Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:55, 26 Мамыр 2025

"Сендер - жалдамалысыңдар": Шерзат Болат ісінен тағы бір адвокат шығып кетті

Бағдат Амандосұлы
Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желілерде Мейірман Шекеев басқаратын қорғаушылар тобының мүшелері біртіндеп істен шеттетіліп жатқаны жөнінде ақпарат тарады.

Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Болат ісінде жәбірленуші тараптың құқығын қорғап жүрген адвокаттар арасында келіспеушілік туындап, олардың бірі қорғаушы қатарынан шықты.

– Мен 10 жылдан бері әр түрлі сот процестеріне қатысып жүрген тәжірибелі қорғаушымын. Соның ішінде осы Шерзаттың ісіне қатысуға ұсынысты үлкен жауапкершілікпен қабылдадым. Кейін бір кісілердің себептерімен үнсіз жағайда түсініксіз шеттетілдім. Сот – цирк емес. Бұл жерде адам тағдыры шешіледі. Аптасына екі рет сот отырысына қатысып, қалған күндері куәгерлерге, сотталушыларға сұрақ дайындау, талдаумен айналыстым. Жәбірленуші тараптың мүддесін қорғау үшін барымды салдым. Бірақ бұл іске жан-тәнімен беріліп істеу үшін емес, атақ-даңқ үшін келгендерге кедергі болған тәріздімін. «Сотта тек мен ғана сұхбат беремін, жұрт алдына тек мен шығамын. Кімде-кім маған қарсы шықса, істен шығарылады. Бұл – менің ісім. Сендер – жалдамалыларсыңдар» деген талаптар бір түрлі көрінді, - дейді адвокат Бағдат Амандосұлы.

Ол сот алаңы – бұл телеарналардағы ток-шоу емес екенін еске салды және мұндай маңызды істе жеке амбициялар мен жариялы дауларға емес, заңдылық пен әділдікке басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар адвокаттардың кәсіби этика мен өзара құрмет талаптарын сақтау қажеттігін ескертті.

– Менің жұмысымды иемденіп, кәсіби пікірім ескерусіз қалды. Кей әріптестерімнің қойған сұрақтары мен өтініштері үшін олар да істен шеттетілді. Бұл – кәсібилікке емес, эго мен монополияға негізделген тәсіл деп есептеймін. Мен бұған төзе алмаймын және көнбеймін. Себебі мен бұл іске біреудің имиджін көтеру үшін емес, ақиқатты табу үшін араластым, - дейді адвокат.

Оның айтуынша, бұған дейін Жандос Палманов пен Нұрболат Ибраев та істен шеттетілген.

– Халық маған сенді. Істен шеттетілгенім үшін олардың көңілі қалды. Сол сенімді ақтау үшін барымды салдым. Бірақ мен біреудің көлеңкесінде қалғым келмейді. Себебі бұл істегі қан хайп құралы емес, - дейді Бағдат Амандосұлы.

Адвокат өзін істен нақты кім шеттеткенін ашып айтпады. Дегенмен, әлеуметтік желі қолданушылары оның істен кетуін қорғаушылар тобына жетекшілік ететін Мейірман Шекеевпен байланыстырып отыр. Олар тараптар арасындағы келіспеушіліктер мен ішкі алауыздық бұл шешімге себеп болғанын болжайды. Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан бұл жағдай адвокаттар арасында кәсіби этика мен бірлік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.