Сена жағалауындағы терроризм елесі
Адамзат қоғамы ұзақ уақыттан бері терроризм және діни экстремизм қаупінен құтыла алмай келеді.
Бұл халықаралық деңгейдегі үлкен проблемаға айналып отыр. Тіпті терроризмді табиғи апаттармен салыстыратын деңгейге жеттік. Әрине, терактіні адам жасайды. Бірақ террористік шабуыл ешқандай қисынсыз, ақылға қонымсыз себеппен жасалатынын ескеріп, оны «тілсіз жау» деп атап жүргендер бар.
Терроризмнің түп-тамыры идеологияда жатқаны белгілі. Күліп кіріп, күліңді шашатын мұндай идеологияға уланған адамды райынан қайтару қиын. Кейінгі жылдарда әлемде терактілер саны жиілеп, қоғамға тигізер зияны артып барады. Шетелде болып жатқан мұндай трагедиялар біздің елде болмайды деп ешкім кесіп айта алмайды. Терактіден үнемі қарапайым халық зардап шегеді. Сол үшін жұрттың терроризмге қарсы сауатын арттырып, сақтық шарасын күшейту қажет.
22 наурыз күні Мәскеу маңында салдары өте ауыр теракт болды. Автомат асынған 4 адам концерт болғалы жатқан «Крокус Сити Холл» сарайына басып кіріп, бейбіт тұрғындарға оқ жаудырған. Қазірге дейін 139 адам көз жұмғаны белгілі болды. Бұл шетін оқиға «Қазақстан терроризммен күреске дайын ба» деген сұрақты су бетіне шығарды. Көптің көкейінде күдік те басым. Өйткені 2011 және 2016 жылы елімізде бірнеше террористік актілер болған. Содан секем алған жұрттың қаупін Ресейдегі оқиға қалыңдата түсті.
Ресейдегі оқиғадан Қазақстан қандай сабақ алуы керек?
Әлемде террористік әрекет жиілеп кеткенін айттық. Мысалы, биыл 5 наурыздан 12 наурызға дейін 6 лаңкестік шабуыл жасалған. Олардың географиялық ауқымы да өте кең, әлемнің әр түкпірінде болып жатыр. Соның ішінде Мәскеудегі оқиға бізді қатты алаңдатады. Өйткені теракт бізге өте жақын көрші елде болып отыр, оның үстіне теракт жасады деп айыпталған адамдар тағы бір көршіміз Тәжікстанның тумалары екені белгілі болды.
Кейбір дерек бойынша, кейінгі 3 жылда Тәжікстанның 24 азаматы әлемнің 10 елінде теракт жасаған. Бұл Мәскеудегі оқиғадан бұрын жасалған тізім. «Крокус Сити Холлда» ойран салған 4 адамнан бөлек, оларды үй, машина және қаржымен қамдады деген күдікпен тағы 3 тәжік азаматы ұсталды. Демек, тізім толығып жатыр. Оңтүстіктегі көршімізден мұнша көп террорист не үшін шыққаны бізге түсініксіз. Ал Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бұған жауапты шенділерді кінәлайды. Бірақ ол елде экстремизмнің алдын алу үшін барлық жағдай жасалғанын жиі айтады. Рахмон елімнен террористер неге көп шығып жатыр деп бас қатырмайтын сияқты.
Демек, бізге алаңдауға себеп көп. Мемлекет ең алдымен Мәскеудегі терактіден сабақ алып, сақтық шараларын күшейтуі қажет. Әскер мен полицияға арқа сүйейтін Ресей қалайша қарулы шабуылдың алдын ала алмады? Сарапшылар Ресейдің құқық қорғау органдары осы оқиғада дәрменсіздік танытқанын айтып жүр. Астана көп жағдайда Мәскеуге қарап бой түзейтінін және екі елдің күштік құрылымы ұқсас жүйемен жұмыс істейтінін ескеруіміз керек. Сол үшін құқық қорғаушыларымыз «ұйқысынан» оянып, кез келген қауіптің алдын алуға дайын болғаны жөн.
Екіншіден, Тәжікстан да бізге бөтен емес. Бұрын бір одақта болған, билігі де біршама ұқсас ел. Ол елдің басшысы терроризммен күресті жақсы жүргізіп жатырмыз деп мақтанады. Бірақ нақты жағдай мүлде басқаша екенін айттық. Ендеше, Қазақстан билігінің де құр статистикаға сүйенген есебіне сенім аз. Елде діни экстремизм қаупі артып келе жатқаны жасырын емес. Шетелдегі террористік ұйымдарға мүше болған отандастарымыз бар екенін білеміз. Бұл мәселе былтыр парламент мәжілісінде де көтерілген. Демек, арқаны кеңге салуға себеп жоқ. Халықтың терроризмге қарсы сауатын күшейтіп, теріс діни ағымдар жетегінде кетпеуіне күш салу қажет. Әсіресе жастарды дұрыс жолға бағыттаудың маңызы зор.
Былтыр елімізде сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде экстремизм мен терроризмге қатысты 208 қылмыс тіркеліпті. Осы айыптарға қатысы бар 122 адамның ісі сотқа жолданған. Олардың үштен бірі лаңкестікті ашық насихаттағаны үшін ұсталған. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 6 пайыз жоғары. Құқық қорғаушылар бір жылда 153 экстремистік материал тәркілеген. Осының бәрі Қазақстанда да жағдай мәз емес екенін көрсетеді.
«Біріншіден, бұл теракті бізге арнайы қызмет мамандары дұрыс жұмыс істеуі керек екенін ұқтырды. Олар мәселені қантөгіске жеткізбей, теріс пиғылдағы адамдарды ерте құрықтауы қажет. Екіншіден, көші-қон мәселесіне баса назар аударып, шетел азаматтарын тіркеу және пәтер жалға беруге байланысты қатаң жұмыстар жүргізген жөн. Бұл салада жемқорлыққа мүлде жол бермеуі керек. Үшіншіден, концерт сияқты көп адам жиналатын орындарда арнайы дайындықтан өткен, шабуылды бірден тоқтатуға қауқары жететін мамандар кезекшілік істегені жөн. Мысалы, АҚШ-та әр ұшаққа қаруы бар арнайы қызмет өкілі мінеді. Террористік жағдай бола қалса, олар қылмыскерді дереу бағындырады. Ресейдегі оқиғада осындай қабілеті бар адамдардың табылмағанына таңғалып отырмын. 4 адам ойына келгенін істеп, сонша халықты қырып тастағанша қарулы жасақ ештеңе істей алмаған. Төртіншіден, халық терроризмге қарсы күрес қимылдарына түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуі керек», – дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед.
Терроризмге қарсы күрес қалай жүріп жатыр?
Қазақстанда терроризмге қарсы күреспен негізінен Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысады. 2014 жылы құрылған Терроризмге қарсы орталықтың да мойнына артылған міндет ауыр. Аталған мекемелер терроризмнің алдын алу мақсатында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеп жатқанын айтады.
Жауапты мекемелердің мәліметінше, қазір елімізде терроризмге қарсы күрес саласында жағдай тұрақты. 2016 жылдан бері террористік актілер мен лаңкестік оқиғалар болған жоқ. Құқық қорғау органдары дер кезінде қимылдап, біршама террористік жоспардың алдын алды. Әрине, бәрі мінсіз емес, бірақ белгілі деңгейде өз жемісін берген жұмыстар бар.
2022 жылы ҰҚК халықаралық террористік ұйымдарға мүше болған 6 адамды ұстады. Жаза басқандары жазалаудан бөлек, идеологиялық тұрғыда тәрбиелеу жұмыстары да жүріп жатыр. ҰҚК мәліметіне сүйенсек, кейінгі жылдары профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде экстремистік идеологияны қолдайтын 513 адам дәстүрлі ислам жолына оралған, ал теріс ағымда жүрген 1 754 азамат радикалды көзқарастан бас тартқан. Бұл құқық қорғаушылардың дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқанын көрсетеді дейді сарапшылар.
Мәскеудегі терактіден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Жиында президент жауапты органдардың экстремалды жағдайда ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын тыңдап, терроризмге қарсы күрес мақсатында басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.
Ал кеше президент АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдап, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесін талқылады. Президент Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті айыптап, барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруі керек екенін айтты. Әрі Қазақстан мұндай маңызды іске өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді.
Терроризм – адамзатқа төнген қауіп. Оны бір ел жеке күшіне сүйеніп тізгіндеуі мүмкін емес. Сол үшін халықаралық ұйымдармен бірлесе әрекет еткен тиімді болары анық. Ел ішінде де терроризмге қарсы күрес тоқтамақ емес. 1999 жылы шілдеде «Терроризмге қарсы күрес туралы» заң қабылданған. ҰҚК, Терроризмге қарсы орталық және облыстық, қалалық, аудандық терроризмге қарсы комиссиялар осы заң аясында жұмыс істеп жатыр. Үкімет діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама да қабылдаған. Мұның бәрі қағаз жүзінде қалмай, шынымен жүзеге асса, алтыннан қымбат адам өмірін террористер қолына бермей, аман алып қалуға әбден болады.
Әлеуметтік желіде көпшілік Ресейдегі терактіден кейін біздің елде де адам көп шоғырланған жерлерде тексеріс басталғанын жазып жатыр. Олардың айтуынша, құқық қорғаушылар діни экстремизммен шындап күресуге ынта таныта бастаған. Бұл шаралар бір сәттік науқан ба, әлде жүйелі түрде жалғасын таба ма, ол жағы қазірше белгісіз.
Қазір тұтас әлемді терроризм елесі кезіп жүр. Мысалы, Франция президенті Эммануюэль Макрон биыл жазда Парижде өтетін Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысатын көрермен санын азайтты. Сена жағалауында өтетін шараға әу баста 600 мың адам қатысады деп жоспарланған, бұл көрсеткіш 326 мыңға қысқарды. Француз барлау қызметі лаңкестік шабуыл болатыны жайлы ақпарат алған жоқ. Бірақ қауіпсіздік үшін ертерек қам жасап отыр.
Демек, Қазақстан билігі де терроризм қаупімен бел шешпей күрескені жөн. Сондай-ақ терроризмді қарулы күшпен ғана жеңу қиын, оның түп-тамыры идеологияда жатыр. Зайырлы мемлекет тұрғындары жат идеяның жетегінде кетпеуі үшін бала жастан патриоттық тәрбие мен ғылым-білім жолын нұсқау қажет. Басқаша айтқанда, терроризммен күресті нөлден бастап жүргізу керек.
Қуаныш Қаппас