Семей мен облыстың кейбір аудандарын жаңбыр және еріген қар сулары басты
Семей қаласында нөсер жаңбыр мен еріген қар сулары салдарынан кейбір аудандарды су басты. Қалада суды сорып шығару жұмыстары түні бойы жалғасқан. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде жауыннан кейінгі су басқан көшелердің видеоларын бөлісіп жатыр.
Қаланың арнайы қызметтері жеке үйлерді су басуына жол бермеу үшін түні бойы суды сорып шығарумен айналысқан.
Қанша техника мен адам жұмылдырылды
Әкімдіктің мәліметінше, жұмыстарға:
- 65 техника,
- 20 мотопомпа,
- 250-ге жуық қызметкер тартылған.
Олар көшелерде, аулаларда және су жиналған аумақтарда жұмыс жүргізіп жатыр.
Бұған дейін мердігер ұйыммен 70 техника тарту туралы келісім жасалғаны, ал 6 наурыздан бері 3 мың текше метрден астам су сорылып шығарылғаны хабарланған.
Әкімдік суды қауіпсіз жерлерге бұру жұмыстары жағдай тұрақталғанша жалғасатынын айтты.
Сонымен қатар қосымша көмек ретінде ТЖМ-нің 68303 әскери бөлімі де тартылған.
ТЖМ мәліметінше, облыстың басқа аудандарында да су тасқыны байқалған.
Мәселен, Абай облысы Ақсуат ауданындағы Екпін ауылдық округінде жеңіл көлікпен келе жатқан ер адамдар еріген қар суға түсіп, жырадан өз бетімен шыға алмаған.
Құтқарушылар оқиға орнына 40 шақырым жол жүріп, көлікте қалған үш адамды эвакуациялап, елді мекенге жеткізген. Зардап шеккендерге медициналық көмек қажет болмаған.