Семейде «орманды жымқырды» деген күдіктілер ұсталды
“Семей орманы” мекемесінің филиал директоры ұсталды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, орманды жымқырды деген күдікпен полицияға жалпы 20-дан астам адам жеткізілген.
9 шілдеде Абай облысының аумағында ІІМ және ҰҚК жедел уәкілдері прокуратураның үйлестіруімен “Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерваты филиалдарының бірінің директорының басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойды. Орманды жымқырды деген күдікпен полицияға 20-дан астам адам жеткізілді. Тінту жүргізіліп, ұрланған ағаштардың ондаған текше метрі, ағаш өңдеу станоктары, ақша және құжаттар тәркіленді. Филиал директоры мен қылмысқа қатысушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Сондай-ақ күдіктілердің лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, мүлікті жымқыру фактілеріне қатысы бар-жоғы тексеріледі. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында “Ертіс орманы” республикалық мемлекеттік мекемесінің директорының басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топ ұсталған болатын. Күдіктілерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету, мүше болу фактілері бойынша іс тергеліп жатыр.