Сең қозғалды. Үміт оты оянды!
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шенеуніктері еліміздің Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істейтін Обухов тау-кен байыту комбинатын кенішті игеру лицензиясынан айырмақ болғанын бұрын да жазып едік.
Министрліктегі шенеуніктердің логикасын ұғу қиын. Өйткені Солтүстік Қазақстандағы кен байыту комбинаты өз өнімінің өндірісі бойынша әлемдегі үздік үштікке еркін енеді. Ал кәсіпорындағы жалақы мен әлеуметтік пакеттер СҚО-ның қалған тұрғындарының түсіне де кірмейтін дәрежеде.
Обухов тау-кен байыту комбинаты басшылығының жоспарында байытылған титан-цирконий рудаларын өндірушілер арасында әлемде екінші орынға шығу міндеті қойылған. Сол үшін аса қымбат австриялық жабдықтар (батыс технологияларының соңғы үлгісі) сатып алынған болатын. Ол жабдықтар ең селдір деген цирконий рудаларын қажетті кондицияларға жеткізуге мүмкіндік береді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шенеуніктері, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бастаған жергілікті әкімдіктің қызметкерлері тасын өрге домалатып отырған отандық кәсіпорынды не себепті банкрот қылып, жойғысы келетіні шыныменде түсініксіз? Не үшін, бұл кімге тиімді?
Ал енді назар аударыңыз! Тоқтабаев Т.С. деген фамилияны жаттап алыңыздар. Ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі. Титан-цирконий рудалары бойынша Обухов кенішіне берілген лицензияны тартып алу ісін бастаған осы кісі. Комбинаттың әлгі 430 жұмысшысы мен олардың бала-шағасының аузындағы нанын тартып алған осы адам.
Енді ең басты жаңалықты жеткізейік. Ресми ақпаратты асқан қуанышпен толықтай қаз-қалпында келтірейік: – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратурамен бірлесіп пайдалы қазбалар кен орындарын берудің заңдылығын тексеру нәтижелері бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Министрліктің лауазымды адамдары жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесінде әрекет ете отырып, барлау сылтауымен аукцион өткізбестен, қатты пайдалы қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз бергені анықталды. Бұрын жүргізілген барлау фактісі құжаттарды бұрмалау арқылы әдейі жасырылған. Нәтижесінде лауазымды тұлғалармен үлестес кәсіпкерлер қол қою бонусының ең төменгі құны үшін нарыққа қатысушылардың бәсекелестік, қолжетімділік және тең құқықтылық қағидаттарын бұза отырып, өндіруге дайын кен орындарын алды.Кен орындарын сату бойынша аукциондар өткізілмегендіктен, мемлекет ондаған миллиард теңге алмаған. Ағымдағы жылдың 7 қарашасында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Т.Тоқтабаев ұсталды.Тергеу соттың санкциясымен Т. Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлері, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды және қамауға алынды.Тергеу жалғасуда. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейді.
Әне. Қалай екен? Қызықтың көкесі енді басталатын сияқты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Бас прокуратура өз қалтасын Отан мүдделерінен жоғары қоятын жемқорлардың бүкіл жүйесін ашады деп үміттенеміз.
Кім білген, Құмар Ақсақалов пен СҚО әкімдігіндегі аппарат қызметкерлеріне де кейінірек кезек келер. Әркім істеген ісіне жауап беретінін ұмытпайық.