Семей орманынан тағы да өрт шықты: Астана мен Қарағандыдан құтқарушылар көмекке барады
Семей орманы резерватының аумағынан өрт шықты. Орман өрті 4 тамыз күні сағат 14:39-да Долон филиалы Байдәулет орманшылығының 7,8 кварталынан басталды.
Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Экология министрлігінң мәліметінше, оны сөндіруге 66 адам (36 орман күзеті, 30 ТЖД қызметкері) және 24 техника, оның ішінде 1 тікұшақ жұмылдырылған.
Өрттің болжамды аумағы — 27 гектар. Қазіргі уақытта өрттің таралуы тоқтатылды, толықтай сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі өртті жедел сөндіру мақсатында Абай облысы ТЖД күш-құралдары дереу оқиға орнына жіберілгенін хабарлады.
Әуеден барлау және су төгу құрылғысын пайдалана отырып, Қазавиақұтқару және Қорғаныс министрлігінің тікұшақтары жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта ТЖМ мен орман шаруашылығының тартылған күш-құралдарының саны — шамамен 130 адам және 25 техника.
Астана қаласы мен Қарағанды облысынан күш-құралдары өрт орнына қосымша жіберіледі.