Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:49, 11 Қаңтар 2024

Жошы қазақ хандарының атасы екенін айтуымыз керек - Сенатор

Дархан Қыдырәлі
Фото: из открытых источников

Сенатор Дархан Қыдырәлі премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында Жошы ұлысының 800 жылдығы туралы айтты, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Ол биыл аяқталатын Қазақстан тарихының көп томдығында Жошы ұлысы жайлы тың деректер болатынына сенім білдірді әрі мектеп оқулықтарын осы көптомдық негізінде қайта жазуды ұсынды. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында биыл Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толатынан еске салып, мемлекеттілігіміздің тамыры тереңде жатқанын әйгілейтін осы датаға орай ауқымды зерттеулер қолға алынатынын атап өтті.

Бұған дейін Президент тапсырмасына сәйкес Жошы кесенесі жаңартылды, Ұлытау облысы құрылды, ұлттық Құрылтай өтті. Қазақ хандығы Алтын Орданың мұрагері екенін ескерсек, биыл да игілікті істер жалғасын тауып, Ұлыс тарихы жаңаша зерделенеді деп ойлаймыз. 

Ұлық ұлыс – бұл жай ғана мемлекеттік құрылым емес, біз Еуразия деп атайтын ұланғайыр кеңістіктегі халықтардың тарихына арқау болған өркениеттік матрица. Оны өркениет-мемлекет деп те атайтындар бар. Құрамындағы жұрттардың тілі мен дініне, дәстүріне қысым жасамаған Ұлық ұлыс олардың мәдениетінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Сондықтан ол «мәдениеттер мозаикасын» түзген тиімді мемлекет тетігі арқылы қалыптасқан тұтас жүйе. Еліміздегі толеранттылық тамыры осы дәстүрмен үндес жатыр. Қазір қайта жаңғырған Жібек жолына иелік еткен, шығыс пен батысты жалғаған Ұлық ұлыстың экономикалық аспектілерін зерделеу де маңызды. Бұл ретте, мемлекеттілік тарихын Алтын Ордадан тарататын елдердің ғалымдарымен ортақ мұраны бірлесе зерттеген жөн. Әсіресе «Жошы ұлысын зерттеу» институтына үлкен жауапкершілік жүктелері анық.

Бұған дейін Түркі академиясы Жошы ұлысына қатысты зерттеулер жүргізді, экспедициялар ұйымдастырды, ЮНЕСКО-да жиын өткізді.​

Әрине, ұлт тарихын білмеу – қасірет! Алайда одан өткен қасірет бар, ол – тарихты жаңылыс білу. Ұлттық санаға тарихи сана негіз болады десек, бұрмаланған түсініктен қате таным қалыптасады. Сондықтан тарихты дұрыс жазу және оқыту – тарихты жасаумен бірдей өзекті.

Биыл аяқталатын Қазақстан тарихының көп томдығы Жошы ұлысына қатысты тың деректерді ұсынады деп үміттенеміз. Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуы тиіс. Сонымен қатар оқулықтарға қазақ мемлекеттілігінің бастаулары туралы да соны деректер енгізу керек. Мәселен тарихи Талас құрылтайы өткен, Жетісу мен Сыр арасында құрылған Моғолстан мемлекетіне 6-7 сыныпқа арналған оқулықта 1 параграф, ал 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде, Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі.

Бір айта кетерлігі, ЖОО-дағы мамандықтарға қазақ тарихы пәнінің енгізілгені құптарлық. Осы пәнді методологиялық бірізділікке келтіріп, мемлекеттілігіміздің бастауларына басымдық берілгені жөн. 

Биыл ұлттық Құрылтайдың Ұлық ұлыстың астанасы болған Сарайшық маңында, Атырауда өтетіні кездейсоқтық емес. Жошы ұлысына арналған іргелі зерттеулер жүргізу, арнайы музей жасақтау, нысандарға Жошының атын беру, әдеби жәдігерлерді жаңғырту мақсатында Едіге байқауын өткізу, Ұлытаудағы ескерткіш кешендерді ЮНЕСКО материалдық мұралар тізіміне енгізу де өзекті. Елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Жошыны насихаттау үшін үлкен мүмкіндік. Оларға ақпараттық қолдау көрсету, танымдық деректі және көркем фильмдер мен балаларға арналған мультфильмдер ұсыну да маңызды.

Той – тойлау үшін емес, ой ойлау үшін қажет десек, Жошы ұлысының 800 жылдығы ұлы дала өркениеті мен мемлекеттілігіміздің түп-тамырын жаңаша пайымдау және насихаттау арқылы тарихи сананың орнығуына оң ықпал етері анық», - деді сенатор