мәтінін белгілейді, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелеріне қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді, әкімшілік-аумақтық бірліктер халқының санына сәйкес жаңа шақырылымды қалыптастыру кезінде олардан сайланатын мәслихат депутаттарының санын айқындайды. Сонымен бірге ОСК-ға жаңа өкілеттіктер беріледі: жарғылық қызметіне сайлауды бақылайтын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын әзірлейді, бекітеді және оларды аккредиттеуді жүргізеді.

Аумақтық сайлау комиссияларына қандай өкілеттіліктер беру керек деп ойлайсыз?!

– Негізінде аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттіктері де кеңейтілді. Мәслихаттарға депутаттарды сайлау жөніндегі аудандық сайлау комиссияларын және учаскелік сайлау комиссияларын құрумен айналысумен қатар, енді олар бір мандатты округтер бойынша сайланған депутаттарды кері қайтарып алу жөніндегі бастамашының өтінішін тіркеумен және шығып қалғандардың орнына сайлау округтері бойынша мәслихаттар депутаттарын сайлауды тағайындаумен айналысатын болады. Аудандық сайлау комиссияларынан мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу туралы хаттамалар алатын болады. Партиялық тізімдер бойынша мәслихат депутаттарын, әкімдерді сайлау бойынша мәтін белгілеу және бюллетеньдер дайындауды атқарады. Мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізумен, саяси партиялардың партиялық тізімдері мен сенім білдірілген адамдарын ғана емес, кандидаттарды да тіркеумен айналысады. Сайлауды бақылау үшін өңірлік және жергілікті қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу де олардың міндеті.

Бұдан бөлек, сайлау комиссияларына мүшелік шарттары да күшейтілді. Мәселен, егер саяси партия немесе қоғамдық бірлестік шетелден қаржыландырылса, онда олар мұндай жағдайда сайлау комиссиясының мүшелігіне өз кандидаттарын ұсына алмайды. Ал аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі кәсіптік тұрақты негізде шаруашылық жүргізуші субъектіні дербес басқара алмайды, педагогикалық, ғылыми немесе шығармашылықтан басқа кәсіпкерлік немесе басқа да ақылы қызметпен айналыса алмайды.

– Кандидаттарды ұсынуға қатысты нендей өзгерістер қарастырылған?!

– Бұл ретте шығып қалғандардың орнына депутаттарды сайлауды тиісті сайлау комиссиясы тағайындайды және бір мезгілде наурыздың соңғы жексенбісінде және (немесе) қазанның соңғы жексенбісінде өткізіледі. Бірақ ОСК келісімі бойынша сайлау басқа күнге тағайындалуы мүмкін. Мәжіліс пен мәслихаттарға кандидаттарды партиялық тізімдер бойынша тек саяси партиялар, бір мандатты округтер бойынша – саяси партиялар, Қоғамдық бірлестіктер ұсынады, сондай-ақ өзін-өзі ұсынуға рұқсат етіледі. Партиядан кандидат бір мандатты округтер бойынша ұсыныла алмайды. Aл қоғамдық бірлестік, оның филиалы және өкілдігі әр сайлау округінде бір ғана кандидат ұсына алады. Бұл ретте кандидаттар ретінде қоғамдық бірлестіктердің мүшелері болып табылмайтын адамдар ұсынылуы мүмкін. Осылайша, мәжіліс пен мәслихаттарға сайлауға әрқайсысына екі бюллетень болады: біреуінде саяси партиялардан, екіншісінде, партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден кандидаттар және өзін-өзі ұсынушылар болады. Қазақстандықтар екі бюллетеньде де кандидаттарды таңдауы керек. Аудан тұрғындары бірден бес бюллетень алады: мәжіліске сайлауда екеуі (партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша кандидаттар), облыстық мәслихатқа сайлауда (партиялық тізім және бір мандатты округ бойынша кандидаттар) және аудандық мәслихатқа сайлауда (мұнда тек бір мандатты округ бойынша кандидаттар болады). Өзін-өзі ұсыну үшін азаматтар округтік сайлау комиссиясына өтініш береді. Міне, жаңартылған заңда осындай өзгерістер бар. Жалпы, заңды білмей, құқықты қорғау мүмкін емес. Сайлау заңды болуы үшін де оған қатысты құжатты білгеніміз абзал. Сондықтан көзі ашық азамат мұны ескеруі керек.

Қ. САЙЛАУ