Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 31 Мамыр 2022

«Сенген Смайыловымыз сен болсаң...»

None
None

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанда 5G енгізу мәселесін көтерді. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылы жеке операторларға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында 5G технологиясын тестілеу құқығы берілген көрінеді.

Жүргізілген сынақтар жақсы нәтиже көрсетіп, енді оны жаппай енгізуді көздеп отыр. Басқа «G қарық қылғандай», Үкімет 5G енгізбекші екен. Жақсы ғой, бірақ осыған дейін 4G де халық күткен нәтиже бермей, аты ғана 4G  болғанын бүкіл ел біледі. Оны, тіпті мемлекет басшысының өзі де мойындады.

Ашып айтар болсақ, өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі интернет пен байланыс сапасына көңілі толмайтынын ашық айтып, ғаламтордың мүлдем жұмыс істемеуін «тұтынушыларды алдау», деп бағалаған болатын-ды. «Қазіргі кезде нақты емес нәрсені сату қалыпты жағдайға айналды. Олар интернет параметрлерінің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде, мүлде басқасын ұсынады. Жақсарып жатқан ештеңе жоқ. Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл, шын мәнінде, тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұндай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және мұндай заң бұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кәнеки, мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па әлде жоқ па?  Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба?» – деген болатын президент. Артынша, ғаламтор сапасы үшін тиісті мекемелерге бірнеше рет айыппұл салынды.

Шыны керек, сол ғаламтор сапасына сенеміз деп, пандемия кезінде білім саласын онлайнға көшіріп, соңында «қатып қала беретін» онлайн сабақтардың соңы бүкіл оқушыны сауатсыз ұрпаққа айналдыра жаздағаны есте. Шын мәнінде, білім саласы мемлекет басшысы айтқандай, «интернет параметрлерінің бірін жарнамалап, мүлде басқасын ұсынған» ғаламтор жылдамдығына алданып қалғанын қоғам болып, мойындаған едік. Оның сыртында, ғаламтор жетпеген қаншама ауылдарымыз бар. «Еліміз жаппай ғаламтормен жүз пайыз қамтылды», деген әңгіменің ертегі екенін де онлайн оқу мойындатты.

 Жақында ғана Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин: «елімізде қазір 5163 елді мекен мен қалада интернет бар. Бірақ 768 ауылда оның сапасы өте төмен», – деп мойындаған еді.Ендеше, сол ауылдарды тиісті деңгейге жеткізе алмай отырып,  5G біздің не теңіміз?! Рас, айтуға әдемі. Бірақ шындықпен бетпе-бет келетін халыққа обал емес пе?! 5G-дің ақшасын төлеп, 2G-дің «рахатын» көретін халыққа не бетімізді айтамыз?!

Айтпақшы, жақындаМусин: «бұрын интернеттің сапасы туралы мәселе неге айтылмай келді? Ешқандай жауап бере алмаған едік. Өйткені ең төменгі деңгейдегі параметрлер белгіленбей келген. Мен өз бұйрығыммен ең төменгі деңгейлі параметрлерді белгіледім. Яғни, 3G үшін ол 1,5 мегабатт, 4G үшін 5 мегабаттке дейін белгіленген. Тексеріс жүргізген кезде біз осы параметрлерге қараймыз. Бұрын тексеріс жүргізген кезде тек 3G бар ма, деп қана қарайтынбыз. Хабарлама жіберілсе ғана ауылда интернет бар деуші едік. Ал қазір интернеттің параметрлеріне сай келе ме жоқ па, соны қарап жатырмыз. 80 пайызы параметрлерге сай келмейтінін біліп, айыппұлмен операторларды жазаладық. 3-4 айдың ішінде мәселені шешпесе, айыппұлдар екі есе ұлғаяды. Депутаттармен бірігіп, айыппұлдар мөлшерін 100 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін арттырдық. Яғни 400 тексерістің нәтижесі ретінде 92 млн теңге айыппұл салсақ, 10 есе бір жылда 1-2 млрд теңгеге дейін айыппұл саламыз. Сол үшін сапасын арттыру мақсатында операторлар бар күшін салады деген ойдамын», – деген болатын. Айыппұлдан операторлардың қаншалықты қорқып жатқанын қайдам, Алматының іргесіндегі талай ауылдың ғаламтор жылдамдығына көңілі толмай отырғаны жасырын емес. Тек халықтың қолында ғаламтордың жылдамдығын өлшейтін құралы жоқ...

Осы орайда, айта кетер жайт, Смайыловты «қаңтар оқиғасынан» соң, «халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартады», «бұқараның билікке деген өкпесін тарқатады», деген үмітпен әкелгені әлі есте. Дәл қазір халық «сенген Смайыловымыз сен болсаң», деп отыр… Өйткені халықтың әлеуметтік жағдайының аса жақсарып кеткенін байқай алып отырғанымыз жоқ. Тіпті 5G-дің мәселесінен гөрі, халыққа күн сайын қымбаттап бара жатқан азық-түліктің, тосап қайнататын мезгілде жоқ болып кеткен қанттың мәселесі өзекті болып отырғанын қалай жеткізсек екен. Жасыратыны жоқ, нан бағасының өзі бақылаусыз қалды. Азық түлік бағасы күн санап, аспандап барады. Бір ай бұрын «қант бағасы тұрақты болады», деген үкіметтің уәдесі де аяқасты қалды. Қазір қалтаңдағы теңгеге қымбат қанттың өзін табу оңай емес. Осы бетімен кете берсе, аз күнде қанттың таңсық тамаққа айналатын түрі бар. Ал ғаламтордың тамақ болмайтыны белгілі, қымбатшылық қос бүйірінен қысып, бір күн аш, бір күн тоқ болып отырған халықтың үзіліп бара жатып, сұрайтыны ғаламтор емес, тамақ болары анық. Сондықтан бар жоғы, жылдамдығы белгісіз ғаламтордан гөрі, азық-түліктің бағасын ауыздықтасаңыз, халқыңыз шын риза болар еді ау.

 Смайылов, 4G-ді қарық қыла алмай отырғанда, 5G де не теңіміз?!

Тегтер: