Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:00

Семейден Жаңасемейге «ұзатылған» Жарқын ауылының болашағы бұлдыр

1

Облыс орталығы Семейдің іргесіндегі Жарқын елді мекенінің тұрғындары қыстың көзі қырауда далада қала жаздады. Жаңасемей ауданы құрылғанға дейін Приречный ауылдық округінің құрамында болған жарқындықтар қазір дербес ауыл болғанды қалайды.

Өйткені мұнда 125 отбасы тұрады. Қызығы сол, Семей облыс орталығы мәртебесін алуына байланысты қалаға қарап келген ауылдар Жаңасемей ауданының құрамына өткен кезде бұл ауыл ескерусіз қалған. Егер тұрғындар өздеріне қатысты түрлі әлеуметтік мәселелермен қалалық әкімдіктен бастап, тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырмағанда бұл келеңсіз жағдай әлі қаншаға созыларын кім білсін?!

Амал жоқ, бірінен-бірі өтетін түсініксіз жайтқа тап болған ауыл тұрғындары КТК, 7 арна, «Жас Алаш» журналистерін шақырып, дабыл қаққанда барып, Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев пен Жаңасемей ауданының әкімі Нұржан Оразбекұлы қарамағындағы бөлім басшыларын ертіп, мектеп ғимаратына жиналған жұртқа жағдайды түсіндіруге тырысты. Кездесуді шенеуніктердің «ортақ жаргонына» айналған «облыс әкімінің тапсырмасымен» келіп отырғандығын айтудан бастаған Әділет Нұрсағатұлы Жарқын ауылының Жаңасемей құрамына енетіндігін мәлімдеді. Бұл шешім жергілікті халықтың ойын дөп басқандай көрінгенімен, ресми расталуына дейін атқарылар шаруа шаш-етектен.

1

Өткен жылдың қазан айында сайланған қала әкімі Әділет Қожанбаев Жарқын ауылына қатысты түйткілді мәселелердің бар екенін мойындаған болатын. Сонда мысал есебінде ХҚО арқылы құжаттандыру бағытында бұған дейін басталған іс соңына дейін жетпегенін атап айтқан еді. Расында да, баспана сатып алу, сату жайын рәсімдеуден бастап, денсаулығы сыр берсе анықтама беретін учаскелік дәрігер жоқтығы, көшелердің басым бөлігі қараңғы болғандықтан, қауіпсіздікті қамтудың қиынға түсіп отырғаны сияқты, бірінің ізін бірі жалғастыратын проблема жетерлік.

Қашықтығы он шақырымға да толмайтын қалаға қатынайтын қоғамдық көлік те бірде бар, бірде жоқ. Ауыл тұрғыны Жаңыл Жолдашеваның айтуынша, таңертең жоғары оқу орнындағы сабағына осы ауылдан қатынап оқитын әр бала 400 теңгеден төлеп, таксимен баруға мәжбүр. Барлығы жиналып 2 мың теңгемен жеткенімен, кешкілікте қайтқанда, «индрайвер» арқылы такси бағасы үш-төрт мың теңгеге дейін көтеріледі.

1
Фото: ашық дереккөз

Осы жанайқайға байланысты Семей әкімі Әділет Нұрсағатұлы ақпан айының 1-інен бастап, қоғамдық көлік күніне 5 рет қатынайтынын айтып, шулаған халықты бір қуантып қойды. Бас ауырып, балтыр сыздағанда қала ішіндегі «Юность» мөлтек ауданындағы емханаға келетін жарқындықтар үшін медициналық нысанның жоқтығы да жанға батқан жағдай.

Ауылдың тағы бір тұрғыны – Мақпал Бейбітқызы өткен жылдың соңында баспанасын сатқанда, басы бәлеге қала жаздағанын айтып, мұңын шақты.

Жергілікті мектепте мұғалім болып жүрген ол 8 млн теңгеге сатқан баспанасын сатып алушыдан қайтарып алуына тура келген. Өйткені сатып алған үйдің иесі өз атына рәсімдеу барысында тиісті құжат мемлекеттік базадан шықпай қалғанын айтқанда, дел-сал күй кешкен.

Сатып алған кісі нотариус қызметіне жүгінгенде біздің үйдің құжаты базадан шықпай қалған. «Сен алаяқсың» дегенде жанымды қоярға жер таппадым. Сол жерде нотариус шақырып, ақшасын қайтарып бердік. Содан кейін, он күннің ішінде келіскен қаражатын қайтарып беруге мәжбүр болдық. Турасын айтқанда, біздің қолымызда қазір документ жоқ. Үй еш жерде тіркелмегенін енді біліп отырмыз, – дейді М.Бейбітқызы.

Бұл мәселеге байланысты қала әкімі Ә.Қожанбаев Жаңасемей ауданы құрылған кезде қала аумағындағы елді мекендерді рәсімдеу ісі соңына дейін жетпегендігін айта келе алдағы уақытта аталған кемшіліктерді жою үшін тиісті жұмыстар атқарылатындығын түсіндіріп бақты.

Жарқындықтар, әрине, Жаңасемей ауданына қарауға қарсы емес. Өйткені мұнда мал ұстайтын отбасылар да жетерлік. Алайда мал жайылымының жерін оңтайлы пайдалану да оңай болмай тұр. Әлдебір компания ауыл іргесін қазып, өрісті тарылтып отырғаны да тексеруді қажет етеді.

Жиын соңына қарай қала әкімі жарқындықтарды Семейден Жаңасемейге ауыстыру шаруалары бір ай шамасында реттелетінін айтып сендірді. Алайда бұл «бізден кетті, сізге жетті» дейтіндей, қыз ұзату емес екені аян. Жаңасемей ауданының әкімі Нұржан Оразбекұлының айтуынша, ауылды аудан құрамына қабылдау, аумақтың Семеймен шекарасын айқындау ісі бірнеше айға созылатыны анық.

Тоқетерін айтқанда, әлеуметтік-тұрмыстық проблемалары тұрғындарының басынан асатын ауылдың аты Жарқын болғанымен, халқының жүзі жабырқаулы қалпы әлі де «талай қызықты» бастан өткеретін жайы бар. Ал дербес жеке ауыл мәртебесіне қол жеткізу әзірге «армандауға да болмай ма» дегеннің кейпінде тұр...

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Абай облысы