Сенат төрағасы мен Берік Уәлиді қоршаған еріктілер – Сенаттың баспасөз хатшысы түсініктеме берді

Абайдың 180 жылдығына орай өткен шарада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Абай облысының әкімі Берік Уәли, сондай-ақ министр Саясат Нұрбек пен басқа да делегаттарды еріктілер қоршап жүрген видеоны журналист Мадина Жатқанбаева Facebook-тегі парақшасында жариялаған еді.
"Абай мерейтойына келген Әшімбаев пен Уәлиді волонтерлар айналдыра қоршап, адамдарды жақындатпады. Қорыққаннан ба, әлде басқа себеп пе – белгісіз. Арасында министрлер мен депутаттар да болды", – деп жазды журналист.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде тез тарап, қызу талқыланды. Көпшілік оларды «халықтан қорқады» деп сынға алды.
Кейіннен Парламент Сенатының баспасөз хатшысы Данияр Рамазанов бұл жайтқа түсініктеме берді.
Баспасөз хатшысы бұл әрекеттің орынсыз болғанын мойындап, жағдайды байқаған бойда еріктілерден мұндай әрекетті доғарып, маңызды істермен айналысуын сұрағандарын айтты. Бұл жайт өте қысқа уақытқа ғана созылған екен. Ал, қалған уақытта қонақтар киіз үйлер қалашығында еркін жүріп-тұрған, ал мерекеге келген кез келген адам Сенат төрағасымен кездесіп, амандасып, пікір алмаса алған.
"Өкінішке қарай, кейбір желі қолданушылары он күн бойы аталып өткен дүбірлі тойды жалғыз осы келеңсіздікпен байланыстырып, «жерден жеті қоян тапқандай» жарыса жазып жатыр. Ал, біз ойшыл өсиет еткендей, қалпымыз бен санамызды таза ұстасақ, жарқын сәттерге көбірек мән берсек, осы бір ұлағатты істен өнеге алсақ дейміз.
Жалпы, баспасөз хатшысы ретінде, басқа-басқа, дәл Сенат Төрағасының халықпен сұхбат құруға, қойылған сұрақтарға жауап беруге, айтылған пікірді тыңдауға әрдайым ашық екенін атап өткім келеді. Бұл ретте ол ешқашан ешкімнен жалтарып көрген емес. Оны Мәулен Сағатханұлымен апта сайын кездесіп, сауалдарына жауап алып журналистер қауымы жақсы біледі", - дейді Д. Рамазанов.
Алайда осы видеоға байланысты бір сұрақтың басы ашық күйінде қалып отыр. Еріктілерге шенеуніктерді қоршап жүруге кім бұйрық берді? Бұл жайлы Әшімбаевтың баспасөз хатшысы ашып айтпапты.
Оқиғаға байланысты 12 тамызда Абай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі "еріктілерге шенеуніктерді мұндай жолмен ертіп жүруге ешқандай нұсқау берілмеген" деп мәлімдеген еді.
"Бұл акция жастардың үлкенге деген құрметінің белгісі ретінде жеке бастамасының көрінісі болды.Оларға мұндай әрекеттің қажет еместігі бірден түсіндірілді", - делінген әкімдік жауабында.
Айта кетейік, биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Ел көлемінде мерейтойлық іс-шаралар 1–10 тамыз аралығында өтті.