Сайлауға шетелдік бақылаушылар не үшін шақырылады?

Сайлау науқаны мен оны өткізу процесі әр мемлекет үшін аса маңызды құбылыс. Осындай кезде тәуелсіз бақылаушылармен қоса халықаралық бақылаушылар да келіп, атсалысады.
Бұл қадамның да өз мәні бар. Шетелдік бақылаушыларды шақыру сайлаудың ашықтығы мен әділдігін, фальсификация мен басқа да заңбұзушылықтардың болмауын қамтамасыз етеді. Халықаралық ұйымдар мен сырт елдерден келген бақылаушылар стандарттар мен нормалардың тиісінше орындалуын қадағалап, халықаралық конвенциялар мен келісім шарттарының сақталуына назар аударады. Азаматтардың құқықтары мен демократиялық принциптерге де баса мән береді. Қажеті болса халықаралық қолдау немесе санкция салады. Себебі әр елдегі сайлау мен оның әділдігі халықаралық қатынастарға да әсер етеді. Осылайша, өзге елден келген делегаттардың сайлау науқанына қатысуы биліктің легитимділігі сұрағына да қатысты болады.
Дәл осы себептен әрбір ел сайлау бағытындағы халықаралық қатынастарды нығайтуға көңіл бөліп, күш салады. Әртүрлі келісімшарттар мен меморандумдар жасап, кездесулер, тәжірибе алмасу мен басқа да шараларды ұйымдастырады. Қазақстан да бұл бағытта белсенді. Жақында ғана Үндістанмен арнайы кездесу өтті. 24 маусымда ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Үндістан Республикасының сайлау жөніндегі бас комиссары Раджив Кумармен кездесті. Қазақстанға ресми сапармен келген Үндістан Республикасы Сайлау комиссиясының директоры Панкадж Шривастава, Үндістанның ҚР төтенше және өкілетті елшісі доктор Т.В. Нагендра Прасад, ҚР ОСК мүшелері және аппаратының жауапты қызметкерлері жиналып, сайлауға қатысты мәселелер мен тақырыптарды ортаға салды. Олар байқаушыларды өзара жіберу тәжірибесі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, Үндістан өкілдері 2019 жылы Қазақстан президентінің және 2023 жылы парламент мәжілісінің депутаттарының сайлауына халықаралық байқауға қатысты. Сондай-ақ ҚР ОСК төрағасы 4-8 мамыр аралығында Үндістанның Халықтық өкілдер палатасына сайлаудың үшінші кезеңін халықаралық байқауға алғаш рет қатысқан еді.
Кездесу барысында Раджив Кумар Лок Сабха сайлауын өткізудегі қиындықтар, сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу, жалған ақпарат пен фейкке қарсы тұру мәселелері, сайлауды қаржыландырудың кейбір аспектілері туралы ойларын айтты. Айта кетейік, Үндістан сайлаушылар саны бойынша әлемдегі ең ірі ел. Олар автономды электрондық дауыс беру жүйелерін пайдалана отырып, сайлау учаскелерінде дауыс береді. Бұл ретте Үндістанның сайлау жүйесінің ерекшелігі – онда дауыс беру процесін фото, бейнетүсірілімге, сондай-ақ сайлау учаскелерінде фото, бейнемониторингке тыйым салынған. Осы сынды әртүрлі тақырыптар мен тәжірибелер талқыланған соң тараптар екіжақты кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдету туралы келісті. Қазақстан мен Үндістанның орталық сайлау органдары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жөнінде ұсыныс айтылып, қолдау тапты.
Балауса Ділдәбек