Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 12 Қазан 2025

Сібір хандығының тарихы

1
Фото: ашық дереккөз

Алдыңғы мыңжылдық адамзат тарихында көшпенді халықтардың алар орны айрықша. Тарих көші барысында көптеген қағанаттар жойылып, оны билеген әулеттердің аты өшіп кетті.

 Десе де, кей қағанаттар мен хандықтар элитасы бүгінге дейін өз тегін ұмытпай келеді. Солардың ішінде қазақ халқының бір құрамдас бөлігі болып табылатын Шыңғыс хан ұрпақтары мен Тұғырыл хан әулеттерін айрықша атауға болады.

Керей (керейт) хандығы ХХ ғасырдың соңғы ширегінде құрылып, ХІІІ ғасырдың басында Шыңғыс хан жағынан аударылды. Десе де, Керей хандығы ұрпақтарының билігі түбегейлі жойылған жоқ, олар Тұғырыл хан мен Есугей, Шыңғыс хан арасындағы ерекше байланыс аясында сол жалғастықпен өмір сүре берді. Юань империясында Тұғырыл ұрпақтары жекелеген аймақтарды билесе, Тұғырылдың Тайбұға деген ұрпағы Сібір хандығының негізін қалады әрі биледі. Сібір хандығымен қатар ойраттардың бір табы торғауыттардың қалмақ хандығында Тұғырыл әулеті басқарды. Сібір хандығы 1598 жылы жойылғаннан кейін хандықтың оңтүстік территориясы Қазақ хандығына халқымен қоса қарады. Керей хандығының заңды жалғасы Сібір хандығы қалай құрылып, қалай ақырласты? Бұны тарихтың терең қатпарларынан іздеуге тура келеді.

ХІ ғасырда құрылған Керей хандығының негізін қалаушы Марғұз хан, ол туралы ең алғашқы деректер Қидан тарихында айтылады. Десе де Керей хандығы туралы деректердің ең қомақты бөлігін Рашид ад-Диннен табамыз. Онда керей хандарының шежіресі де мүмкіндігінше толық қарастырылған. Рашид ад-Дин дерегі бойынша: «Оң ханның атасының есімі Мурғуз (Марғұз) болатын, оны Буйрук (Бұйрық) хан деп атайтын». «(Жоғарыда аталған) Марғұздың екі ұлы болды: бірі – Құршақұз Бұйрық, ал екіншісі – Гурхан... Құршақұз Бұйрықтың ұлдары: біреуінің аты Туғрил (Тұғырыл) еді. Қытай патшалары оны Оң хан деп атайтын. Оң ханның мағынасы – «уәлаят патшасы» дегенді білдіреді. Өзге (ұлдарын келесідей) атайды: Арка Кара (Аркан кара Тайтимур тайчи (Тайтемір тайшы), Бука Тимур (Бука Темір), Нилка-Сангун (Нелка-Сэнгүн). Нилка – аты, ал сәнгүн деген – мырзадан туған. Сондай-ақ Жағамбудың аты әуелде Кирaйдaй (Керейдай) болған».

Мұнда айтылған Нилка-Сэнгүн әсілі Тұғырылдың ұлы, оның Тұсақа атты ұлы болған. Керейлердің Марғұздан кейінгі ханы Сары хан болған. Ол туралы «Жамиғ ат-Тауарих» та, керейлер тарауында емес, қайта татарлар тарауында айтылады.

«Айтуларынша, алшы-татарлардан шыққан Қуридай Батир (Қорыдай батыр) мен Кумус Сайжаң (Күміс Сайжаң) екеуі керейттер патшасы Сариқ (Сары) ханмен соғысқа аттанған».

Сары хан татарлармен Орхон бойында қатты шайқасып, 40 мыңнан аса әскерінен айырылады, ол кезде Тұғырылдың әкесі Құршақұз еді, Тұғырылды татарлар тұтқындап алып кетеді. Осы жеңілістен кейін Сары хан тақтан тайған сияқты, өйткені басқа да оқиғаларда ол туралы айтылмайды.

Құршақұз бұйрықтан кейін таққа талас өршіп, ең соңында Тұғырылға бекіді, Тұғырыл арагідік бұлғақтарды есепке алмағанда 1203 жылға дейін Керей хандығын биледі, әрі ең құдіретті билеуші болған.

Тарихи деректерге негізделсек, Тұғырыл хан әулеті мен Шыңғыс хан әулеті арасы ілік-шатыс құдалыққа ұласып кеткен. Осындай құдандалық жақындыққа байланысты Тұғырыл ұрпақтары басқа хандықтар билеушілеріндей тозғындауға ұшыраған жоқ. Сенкүннің Хотан жерінде өлімінен кейін оның қатын-баласы да Шыңғыс ханның алдына келтіріледі де, кейін ханның қызметіне кіреді. Сонымен қатар керейлер Моңғол империясының төрт ұлысына тегіс таралады да, кейінгі заманда көптеген халықтардың арасынан бой көрсетеді.

Тұғырылдың інісі Жақа Гәмбудің үш бірдей қызы да Шыңғыс хан шаңырағына ұзатылады. 1193 жылы Еркеқара наймандармен бірігіп Тұғырылды уақытша тақтан тайдырған кезде Жақа Гәмбу өзіне қарасты елімен келіп Шыңғыс ханмен бірлеседі, осылайша екеуі андаласқан екен. 1203 жылы Керей хандығын басып алғаннан кейін Жақа Гәмбудің үш бірдей қызы Шыңғыс хан шаңырағына ұзатылады.

Мөңке қаған, Құбылай қағандар өз нағашылары Керей хан әулеттерін биліктен шеттетпеген. 1196 жылы татар хандығы жойылып, оның құйқалы қонысы Ордос даласы Тұғырыл ханның қолына көшеді. Кейін осы аймақты тағы да Тұғырыл ұрпақтары билеген. «Теңді қаласы Оң хан ордасы тұрған жер, олар осы аймақты және көршілес аймақтардағы татарларды билеген әрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған. Қазір бұл жердің ханы Көргіс деп аталады, ол Оң ханның шөпшегі әрі осы әулеттің көсемі. Олар екі аймаққа үстемдік жүргізіп отыр» (Марко Поло. 46-бет).

Марко Поло 1271–1272 жылдары Пекиндегі Құбылай ордасына қарай сапар шеккені белгілі, ол айтып отырған Коргіс Тұғырылдың қай баласынан тарайтыны айтылмаған, 1203 жылы Тұғырыл қаза тапқанда жасы 70-тен асқан қарт кісі болатын. Немересі 1180–1190 жылдары туылған десек, шөберелері одан 25–30 жыл кейін туған болады. Сонда 1215–1220 жылдары шөпшектері өмірге келген болса, онда 1270 жылдарда шөпшегі ел билеп отыруы әбден мүмкін.

Марко Поло Құбылай мен Хайду арасындағы соғыс туралы айтады: «Ең соңында Хайду жеңді, қарсы жағына ауыр соққы берді. Екі немере туысы жүйрік аттары болғандықтан, соғыстан аман құтылып кетті. Хайду жеңіске жеткеннен кейін ол өте тәкаппар болып кетті. Ол өз еліне қайтқаннан кейін екі жыл Құбылаймен соғыспады. Екеуара ешқандай қақтығыс болмады. Бірақ екі жылдан кейін Хайду тағы да қосын топтады. Өйткені ол кезде Құбылайдың ұлы Намухан Қарақорымға бекінген болатын, онымен бірге тағы Оң ханның шөбересі Коргіс бар болатын. Бұл екі батырда күшті атты жасақ бар болатын. Хайду әскерін жиып болған соң тіке Қарақорым қаласына беттеді», – дейді. Осы деректегі Коргіс кейінгі Торғауыт (Тұргут) билеушілерімен туыстас екенінде күмән болмаса керек.

Оң хан Тұғырылдың ұрпақтары кейінгі кезде Тұғырылдан қалған тұрғақ әскерлерін басқарады. Әуелдегі атауы тұрғақ, кейінгі кезде ол атау моңғолша көптік жалғау жалғанып тұрғағұт, тұрғауыт атанады. Моңғол деректерінде ең алғаш тұрғақ атауы Тұғырыл ханмен Шыңғыс хан арасындағы соғыста айтылады. Бұл туралы «Моңғолдың құпия шежіресінде» нақты деректер бар.

Тұрғақтар Тұғырыл ханның ордасын күзететін сұрыпталған, таңдаулы жасақтар, олар сол замандағы керей ұлысының әр руынан жиналғандар саналады. 1203 жылы Шыңғыс хан Керей хандығын өзіне қаратқаннан кейін тұрғақтар әуелгісіндей Тұғырыл ұрпақтарының басқаруында болып қала берген. Тайбұға бастаған Тұғырыл әулеті мен керейлер Сібір даласына кеткенде олар тұрғақтарын ала кетеді, кейін олар Алтын орда дәуірінде тұрғақтар атанады. Олар туралы Әбілғазының деректерінде де айтылады.

Юань империясында дербес тұрғақ немесе торғауыт деген тайпа болмаған, керейт тайпасы болған. Кейін керейттің көбі ойраттардың құрамынан көрінген. Ал торғауыт, қорчын, кечіктен деген әскери құрылым негізді бірлестіктер ру саналмаған тәрізді. Ал Алтын ордада 92 рудың ішінде гирей (керей?), керейт деген екі ру қатар аталады. Сонымен қатар тұрғақ пен торғауыт та бар. Бұл туралы Құрбанғали Халидидің «Тауарих хамсасында» жазылған.

Алтын орда тайпаларының қатарындағы керейт, керей әсілі бір атау, керей таза түркілік атаумен жүрген бір тобы болса, керейт моңғолдық көптік жалғаумен аталып жүргендер. Ал Юань империясындағы тұрғақтар моңғолша көптік атау бойынша тұрғауыт деп аталды, уақыт өте келе ол әскери бірлестікке керейлерден өзге тайпалар, моңғол тілдес тайпалардың үлесі барған сайын көбейді де, олар моңғолданып кетті. Десе де, олардың билеушілері бәрібір Тұғырыл ұрпақтары болып қала берді. Кейін олар торғауыт деп аталып, саны молайып, төрт ойраттың біріне айналды, 1630 жылдары 50 мың отбасыға жеткен, олар Еділ бойына келіп Қалмақ хандығын құрады. Мәнжоу деректерінде Торғауыт тайшыларының тегі былай айтылады:

«Оң хан – Арсылан – Аму құлан – Қайбан – Сусай – Баяр – Мақаши мөңке – Буйге орлыг, Онгуй. Буйге орлыг - жулагам орлыг – хор орлыг» («Торғауыттардың баяны. Қалмақ тарихы).

Хор орлыг 1643 жылы қайтыс болған, торғауыттарды батысқа бастап көшкен сол болатын, 1771 жылы торғауыттарды шығысқа көшірген Ұбаш та осы Тұғырыл әулетінен. Цинхайдағы Торғауыт ақсүйектері де Тұғырыл әулетінен.

Тайбұға – Сібір хандығының негізін қалаушы, Он ханның ұрпағы ретінде деректер Қазақстан мен Батыс Сібірдің этносаяси қауымдастығының даму үрдісінің елеулі кезеңіне айналған Ібір-Сібір ұлысының негізін қалаған Тайбұғыны көрсеткен. Сібір жылнамашыларының қолына түскен аңызға сәйкес Бұхарды (Мауереннаһр) тізе бүктірген IIIыңғыс хан Есілді билеген Он ханның ұлы (Оң хан – автор.) Ертістің тас-талқанын шығарған. «Қаза болған хан ұлы, өзге мәлімет бойынша немересі Тайбұға құлы әрі қызметшісі болған Мұрат бидің шын берілгендігінің арқасында ажалдан аман қалады. Тайбұғаның тірі қалғандығын естіген Шыңғыс хан оны чудь тайпаларымен (угорлық тайпалар – автор.) шайқасуға жібереді. Тайбұға аталмыш шайқаста ерлік көрсетіп, даңққа бөленеді. Көрсеткен ерлігінің марапаты ретінде Шыңғыс хан оған жанына еркіндік сыйлайды; сөйтіп бірнеше жерлестерімен Тайбұға Яшыл Тура деп атау алған қаланы тұрғызады» (Абрамов Н. Сибирские татары/Тобольские губернские ведомости, 1861, №35).

Бұл дерек бойынша Оң хан Есілді билеген, ал анығында, өзге деректердің бәрінде – Оң хан Орхон, Керулен, Тула өзендерінің бойында жасаған адам. Ал көне деректерде Оң ханның Ертіс атты ұлы болғаны айтылмайды. Бірақ оған бола мүлде ондай ұлы болмаған деп те айту қиын.

Сібір тарихы туралы көлемді еңбек қалдырған Миллердің айтуынша, Тайбұға Оң ханның ұлы. Ал біздің ойымызша, Тайбұға Тұғырылдың немересі, оның әкесі Ертіс, Ертістің Шыңғыс ханнан жеңіліс табуы 1207 жылғы Бұқтырма бойында болған соғыс болуы ықтимал, осы соғыстан кейін найман Күшілік оңтүстікке Қарақытайға кетеді, меркіттер Торғай даласына кетеді, керейлер Есілге қарай бет түзеген болса керек.

Тарихи деректердің бірінде Тайбұғаны Тұғырылдың ұлы Ертістің ұлы десе, бірінде Тұғырылдың ұлы ретінде айтылады. Моңғол империясына қатысты деректерде Тайбұға аталмайды, Ібір-Сібір жерінің жаулануы туралы да деректер тым мардымсыз. «Моңғолдың құпия шежіресінде»: ««Сондай-ақ бұрын Сүбедей батыр Қаңлы, Қыпшақ, Байжігіт, Орыс, Асу, Сасу, Мажар, Кашимир, Шеркес, Болгар, Керт, Бұқар елдеріне дейін, Еділ, Жайық өзендерінен өтіп, Мегiт, Кермін, Кейбе (Киев) қатарлы калаларды басып алу үшін жіберілген-ді», – делінеді. Бұл тізімде керейттер жоқ, ал Рубрукта торы деген ел бар, ол торғауыттар болуы мүмкін.

Батыс жиһангездерінің еңбектерінде де Сібір даласын жаулағаны туралы немесе Моңғол империясының құрамына Сібірдің кіргені туралы айтылмайды. Соған қарағанда, тәуелсіз дербес иелік деп қарауға болады. Тек Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы» еңбегінде Бату ханның Ібір- Сібірді билегені айтылады. Ондағы деректерден Сібірдің дербес иелік екенін көруге болады.

Тайбұғадан кейін Сібір хандары болып Мамық, Мардан, Алшағыр, Шегір, Қаған қатарлы хандар отырған. Қағаннан кейін таққа Қожа отырған, бірақ нақ қай жылдары билік тізгінін ұстағаны белгісіз. Қожадан кейін таққа оның ұлы Мар отырады. Мар туралы Мұхаметжан Тынышбаев былай деп мәлімет береді: «Тайбұға тұқымы бұл жерде ХV ғасырдың соңғы ширегіне дейін билік жүргізді. Шабан әулетінен шыққан Махмуд ханның баласы, қажы Мухаммед ханның немересі, Дешті Қыпшақ даласын қазақ хандары билеуіне байланысты шеттетіліп қалғасын Ібір-Сібірге жеткен Ибақ хан (Абақ хан) сол кезде Сібір бегі болып отырған Марды екі ұлымен қоса өлтіріп, тағына отырды» (Мұхаметжан Тынышбаев. Қазақ шежіресі. Керейлер). Осылайша Сібір билігін Шыңғыс әулетінен шыққан шайбанид Ибақ тартып алады. Десе де, олардың Сібірге көз алартуы мен шапқыншылығы онан бұрын басталған болатын.

Кейбір тарихи деректерде Әбілқайыр хан Шыңғы-Тура қаласын басып алады. Шайбанидтердің Сібірге шапқыншылығы Жошыдан тараған хан тұқымдарының саны көбейіп, таққа таластың өршуінен болған деп түсіндіріледі. Бұл – 1428 жылы.

«Тобылда Шайбани әулеті Махмұд Қожа хан иелігі орналасты. Феодалдардың қиян-кескі өзара тартыстары мен билік үшін күресі бейбіт өмірге құштар көшпелі халықтың жағдайына ауыр тиді. Осындай жағдайда Жошы әулеті Шайбанның ұрпағы, Дәулет-Шайх-оғланның баласы Әбілқайыр жоғары көтерілді. Ол тез арада Орталық және Солтүстік Қазақстандағы көптеген тайпалардың үстем тобының қолдауына ие болды. 1428 жылы Тура өңірінде (Батыс Сібір) Әбілқайыр хан болып жарияланды» (Қазақ СССР тарихы. 2-том. 183-бет).

Алайда Әбілқайыр Сібірді толықтай жаулап ала алмаған, шайбандықтардың жерінің шығысы – Жем, Ырғызға дейін болғаны анық. 1465 жылы Керей, Жәнібек сұлтандар Батыс Жетісуда Қазақ хандығын құрады. Шайбанидтер өз ішінен қырылысып, Әбілқайыр мемлекетінің шаңырағы шайқалады.

«Шайх-Хайдар ханның уәлаятын басып аламыз деген ниетпен белін бекем буып келген сұлтандар қатарында Қажы-Мухаммед ханның ұлы Саййидак-Ибақ хан, Барақ ханның ұлы Жәнібек хан, Керей-Арабтың ұлы Бөреке сұлтан және маңғыт әмірлерінен – Аббас бек, Мұса бек пен Иамгүршы бек болды. Осы адамдар бірнеше мәрте қаруларын сайлап, көп ермен Шайх-Хайдар ханға қарсы келді» (Қазақстан тарихы түркі деректемелерінде. Шайбанинаме. 75-бет).

Жоғарыдағы деректерге ұқсас Сібір тағын тартып алған шайбандық осы Ибақ хан еді. Дегенмен 30 жылдан аса уақыт өткен соң Тұғырыл тұқымы билікті қайта қолдарына алады. Сібірдегі билігін нығайтпақ ойымен Ибақ Тайбұға әулетінің үлкені Ұмар бидің қызын әйелдікке алады. Алайда билік әлсіз болып қала береді. 1495 жылы тайбұғалықтар көтеріліске шығып, ақырында Ибақты өлтiредi.

Ибақтың ұлы Мамық Чимги Тура мен оның маңындағы елді мекендерді ғана қолдарына ұстап тұрды. Сібірдің көп бөлігі оған бағынудан бас тартады.

Қазақ әдебиетінің классигі, тарихшы Мұхтар Мағауиннің айтуынша, Көшім Сібірді алған соң тайбұғалықтарды қырғынға ұшыратты, оның қанды қылышынан тек Сейдақ деген бала ғана аман қалады (Мұхтар Мағауин. «Қазақ тарихының әліппесі»). Сейдақтың толық аты Сейт-Ахымет. Ол туралы Миллердің жазбасында да айтылған. 1563 жылы сібірлік шайбанид Көшім Ескерді жаулап алып, ондағы билеп төстеуші тайбуға бектері Жәдігер мен Бекболатты өлтіріп, өзін Сібір ханы ретінде атайды.

Көшімнің Сібірді жаулап ала алуының себебі – оның туыстары әрі одақтастары Бұхарды билеген шайбанидтер билігінің күшеюіне байланысты болса керек. Сол себепті Сібірге Бұхардан егінші саудагерлерді көшіреді, олардың ұрпақтары әлі күнге Сібір татарлары арасында бар.

Сейдақтың тұсында Қазақ ордасының ханы Хақназар еді, 1580 жылы Шығай хан болады, Шығайдың үлкен ұлы Ондан сұлтан, оның ұлы Ораз-Мұхаммед еді. Ораз-Мұхаммедпен бірге болған Қадырғали Жалайыридің айтуынша: «Ораз-Мұхаммед сегіз жасында өзінің атасы Шығай ханнан айырылды. Оның үстіне он үш жасында өз әкесі Ондан сұлтан шейіт болды. Одан соң және бірқанша уақыт таршылық көріп Сейдақ бидің алдында кіріптарлық шекті» (Қадырғали Жалайыри. «Жылнамалар жинағы»).

Шыңғыс хан немесе оның ұрпақтарының шежірелерінде Шыңғыс әулетінен тысқары адамдарды хан деп танымайтын әдет болғандықтан, Сібір ханын олар тек бек немесе би ретінде суреттеуіне таңғалуға болмайды. Ондан сұлтан қалмақтармен арадағы соғыста шейт болған. Ол кезде торғауыттар шапқыншылығын үдетіп, Қазақстанның шығысына ендеп кіре бастаған болатын. Қазақ хандары өз бақталастарының жауы болған сібірлік Сейдақты жақтағаны анық байқалады.

Көшім Сібірдің билігін алған заманда Ресей империясының шығысқа шапқыншылығы үдей берді. Олар 1552 жылы Қазан хандығын бағындырды. Одан көп ұзамай Астраханьды алды, ноғайлардың жартысы да Ресей бодандығын мойындайды.

Мәскеулік билік Сібірді жаулап алу ойынан еш бас тартқан жоқ. 1585 жылы Сібірге Мансуровтың жасағы аттанса, 1586 жылдың басында оған жәрдемге В.Сукин мен И.Мясновтың жасағы жіберілді. 1586 жылдың жазында орыстар Түмен бекінісін салады, ал бір жыл өте келе Данила Чулков Ескерден қашық емес жерде Тобыл бекінісінің негізін қалайды. 1588 жылы Қадырғали, Ораз-Мұхаммед пен Сейд Ахмед Тобыл бекінісіне тұзаққа түсіру мақсатында қонаққа шақырылып, сол жерде тұтқындалады. Тәуекел хан сол мезетте Бұхар хандығына қызмет өтеп жүрген еді.

Осы кезде болған ірі тарихи оқиға – Көшім хан билеген Сібір хандығының жойылуы еді. Ресейден Сібірге жорыққа аттанған Ермактың жасағы 1582 жылы 1 қазанда Қуаш тауында Сібір ханы Көшімнің әскерлеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, оны жеңіліске ұшыратты. Көшім өз әскерлерімен оңтүстікке шегініп, 1598 жылға дейін орыс әскерлеріне табанды қарсылық көрсетті. Бірақ Көшім көмексіз қалған еді, бұл кезде Көшімнің Орта Азиядағы одақтасы Шайбани әулеті құлап (1598), оның орнын Аштархан әулеті (1599–1735) басқан еді. Ақырында біржолата жеңілген Көшім Орта Азияға қашып кетті де, 1598 жылы Сібір хандығы жойылды. Бұрын Сібір хандығының қоластына қараған қазақ тайпалары қазақ хандығына бірікті.

Қазақ хандығы құрылудан бұрын 4 хандыққа – Әбілқайыр хандығына, Моғолстан хандығына, Ноғай одағына және Сібір хандығына қараған қазақ тайпалары енді, Қазақ хандығына бас қосты. Қазақтардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Қазақ хандығы қазіргі Қазақстан территориясын түгелге жуық қамтыды. Бұл бұрыннан басталған қазақтың халық болып қалыптасу барысын біржолата аяқтатты.

Ерзат Меллатұлы,

тарихшы