Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:26, 11 Қыркүйек 2025

Сенатсыз Қазақстан. Парламент президентті алдына әкеле ала ма?

Сенат
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі жолдауында Сенатты таратып, бір палаталы Парламент жасақтауды ұсынды. Бұл ұсыныс алдағы бір жылда талқыланып, 2027 жылы жалпыұлттық референдумға шығады.

Бірақ біздің елде референдум мен сайлау нәтижесі аса үлкен интрига тудырмайтынын ескерсек, бұл ұсыныстың жүзеге асу мүмкіндігі өте жоғары. Демек бірер жылдан кейін Парламенттің жоғарғы палатасы тарих қойнауына енуі мүмкін. Әрине, бұл жерде Мәжілісті алып қалып, Сенатты таратады деген де ой тумауы тиіс. Заң шығарушы орган енді Мәжіліс деп те, Сенат деп те аталмауы мүмкін, келесі жылдан бастап бір сөзбен Парламент деп сөйлеп отыруымыз ғажап емес. Қалай болғанда да, бұл қадамның түпкі мәні Сенатты тарих қойнауына жіберу деп санауға болады.  

Елде Сенатты таратуды қолдайтындар көп. Халық арасында бұл орган «саяси қарттар үйі» деп аталатыны жасырын емес. Өйткені Сенатқа көбіне егде жастағы және саяси сахнадан түскен саясаткер барады. Ал саясаттанушы мамандар екі палаталы жүйе Қазақстан сияқты унитарлы мемлекетке мүлде сай келмейтінін айтады. Сенат әлемде федеративті мемлекеттің белгісі ретінде танылған. Яғни сенаторлар әр аймақтың немесе штаттың мүддесін қорғайды.

Ал біздің елде Сенаттың мұндай ірі міндеті жоқ. Олар негізінен төменгі палата – Мәжіліс мақұлдаған заңдарды бекітіп, президенттің қол қоюына жібереді. Келіспесе, төменгі палата қабылдаған заңдарға вето қоюға құқылы. Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот төрағасы мен судьяларын, Адам құқығы жөніндегі уәкілді қызметке тағайындайды және босатады. Президент Конституциялық сот төрағасын, Бас прокурорды, Ұлттық банк төрағасын, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын Сенаттың келісімімен тағайындайды. Мәжілістің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылса, Сенат заң шығару қызметін жалғыз атқарады. Сондай-ақ Сенаттың Мәжіліске қарағанда белгілі аймақтың мүддесін білдіретін ерекшелігі бар. Өйткені сенаторлар облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардан екі депутаттан сайланады. Қазір Сенатта 50 депутат қызмет атқарып отыр. Оның 40-ын жергілікті мәслихаттар жанама жолмен сайлаған, ал қалған 10-ын президент тағайындаған.

Бірақ жоғарғы палата бұл міндеттерін биік деңгейде атқарды дей алмаймыз. Мәжіліс мақұлдаған заңдардан кемшілік тауып, кері қайтарып жатқанын да көп көрмедік. Ал ірі шенділерді тағайындау немесе қызметтен босатуда Сенат президенттен тәуелсіз шешім шығарады дегенге сену тіпті күлкілі. Сол үшін де көпшілік Сенатты басы артық орган деп санап, оны таратуды сұрап жүрді.

«Біздің елде Президент институты мен Парламент арасында ешқашан саяси жанжал немесе конфликт туындаған жоқ. Сенат өз рөлін атқарып, компромис шешімдер қабылданып тұрды. Президентке ұнамаған заңдарды, жобаларды кері қайтарып отырды. Осы тұрғыдан алғанда бұл палата өз рөлін атқарып шықты. Ал Конституциядағы Сенаттың басты міндеттерінің бірі – аймақтардың мүддесін қорғау, өңірлерде болып жатқан мәселелерді көтеру. Жоғарғы палата бұл тұрғыда өз рөлін атқарған жоқ. Менің ойымша, аймақты дамыту бойынша Сенаттың бастамасымен ешқандай өзгеріс жасалған жоқ. Облыстар осыдан 10–20 жыл қалай болса, әлі сол күйінде тұр. Алматы мен Астана ғана дамып жатты, ал басқа аймақтарда үлкен өзгеріс қабылданбайды. Облыстардағы проблемалар жоғары деңгейде көп көтерілген жоқ, оның бәрі Сенатта талқылануы керек еді. Бірақ Сенатта өткен отырыстарда облыстардан келген сенаторлар өз облысының мәселесін, мүддесін көтерген емес», – дейді саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.

Қазақстанда Сенат қалай пайда болды?

Әлем елдерінің 70 пайызында бірпалаталы Парламент жұмыс істеп тұр. Біздің айналамыздағы унитарлы мемлекеттердің арасында Беларусь, Өзбекстан және Түркіменстанда ғана қоспалаталы Парламент бар. Ал Ресей федеративті мемлекет. Біздің елде де тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бірпалаталы Жоғарғы кеңес болған. Сарапшылардың айтуынша, бұл жүйе сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұнамай, Сенат пен Мәжілістен тұратын қазіргі Парламент пайда болған.

Сенат 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияға сәйкес құрылған. Содан бері сегіз шақырылымы қызмет етті. Саясаттанушылар Қазақстанда қоспалаталы Парламенттің пайда болуына бірінші президент пен Жоғарғы кеңес арасында қайшылық әсер етті деп санайды. Өйткені 1990 жылдардың басында елде Парламенттік Республика құруды жақтайтындар аз болған жоқ, ондай идеяны қолдайтын тұлғалар Жоғарғы кеңесте де көп болатын. Сол жылдары Жоғарғы кеңестің құзыреті кең болғанын, президенттің өзі депутаттар алдында есеп беруге міндетті болғаны белгілі. Бірақ мұндай демократиялық құндылықтар ұзаққа жалғасқан жоқ. 1995 жылдан бастап Қазақстан президенттік басқаруға көшті.

Мұның соңы неге ұласқаны бәрімізге белгілі. Елде бар билік бір адамның қолына шоғырланып, ұзаққа жалғасқан автократиялық жүйе қалыптасты. Мәжіліс те, Сенат та президент билігін шектеуге дәрменсіз болды. Керісінше, заң шығарушы органға тиесілі болуы тиіс біршама өкілеттік президенттің қолына өтіп кетті. Сарапшылар мұндай Парламентті – еш өкілеттігі, құзыреті жоқ, президент әкімшілігі мен үкімет жанындағы нотариалды кеңсесі сияқты деп сипаттайды.

Сенат мәжілістің шешімдеріне белгілі бір сүзгі ретінде қызмет етті. Мұның саяси астары бар болатын. Біріншіден, Мәжіліс мақұлдаған заң қоғам наразылығына ұшырап, резонанс туғызса, билік басындағылар өзара келісіп, Сенаттың қолымен заңды кері қайтаратын. Осы арқылы халықпен санасатын Парламенттің рөлін сомдайтын. Сондай-ақ президенттің алдына екі палатаның сүзгісінен өткен, билікке томпақ келетін тұсы жоқ жуас заңдар баратыны тағы бар. Мамандар бұдан да маңызды екінші себеп бар деп санайды. Мысалы, елде саяси форс-мажор орнап, Мәжіліс бақылаудан шығып, президентке импичмент жариялауды бастамақшы болса, сенаторлар тосқауыл бола алады. Заң бойынша мұндай бастаманы Сенаттың мақұлдауынсыз жүзеге асыру мүмкін емес.

Ал сенаторлар мәжілісмендерге қарағанда билікке бір табан жақын. Өйткені қағаз жүзінде болса да, мәжіліс депутаттарын халық дауыс беріп сайлайды. Ал сенат депутаттарын жергілікті мәслихат сайлайды, тіпті сенаторлардың бір тобын президент тікелей тағайындайтынын жоғарыда жаздық. Мұндай адамдардың импичментті қолдауы екіталай.

Сенат тарағаннан не өзгереді?

Президент Тоқаев жолдауда Сенат өзінің тарихи миссиясын орындап болғанын, қазіргі заман талабына сай бірпалаталы Парламент жүйесіне көшетін кез келгенін айтты. Ол үшін 2027 жылы жалпыұлттық референдум өтеді. Әлеуметтік желіде референдум өткізіп, қаржы шығындамай, Сенатты дәл қазір тарата салса да, қарсы емеспіз деп жазып жатқандар бар. Дегенмен биліктің мұндай уәжге мойын бұра қоюы екіталай. Шамасы алдағы екі жыл ішінде жылда референдум да өтеді, Сенат та тарайды.

Сондай-ақ жолдауда бір мандатты жаңа Парламентке депутаттар партиялық тізім бойынша ғана сайланатыны айтылды. Дәл осы шешім жұртқа ұнамай отыр. Көпшілік бұл саяси партияға мүше емес миллиондаған адамның сайлану құқығын шектеу деп санайды. Мысалы, Қазақстанда қандай партия тіркелетінін, қандай партия тіркеле алмайтынын екінің бірі біледі. Егер Парламент биліктің батасын алған жасанды партиялардан немесе «Аманат» сияқты жалғыз алпауыт партиядан жасақталатын болса, бұрынғы жүйеден еш айырмашылығы болмасы анық.

2023 жылы ұзақ үзілістен кейін мажоритарлы жүйе бойынша сайлау тәртібі қайта оралып, 29 депутат бір мандатты округтер арқылы сайланған. Мұны биліктің өзі және Ақордаға қарап бой түзейтін сарапшылар үлкен демократиялық қадам деп бағалағанын білеміз. Тіпті қазір жүріп жатқан ауыл-аудан әкімдерін сайлау науқанының соңы облыс әкімдерін сайлауға ұласып, елде нағыз демократия орнайды деп сендіргендер болған.

Пропорциональды жүйе арқылы сайлау Парламентті президентке тәуелді етіп, халық алдында легитимділігінің төмендетеді. Өйткені сайлауға билікті қолдайтын партия ғана барады, оның үстіне халық жеке кандидатқа емес, тұтас партияға дауыс береді. Билікшіл партияның құрамында халыққа ұнаған бірер кандидат болған күннің өзінде оның Парламентке бару-бармауы белгісіз дүние. Мандат ұтқан партияның тізімі сайлаушылардың талабына емес, партия басшылығының көңіл күйіне тәуелді болары анық. Біздің елде тіпті Мәжілісте отырған депутаттың өзін партия төрағасы ротация деген желеумен мандатынан айыра салады. Мысалы, биыл жыл басында ҚХП фракциясы мүшесі Гауһар Танашева партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың тапсырмасымен Мәжілістен кеткен болатын.

Сенатты тарату үшін де, жаңа Парламент жасақтау үшін де бірнеше заңды жаңартып, Конституцияға өзгеріс енгізу қажет. Өйткені 30 жыл қызмет еткен Сенатты бір бұйрықпен таратып, қалыптасқан заң шығару органын бір күнде өзгерте салу қиын. Сайлау туралы, саяси партиялар туралы, Парламент туралы, президент туралы заңдарды қайта қарауға тура келеді. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Парламент сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңды қарауға кірісіп кеткенін айтады. Оның айтуынша, президент туралы заңды да мұқият қайта қарап, ережені айқын әрі толық жазуға тура келеді.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Сенатты тарату саяси реформа емес деп есептейді.

Толғанай Үмбетәлиева
Фото: Ашық дереккөз

 «Егер жаңа реформаның мәні Сенатты тарату ғана болса – одан ештеңе өзгермейді. Өз басым ондай реформаны қолдамаймын. Қазіргі жүйені, сайлау ережелерін сақтай отырып, жаңа Парламент жасақтаудан ешқандай мағына көріп тұрған жоқпын. Мұндай әдіспен мемлекеттік басқаруға өзгеріс енгізе алмаймыз, ол тек техникалық өзгеріс қана болады. Мүмкін бюрократия аздап қысқаратын шығар, бірақ саяси жүйеге еш өзгеріс алып келмейді.

Парламентті өзгерту үшін ең бірінші президент пен Парламенттің арасындағы қарым-қатынасты өзгерту керек. Қазір президент үкіметті өзі жасақтайды, министрлерге өзі қызмет беріп, өзі қызметтен алады. Парламент тек формалды түрде ғана келісім береді. Алда өзгеріс болса, Үкіметті Парламентке өткен партиялар жасақтауы қажет. Сонда ғана парламенттік республикаға көшуге бір табан жақындай түсер едік.

Сонымен қатар бұл жерде сайлау процесіне және саяси партия туралы заңға өзгеріс енгізу керек. Менің ойымша, партияларды тіркеуден өткізудің қажеті жоқ. Кез келген партия сайлауға қатысып, 5 пайыздық межені бағындыра алса, автоматты түрде тіркеуден өткен болып саналғаны жөн. Яғни бірпалаталы Парламентке тек саяси партия арқылы өтуге болатын болса, барлық азаматтың партия құрып, сайлауға қатысуға құқығы болуы керек. Қазір тіркелген бірнеше партияның ғана мүшесі сайлауға түссе, өзге азаматтар үшін әділ болмайды. Сайлауда 5 пайыз дауыс жинай алған партия тіркелуге әбден қақылы».

Сенат тараса, президенттікке кім үміткер болады?

Қазір қазақстандық билік иерархиясы бойынша президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда Сенат төрағасы оның орнын басады. Мұны біз 2019 жылы бастан өткердік. Елді ұзақ жыл билеген Назарбаев күтпеген жерден өкілетін тоқтатып, орнын сол кездегі сенат спикері Тоқаевқа берген. Сенат тарайды деген ақпарат шыға сала жұрт арасында елде форс-мажор жағдай болса, президенттікке кім үміткер болады деген сұрақ туындады.

Депутат Сарымның айтуынша, президент өкілеттігінен бас тартса, мерзімінен бұрын қызметінен кетсе немесе қайтыс болса, оның орнына автоматты түрде мәжіліс спикері үміткер болады. Демек Сенат тараған соң Парламенттің рөлі қазіргіден біршама жоғары болмақ. Өйткені Сенат пен Мәжілістің өкілеттігі бір жерге шоғырланады. Кей сарапшы бұл қадам суперпрезиденттік басқару мен авторитарлық жүйені сақтаудың жаңа жолы деп санайды. Өйткені қағаз жүзінде Парламенттің құзыреті артқанымен, іс жүзінде ол Үкімет пен президент әкімшілігіне тәуелді құрылым болып қала беруі мүмкін.

Зәуреш Баталова
Фото: Ашық дереккөз

Зәуреш Баталова, бұрынғы сенат депутаты, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» президенті:

Парламенттің көп өкілеті президенттің құзыретіне өтіп кеткен

Біз 2007 жылы «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорын» құрғанда елде саяси жүйені өзгертіп, Парламентте халыққа жұмыс істейтін модельді жүзеге асыруды алға мақсат етіп қойдық.

Сол кезде Қазақстанда Парламенттің моделі қандай болу керек деген тақырыпта талқылаулар өткізіп, бір мандатты болу керек деген тоқтамға келген едік. Өйткені Қазақстан унитарлы мемлекет. Бізде федерация жоқ, АҚШ-тағы сияқты штаттар жоқ. Ол елдерде Парламент федерациялардың және штаттардың заңын қабылдайды. Ал біздің елде қабылданған заң тұтас ел аумағында күшіне енеді. Сондықтан унитарлық елде қоспалаталы Парламенттің қажеті жоқ.

1995 жылы референдум арқылы жаңа Конституция қабылданып, екі палаталы жаңа модель енген болатын. 30 жылдан бері осы Парламент жұмыс істеп келді. Жолдаудағы ұсыныс жүзеге асса, бұрынғы модельге қайта оралғалы отырмыз. 1995 жылға дейін бізде Жоғарғы кеңес болды. 1993-тен 1995 жылға дейін Қазақстан парламенттік республика болды. Жоғарғы кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдин басқарып тұрғанда президент өзі келіп, атқарушы органның басшысы ретінде Парламентке есеп беретін.

1995 жылы Конституция жаңарған кезде Парламенттің көп өкілеті президенттің құзыреті не өтіп кетті. Ел президенттік басқаруға аяқ басты. Сондықтан бірпалаталы модельге қайта көшіп, Парламентке бұрынғы құзыретін қайтару қажет деп ойлаймын. Бірақ бірпалаталы Парламентке көшу жөнінде шешім қабылданғанымен, соның қалай жүзеге асатынына алаңдаймын. Біздің елде көп мәселе дұрыс айтылғандай көрінгенімен, іске асыру барысында бұрмаланып, билікке тиімді бағытта орындалады.

Сенаттың 30 жылдық рөлін жоққа шығаруға болмайды. Оның үстіне Сенат пен Мәжілісті бөліп қараған дұрыс емес – екеуі бір Парламент. Екі палата жұмысты өз өкілеттігіне сәйкес орындап келді. Сенат өз рөлін атқарды деп есептеймін. Бірақ Сенат пен Мәжілістің функциясы ұқсас болды. Заң бір палатада қаралады да, келесі палатаға жіберіледі. Сенат Мәжілісте қабылданып, қоғамда резонанс тудырған заңдарды кері қайтарған кездер болды. Сондықтан Сенаттың рөліне, қызметіне қандай да бір баға берудің қажеті жоқ. Мемлекет унитарлы болғандықтан, екі палаталы модель бізге керек емес деп қана айтуға болады.

Бірпалаталы модельді неге қолдап отырмын? Алдағы уақытта заңдар өзгеріп, Парламенттің негізгі өкілеттігі қайтарылса, Сенат пен Мәжіліс бірігіп, Парламенттің күші артса, жақсы болар еді. Ол үшін бірнеше заңды өзгерту керек. Ең алдымен Конституцияны, содан кейін Парламент пен депутаттардың статусына арналған заңды, сайлау туралы заңды және саяси партиялар туралы заңды өзгерту қажет болады. Бұдан өзге де бірнеше норма бар, бірақ ең негізгілері осылар. Парламенттің заң өкілеттігі биліктің өзге тармақтарымен тең болуы қажет.

Конституция бойынша Қазақстанда заңнамалық инициативаны президент, үкімет және парламент депутаты жүргізе алады. Бірақ қазір депутаттың өкілеті шектеліп отыр. Мысалы, депутат өз инициативасымен заң дайындап енгізейін десе, ол заңды іске асыруға қаражат қажет. Ал қаражатты Парламент қарастыра алмайды. Қаржыға ие болу үшін үкіметтен келісім алу қажет болады. Үкіметте сондай құзырет бар. Сондықтан депутаттар өз заңын өткізе алмайды, тіпті үкімет дайындаған заңға жаңа норма да енгізе алмайды. Сондықтан осы өкілеттікті Парламентке беру керек.

Сондай-ақ Парламент нағыз халықтық орган болу үшін бақылау функциясын қайтару қажет. Елде түрлі заңдар қабылданып жатады, бірақ соны іске асырарда көп қателік, көп кемшілік кетіп жатады. Парламент осындайды бақылап, заңды дұрыс атқармаған мекемені жауапқа тарта алуы керек. Бұрын депутаттарда осындай өкілеттік болған еді. Сол құзыретті депутаттарға қайтарудың маңызы зор.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: