Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:08, 09 Ақпан 2023

Сел мен зілзала халықты үркітіп тұр...

None
None

Осы апта басталғалы Түркиядағы жойқын жер сілкінісі әлемді абдыратып тұр. Түркияның оңтүстік-шығысында болған жер сілкінісінен төрт мыңға жуық адам қаза тауып, жиырма мыңнан астам адам жараланды.

Қазір аталмыш елде жеті күндік жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Ақиқатын айту керек, түрік еліндегі жағдайдан кейін біраз елдер сейсмологиялық қауіпсіздігіне қатысты жайттарды қайта пысықтап, кем-кетігі болса, түзеу керектігін мықтап ұғынды. Біздің еліміздің де сейсмологтары қысқа мерзімдік болжамдарын жариялап, 2023 жыл ішінде Алматы полигоны аумағында жеті балдық жер сілкінісі күтілмейтінін айта бастады. 

 Жалпы, Алматы жер сілкінісі қаупі өте жоғары қала. Бірінші рет Алматыда  1887 жылы жер сілкінісі болып, 236 адамның өмірін қиып кетсе, бұл оқиға екі жылдан кейін, 1889 жылы тағы қайталанған. Одан соң, 1910 жылы 9 баллдық жер сілкінісі болып, 44 адам қаза тапқан. Ал қираған ғимараттарда есеп жоқ.

Әрине, «мұндай апаттың бетін аулақ қылсын» дейміз. Бірақ қазір табиғаттың құбылуынан, техногендік апаттардың салдарынан, көптеген аймақтарда төтенше жағдайлар орын алып жатқаны жасырын емес. Ал біз бұлардан сабақ алып отырмыз ба?  Ғылыми, технологиялық тұрғыда дамыған елдердің өзі сейсмикалық қауіпсіздіктері үшін алаңдап отырған тұста біздегі ахуал қандай? Не істелінуде? Қанша жерден өндіріс орындары өркениетті елдермен салыстырғанда, бізде аз дегенімізбен өндіріс орындары жер сілкінісі мен тасқын суға қарсы әрекет етуге дайын ба?

   Міне, бірнеше күннен бері «Қазгидромет» орталығы да Қазақстанның бірқатар аймағын су басу қаупі басым екенін айтуда. Орталық мамандарының мәліметінше, Қарағандыда Нұра өзені ернеуінен асып тұр. Ақмола облысында Есіл өзенінің суы артса, Солтүстік Қазақстанда қосымша су қорын сақтайтын қоймаларда да су көлемі артқан. Сондай-ақ Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында да қар суы мен қосымша су қоры жинақталып, су басу қаупі жоғарылап тұр. Ал мұндай жағдайда біз осы айтып келмейтін апатқа дайынбыз ба? Әсіресе, елдегі стратегиялық маңызы бар нысандардың дайындығы қалай? Бұл ретте,гидрогеолог-ғалым Ғазиза Түсіпова былай деді:

– Бұл жерде бірінші кезекте, сейсмикалық картаның сауатты жасалуы қай елде де асқан қажеттілік. Сейсмикалық картаның негізгі қызметі – сейсмикалық қауіпті аймақтарды айқындау. Бұл дегеніңіз – сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс жұмыстарының қалай салынуы керектігі; тұрғын үйлердің орналасуы қалай түзілу керек; қандай заңдылықтар сақталынғаны жөн; ал қауіпті аудандарда ірі кәсіпорындар салынбағаны абзал. Міне, осының барлығы сейсмикалық карталарда көрініп, сайрап жатуы керек. Негізі, сейсмикалық карталар үш түрде түзіледі. Бірінші, күллі Қазақстанның сейсмикалық картасы жасалынуы керек. Бұл картаны қазірде еуростандартқа сай етіп жасау қажеттілігі байқалып отыр. Әлемде сейсмикалық карталарға байланысты Еуро-8 деген стандарт бар. Соған бұл карта сай болуы керек.

Бұдан соң, екінші дәрежедегі сейсмикалық карта, бұл әр облыстың сейсмикалық картасы болуы тиіс. Әрбір облыстың басшылары сейсмикалық карталардың сапалы болуына, оны тәжірибеде сауатты қолдануға мән беруі қажет.

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, тасқын су кезінде техногендік жер сілкіністерінің, зілзаланың болуы, тіптен, күшейе түседі. Бұл ретте, мамандар «Мәселен, мұнай мен газды қазір бес шақырымға дейінгі тереңдіктен алады. Ал шикізат алынған жер қыртыстары босап қалып жататыны даусыз. Міне, осындай бос жерлер өзінің табиғи қалпына бірден келе қоймайды. Бұл жерде табиғи заңдылық бұзылып отыр. Сөйтіп, физика-механикалық құрамы өзгерген аймақта техногендік жер сілкіністері пайда болып жатыр. Ал техногенді жер сілкіністері табиғи апаттар кезінде (су басу, қар көшкіні), тіптен, күшейеді», – дейді.

Негізінен, ғалым Ғазиза Түсіпованың айтуынша,  біздегі стратегиялық маңызы бар нысандардың ағын су, тасқын алу, қар көшу тәрізді табиғи апаттарға дайындығы қайта тексерілуі керек.

– Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен су электр стансалары қайта тексерілуі тиіс. Тараздағы Киров, Қарағанды, Астанадағы су қоймаларының айтып келмейтін апатқа дайын екендігі нақты зерттелуі тиіс. Бұған қатысты мемлекеттік тұрғыда арнайы міндеттемелер жүктелгені абзал. Бізде Тұрғын үйлердің салыну құрылысы, кәсіпорын, зауыт-фабрикалардың ара қашықтықты, техникалық регламентті сақтап салынуы күмәнді екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан келешекте осындай жайттарды ескере отырып, бірінші кезекте, елдегі құрылыс жұмыстарының дұрыс жұмыс істеуін, стратегиялық маңызы бар нысандардың дұрыс салынуын қатаң бақылауға алуды ойластырғанымыз абзал. Олай етпесек, қандайда бір айтып келмейтін апаттар орын алған жағдайда сапасыз салынған құрылыстардың салдарынан қаладағы тұрғын үйлердің жартысы құлайды. Қазір қалада тұрғын үйлер бір-біріне тым жақын салынып жатыр, қанша жерден сапалы салынса да ара қашықтық ескерілуі керек, – дейді Ғазиза Түсіпова.

Сондай-ақ маманның айтуынша, біз құрылыс саласында жүрген жұмысшылардың көбі мигранттар екенін ұмытпағанымыз жөн.

– Құрылыс саласында жүргендердің дені қарапайым жұмысшылар. Олардың арасында өзбектер, қырғыздар бар. Әрине, олардың ұсынатын жұмысы арзан болғандықтан, біз солардың еңбегіне жүгінеміз. Бірақ сол мигранттардың барлық талаптарды сақтап, тұрғын үй салып беруі өте күмәнді. Сондықтан көп қабатты тұрғын үй жұмыстарына, стратегиялық маңызы бар нысандардың құрылысын салған кезде арнайы оқыған мамандығы бар құрылысшылар легі жасақталғаны дұрыс. Қазір құрылыс саласында білімі жоқ жұмысшыларды жинап алып, ертең өкініп қалмауымыз үшін осы мәселені шешу керек, – дейді маман.

   Негізінде, біз басқасын қойып, бір ғана тасқын су басудың алдын ала алмай, жыл сайын қаншама шығынға ұшырап жатырмыз. Халық 2010 жылы орын алған Қызылағаш қайғысын әлі естен шығарған жоқ. Қызылағаш тұрғындарының 15 жыл бойы тасқын су басу қаупімен өмір сүргені де сол қасіретті оқиғадан кейін ғана ашық айтылды. Өткенде қаңтар айында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин: «елімізде 255 елдімекенді су басу қаупі бар. Ал онда 700 мыңнан аса адам тұрады», деді. Министрлік қауіптің алдын алуда қарекетсіз отырғандар барын да жасырмады. Ильин мырза, тіпті,  «су тасқыны кезеңіне мүлде дайын емеспіз», дегенді де айтты. Оның сөзінше, қар ерісе, 127 мыңға жуық үй су астында қалуы мүмкін.

   Қалай десек те қазір сел мен зілзаладан халықтың үрейленіп отырғаны жасырын емес. Біз «шықпа, жаным шықпа» деп «онсыз да қалтылдап отырған елді табиғи апаттар айналып өтсе», дейміз. Бірақ «апаттың айтып келмейтінін» ескерсек, үкімет қандай жағдайда болса да халықты қамықтырмайтын, қысылтаяңда тарықтырмайтын шешімдер қабылдай алса игі ғой...

Тегтер: