«СЕНАТорийге» келген 20 сенаторға сенім бар ма?
14 қаңтар күні Қазақстанда сенат сайлауы өтті. Елеусіз кейіпте өткен бұл сайлауды халық білмей қалды десе де болады.
Білмейтіндей жөні бар. Өйткені халық Сенаттың сайлауына сенбейді. Себебі...
Кезінде елбасы деген мәртебесі бар азамат аз халыққа екі палаталы парламент құрып, осындай жүйе жасап кеткен. Көрші елде жүйе қалай құрылса, біздегінің де солай қалыптасатыны белгілі. Алдымен парламент Ресейде екі палатадан жасақталған. Алайда Қазақстан Ресей секілді бірнеше елден құралған федерация емес. 19 миллион ғана халқы бар біртұтас унитарлы мемлекет. Біз федерациялық мемлекет болмасақ та, Назарбаев осындай жүйе құрды. Өзіне ыңғайлы құрылым екені о бастан түсінікті. Өйткені ескі жүйе өзіне икемді әрі қолайлы заң жобасын қабылдады. Әсіресе, «Елбасы» деген статусқа ие болған адамның және оған жақын кландық топтардың жақсы өмір сүруі үшін бар жағдай жасалғанын ешкім де жасыра алмайды. Мұнда халықтың мұң-мұқтажын айтып, халықтық мәселені көтеретін – мәжіліс. Ал сенат өзіне ұнамаған заң жобаларын кері қайтарады. Рахат. Шетелдегідей жан алысып, жан берісіп, халықтың мүддесі үшін қырылысып, мінбердің алдында таласып, төбелесіп жатқан бірі де жоқ. Сенатор болу – рахат. Сондықтан да болар, осы уақытқа дейін халықтың көкейінде бір-ақ сауал тұрды: Ол «Сенат керек пе?» деген мәселе. Бірақ халықты толғандырған бұл сауалға билік басын ауыртып отырған жоқ. Өйткені өзіне ыңғайлы сенат керек. Айта кетейік, депутаттардың өкілеттік мерзімі 1998 жылғы қазанға дейін төрт жыл, ал 1998 жылғы қазаннан бастап сенаторлар алты жыл мерзімге сайланатын болды. Мұны тәптіштеп жазып отырғанымыздың себебі бар. Бұл жолғы сенат сайлауына барлық облыс пен республикалық маңызы бар қаладан 55 кандидат түсті. Бәрінің де білдей қызметі бар, бәрі де майлы жіліктің басын мүжігендер. Ең қарапайымының өзінің колледж директоры деген қызметі бар. Сол үміткер болған 55 кандидаттың ішінен 20-сы ғана іріктеліп алынды. Сөйтіп, 14 қаңтар күні 20 сенатор аудандық, қалалық, облыстық мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы сайланды. Ал халық дауыс бермеген депутат қаншалықты халықтың өкілі болып саналады? Билік «мәслихат депутаттарын халық сайлады, сондықтан мәслихаттың сенатқа үміткерлерді таңдауға құқы бар» дер. Бірақ шын мәнінде, халық сайлау жәшігіне барып дауыс бермегеннен кейін мәслихат сайлаған сенаторға сенім бар ма? Сұрақ көп, жауап жоқ. Соған қарағанда, сенаттың болуы бүгінгі жүйеге де керек болып тұр ғой. Жалпы, 19 миллион аз халыққа екі палаталы парламенттің керегі шамалы.
Сонымен, cенатқа келген 20 сенатор кімдер? Ендеше, әлі ант қабылдамаған су жаңа сенаторлармен танысайық. Олар – Абай облысынан – Қайрат Тастекеев, Жамбыл облысы – Сәкен Арубаев, Солтүстік Қазақстан облысы – Гүлмира Кәрімова, Алматы облысы – Жанболат Жөргенбаев, Атырау облысы – Әлібек Нәутиев, Ұлытау облысы – Советбек Медебаев, Павлодар облысы – Ернұр Айткенов, Түркістан облысы – Мұрат Қадырбек, Қостанай облысы – Ғауез Нұрмағамбетов, Ақмола облысы – Талғат Жүнісов, Маңғыстау облысы – Бекбол Орынбасаров, Ақтөбе облысы – Амангелді Нұғманов, Шығыс Қазақстан облысы – Шәкәрім Бұқтығұтов, Батыс Қазақстан облысы – Арман Өтеғұлов, Қызылорда облысы – Руслан Рүстемов, Қарағанды облысы – Серік Өтешов, Жетісу облысы – Амангелді Толамисов, Астана қаласы – Бибігүл Жексенбай, Алматы қаласы – Жанна Асанова, Шымкент қаласынан – Нұрлан Бекназаровтар.
Байқап қарасаңыз, бәрі де қызметтің буын көргендер. Олардың ішінде облыс әкімінің және аудан әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген 4 адам бар. Әкімдер де үлессіз қалған жоқ. Жетісай және Шу ауданының әкімі Мұрат Қыдырбек пен Сәкен Арубаев енді сенатта отыратын болады. Біз айтып отырған 20 сенатордың ішінде бес мәслихат хатшысы бар. Олар – Талғат Жүнісов, Амангелді Нұғманов, Әлібек Нәутиев, Серік Өтешов, Ернұр Айткеновтер. Білім саласының екі маманы, қалалық сайлау комиссиясының бір төрайымы енді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа қарама-қарсы отырып, оның нұсқауын тыңдайды. Жалпы, сенаторлық деген жақсы «қызмет» қой. Жалақысы жоғары, дау-дамай жоқ. Бір қызығы, бұрын сенатор болған төрт депутат осы жолы бұрынғы жылы орнына қайта келді. Сонда сенаторлардың 16-сы ғана жаңа болып тұр ғой. Әдетте, «жаңа Қазақстанда жастарға орын берейік, резервтегі кандидаттарға мүмкіндік береміз» дейтін билік бұл жолы жүрісінен жаңылғандай. Біріншіден, сенатқа келген 20 сенатордың барлығы да қызметтің жеті атасын көргендер, екіншіден, ешқайсысы да жас емес. Негізінен, орта жастан асқандар. Сенаторлыққа келген 20 депутаттың ішіндегі ең үлкені – 62 жаста. Ол – Алматы облысы мәслихатынан сайланған Жанболат Жөргенбаев. Ол бұрынғы сенаторлық орнына қайта келді. Бірақ пайғамбар жасына жақындап қалған Жөргембаевты көшеде көрген жұрт жыға тани ма екен?! Күмәнім бар. Олардың ішінде белгілісі кезінде «Астана» телеарнасының директоры болып, «Бас редакторлар клубын» басқарған тележурналист Бибігүл Жексенбай ғана. Әрине, әріптесіміздің сенатта отырғанына біз бек қуанамыз. Халықтың көкейіндегі мәселелерді айтады деп сенеміз.
Бір қызығы, бұл жолы сенатқа келген 20 сенатордың барлығы да өзіміздің қазақтар. Ішінде басқа ұлт өкілі жоқ. Бірақ олардың қаншасы қазақ тіліне жатық? Оны да уақыт көрсетер. Бірақ тізімнен байқалғандай, бұл жолы да сенатқа облыс әкімдерінің «сүйкімді тұлғалары» келген сияқты. Ендеше, «СЕНАТорийге» келген 20 сенаторды амалсыз құттықтауға тура келеді. Тек жаңадан келген 20 сенатор сенаттың жұмысының сапасын арттырса дейміз...