Секен ТҰРЫСБЕК, күйші: Нұрағаңның оркестрі

Нұрағаның «Арман» атты күйі – дәулескер күйшінің автопортреті, болмысы дер едім. Оркестрге арналып жазылған «Әлқиссадан» бастап, бүкіл шығармаларының өне бойынан сан қырлы бояуымен бірге Нұрағаның өзі елестейді, дирижерлік сара жолы сайрап жатады.
Ғабит Мүсіреповтің сценарийі бойынша түсірілген Сұлтан Қожықовтың «Қыз-Жібек» фильмінің бүкіл желісін Нұрғиса Тілендиев музыкамен жандандырды. Сондағы «Аққу» күйімен қанаты қайырылған аққуға, қамыспен жасырынып, жанына пана таппай жүрген көлдегі құсқа қуат сыйлап, жаудың тұзағынан құтқарып, қанатымен су сабалатып келіп, көкке самғатуы махаббаттың мәңгілік екенін көрсетсе керек. Кино түсірілімінде қанша қайырып алып келіп, бастарын біріктіріп, қоса алмай қиналған сәтте қос аққуды музыканың киесімен бір-біріне басын игізген тағы да – Нұрағаның құдіреттілігі. Біз халық күйі деп айтып жүрген «Аққу» күйін Байжігіттің, басқалардың орындағанын естіп, тыңдадық. Бірақ сол күйді тірілткен, ары қарай жетілдірген, шыңына шығарған – Нұрғиса Тілендиев. «Аққу» күйін де, аққудың өзін де тірілткен Нұрғиса! Нұрғиса Тілендиев – нағыз күйшіліктің үлгісін бір қалыпқа салған өнерпаз. Екеуміз 16 жыл бірге жүрдік, көрші болдық. Ол «300-ге жуық ән жазыппын, соның он шақтысы орындалып жүр. Мен үшін соның өзі жетістік» деп айтып отыратын. Оның әр күйінің астарында бір мән жатыр, ол кездейсоқ тумаған. Дәл осы «Аққуын» әртүрлі қалыпқа салып, сан құбылтып жүрген күйшілерді ұнатпай қалатын. Күйдің салмақты болғанын сүюші еді. «Аққу емес, бұлар күйді жырпылдатып торғайға айналдырып жіберді ғой» деп күйініп отыратын. Батыстан я басқадан келген бізге тіпті де тән емес дүниелермен күй болмысын былғауға көп қарсы болатын, сонысын ашық айтатын.
Өзі: «Жақсы музыка ой мен қиялдан туады, Секенжан», – деп отырушы еді. Ұлылыққа дауа жоқ! Қиялы ұшқыр, ойы жүйрік адам еді. Нұрағам «Боорлаштарым» деген күйін де әкемнің күйі деп оркестрге өңдеп түсірген еді. Неткен ғажап! Жаныңды тербеп, кеудеңнің қуыс-қуысында бұғып жатқан сезімдеріңді ақтара салады... Осындай керемет күйге арқау болған қырғыз елі қандай бақытты деп қаласың. Нұрағам өтірік айтса да, өлмейтұғын күйден ескерткіш тұрғызды. «Көш-керуен» (Тоқаның «Саржайлауы») күйін «Қыз-Жібек» фильмінде оркестрге өңдеп (оркестровка), түсіргенде өзінің бояуымен қазақтың ұлы даласын әлемге танытты. Табиғатты қалай суреттеген десеңізші! Сол күй арқылы режиссер Сұлтан Қожықов қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы мен салқар көшін қалай кереметтей етіп көрсетті. Дәл осы фильмде Нұрағаның «Жекпе-жек» күйімен бейнелеуінің өзі бір төбе. Батыстың халық әніне ақын Қадыр Мырза-Әліге қайтадан басқа өлең жаздырып, әншіге «Ақжайық» әнін қайта орындатады. Бұл ән де Нұрағамның шеберлігімен фильмде өз орнын тапқан.
Қазақ оркестрінің дамуына үлкен үлес қосқан да осы Нұрағам еді. Сол себепті де шығармашылық ғұмырында көбіне-көп оркестрлік шығармаларға басымдық бергені рас. «Отырар сазының» құрылуы – қазақ өнерінде тыңға түрен салғанмен тең болды. Көне сарынмен көмкерілген халықтық өнерді құлпыртты, ұлттық аспаптарды тірілтті. Сол кездегі Нұрағаның ерлігінің теңдесі жоқ еді. Ол кісінің әндері мен күйлерінде, фильмге жазған музыкасында қайталанбас қолтаңбасы жатыр. «Ата толғауы» – нағыз классика. Бұл күйде қазақтың, ата-бабамыздың толғанысы, ойланысы, болмысы дәл суреттелген. Бұл күйді де оркестрмен орындадық, 80-жылдардың басында бишілер «Ата толғауы» күйіне «Асатаяқ биі» деп би қойды. «Отырар сазы» оркестрінің алдында Болат Сарыбаев, Сейілхан Құсайынов, Серік Нұртазин, содан кейін барып 80-жылдардың басында Д.Қонаевтың қолдауымен Нұрғиса Тілендиев қайта тірілтіп, оркестрдің шаңырағын тік көтерді.
Ұлттың нағыз колоритін сақтап, оркестрлік оранжировка жасауға шебер еді. «Махамбет» күй-дастанының (оркестровка) оркестрге лайықталып өңделгені қандай әдемі. Нағыз классика дерсің! Кіріспесінде Е.Рахмадиевтің «Транссібір экспресіндегі» музыкасының басын әдемі келтіріп, Қазанғаптың «Көкіл» күйін орнымен пайдаланғаны да нәзік үйлесім таба қалғаны қуантты. Қазақтың оркестріне шоқтығы биік тағы бір туынды қосылды. «Аңсауын» айтсаңызшы! Құрманғазының «Қайран шешем», «Ақсақ киік», «Айда, бұлбұл, Айжан-ай», Динаның «Әсем қоңыры», т.б. күйлерді өңдеуі де өзгенің қолынан келеді дей алмас едім. Оранжировканы мың адам жасаса, әркім өз талғамы мен талабына сәйкестеп, мың түрлі қып жасайды. Оркестрге лайықтап күйді өңдеуде Нұрағамның жеткен биігіне шыға алғандар аз. Себебі күйдің табиғатын түсінетіндер аз. Қандай шығарманың қай жамбасқа қалай түсетінін, оркестрге қалай өңдеу керегін бір тыңдағанда-ақ түсініп қоятын. Күйді бүтін не кесек күйінде емес, мейлінше шебер, жұп-жұмыр қып, тігісін жатқызып өңдейді. Тіпті кейде өңделген нұсқасын танымай қаласың.
Ал Нұрағамның «Ата толғауында» біздің бабаларымыздың болмыс, табиғаты тұнып тұр. «Жамбыл атама арналған» деуші еді өзі. Үйінде қабырғада ілулі тұрған Жамбылдың суретін көрсетіп: «Қарашы, сақалын алып тастасақ, тура маған ұқсайды. Қарашы», – дейтін. Жамбыл «Ленинградтық өренім» десе, Нұрағам оркестрдегі балаларын «балапандарым менің», – деп еркелететін. «Балапандарым» атты оркестрдің сүйемелдеуімен саз-сырнай аспабына жазған туындысы да бар.
Ал, енді, шоқтығы биік талант иесінің әндері тіпті бөлек әңгіме. «Құстар әнінің» қалай туғаны туралы шығысқа шыққан сапарымызда Тұманбай аға: «Бір күні Нұрекең: «Тез үйге жет», – деді. Келсем, Нұрекең көңілді. – «Мынадай бір ән туды, тыңдашы», – деп өзіне тән дауысымен қырылдап айтып, – «Осыған тез өлеңін жаз». Мен «ойланайын, уақыт беріңіз», – дедім. «Қанша уақыт? Жылдамдат», – деді. Үйге келіп, жазған өлеңдерімді парақтап отыр едім, сөзі табыла кетті», – деп айтып беріп еді. Нұр-ағам әр концертін сол «Құстар әнімен» аяқтайтын. Келген тыңдаушылары да осы әнді шырқағанды жақсы көретін. Бұл туынды әлі күнге дейін халықтың сүйікті әні болып келеді. Ол кісінің өнерін мәңгілікке, шексіздікке қарай жалғасып жатқан ғажайыпқа балаймын. Кененнің «Базар-Назар» әні, яғни, «Ақешкісі» өзіме ерекше ұнайды, тұнып тұрған қасіретті ән. Сол әннің ырғағымен «Алатау» әнін көңілді әнге айналдырып, ырғағын (темпін) жылдамырақ етіп ала салған. Мұны ғажап шеберлікке балаймын өз басым. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», деген жоқ па Мұқағали. Ал бөлшектеп, түбірімен алып жұту, ол ұрлық болар еді...