«Сен айт менің ойымды, айта алмаған...»
Ақын жыры мен ғұмыры туралы осыған дейін талай жазылды, көп айтылды. Өлмес өлең тудырған Мұқағали жөнінде сөз бүгінмен аяқталмақ емес.
Ақын жырының ғажаптығы сол, оқыған сайын ойланасың. Ойланған сайын жаның тазарады. Ақын жырымен алғаш танысқанда, сен оны ес білгелі іздеп жүргеніңді, дәл осы өлең жүрегіңнің бір түкпірінде дәйім сенімен бірге жасасып келе жатқанын сезесің. Қолына қалам ұстап, өлеңмен «дерттенген» кез келген жас дүниені Мұқағалиша бейнелеп, дәл ақын сияқты жырлағысы келетіні де содан шығар. Қарапайым қара өлеңнің үздік үлгісін жасаған ақын жырына еліктейтіндер көп. Дегенмен сол сан-мың ақын жырының ішінен Мұқағали жырын, ақын сөзін жазбай танисың. Ақын дүниеден өткен күннен бері қанша ұрпақ алмасып, қанша ақын дүниеге келіп, қаншасы өткенін кім білсін, әйтеуір Мұқағалидың өзі:
Туады, туады әлі нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын
Туады, туады әлі нағыз ақын! – деп жырлайды. Өмір сүру ритмі артып, бітпейтін қарбаластың арасында жүрген адамзаттың әдебиетке қояр талабы әлдеқашан өзгеріп кеткенге ұқсайды. Сол үшін бе екен, қазір өлең әртүрлі формада жазылып жүр. Мұндай шақта Мұқағали өлеңін қазіргі ақындар қалай қабылдайды екен деген сұрақ туады. «Жас Алаш» ұйымдастырған дөңгелек үстелге ақындар Бауыржан Әліқожа, Айжарық Сұлтанқожа және Жантас Еркін қатысты.
– Мұқағалидың дүниеден озғанына жарты ғасыр өтті. Дегенмен оқырман махаббатының суығанын көрген жоқпыз. Қайта жыл өткен сайын үдеп келе жатыр. Мұның сыры неде? Мұқағали феномені дегенде не еске түседі?
Б.Әліқожа: Мұқағали ақынның феномені ақын жырының соншалықты шынайлығы мен сыршылдығында, саздылығында деп ойлаймын. Себебі Мұқағали жырын еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін, қатардағы еңбек адамынан қолында билігі мол шенеунікке дейін оңай түсінеді. Сезініп, түйсінеді, жүрегіне сіңіреді. Ақын жыры осы халықтың жүрегіне булыққан сырды дөп тауып, сезім пернелерін тап баса алады. Міне, Мұқағалиды осындай қасиеті ерекшелейді. Оның жырын өзгенің өлеңімен шатастыру мүмкін емес. Ақынның өзі: «Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын» дейді. Мұны ешқашан өлмес, өміршең жыр тудырып, болашақ ғасырларға өзіндік жолын сала білген ақынның сөзі дер едім.

Мұқағали лирикасының басты ерекшелігі – аз сөзге көп мағына бере білуінде. Әрі өмір шындығын өзінен қашағандай образды, жанды суреттер арқылы елестете алуында. Сондықтан оның өлеңі шып-шымыр, жұп-жұмыр, қыздың жиған жүгіндей жинақы. Құйылып түскен өлеңдерінде басы артық бос сөздің болмайтыны содан. Мұқағалидың құдіретті жырлары, өзі тұстас замандас кейбір ақындардың әлсіз, жарымжан ойлар мен жалған сезімге, арзан ұйқасқа құрылған өлеңдерін жыр санатынан ысырып, өлеңнің қандай болу керектігіне үлгі бола білді. Ақынның арасына қыл сыймайтын біртұтас өлеңдерін азаматтық пен адамгершіліктің асқақ әуені деп айдарлап, ауыз толтырып айтуға болады.
А.Сұлтанқожа: Иә, Мұқағалиға оралу заңдылық секілді. Қазақ поэзиясымен танысқысы келетін адам Мұқағалиды оқымаса, қазақ өлеңсөзі жайлы толық түсінік қалыптастыруы қиын. Планеталардың тартылыс күші ғарыштағы денелерді өзіне тартып кететіні секілді, Мұқағали поэзиясының гравитациясын елемеуге болмайды. Бұл жерде тіпті заманауи ақындар да сол планетаның серіктеріне айналып кетуі мүмкін. Ол ғаламшар неден қалыптасты десек, табиғат пен тағдырдың нәтижесі шығар, тіл де тірі жүйе, факторлар көп. Сол жүйеде Мұқағали ережеге айналып кетті, бұл басқа да ақындар жоқ деген сөз емес. Дегенмен талғампаз, ізденімпаз оқырманға болмаса, жалпы бұқара мен көпшіліктен олар әлі де алыс жатқан секілді.
Ж.Еркін: Иә, дұрыс айтасыз. Шынымен де ХХІ ғасыр ақынның өзі айтпақшы, «мәңгілік өмірінің» басталған ғасыры. Ол өмірінің бастауында «ең бірінші бақыты» халқы тұр деп ойлаймын. Көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабеков атамыз бір естелігінде Мәскеуден бір журналистің арнайы Мұқағали ақынды іздеп келгенін айтады. Мақсаты – өлеңдерін орысшаға аударып, кеңес халқына ұсыну екен. Бірақ соның орысша шығарына көңілі толмаған ақын «егер бір кездері маған ескерткіш қойса Мәскеу емес, Алматы қояды» деп журналшы жігітті шығарып салған көрінеді. Енді кеше ғана өзіңіз білесіз, «тілім-тілім» деп жүрегіміз тілім болды. Мектеп қабырғасында ақынның өлеңін судыратып жаттап, байқаулардан байқауға қатысып жүргенде оның «үш бақытының» мәнін терең сезінбеппіз. Әңгімемнің басын ана жақтан қайырып келгеніме кешірім сұраймын, Мұқағали феномені – осы үш бақытын терең, шынайы сүйе білуінде һәм оны қызғыштай қорғауында деп ойлаймын. Өйткені «ол бар болса біз дағы қор болмаймыз». Аспанға ұран қылып жазып қоятын өлең!
– Әдебиетке алғаш қадам басып, қолына қалам ұстаған жастың қай-қайсысы да Мұқағали жырын жаттап, кітабын жата-жастана оқиды. Сіздің ақын шығармашылығымен алғаш танысқан кезіңіз есіңізде ме?
Б.Әліқожа: Шынында Мұқағали ақынмен «ауырмаған» ұрпақ аз шығар. Қанша ұрпақ ақын өлеңдерімен өзінің жан дертін емдеді. Ақынның сыршылдығы мен тереңдігі көптің жанына дауа, жүрегіне шипа бола алды. Мен де жұрт қатарлы Мұқағали жырымен ең алғаш мектеп табалдырығында жүріп таныстым. Мектеп оқулығына енген «Үш бақытымды» бар қазақ баласы жатқа біледі, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы, сыршыл поэзиясы мені ақын шығармашылығының тұңғиығына тартты. Шамамен 5-6 сыныптың кезі болу керек. Ақын жырларына ғашықтық пен сүйіспеншілік, ерекше іңкәрлік осы кезеңнен бастау алды. Мұқағалидың «Соқ, жүрек», «Өмір-дастан» кітаптарының парақтары сарғайып, жыртылғанша қайтара, қомағайлана оқығаным есімде. Ақын әлі күнге, бүгінге дейін қазақ даласын жырымен тербеп келе жатыр.
А.Сұлтанқожа: Мұқағалидың ауылында туылғандықтан, сөз әлемін алғаш атамның жырымен аштым. Сол үшін ақынмен алғаш танысу географиялық түрде мүмкін. Десе де, ақын жырларымен алғаш мәжбүрлі түрде танысқандықтан ба, білмеймін, атамның жырын «өз еркіммен» оқу үшін маған біраз жыл қажет болды.
Ақын өлеңдерінде бірнеше есіктер бар сияқты. Әр есіктің арғы жағында сен мүлде күтпеген диалог тұрады. Тек өзім жаза бастағанда ғана әлгі есіктерді байқай бастадым. Оның өлеңдерінің әуезділігі мені бесік жырындай тыныштандырады, сөздерінің мәніне бойламай-ақ, ырғағына еріп кете бересің.

Ж.Еркін: Мектепте, 5-сыныпта алғаш танысқам. Ол бір аяулы да, асыл сезімдерімнің бірі еді ғой. Әдебиетте мұны «эпифания» дей ме, яғни біздің тілмен айтсақ, авто-режиммен жүресіз де, кенет құлағыңыздың түбінен оқ атылғандай әлдебір таным пайда болады. Ақынның жырларындағы сұлулық пен еркіндік, аңғалдық пен шынайылық, кінә мен сағыныш сезімдері тау суындай сай-салаңнан құйып кеп жібергенде бойың сергіп, шұрқырап кетесің. Жас санаға бұл қатты әсер етеді.
Әйтсе де ақынның жырын жаттап алу қаншалықты оңай болса, оны жүре келе өз өміріңнен кездестіру, кездестіре жүріп қабылдау соншалықты қиын.
– Мұқағали ақынның аспандап кеткен даңқына, дарынына ешкімнің таласы жоқ. Байқасақ, бір кездері Мұқағалиша жазатындар, ақын жырына еліктейтіндер көбейіп кетті. Қазір саябырсыған сияқты. Ал сіздің шығармашылығыңызға ақын жыры қалай әсер етті?
Б.Әліқожа: Ақынның өзі:
«Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден», – деп жырлайды емес пе?! Біздің де өлең құрап, жыр жазуымызға Мұқағалидың құйылып түскен өлеңдері, көңіл күй, махаббат лирикасы әсер етті. Біз де ақынға еліктеп, ақ парақтың бетін шимайладық, Мұқағалидың үлгісін бойымызға сіңіру арқылы өлең дегеннің не екенін, поэзияның құдіретін түйсіндік.
А.Сұлтанқожа: Бәлкім, керісінше, Мұқағалиша жазбауға тырысқан кездерім болған шығар. Мұқағалиға еліктеуге болады, бірақ автор тақырыпты өзі таңдайды, өзінше түсінеді. Оның тілі трафарет болуы мүмкін, бірақ әркімнің өмірлік палитрасы басқа. Ақынның шығармашылығы оның тілінен емес, өмірінен тарқайды.
– Сонда Мұқағалиша жазу деген қағазыңа біреудің палитрасын, өзгенің бояуын жағу ғой...
А.Сұлтанқожа: Мұқағалиша жазу дегенді мен өз өміріңе Мұқағалидың көзімен қарау деп түсінемін. Атаның мазасын алмай, өз өміріме өз көзіммен қарағым келеді.
Ж.Еркін: Қазақ поэзиясына «Мұқағали танымы», «Мұқағалиша ойлау дәстүрі» тамырын кең жайғандығы анық. Оны тіпті ақынның замандас, қаламдастарының шығармашылығынан да байқауға болады деп ойлаймын. Мәселен, жақында ғана ақынның інісі әрі досы, ақын Мұқатай Жылқайдаровтың шығармашылығымен таныстым. Бөлек аспан, бөлек құбылыс. Әттең, өмірі мен шығармашылығы әлі толық зерттелмепті. Өзі де өлеңге ғана өмірін арнап, салт басты, сабау қамшы боп өткен адам ғой. Міне, сол Мұқатай ақынның ағасына еліктеген, әсерленген тұсын да жырларынан жиі аңғаруға болады. Әдебиет әлемінің есігін енді ашқан жас тұлпарға еліктеу, солықтау жарасымды. Мұнда тұрған ешқандай сөкеттік жоқ. Аристотель айтпақшы, «еліктеу бұл өнердің басты шарты». Мәселе сонда, сол бір деңгейде қалып қоюда шығар.
Біз де Мұқағалиша шаш үлгісін қойдық, Мұқағалиша сөйледік, тіпті Мұқағалиша өлең жаздық. Жалпы айналып өте алмадық. Бұл жақсы үрдіс деп ойлаймын.

– Мұқағали өлеңін оқысаң, бәрі қарапайым. Өлең қалай туса, солай жазады. Түсінікті. Ең қызығы, осылай жазу қиын сияқты. Не үшін? Ақын өлеңінің үйренуге болатын, бірақ қайталауға болмайтын қандай қасиеті бар?
Б.Әліқожа: Мұқағали Мақатаев лирикаларында сөздерді әр алуан контексте ойнатып, құлпыртып, құбылтып, қайталап беруге өте шебер, бұл – ақынның бүкіл шығармашылығына тән дүние. Ақын өзіне қажетті әрбір сөзді өлеңдерінде бірнеше қайталаудан тартынбайды, қайта ол өлеңнің экспрессивтік-эмоционалдық бояуын қалыңдатып тұрғандай. Ақын өлеңдерінде ұйқас үшін қолданған сөздер жоқтың қасы, әр сөз өз орнын тауып жымдасып, жарық шашып тұр. Мұқағалидың ақындығының бір сыры да осы. Тұтас бір жанды денедей, бір-бірімен тығыз астасып, қабысып, тұтасып кеткен шынайы бір өмір суреті сынды. Сондықтан да ақиық ақыннан қаншалықты үйренгеніміз көп болса да, сондай шынайы, мөлдіретіп жеткізу соншалықты қиын. Әрине, әрбір талантты ақын дара жаратылыс, қайталанбайды.
«Поэзия – болмыстың берекесі мен мерекесі, күтпеген сәтімізде сирек соғар өмірдің рахаты, поэзия – үміт сенімі, жүрек өрімі, жан тынысы, ашынған кұмарлық сезімнің бораны мен толқыны, шексіз махаббат, тәтті қамығу, ләззат таба егілу, көз жасына көмілу, шегі жоққа тарықса да ынтық ата ұмтылу, өмір бақи айнымас, еш мезгілде тояттамас құмарлық, барлығын да құшағыма алсам деу, барлығымен біріксем, біте қайнассам деу, ол жүрегімізді бүкіл әлем ырғағымен бірге соқтырар керемет пафос. Бүкіл әлем, гүлдер, бояулар, дыбыстар бар жаратылыс, барлық өмір – поэзия дүниесі: осы құбылыстардағы құпия қуат, оларға тіршілік, ойнақы өмір беретін сырлар поэзияның тетігі мен жаны. Поэзия – әлемдік өмірдің қантамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні» деп сыншы В.Г.Белинский бағалаған еді. Міне, осындай өлеңнің өрнегін, тылсым сырын, тұңғиығын бойына сіңіріп, поэзия әлеміне айрықша құбылыс боп енген Мұқағали ақынның өзі де бұл күні поэзияға айналып кетті.
А.Сұлтанқожа: Меніңше, оны қайталаудың қажеті жоқ, тек сол қарапайым сұлулыққа ұмтылу, сол шумақтардағы әлемді өзіңнен өткізу өнері ғана бар. Суретке қарап сурет салу батылдықты қажет етпейді, қазіргі пейзаж басқа. Мен үшін Мұқағалидың өлеңдері сувенир емес, ол – былайша айтқанда, қару, маған оның қаруы емес, күрескерлігі мұра.
Ж.Еркін: Белгілі ақын Тоқтарәлі Таңжарық ағам бір сұхбатында: «Орхан Памукты оқып отырсаң, олай жазуға болатынын түсініп отырасың, ал Шыңғыс Айтматовта олай емес» дегені бар. Иә, ұлы шығармалар көбіне қарапайым болады. Ұлылық деген сол күрделі ойды қарапайым жеткізе алуда шығар. Мәселен, АҚШ әдебиетінің каноны «Моби Дик немесе ақ кит» романы «мені Исмайл деп атаңыз» деп басталып, қарабайыр тілмен өріледі. Батыс еуропа танымының басында тұрған «Иллиада» мен «Одиссей» шығармаларының тілі де толқын сияқты баяу ырғатылып отырады. Мұқағали ақын Дантенің «Құдіретті комедиясын» аударған ғой, сондықтан сана ағымы, көзқарас нүктесі, тосын метафора эффектісі, модернистік интроверсия сияқты сол ғасырдың заманауи тың жаңалықтарынан хабардар боп отырған. Бірақ соның бәрін қазақтың дүниетанымында жазу – ақынның ұтқан тұсы деп ойлаймын.
Әдебиетте тәсілдерді меңгеруге болатын шығар, бірақ таным мәдениет пен болмыстан келеді. Өзімізді, мәдениетімізді, тарихымызды таныған сайын біз жаңалық ашуға, жаңаша жазуға дағдыланамыз. Мұқағали ақынның шығармаларында «міне мені оқы» деп өзіне тартатын кезі бар және «болды, басқа кеңістік ізде» деп шығарып тастайтын тұсы бар. Ең керемет тұсы сол – ақын өз ізбасарларын қолынан жетектеп отырып, «әлем әдебиетінің» бортынан салып жіберетін сәт. Сосын кемең алыстаған сайын жағада саған қол бұлғап, жарық шашып тұрған «Мұқағали» маягын көресің. Солай...
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ