Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:30, 23 Желтоқсан 2021

«Сберленбей» қоймайтын секілдіміз...

None
None

«Қазақстан мен ресейлік «Сбербанк» цифрландыруға қатысты келісімшартқа жыл соңына дейін қол қоюы мүмкін», – деп мәлімдеді Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин.

Шыны керек, о баста Қазақстанның Ресей «Сбербанкімен» цифрлық үкімет платформасын құру туралы келісімі қоғамда үлкен дау тудырған болатын. Алайда цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл мәселенің әлі де талқылану үстінде екенін айтқан соң, халық әліптің артын бағып тынышталған еді. Алайда бүгінгі күні ресейлік дипломаттың сөзіне сенсек, «сберленбей» қоймайтын секілдіміз.

 Осы орайда атап өтер жайт, өткен жеті жыл ішінде еліміз мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруға шамамен 324 миллиард теңге бөлген екен. Яғни «Ақпараттық Қазақстан 2020» және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларының аясында шамамен 324 млрд теңге қаражат көзделгені айтылады. Нәтижесінде мемлекеттік органдардың 400-ге жуық ақпараттық жүйесі құрылған.  Ал «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ 2016-21 жылдар аралығында 550 млн доллардан аса, ұлттық валютамен есептегенде 232 млрд 500 млн теңге жұмсалғаны айтылады. Қай-қайсысы да аз ақша емес. Алайда мамандар еліміз жылдар бойы цифрландыруға миллиардтаған қаржыны бөлгенімен, қолданыстағы платформалар әлі де қабілетсіз екенін айтып дабыл қағып отыр.

Соның дәлелі жақында мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының мүшелері «Өткен жылдары мемлекеттің нақты қанша қаржысы мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруға жұмсалды және оның тиімсіз жұмсалғаны үшін жауапкершілік кімнің мойнында? «Сбермен» келісім жылдар бойы цифрландыруға бөлінген миллиардтаған қаржының тиімсіз жұмсалғанын мойындау ма?» деп мәселе көтерген болатын. Алайда мәселеге орай жауап берген ешкім болмады. Қазір ресейлік «Сбердің» IT-платформасын 500 млн долларға бағалап отырған көрінеді. Әзірге жарты миллиард доллар қарызға бататын Қазақстан қандай жауапкершілік арқалайды? Ол қаншалықты қауіпсіз болатыны туралы нақты дәлелдер жоқ. Тек құр сөз ғана.

Айтпақшы, ресейлік дипломат «Ресейлік «Сбербанкпен» ынтымақтастық нәтижесінде Қазақстанның цифрлық егемендігі Ресейдің қолына өте ме деп қауіптенген қазақстандықтарды сабырға шақырғым келеді. Мұндайға жол берілмейді, сеніңіздер» дей келе, бастапқы код Қазақстанның өзіне берілетінін, серверлер Қазақстанда орналасатынын және сәйкес жұмыстарға қазақстандық ІТ-компаниялар тартылатынын, ал мұның барлығы республиканың цифрлық тәуелсіздігін қамтамасыз ететінін мәлімдепті. Мейлі ғой, тек миллиардтаған қаржы жұмсағанымыз аздай, сандық тәуелсіздігімізден айырылып, «жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шаптың» керімен не істерімізді білмей қалмасақ болды.

Тегтер: