«Сбер» қазақты жарылқамайды
Қазақстан үкіметі мен ресейлік «Сбер»компаниясыныңцифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімге қол қоюы талайлардың уайымын күшейткені анық.
Мәселені салмақтап, қоғамымызға қаншалықты тиімсіз, қауіпті шешім екеніне құзырлы орындардың көздерін жеткізу үшін мамандар айтудай-ақ айтып жатыр. Бірақ тиісті орындар әлі күнге құлақ асатын түрі байқалмайды. A+Analytics зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде де ақпарат саласы мен IT саласының сарапшылары осы мәселені талқыға салып, өз ойларымен бөлісті.
Дөңгелек үстелде осы саланың қазанында қайнаған мамандар бұл жобаның қоғамымызға еш пайдасы жоқ екеніне нақты дәлелдер мен дәйектер келтіріп өтті. Тіпті құны 500 миллион долларлық жобаның қоғамымызға бес тиындық пайдасы жоқ, қайта мемлекетімізге зияны көп екенін түсіндіруге тырысқан мамандардың сөздеріне құлақ асатындар табылса, шіркін...
Ең алдымен мамандар шетелдік платформаны сатып алу елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, деректер базасына оңай қол жеткізуге мүмкіндік тудыратынына алаңдаулы. Тіпті ары-беріден соң, мұндай маңызды істе өзімізден гөрі өзгелерге иек артып алғанымыз түсініксіз екеніне мамандар ерекше тоқталды. Себебі отандық Big data саласының маманы Сергей Ахметов мұндай істе шетелдік мамандарға қыруар қаржы шығарғанша, өзіміздің IT мамандарына сенім артқан дұрыс дейді.
«Меніңше, шетелдік өнімдерді мүмкін болса, қолданбай-ақ қойған дұрыс. Қазір Қазақстанда IT сапасы өсті. Шетелдікі қаржы жағынан да қымбаттау, сол ақшаны өзіміздің отандық мамандарға берер болса, олар екі есе арзан бағаға жасайтын еді. Мұндай үлкен жобаларды өзіміздің көптеген отандық компаниялардың жас мамандары бірлесе жасаса қаншама тәжірибе жинайтын еді», – дейді. Оның үстіне, дөңгелек үстелге қатысқан мамандар сөзіне сенсек, еліміздегі цифрлық қызмет көрсету саласындағы жоғары көрсеткішіміз өз елімізді өзіміз бұл салада қамтамасыз етуге жеткілікті деген пікірде.
A+Analytics зерттеу орталығының жетекшісі Фархад Қасенов ресейлік Дневник.ру жобасының негізінде жүзеге асқан Kundelik.kz порталына да ата-аналар тарапынан наразылық көп болғанын атап өтіп, Ресейге сенген дүниенің барлығы бірдей сәтті бола бермейтінін жеткізді. Яғни 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 193 елдің ішінде 29-орынды иеленіп, онлайн қызмет сапасы индексі бойынша 11-орында тұр. Ал Ресей бұл рейтингте 36-орынға ие болғанын ескерсек, еліміз үшін маңызды жобаны жасауда артымыздағы Ресейге жалтақтағанымыз несі?! Дөңгелек үстелдегі мамандардың айтары – осы. Естір құлақ болса, әрине...