Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:45

Сегізбұрыш саңлақтары

1

Мамырдың 10-нан 11-іне қараған түні Монреальда (Канадада) аралас жекпе-жектен UFC 315 турнирі өтті.

Кеш аясында қазақстандық файтер Бекзат Алмахан (12-2) жергілікті спортшы Брэд Катонамен (14-5) кездесті. Жеңілірек салмақтағы жекпе-жек 3 раундқа жоспарланған, бірақ небәрі 64 секундта аяқталды. Бекзат қарсыласын нокдаунға түсіріп, соққы жаудыра жөнелген, осы сәтте төреші жекпе-жекті тоқтатып, техникалық нокаут тіркелді.

Бұл Бекзаттың америкалық промоушендегі екінші жекпе-жегі болатын. Ол алғашқы айқасын былтыр наурызда өткізіп, ресейлік Умар Нурмагомедовтен (18-1) төрешілер шешімімен жеңілген. Бірақ Алмахан атақты Хабиб Нурмагомедовтің немере інісін бірінші раундта нокдаунға түсіріп, жарқын өнерімен жұрт көзіне түскен. ММА жанкүйерлері Хабиб бастаған дағыстандық файтерлердің тік тұрып төбелеспей, күрес тәсіліне салып, қарсыласын құшағынан шығармайтын жекпе-жек мәнерін аса ұнатпайды. Қазір UFC рейтингінде өз салмағында үшінші орында тұрған Умар Бекзатпен бетпе-бет ұрысқа батпай, жерде жатып алып, жеңіске жеткен болатын.

Алмаханның екінші қарсыласы да осал болған жоқ. Катона бұған дейін өткізген 18 кездесуінде ешқашан мерзімінен бұрын жеңіліп көрмеген. Бірақ Бекзатпен кездесуде сол статистикасына өзгеріс еніп, алғашқы раундтың екінші минутында жеңіліске ұшырады. Ал Бекзат Алмахан UFC-де ең жылдам жеңіске жеткен қазақстандық спортшы атанды.

27 жастағы Бекзат кәсіпқой ММА-да 2018 жылдан бері өнер көрсетіп жүр. Осы күнге дейін 14 жекпе-жек өткізіп, 12 мәрте жеңіске жетті, 2 рет қарсыласына есе жіберген. Оның бірі біз жоғарыда атаған Нурмагомедовке қарсы кездесуі. Ал алғашқы жеңілісі 2020 жылы 25 қазанда Алматыда болған. Bushido Qazaqstan FC турнирінде қырғыз спортшысы Султан Жолдошбек уулуынан жеңілді. Бекзат Алматыдан бөлек Мәскеуде, Абу-Дабиде өнер көрсетті. UFC-ге өткен соң Лас-Вегаста және Канадада октагонға шығып отыр. Алмахан UFC-дегі екінші жекпе-жегінде 40 мың доллар гонорар алды деген ақпарат бар.

Қазақстандық жанкүйерлер осы турнирдің басты жекпе-жегін де басты назарда ұстады. Онда жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы америкалық-палестиналық Белал Мухаммад пен рейтингте бесінші орында тұрған аустралиялық Джек Делла Маддалена кездесті. Жекпе-жек бес раундқа созылып, төрешілер Маддаленаны жеңімпаз деп таныды.

Бұл нәтиже қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (19-0) үшін тиімсіз болып отыр. Былтыр 8 желтоқсан күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен UFC 310 турнирінің екінші маңызды жекпе-жегінде Рахмонов ирландиялық Иэн Гарриді жеңіп, жартылай орта салмақтағы чемпиондық белбеуге үміткер атанған. Тіпті сол кездегі чемпион Белал Мухаммадпен октагонда бетпе-бет кездесіп, көз арбасқан. Бірақ биыл Шавкат жарақатына байланысты Белалмен кездесуге шыға алмай, UFC титулына таласатын сәтті өткізіп алды.

Мухаммад пен Маддалена кездесуі алдында UFC басшысы Дана Уайт аустралиялық файтер жеңіске жетсе, жеңіл салмақтағы чемпион Ислам Махачев (Ресей) жартылай орта салмаққа көтеріліп, онымен жекпе-жек өткізетінін айтқан. Демек Шавкат үшін чемпиондық жекпе-жектің ауылы алыстай түсті. Өз салмағындағы рейтингте 2-орында тұрған Рахмонов енді кем дегенде тағы бірер кездесу өткізіп, барып, титулға үміткер болады деген сөз. Сарапшылар Шавкаттың Иэн Гарримен кездесу өткізгені қате шешім болды деп санайды. Негізі сол кезде ол жерлесіміз Белалмен кездесуі керек еді, бірақ палестиналық жарақат алып қалды. Рахмонов Гарримен жекпе-жекке шықпай, Белалдың жазылғанын күткенде, чемпиондық белбеу Маддаленаның емес, Шавкаттың иығында тұруы мүмкін еді...

ММА мен UFC

Аралас жекпе-жек (ММА) – жекпе-жек өнерінің бірнеше саласын біріктірген әлемдегі танымал спорт түрі. Ол жекпе-жек өнерінің заманауи көрінісін білдіреді. ММА ұғымы ағылшын тіліндегі Mixed Martial Arts (аралас жауынгерлік өнер) деген сөзден шыққан. Бұл спорт түрінде қолмен (жұдырық пен шынтақ) ұруға, аяқпен (өкше, тізе) тебуге және күресуге рұқсат етілген. ММА файтері октагонда еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, самбо, муайтай, джиу-джитсу, грэпплинг, бокс, каратэ секілді әртүрлі жекпе-жек стилін ортаға салады.

Аралас жекпе-жек кейінгі жылдары әлемде қарқынды дамып келеді. Тіпті жанкүйер жинау, теле-трансляция сату, билет сату көрсеткіші бойынша кәсіпқой бокспен бәсекелес атанып жүр. Біздің елде де ММА жанкүйерлері, онымен айналысатын спортшылар аз емес. 2024 жылы қарашада премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда 23 мыңнан аса адам ММА-мен айналысатынын, оларды 193 жаттықтырушы дайындайтынын айтқан.

Елімізде 2013 жылдан бастап ММА спортын дамыту жұмысын ресми аккредиттелген Қазақстан ММА федерациясы жүзеге асырып келеді. 2019 жылы елдегі спорт түрлері тізіміне кәсіпқой ММА енген. Қазақстанда қазір 4 халықаралық клуб жұмыс істеп тұр. Олар – Alash Pride, ОCTAGON PROMOTION, Naiza Fighting Championship және Еркін күш. Олар жеке заңды тұлға саналады, турнир мен жарыстарды жеке қаражат есебінен ұйымдастырып жүр.

Қазақстанда әуесқой ММА жақсы дамыған. Ел чемпионаты, ел кубогы жарыстары тұрақты түрде өтіп тұрады. Жалпы 94 спортшыдан құралған ұлттық құрама командалары (жасөспірімдер – 30, жастар – 32, ересектер – 32 спортшы) жыл сайын әлем және Азия чемпионатына қатысып жүр. Қазақстан ММА құрамасы Азияда бірінші орында тұр, ал әлемдік IMMAF халықаралық аралас жауынгерлік өнер федерациясына мүше 130 елдің ішінде 3-орынға жайғасқан.

Біздің елде кәсіпқой ММА өте танымал. Әсіресе жастар осы спорт түрін тамашалауға әуес. Елдегі жекпе-жектерді жоғарыда аталған Alash Pride, ОCTAGON, Naiza лигалары ұйымдастырып жүр. Осы промоушендерде өнер көрсету арқылы танылып, берісі ресейлік, әрісі әлемдік лигаларға жолдама алған жерлестеріміз аз емес. Тіпті аралас жекпе-жек әлеміндегі ең биік шың – UFC-мен келісімшартқа отырған отандастарымыз да бар. Мысалы, біз сөз басында айтқан Бекзат Алмахан мен Азат Мақсұм UFC-ге ОCTAGON лигасы арқылы жол тартты.

Ultimate Fighting Championship (UFC) – америкалық промоутерлік ұйым. Ол ММА жекпе-жегін ұйымдастырып, ақылы трансляция мен билет сату арқылы ақша табады. Кез келген файтердің арманы осы промоушенмен келісімшартқа отыру. Салыстыру үшін айтсақ, әуесқой спортшы үшін Олимпиада чемпионы атану қаншалық маңызды болса, кәсіпқой файтер үшін UFC туы астында өнер көрсетіп, чемпион болу соншалық маңызды.

Бұл ұйымның негізі 1993 жылы қаланған. Бірақ жаңа ғасыр табалдырығын аттаған соң ғана ірі промоушенге айналды. Әсіресе 2001 жылы Дана Уайт ұйым президенті болып тағайындалғаннан кейін АҚШ-та және әлемде танымал бола түсті. ММА әу баста спортшылар салмақ категориясына қарамай төбелесетін әрі құлақтан тістеп, шаштан тартуға болатын ережесі жоқ қатыгез спорт ретінде танылған. Бірақ өркениетті әлемге бейімделу үшін UFC салмақ категорияларын, жекпе-жек ережесін белгіледі. Спортшылар UFC-ге күшті бәсекелестік, жоғары гонорар, үлкен аудиториясы үшін қызығады.

Осыдан 10 жыл бұрын қазақ файтерлері үшін UFC қол жетпес арман сияқты көрінетін, ал қазір лигада бірнеше жерлесіміз бақ сынап жүр. Ең маңыздысы, атақты промоушенге даңғыл жол ашылды, енді онда баратын қазақстандықтар көбеймесе, азаймайды деп есептейміз.

Қазір UFC туы астында Қазақстанның 6 файтері өнер көрсетіп жүр. Олар – Шавкат Рахмонов, Асу Алмабаев, Бекзат Алмахан, Азат Мақсұм, Николай Веретенников және Дияр Нұрғожай. Бұған дейін лигада Жалғас Жұмағұлов, Сергей Морозов және Мария Агапова бақ сынаған. Сондай-ақ Қытай мен Ресейде тұратын бірнеше этникалық қазақ UFC-де сынға түсті.

Осы файтерлердің арқасында Қазақстан MMA-Oracle.com порталы түзген кәсіпқой аралас жекпе-жек (ММА) рейтингінде 15-орында тұр. Біздің ел спортшыларының еншісінде 7 718 ұпай бар. Бұл рейтингте АҚШ абсолютті көшбасшы саналады, олар 209 428 ұпай жинаған. Үздік үштікке Бразилия (140 091) мен Ресей (84 587) енеді.

UFC-ге шыққан қазақтар

Жоғарыда UFC туы астында онға тарта отандасымыз өнер көрсеткенін айттық. Енді соларға жеке-жеке тоқталайық. Алдымен тарих жаңартқан қазақтар жайлы айтамыз.

UFC-де өнер көрсеткен алғашқы қазақ – Жұмабек Тұрсын. Қытайда туып-өскен Жұмабек 2014 жылы әлемнің үздік лигасында бақ сынады. Ол Қытай атынан бақ сынағанымен, октагонға қазақтың ұлттық шапанын киіп, қазақ әнімен шықты. Ол UFC-де үш жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіліп қалды.

UFC-де жеңіске жеткен алғашқы қазақ – Дамир Исмағұлов. Ресейдің Орынбор өлкесінде туған файтер 2018 жылы 2 желтоқсанда өткен UFC Fight Night турнирінде аустралиялық Алекс Горджисті төрешілер шешімімен жеңді. Дамир 2023 жылы лигадан кетті. UFC-дегі рекорды: 5-2.

UFC-де өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық – Жалғас Жұмағұлов. Ақтөбелік файтер промоушендегі дебютін 2020 жылы 11 шілдеде өткізіп, бразилиялық Раулиан Пайваға есе жіберді. Өкінішке қарай, Жұмағұлов лигада бір мәрте ғана жеңіске жетіп, 2023 жылы қатардан шықты. Жалғастың UFC-дегі рекорды: 1-6.

UFC-мен келісімшартқа отырған алғашқы қазақстандық – Шавкат Рахмонов. Еліміз спортшылары арасында алғаш болып Жұмағұлов UFC-де өнер көрсеткенімен, Рахмонов одан бұрын, 2019 жылы шілдеде лигамен келісімшартқа отырған. Бірақ жарақат және коронавирусқа байланысты Шавкат 2020 жылы 24 қазанда ғана промоушенде дебют жасады. Оның өзге спортшыларымыздан ерекшелігі – лигада әлі жеңіліп көрген жоқ. UFC туы астында жалпы 7 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Оның алтауын мерзімінен бұрын аяқтаған. Рахмонов кәсіпқой мансабында 19 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіс тойын тойлады. Былтыр желтоқсандағы Иэн Гарримен кездесуге дейінгі 18 жекпе-жегінің бәрін мерзімінен бұрын ұтқан. Яғни 19 қарсыластың ішінде осы ирландиялық қана Шавкаттың соққыларына жекпе-жек соңына дейін шыдас берді.

Рахмоновтың әлемнің үздік лигасындағы жетістігі мұнымен шектелмейді. Ол – UFC-де алғаш мерзімінен бұрын жеңіске жеткен, UFC-дегі жекпе-жегі үшін алғаш бонус алған, UFC рейтингінде алғаш топ-10 және топ-5-ке енген, UFC-де алғаш рет негізгі жекпе-жекте өнер көрсеткен (Нил Магниге қарсы), алғаш UFC нөмірлі турниріне қатысқан (UFC 285, Джефф Нилге қарсы), алғаш UFC ойынына енген (UFC 4, 2022 жыл) және UFC-де алғаш рет алты орынды гонорар алған (Джефф Нилге қарсы, $200,000) қазақстандық спортшы. Сондай-ақ ол жартылай орта салмақта қатарынан ең көп жеңіске жеткен UFC файтері (7 жеңіс).

UFC-дің басты жекпе-жегіндегі өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық – Асу Алмабаев. Жамбылдық «Зульфикар» америкалық промоушенде 2023 жылы 5 тамызда дебют жасап, қатарынан 4 жекпе-жекте жеңіске жетті. Соның арқасында рейтингте тез жоғарылап, биыл 1 наурызда Лас-Вегаста өткен UFC Fight Night турнирінің басты жекпе-жегінде бақ сынады. Бірақ португалиялық Манел Капеге есе жіберіп, мансабындағы үшінші, UFC-дегі алғашқы жеңілісіне ұшырады.

Ал Азат Мақсұм UFC-де өткізген 2 жекпе-жегінің бірінде жеңіп, бірінде жеңілді. 2024 жылы 3 ақпанда күтпеген жерден америкалық Чарльз Джонсонға есе жіберді. Содан бері октагонға оралған жоқ. Сергей Морозов лигада 5 кездесу өткізген, 3 рет жеңіске жетіп, 2 мәрте жеңілді. Көрсеткіші жаман емес. Бірақ жеке себептерге байланысты спортпен қоштасты. Бекзат Алмаханды сөз басында айттық. Ал Николай Веретенниковтің жағдайы мәз емес, UFC-дегі екі кездесуінде де жеңілді. Бұлай жалғаса берсе, лигадан шығарылады. Әзірге UFC-ге өткен соңғы қазақ Дияр Нұрғожайдың да промоушендегі алғашқы жекпе-жегі сәтсіз өтті.

Қуаныш Қаппас