Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:30, 02 Ақпан 2022

Семсерін сертке суарған

None
None

Оның есімі мектеп жасынан-ақ елдің аузына ілікті. Әкрамның әдепті баласы әдебиетке құмар еді.

Сонау Ақсуат өңіріндегі Қырықошақ жайлауында жазғы каникулда  қой қайырғаны болмаса, негізінен ой бағып жүрді. Момын әкесі ұлының ішкі жан дүниесін сол кезден-ақ білді. Жеті қыздың ішіндегі жалғыз ұлды анасы да бетінен қақпады. Сол жалғызы  әке-шешесін  үмітін ақтады. Дегенмен, еркелігі де бар еді. Басына ноқта кимеген құлындай  құлдыраңдаған  қылықты ұлдың қылығына көршілер де қызыға қарайтын. Оған айрықша сүйсінген әкесі, нағыз серігіне балайтын. Есімін сол үшін де Серік деп қойған еді. Тумысы бөлек ұлдың ой санасы да зерек болды. Әкесінің малшылар тойынан  сыйлыққа  алған транзистор радиосы ән мен жырға құмар баланың одан сайын зейінін аша түсті. Құлағын бұрап қалсаң ән шырқап, сөйлей жөнелетін  қорапшаға  басында тосырқай қарағаны да рас. Тіпті жар жағасына апарып таспен ұрып, сөйлейтін қораптың ішін ашып көрмек те болды.  Бірақ ішкі зердесі ондай қылықты жасатпады. Есесіне болар баланың талабы шыңдалып, өзі де ыңылдап ән айтатын әдет шығарды. Жұрт көзінен жасырып өлең де жаза бастады. Бұл сөзіміздің куәсі ақынның жазған өз өлеңі:

Әлі есімде еркелікті күй ғып тартып,

Үй ішінде құмар ем билікке артық.

Бір күні әкем әкелген шопан тойдан,

Кішкентай транзистор сыйлыққа алып.

Ойынның сыртта қалып әлегі енді,

Еліктірген радионың әуені еді.

Менің сәби жанымды баурап алған,

Киіз үйдің ішіндегі әлем еді.

Табылып енді жаңа ермегім де,

Кеудемді мақтанышпен жел керуде.

Бірте-бірте кіршіксіз бала көңіл,

Айналды толқынменен тербелуге.

Радиоға кішкентай құлақ түріп,

Дәл табушы ем Шалқарды бұрап тұрып.

Радионың үнінен қанаттандым,

Алдыма асыл арман, мұрат қылып.

Сен рухсың – үніңмен төрлеп тұрған,

Кептірмес кенеземді шөлдеп тұрған.

Әлі күнге жүрегім қазақ болып,

Қазақтың радиосы сөйлеп тұрған.

Осылай  ағынан ақтарылып, өзінің рухани ұстазына саналған  радиода бір кездері  өзі де қызмет ететінін сол кезде ақын бала қайдан білсін?

2006 жылы ақын Серік Қалиев, бас директор Ж.Ерманның бұйрығымен   «әлеуметтік және имидж» роликтер бөлімінің жетекшісі болып тағайындалды. Бұл бір қарағанда жеңіл-желпі, өте оңай болып көрінгенімен нағыз қиын жұмыс еді. Сол кезде Секең дайындаған  тиек сөз  (роликтер) мәтіндерін жинақтап қойғанда бір кітапқа татитын нақыл сөздер мен санаңды сілкитін қуатты өлеңдер бар еді.

Серіктің өз жұмысын  адал атқарып, жауапкершілікті бәрінен биік қоятын іскерлігіне сүйсінген бас директор, Серік Әкрамұлына «Қазақ радиосының» бас редакторы бол деп ұсыныс білдіріп, ойлануға үш күн мұрсат берді. Қызметқұмар жан болса Секең сол күні-ақ, бас редактор болып кететін еді. Бала көңіл, сәби болмысты ақынның  кеңселік қызметті жаны қаламағанын  кейіннен жете түсіндік. Оның даналығы да, балалығы да өз өлеңдеріндей  тап-таза:

Құлдыраңдаған құлын жыр ма екен,

Кезікпейтінін біліп жүрме екен.

Тізесі қанап жылап жүрме екен,

Сықылықтап күліп жүрме екен,

                                      бала күн.

Пана іздеп жүрме дауылда қалып,

Қар менен нөсер жауынға налып.

Әкесіне еріп жүрме әлде қойды,

Тарбағатайдың тауында бағып,

                                      бала күн.

Сөз басында айтқанымыздай,  маңдайын самалға сүйгізіп, атқа мінсе желмен жарысып, Сәкен серідей тау ішінде әнге басатын өнерпаз ұлдың есейе келе талғамы да өзгере бастады. Оның әрбір ісін әпкелері де қоштады.  Айтқанын екі етпейтін әкесі 7 сыныпты бітірген жылы «Восход» деп аталатын мотоцикл сатып алып берді. Сол мотоның қызығын Секең бір кісідей-ақ көрді. Бір шаңды бір шаңға қосып, жейденің омырауын ағытып тастап құйындай  ұшатын  сол бір балалық кезеңінің барлығы да Қырықошақ жайлауында жасырынып қалғандай.

Қырықошақ,

Мен сені аңсап бардым,

Неге осынша, япыр-ай, алшақтадым?

Сен ең  ғой үмітімді үлпілдеткен,

Арманымның ақ уыз қарсы ап таңын.

Анау сайда жұрты бар біздің үйдің,

Басты көңіл пернесін ізгі күйдің.

Жалына алғаш жармасып асау – өмір,

Сол жерде атқа мініп тізгін жидым.

Осы сурет өшпестей санамда ерген,

Құлдыраңдап жарысқан самал желмен.

Әкем шыға келердей елеңдеймін,

Шіркін-ай, қойын айдап анау белден.

Ақын арманына қанат байлап, өзі жырлаған Қырықошақтың әрбір гүлі мен жықпыл-жырасын тау мен тасын түсінде көріп оянады. Шаңқылдаған суырының өзін сүйкімді етіп суреттеп, таңқурайы мен тошаласын, қымыздығы мен рауғашын  теріп әкеп қолыңа  ұстатқандай сүйсіндіреді.   Ақын жыры арқылы сол жердің жемісінің дәмі тіл үйіргендей  сен де тамсанасың!

Арманшыл ақын баланың аңсары Алматыға ауа берді. Дарынды балалардың талабын шыңдайтын Абай атындағы Республикалық №2 мектеп- интернатының  табалдырығын аттай салып сан түрлі додаларға қосыла бастады. Сол жылдарда Тоқтар Серіков екеуінің айтысын теледидардан тамашалап, қол соғатынбыз.

Туған жерім – арай бақ,

Елжірейді бар аймақ.

Жолға шықтым үмітпен,

Туған үйге қарайлап.

Жасыл жайлау көріктім,

Қимасы едің Серіктің.

...Әрең шықтым бортына,

«Ойға» түсер көліктің.

Қалуға сәл оқталып,

Тұрдым әрең тоқталып,

Кеттім арман арқалап,

Алматыны бетке алып.

         Сол Алматы Серіктің алтын бесігіне айналды. Осы қалада мақсат-мұратына  қол жеткізді. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын Абай атындағы РММИ-да пәндік олимпиадалар мен қатар, өнер байқауларына қатысып, жүлделі табыстарға ие болды. Сан түрлі академик ғалымдардан бата алды. Сөйтіп өзі де ақын Серік атанды. Сол бата-тілек пен үміт сенімі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-не апарды.  Филология факультетіне оқуға түскен соң, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, А.Қыраубаева сынды нағыз ұстаздардың ұлағатына қанықты. Майталман мамандар әрбір шәкіртті өз баласындай өбектеп, әдебиет  әлемінің  жауһарларын танытты. Тіпті Тұрсынбек ағайдың жетекшілігімен ғылыми жұмысын да бастап кетті. Бірақ ғылым саласындағы  қасаң өзгеріс ол бастаманың тамырына балта шауып тынды.

Секеңнің студенттік жылдары да жемісті болды. Әлдекімдердей «жұлдыз» дертіне шалдықпай «ақырын жүріп, анық басып», оқуын абыроймен аяқтап шықты.

Сыңғырлаған теңер едім бұлаққа,

Арнаң алып қашатындай жыраққа.

Гүл жайнаған теңер едім құраққа,

Күзде гүлдер солады екен бірақ та.

Шыңға біткен теңер едім шынарға,

Шыңға қыран қонады екен бірақ та.

Аспандағы теңер едім жұлдызға,

Ал жұлдызға аспан мәңгі тұрақ па?

Енді сені қайда апарып қорғайын,

Онда менің жүрегіме тұрақта.

Осы өлеңдегі кейіпкері шын мәнінде жүрегінің түкпіріне жайғасты.  Университетті бітірер жылы өзімен бір курста оқып, Қоңырөлеңнің қырқасында бойжеткен Гауһар әпкемізбен тағдыр қосып, шаңырақ көтерді.  Нәркес, Назерке, Абай, Дәулет есімді перзенттерін өсіріп, отбасылық өнегенің де үлгісін көрсетті. Анасы Тоқтажан Ғабдоллақызын мәпелеп қарап, ақтық сапарына да арулап шығарып салды. 

1991 жылы  М.Мақатаевтың туғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысына  қатысып, Аспантаулар  өлкесін ән мен жырға бөлеп, өзі де қуанышқа кенеліп қайтты. Араға 27 жыл салып, 2018 жылы Шәлкөдеге барған шайыр шабыт пырағына ер салған сәтінде мына бір өлеңі қырандай қалықтап Тарбағатай тауын бетке алды.

         Киелі Мекен –

         Ғажайып едің сен неткен.

         Сәбиі жырмен ауызданатын жөргектен.

         Шәлкөде жайлау масаты кілем құлпырған,

         Бесігін елдің Абыз таулары тербеткен.

         Шәлкөде жайлау,

         Аңсамас оның төрін кім.

         Айдыны екен аққудай қыз бен өр ұлдың,

         Сендегі жартас, тұмса бұлақ пен құрағың,

         Мұқағалидың өлеңі болып өрілдің.

         Тоймайды көзім,

         Сурет пе дерсің айналам,

         Иран бағы да дәл сендей болар жайнаған.

         Сен екенсің ғой суреткер қылған Еркін мен,

         Мұқатай шайыр шабытын шыңдап қайраған.

        

Ұсынған тағдыр шер толған кетік кесесін,

Қайтарған уақыт таланттың кеткен есесін.

Азаттығымның құжаты құсап сезілді,

Шәлкөдедегі Шарғынның көріп көшесін.

Ұл-қызы текті, намыс пен ардан жаралған,

Мұқағалидың тұнық жырынан нәр алған.

Атырау-Алтай арасы білген атыңды,

Қарасаз айтшы, өзің де қандай бар арман? 

Бұл өлеңнің астарынан Мұқаң мен ақиық ақынның өлеңдеріне бірнеше ән жазған Тұрсынғазы Рахимовтың үндестігін байқаймыз. Марат Қабанбай мен Мақатаев арасындағы үйлесімділіктің нәзік иірімдеріне ой жүгіртесің. Бір өлеңі арқылы тұтас қазақтықты ту етіп көрсеткен ақынның ішкі жан дүниесінің тереңіне үңіле бергің келеді. Ақынның кез келген өлеңіне көз салсаңыз шынайылыққа жолығасыз. Оның әрбір жырына имандай сенетініміз де сондықтан. Отбасында көрген тәрбиесі мен ұстаздарының тәлімі  Серіктің семсерін сертке суарды. Оның ақиқаттан айнуға еш қақысы жоқ.  Бөтеннің ала жібін аттамаған, біреуді сыртынан даттамаған Серік ақын айтыс сахнасы мен поэзиялық өлеңдері арқылы тура сөйлеудің озық мәдениетін қалыптастырды. Қатпары қалың, жұмбағы терең термелері арқылы да кереғар қоғамға ой салды. Қазақ ғұрпында әлімсақтан қалыптасқан дәстүр мен дінді қатар жырлады. Оны бұхара жұрт та ұйып тыңдады. Мейрамбек Беспаев айтып жүрген «Иман» термесінің  мақамы да сөзі де Серіктің туындысы.

         Ойының терең түбінен,

         Қай ақын маржан сүзбеген,

         Өмірдің басы-даңғыл жол,

         Өмірдің соңы – құз деген.

                    Жастығың келер көктемдей,

         Қарттығың тең  ғой күзбенен.

         Адамның бәрі – жолаушы,

         Сарылып бақыт іздеген.

          Алладан пәрмен келген күн,

         Кетерміз біз де сол күні,

         Бабалар қайтқан ізбенен.

         Қыс түссе, күтер жаз алдан,

         Пендеде бітпес әз арман.

         Ақиретке жауап дайында,

         Құтылмас ешкім ажалдан.   

         Дүние ешкім әкетпес,

         Қызыл да жасыл базардан.

         Кешегі Майлықожа мен Құлыншақтың, Кемпірбай мен Әсеттің дәстүрлік танымын тірілткен Серіктің осы тақырыптағы терме-толғауларының өзі бір төбе.

Секеңнің ән салғандығы әуезді үні мен домбыра қағысы да ешкімге ұқсамайды.  Оның кіндігі өлеңмен кесілмеген күннің өзінде әнші болып қалыптасуы бек мүмкін еді. Ал сазгерлігі тіпті бөлек әңгіме. Ғани Мәтебаев орындайтын Мұқағали ақынның өлеңіне жазылған «Аңғал досым-ай» әні мен ақын Жүрсін Ерманның «Қасымның үйі» өлеңімен үндесе шыққан әндерін ән өнеріндегі табысты олжа деп ойланбай айтуымызға болады.  

«Сегіз қырлы, бір сырлы» деген тәмсіл тура Серік Әкірамұлына қаратып айтылғандай  көрінеді.  Ол – айтыс сахнасындағы талай ақынның жетекшісі болды. Кәдімгі бәйгеге ат қосқан бапкердей жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Сахна серілерінің  тамақтануынан бастап, домбыра, мақам-сазы, киіміне дейін тәптіштеп, түгендеп отырды. Сахнадағы әдеп, этика, эстетика дейтін дүниелердің  барлығын жадуалша жаттатып, саналырына сіңірді. Серіктен сөз үйренгендердің талайы айтыс аламанында талмай жүгірді.

Серіктің ең бір күрделі саладағы қолтаңбасы қайсы десек, ол баспагерлігі. «Атамұра» баспасында редактор болған кезінде талай кітап Секеңнің қолынан өтті. Соның барлығын құмның ішінен ашу тас  аршығандай ыждағаттылықпен қарады. «Атамұрадағы» тәжірибесі кейіннен Қыздар педагогикалық университетінің  баспасын басқарған уағында кәдесіне жарады.

Бір қарасаң көңілі тоқ, ешкіммен ісі жоқ сынын жасырған тұлпар секілді самарқау жүретін Секеңнің іші толған у мен дерт. Ақын өзін қоғамнан бөліп қарай алмайды. Әсіресе жахандану дәуіріне жұтылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды  қалай аман сақтап қаламыз деп алаңдайды. Бұл сөзіміздің тұздығы ақынның «Әкемнің ері» өлеңі:

         Алты алашқа даңқы кеткен мақтаулы,

         Бір тұлпарым болмаса да баптаулы.

         Үйімде әлі үйір жылқы айдаған,

         Әкемнің ер-тоқымы сақтаулы.

         Аттан түстім,

         Заман жатыр ұсақтап.

         Көкірегімді сансыз сауал пышақтап.

         Ақан құсап егілемін, дүние-ай,

         Құлагердің ерін қалған құшақтап.

         Тұлпар мінген бабалардың дерегі,

         Әкем күтіп ұстаған бұл ер еді.

         Қараша үйден аттанғалы қара шал,

         Енді ешкімге болмай қалған керегі.

         Сыйласына қонақ болып төрлеген,

         Біздің қазақ тарылып еш көрмеген.

         Қалап келген арғымағын берсе де,

         Үстіндегі ер-тоқымын бермеген.

         Кешір әке, сақтағанмен мұраны,

         Ұлыңның да қала болды тұрағы.

         Ерді көрсем дархан дала елестеп,

         Тұлпар мініп жарысқым кеп тұрады.

         Бұл – ауылдан қалаға қоныс аударған әр қазақтың ішкі жанайқайы. Ақын осы өлеңі  арқылы ұлттық мінездің жоғалуына, ар мен ұяттың тоналуына, аманаттың дейтін өсиеттің қасиетін кетіріп болғанымызға жүрегімен қан жылап тұрып жоқтау айтады. Соған налиды. Қызылды-жасыл дүниенің дүрбелеңі ақынның жанын қариды. Оқырмандары да шыншыл ақынның қолтаңбасын семсерінен таниды. Ақын Серіктің семсері – қалам. Ол семсер – сертке суарылған!     

Тегтер: