Семей облысы қажет пе өзі?
Ресмитілмен сөйлесек, биыл ұлы ақынымыз Абайдың 175 жылдығы аталып өтпек. Білуімізше, мерейтойға байланысты 500-ге тарта іс-шара өткізілмек екен.
Бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Арнайы комиссия құрылып, оны мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев басқаруда. Қазірдің өзінде азды-көпті шаралар өтіп жатыр. Соның бірі – Семейдегі әуежайдың ұлы Абайдың атымен аталуы. Тамаша. Керемет. Тіпті алдағы уақытта осы шығыста жатқан облысты Абайдың атымен атап жіберсек те болар еді. Исі қазақтың ұлы ақыны, ойшылы бір облыстың атын иеленуіне хақысы бар. Түбі оған да жетерміз.
Иә, әңгіме Абай дегенненшығып кетті ғой. Облыстың атын беруден бұрын, билік ұлы Абайдыхалықтың жадына сіңіру үшін 10 тамызды Абай күні деп айшықтап, ресми мерекелер күнтізбесіне енгізуді қолға алыпты. Құптарлық дүние. Ресейде 6 маусымды Пушкин күні деп атап өтіп жатады.Енді біз де көршіден қалыспай, 10 тамызды Абай күні деп, ұлы ақынның есім-сойын аспандатпақпыз. Хош делік. «Ештен кеш жақсы». Ұлы рухқа арналған игі тірлік, құдіретті қадам. Оң болғай бәрі. Ендіәңгімемізді сәл өзгеше арнаға бұрайық.
Айтайық дегеніміз, қазақтың біраз игі жақсылары соңғы уақытта «бұрынғы Семей облысын қайта қалпына келтірейік» десіп жүр. Тіпті оны «Абай облысы деп атайық» деп жүргендер де бар. Ниет дұрыс-ақ. Бірақ... Иә, бірақ деп күмілжитін жөніміз бар. Әрине, бұрынғы Семей облысын Шығыс Қазақстаннан бөліп алып,жеке облыс ретінде құра салу көп қиындық келтірмес. Баяғы аумақ, бұрынғы облыс шекарасы бар. Дегенмен бұл жерде мына бір мәселені ұмытпаған жөн секілді. Осы орайда, қоғам белсендісі Азаматхан Әміртайдыңмына бір жазбасын келтірейік. «Соңғы кезде қазақы қоғамда елді мекен, жер-суаттарын өзгерту, яғни бұрынғы тарихи атауларын беру керегі жиі көтеріліп жүр. Дұрыс.Қолдаймыз. Дегенмен мына бір мәселеге көңіл аударған жөн сияқты. 90-жылдардың (1997 жыл) ортасында сол кездегі премьер-министрӘкежан Қажыгелдиннің ұсынысымен кейбір облыстар қысқартылып, өзге облыстарға қосып жіберілді. Қажыгелдиннің уәжі: экономикалыққиыншылық, оңтайландыру саясаты еді. Қазір сол облыстардықайтадан қалпына келтіру керек дегенәңгіме жиі айтылады. Мұның қаншалықты тиімді екенін білу үшінүлкен экономикалық сараптама қажет. Меніңше, әзірге облыстарды бұрынғы қалпына келтіруге ерте. Неге? Бұл мәселенің экономикадан бұрын, саяси астары(бұл саясат сол кезде есепке алынып барып, облыстар қысқарса керек) бар. Себеп – қазақ көп шоғырланған облыстарды орыс жұрты басым отырған облыстарға қосып, тепе-теңдікті сақтау, қауіпсіздікті күшейту. Бұл өте дұрыс саясат болды. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Жағдай өзгерді ме? Жоқ. Солтүстік және шығыс аймақтарда әлі де ұйысып славян жұрты отыр.Егер де бұрынғы оңтайландыруға ұшыраған облыстарды (Семей, Жезқазған, Торғай, Көкшетау) қалпына келтіретін болсақ, олардан құтылғанөңірлерде (Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды)орыс ұлтының пайыздық көрсеткіші көтеріліп шыға келеді. Егер де Украинадағы (Мәскеу араласқан Қырымдағы референдум, Донбасстағы текетірес) жағдайды еске алатын болсақ, аталмыш облыстар мәселесін кейінге қалдыра тұрған жөн. Солтүстіктегі көрші жұрттыңкейбір саясаткерлері тарапынан әлі де «Қазақстанның солтүстіктегі бес облысы Ресейге тиесілі»деген әңгіме жиі айтылады. Әгәрәки, осы аймақтардаарандатулар орын алса, Кремль, сөз жоқ, «орыс ұлтының құқығын қорғаймыз» деген желеумен ішкі шаруамызға араласа кетері хақ. Мұны болдырмау үшін біз осының бәрін таразыданөткізуіміз қажет. Ең бастысы, осы аймақтарға халқы өте тығыз орналасқан оңтүстік өңірдегі қандастарымызды көшіру. Әрине, бұл мәселе орындалып жатыр. Арнайы бағдарламалар бар. Бірақ жыл сайын 6-7 мың адам оңтүстіктен солтүстікке барады екен. Бұл аз. Шығыс пен солтүстікте қазақтың қарасын көбейту еліміздің негізгі саясатының бірі болуы тиіс. Демек, еліміздің, жеріміздің бүтіндігі, тұтастығы керек, қауіпсіздігімізді күшейтеміз десе, бүгінгі билік осы мәселені түпкілікті қолға алғаны жөн. Шығыс пен солтүстік өндірісті, өнеркәсібі дамыған аймақтар. Осы жақта орналасқан ондаған зауыт-фабрикағажұмыссыз жүрген қандастарымызды тартуымыз керек. Бұл да аймақты қазақыландырудың бір жолы.Сондай-ақ сырттан келген оралмандарды да басын ешқайда бұрғызбай, солтүстік облыстарға қоныстандыру мемлекеттің басты шарасының бірі болуы тиіс деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, осы аты аталған облыстарда қазақтың саны өзге жұрттан қашан асып түседі – сол кезде ғана облыстарды қалпына келтіру, сол аймақтардағы жер-су атауларын реттеуге алаңсыз кірісуге болар еді», – дейді қоғам белсендісі. Өте орынды пікір.
Күні кеше ғана Ресей президенті түпкі ойын жасырмай жайып салды. Ондағысы «тәуелсіздік алған республикалар орыс жерін иеленіп кетті» дегенге саяды. Әрине, бізге қаратып айтқан жоқ. Кезіндегі КСРО кеңістігінде өмір сүрген барлық ТМД-ға кіретін республикаларға қарата айтып отыр. Ал таяқтың бір ұшы бізге тиері анық. Онсыз да Ресейдің кейбір сандалбай саясаткерлері «Қазақстанның солтүстік өңірі Ресейдікі» деп жүргені белгілі. Жарайды, оларды қойшы, «Ит үреді, керуен көшеді» десек те, Путин қатардағы адам емес, мемлекет басшысы, империялық амбициясы басым адам. Путиннің аузынаншыққан әрбір сөз сол елдің көзқарасын білдіреді. Ойланатын жағдай. Оның сөзін таразыға тарта отырып қорытынды жасауға тиіспіз. Демек, бізге бұрынғы облыстарды қайтадан қалпына келтірмес бұрын, солтүстік және шығыс аймақты әбден қазақыландырып алу қажет. Ондағы қазақтардың үлес салмағы кемдегенде 70-80 пайызға жеткенде ғана ұрандауға болады. Қысқасы, «Семей облысын немесе өзге облыстарды қайтадан құру керек» деген даңғаза айқайдан гөрі осындай шетін мәселелерді асықпай реттеп алған жөн бе деймін.
Бірді айтып бірге кетсек кешірерсіздер, енді алғашқы әңгімемізге қайтып оралайық. Үкімет сонымен 10 тамызды Абай күні деп атауға шешім қабылдапты. Бірақ, Мамин үкіметінің айтуынша, бұл мәселе қоғамдық талқылауға салынып, ол 13 шілдеде аяқталмақ көрінеді. Бұл не қылған талқылау? Исі қазақтың ұлы Абайы талқылауға салынатын кәкір-шүкірадам ба? Бұл Мамин басқарған үкіметтің қожанасырлығын қойсаңшы, енді... Ең дұрысы, мемлекет басшысы «10 тамыз – Абай күні» деп жарлық шығарса, бар әңгіметәм-тәмам болмай ма?
КүлтегінБЕК