Семейдегі еріктілер: «Қазақ халқының бірлігі осындайда көрінеді екен»
Соңғы жылдары елімізде еріктілер саны артып, ақысыз жасалатын қызметтің аясы кеңіп келеді.
Еріктілік дәстүрге айналды. Жастар бұл қызметті де меңгеріп үлгерді қазір.
Қайбір жылы Сырдың суы тасып, Түркістан облысының тұрғындары баспанасыз қалғанда осы еріктілер көмекке келген-ді. Былтыр Қостанай облысындағы өрт кезінде де ерікті қызметтің көмегі көп тиді. Биыл Абай облысындағы қызыл жалынмен күресте де еріктілер жан аямай көмектесіп жатыр. Біз Абай облысындағы алапат апатпен күндіз-түні бел шешпей күресіп жүрген төтенше жағдай қызметкерлері: өрт сөндірушілерге, орманшыларға тамақ тасып, киім-кешек жеткізіп жүрген ерікті жастардың арасынан Ділназ Тәңірберген мен Ерсінбек Өрлеубекпен сөйлесуге мүмкіндіктаптық. Жас та болса, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен қарындасымызды от пен жалынның ортасында жүрген жерінен хабарласып, телефон арқылы әңгімеге тарттық. Қарындасымыз уақытының аздығын айтып, қысқа-нұсқа сөйлесті. Ерсінбекті де қауырт жұмысының арасынан ұстап, қолқалап жүріп сұхбатқа көндірдік.
- Ділназ, сізді алапат өртке қанатымен су сепкен қарлығашқа теңеп жатыр. Қандай мекеме атынан жүрсіз?
- Ешқандай мекемеге тәуелді емеспін, тәуелсіз еріктімін. Семейдегі өртке ерікті ретінде көмектесуге бардық. Қасымда Динара деген құрбым, «Дәулеттен» қорындағы жастар болды. Әуелде өртті өшіруге келіп жатқан төтенше жағдай қызметкерлеріне ас-ауқат, тамақтарын ұйымдастырып жүрдік. Одан кейін Талица деген ауыл жаққа бардық. Ол жақта та алапат өрт болып жатқан. Жағдайды өз көзімізбен көрдік. Өрт сөндірушілер от пен ыстың ортасында жан аямай демалыссыз жұмыс істеп, жүгіріп жүр. Арасында тамақ ішуге ғана келеді де, қайтадан қызметтеріне кетеді. Тозақты көрген ешкім жоқ, бірақ өрт сөндіріп жүрген ағайлардың әңгімесінен түсінгеніміз, шатырлап жанған орманның жалыны тозақ оттарынан кем емес сияқты. Шет жағын өзіміз де көріп жүрміз, тіпті бет қаратпайды. Аспан да, жер де лапылдап жанып жатқандай. Күллі дүние көк түтін.
- Ақысы төленбейтін жұмыс қой, сіз неден мотивация аласыз?
- Ерікті болу адамның еркімен жасалатын жұмыс. Мұны «ерікті» деген сөздің өзінен түсінуге болады. Ерікті ең алдымен не ойлайды? Мысалы, өз басым, туған жеріміздегі жап-жасыл орманға өрт тигенде, табиғатымызды құтқарып қалу үшін тәуекелге барып жатқан орманшыларды, төтенше жағдай қызметкерлерін көргенде, еш ойланған жоқпын, адам өз еркімен көмекке жүгіреді екен. Солай араласып кеттім бұл шаруаға. Өрттің алғашқы күндері санаулы ғана жастар ерікті болып қызмет еткенбіз. Қазір санымыз артты. Бірнеше команда, бірнеше топ болып жұмыс жасап жатырмыз. Одан бөлек, өртке бүкіл Қазақстан көмектесіп, қолғабыс тигізуде. Әуелі ақша аударды. Одан кейін, қалың аяқ киімдер мен сырт киімдер жібере бастады. Алматы, Павлодар, Түркістан облыстары көмек көрсетуден көш бастап тұр. Басқа аймақтар да қарап жатқан жоқ, бәрі атсалысып жатыр.
Біз көріп жүрген еріктілердің жас шамасы әртүрлі. Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін шамасы келген көмегін жасап жүр. Мысалы, ата-аналарына көмектесіп жатқан 14-15 жастағы қыздар мен балалар да ерікті болып жатыр. Мектеп меңгерушілері мен әкімдер де бар. Ауыл тұрғындары штаб құрып, қызмет етуде. Мұнда жұмыс қауырт. Қарап отырған ешкім жоқ. Тіпті сізге сұхбат беруге уақытым болмай тұр, кешіріңізші!
Ділназбен қоштасып та үлгерген жоқпыз. Ал Ерсінбек Өрлеубекке бірнеше сұрақ қойдық. Абай облысындағы өртпен алысып жүрген еріктілердің санын сұрадық. Көрсетіліп жатқан көмекті, өрттің беталысын, тұрғындардың жағдайын сұрадық.
– Дәл қазір өрт ошақтарында мыңға жуық ерікті жұмыс істеп жатыр. Оның бәрі бір жерде емес. Бірнеше аймақ бойынша бірнеше командаға бөлінген. Бородулиха ауданының маңы мен Семей қаласының жанындағы бірнеше ауылдың айналасындағы орман жанып жатыр қазір. Еріктілер төтенше жағдай қызметкерлері мен әскери қызметкерлерге, орманшыларға тамақ жеткізумен, киім-кешек апарып көмектесуде. Өзге өңірлерден көмектессек деген еріктілер бар. Дәл қазір өрт сөндірумен айналысып жатқан үш аймақта да тамақ, ас-ауқат жеткілікті. Бірнеше күннен бері қызыл жалынмен күресіп жүрген батырларымызға гигиеналық заттар керек. Оны да жеткізіп жатыр жұрт.
Өрт сөнгеннен кейін ең қатты қуанатындар басқалар емес, ең алдымен осы еріктілер болатын шығар. Өйткені жағдайдың қандай ауыр екенін біз көріп отырмыз. Бізді өрт ошақтарына жібермейді. Өрттен алыс, орманнан шалғай ауыл тұрғындарының өзі ыстан дем ала алмай, күндіз-түні қысылып әрең отыр. Өрт сөндіріп жүрген төтеншеліктердің жағдайы қалай екенін елестете беріңіз осыдан кейін. Кәсіби маман болмаса да, өз еріктерімен өрт сөндіруге көмектескісі келетін еріктілер баршылық. Бірақ от ойнайтын дүние емес қой. Оларға рұқсат бермейді. Оның үстіне, бұл жақта жел қатты соғып тұр. Желдің кесірінен өшкен оттың орны қайта тұтап кетуде. Қаламызда «Жастар Семей» деген қоғамдық қор бар. Қордың жігіттері өрт сөндіруге барамыз деп әлеуметтік желіге жазыпты. Бірақ кәсіби маман болмаса, қарапайым адамға өрт сөндіру қауіпті.
– Дәл қазір жағдай қалай: Өрттің беті қайтты ма? Қызыл жалынның беті қанша күнде қайтатындай, мамандар не айтып жатыр? Жаман айтпай жақсы жоқ, қауіптің беті қайтпаса, өрт өршіп кетсе, соңы неге ұласуы мүмкін?
–Маман емеспіз ғой. Сондықтан өрттің дәл қазіргі жағдайын айта алмаймыз. Қауіптің беті қайтты деп асығыс айтудан да аулақпыз. Ресми дереккөздерінің дерегіне сенсек, өрт өшірілген аумақ көп. Қосылып жатқан жаңа аумақтар да аз емес. Өрт өршіп кетсе, тілсіз жау жалғыз Абай облысына ғана кесірін тигізбейді. Іргеміздегі Шығыс Қазақстан облысына өтіп кетуі мүмкін. Ащы түтіннің өзі жақын облыстарға жетіп, кейбір аудан, ауыл тұрғындары ыстан зардап шегіп отыр.
Қазақ халқының бірлігі осындайда көрінеді екен. Көмекке Абай облысының барлық аудандары түгел аттанысқа келіп жатыр. Кеше ғана Үржар ауданынан бір камаз жүк келді. Азық-түлік, киім-кешек тиелген. Бүгін Аягөз бен Бесқарағайдан келді көмек. Үлкен көлік таппағандар жеңіл машиналарымен де қажетті заттар тасып, шауып жүр. Мал шаруашылығымен айналысатын Ақсуат пен Абай ет-сүт әкеліп көмек көрсетуде. Молда-имамдар тасаттық беріп, жаңбыр тілеп, жаратушыдан медет сұрауда. Бірлік деген осы емес пе?
– Еріктілердің жас шамасына тоқталсаңыз. Көзге түскен жастардың атын атап, түсін түстей кетсеңіз.
–Жас шамалары әртүрлі. Ауылдардан қарттар мен балалар келіп көмектесіп жатыр. Дәл қазір біздің көзімізге түскен бір ерікті – Ділназ деген қарындасымыз. Өзіңізге де сұхбат берді. Қай жерде от өршіп, өрт сөндірушілердің күші жұмылдырылады, Ділназ сонда жүреді. Ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп үлгерді. «Жастар рухы – жастар қанаты» ұйымының Абай облыстық бөлімшесі, «Қазақстан студенттер альянсының» Абай облыстық филиалы, «Жастар Семей» қоғамдық қоры, «Дәулеттен» қорының жастары күндіз-түні бел шешпей көмектесіп жатыр. Қаладағы кәсіпкерлер де қарап отырған жоқ.
— Әңгімеңізге рахмет!