Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:30, 11 Наурыз 2022

«Сенген қойым сен болсаң...»

None
None

Олжас Сүлейменовке базына

Аға, сіздің Қазақстан Журналистер одағындағы сөйлеген сөзіңізді әлеуметтік    желіден көріп, естіп төбеме жай түскендей болды.

Қазақтың ардақты, танымал азаматы көз алдымызда отбасы-ошақ қасы, өсек-аяңмен жүрген қаймана қазақтың бірі болып шыға келгендей болды. Қанды    қаңтар оқиғасын ұйымдастырушы – шапырашты руы немесе шапыраштинцы   дедіңіз, сол арқылы бүкіл ру, тайпаға күйе жақтыңыз. Сіздің осы сөзіңізді    бүкіл қазаққа іріткі салу, руларды жанжалға шақыру, ел арасына сына қағу,   деп түсіндік. Онсыз да алауыз қазақтың ендігісі ру-руға бөлініп, кінәліні   іздеп қырылысу ма? Қаны кеппеген кешегі оқиға сабақ болмағаны ма? 

Қазіргідей, аумалы-төкпелі өліара уақытта елді ауызбіршілікке, ынтымаққа   шақырудың орнына бүкіл бір шапырашты руына топырақ шашқаныңыз   дұрыс болмады. Бұл қанды оқиға бүкіл қазаққа қара жамылтқан күн болды,  оны кім ұйымдастырғанын, оның артында кімдер тұрғанын ел ақымақ  емес, сіз айтпасаңызда біліп отыр.

Жалтақ адам емес едіңіз ғой, қаңтар қырғынын ұйымдастырған Болат, Самат,  Қайрат, Кәрім деп бетке ашық айтпайсыз ба, бүкіл шапыраштыға тіл тигізгенше.

«Примкнувшие… я не уверен… в основном шапыраштинцы...» дейсіз. Егер  өзіңізге сенімді болмасаңыз, онда неге айтасыз? Не мақсатпен айттыңыз, әлде біреу аузыңызға салып берді ме? Ел бірлігін, болашағын ойлаған ақсақалдың айтқан сөзі осы болса, онда басқалар не демейді?!

Әттеген-ай!

1986 жылы Қонаевтың көңілін аулап, есігін сығалап жүргендер Колбиннен  қорқып, ол кісіге жақындамай, сырт айналғанда, сіздің бүкіл елдің көзінше,  Димекеңмен қол алысып, амандасып, хал жағдай сұрасқаныңызды білеміз.  1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында зардап шеккен бір азаматқа пәтер алып  бергеніңізді де білеміз, әрі мақтан тұтамыз.

«АЗиЯ» арқылы дүниені дүр сілкіндірдіңіз, Қазақты әлемге таныттыңыз.  Алақандай, қара кітап Мәскеулік шовинистерге ұнамай қалып, басыңызға  бұлт үйірілген сәтте Д.Қонаевтың қасыңыздан табылғанын ел біледі.

«АЗиЯ» еңбегі арқылы бүкіл славяндар мен түркілердің шежіре, жылнамаларын қопарып, тарихына бетбұрыс жасаған Ағамыз енді Қазақтың  руларын жіктеп, ел арасына ши жүгірткеніне ішіміз ашып отыр.  

Сіз айтқан сөзді кез келген қарапайым қазақ айтса, көңіл аудармауға да болушы еді, сіздің жөніңіз бөлек емес пе? Қазақтың кез келген ру тайпалары сияқты шапырашты да Ұлы жүздегі белді рудың бірі. Басқасын айтпағанда, Кенесары ханның өлімі үшін қырғыздарға құн төлеткен батырлар Сұраншы мен Саурықты қайда қоямыз?

Н.Назарбаевтың айналасынан тек шапыраштыны ғана емес, Қазақтың Үш Жүзінің (Жүзге кірмейтіндері де бар) белсенді бишікеш, бетке ұстарлары, кіріптар күнкөргіштері, жалынды жағымпаздары, аяр арт жалағыштары  табылған жоқ па? Бүгінде қалған-құтқандары әдет бойынша Қ.Тоқаевтың маңынан нан табуда.

Өзіңіз де Н.Назарбаевтың қолынан талай марапат алдыңыз ғой, баяғыда  Қазақстанның Халық Конгресі партиясын құрғанда, халық қолдап,  соңыңыздан еруге дайын болған еді. Сіз Италияға, өзіңіз айтпақшы, «ссылкаға» кетіп қалғанда, көңіліміз пәс болып, бәрі әдіре қалған. Сол кезде   ел арасында сізге «Медеу жақтан СовМиннің бір демалыс үйін 3 гектар  жерімен беріпті», деген сөз шыққан, егер жаңылсам, айтыңыз. 

Егер Н.Назарбаевта бас араздығыңыз, өкпеңіз болса, оны ру тайпасымен  шатастырмаңыз! Бір қарын майды – бір құмалақ шірітедінің кері. Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас тегіне деген.

Өз басыма келер болсам, Н.Назарбаевтан үміттенгенім рас, ал 2005 жылдардан кейін саясаты да жиіркенішке айналды. Сайлауларына барған   емеспін. Н.Назарбаевтың дәуірі аяқталып, енді Қ.Тоқаевтан үміт күтудеміз, бірақ айналасында реформаторлар жоқ, командасында өзгеріс жоқ. Өңкей  тұңғыштан қалған тұлғасымақтар. 

Аға, сізге ақыл айтайын деген ойдан аулақпын, менікі тек өз пікірімді  білдіру. Мен де сіз сияқты сталиндік 1937 жылғы репрессияның оты  шарпыған бір қарапайым арғынның ұрпағымын. Шапыраштыда алты аласым, бес бересім жоқ. Бірақ шапырашты руында да, басқа руларда да адал достарым жетерлік.

Бір ауыз сөз қасіретті тияды,

Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды.

Бір ауыз сөз әлемге әйгі еткізсе,

Бір ауыз сөз жаманатқа қияды...

Үйдегі шағын кітапханамның бір бұрышында Олжас Сүлейменовтің  кітаптары тұр. Өз қолымен жазып берген автографы да бар. Көзім тағы да  «АЗиЯ»-ға түсті, аштым: «Слово»… как лакмусовая бумажка, определяет  читательскую среду в одном прочтении – краснеет в другом – синеет, а иногда белеет.

Мен бүгін қызардым, бірақ жаманатқа қимадым.

Тегтер: