Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:33, 27 Желтоқсан 2022

Сенгеніміз – Смайылов, өрлеуіміз Жаңа Қазақстан болуы керек еді

None
None

 Санаулы күндерден соң, Қаңтар оқиғасымен қабырғамызды қақыратып басталған 2022 жылмен де қоштасамыз.

Елді дүрліктіріп, есімізді алған сол оқиғадан кейін Мамин үкіметі отставкаға кетіп, Смайылов үкіметі атқарушы билік басына келді. Бұл үкімет жай келген жоқ, «Жаңа реформалармен Жаңа Қазақстанға бастаймыз» деп ел президентінің нақты-нақты тапсырмаларын жүзеге асыруы керек-тін. Біз сендік, үміттендік. Сенгеніміз Смайылов, жоғары өрлеуіміз «Жаңа Қазақстан» болуы керек еді?!  Рас, «Жаңа Қазақстан» бір жылда орнай қалмайды. Алайда қазіргі үкіметтің аяқ алысына қарап, алаңдай бастаған елдің қарасы көп.

     

 Смайылов сенімді ақтады ма?!

Өткенде, үкімет отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер Әлихан Смайыловқа нақты сұрақ қойып, шынайы жауап алғысы келетінін айтты.

Үкіметтің жұмысын сынай келе президент: «Мен премьер-министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, жаңа жылға үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма?» – деп тікелей сұрады.

Бұдан соң,  сын естіген Смайылов шешім қабылдай алмайтын министрлерден орнын босатуды талап етті.

  «Талап өте жоғары.  «Қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын», деген әріптестеріміз қазірден орнын босатсын. Орындарыңызға басқа адамдар келеді. Халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмысты жалғастырамыз. Сонда көздеген мақсатқа жетуге болады», – деді ол.

Осылайша, премьер үкімет мүшелерін бір сілкіп алған болды. Бірақ үкімет басшысының әріптестерін бұлай ширатуы халықтың көңіліне аса сенім ұялата қоймады. Қазір көптің көкейінде «бұл үкімет жыл басынан бері көзге көрінетіндей  не тындырды?» деген сауал менмұндалап тұр...

 «Халықтың еңсесі түсіп барады, мұны үкімет сезе ме...»

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, біз «Жаңа Қазақстан», «Жаңа реформалар» деп алаулатып, жалаулатып жатқанымызбен әлі сол ескі сүрлеуден шыға алмай келеміз. Бүгінде жұрт «Жаңа Қазақстанда» өмір сүрудің тым қымбаттап кеткенін, қоғамда аса бір өзгерістің байқалмайтынын қайта-қайта қаузап жүр. Ақиқатында,  халықтың еңсесін тіктеу үшін бір жылда біраз нәтижелер көрсетуге болар еді. Өкінішке қарай, нақты нәтижелердің легі аз. Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, үкімет бір ғана инфляциямен күресте өзінің қауқарсыздығын көрсетті.

– Мамин үкіметінің кезінде «2022 жылы азық-түлікке жатпайтын тауарлар көлемінің инфляциясы 5 пайыз, азық-түлік тауарларының инфляциясы 6,5 пайыз болады», деп есеп берілген болатын-ды. Мұның жалған есеп екенін, сол кездің өзінде инфляция 20  пайызға жеткенін біз айттық. Артынша, Смайылов үкіметіне 2022 жыл, яғни биылғы жылдың аяғына дейін инфляцияны 8,5 пайызға дейін төмендету тапсырылды. Міне, жылдың аяғы болды. Инфляция түскен жоқ, керісінше, 18,5 пайызға бір-ақ шарықтады. Үкіметтің қалай әрекет жасағанын осыдан-ақ білуге болады. Сырттан келген факторларға төтеп бере алмадық. Отандық өндіріс дамыған жоқ. Жұмыссыздық өршіп тұр. Шағын және орта бизнестің проблемалары жетіп артылады. Барлық салада мәселе көп. Халықтың еңсесі түсіп барады, үкімет мұны сезе ме?! Көңілде күмән көп, – дейді қаржыгер Арман Мусин.

  Шынымен де, маман айтса айтқандай, қазір қымбатшылық дендеп тұр. Елдің тұрмысы төмендеп барады. Десек те біздің үкімет халыққа қилы-қилы жобаларды ұсынып, «жаңалықтарға ұмтылып жатырмыз» деуге тым құштар.

  

  «Үнемдейміз, жасылданамыз, жасарамыз...»

 Мәселен, үкіметтің жаңалықтарының бір легі былай түзіледі. Бүгінде «Жасыл Қазақстан»,  «Үнемді Қазақстан», «Күміс жас» және тағы басқа жобалардың жарнамасын асырып жүрген үкіметтің есебінше, бұл жобалар жүзеге асса, нақ қазіргі 3,9 пайыздық жұмыссыздық деңгейі 2025 жылға дейін 3,7 пайызға түседі. Қарапайым халықтың да табысы 2025  жылға дейін айтарлықтай өседі. Қымбатшылық та келер 2023 жылы екпінін басып, 6-7 пайыздың көлемінде болып қалуы ықтимал. Бейнебір елдегі жағдайды келер жылы Аяз ата мен Ақша қар келіп, сиқырлы таяқшасымен түртіп қалып, түзеп жіберетіндей осындай есептер беріледі. Ал сала мамандарының айтуынша, үкіметке шындыққа тура қарап үйренуі керек.

Бұған қатыстысаясаттанушы, Жандос Өмірәлиев былай дейді:

– Кезінде Қазақстаннан Азия барысын жасағысы келгендер болған. Бірақ экономикалық параметрлер жағынан алғанда, біз өспедік.  ЖІӨ бес пайыздан артық өспейтін дамушы ел күйінде қалады. Қазақстан қазір де сол дамушы күйден арыла алмай отыр. Бұдан шығудың бір жолы шикізатқа байланған санадан ажырап, экономиканың инновациялық сегментін дамыту. Бірақ олай жасау үшін адам капиталы керек. Білікті мамандар, саналы жастар қажет, –дейді Жандос Өмірәлиев.

Маманның айтуынша, біз 30 жыл бойы әуелі – экономика, сосын – саясат деген бағытты ұстандық. Бірақ бұдан экономикамыз дамыған жоқ. Керісінше, қарызға баттық, бюджеттің қаражатын шаштық. Халықты тарықтырдық. Құрғақ уәде, орындалмайтын әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларға уақыт текке кетті.

– Енді Смайылов үкіметі бұл сүрлеуден шығуы керек. «Үнемді Қазақстан», «Жасыл Қазақстан» дейсіз бе, толып жатқан бағдарламалар, оларға ақша бөлу, ол ақшаны игере алмау сол баяғы тәсіл. Бізде үнемдейтін халық, тарығатын халық. Ал үкімет өз ойынша «жасылданып, дамып, жасарып, жайнап» жатыр. Бағдарламалардың қызығын халық көруі керек қой, – дейді саясаттанушы.

Әлеуметтік дамыған қоғам қашан құрылады?!

Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтың пікірінше, біз енді Ата заңда жазылғандай, әлеуметтік дамыған қоғам құруға бет бұруымыз керек.

– Біздің Конституциямызда мемлекет үшін бірінші маңызды дүние – халықтың әлеуметтік жағдайы екені жазылған. Бірақ осы 30 жыл бойы әлеуметтік мәселелерді нақты шеше алмадық. Елдің әлеуметтік жағдайы сырт қалды. Жыл сайын жәрдемақы, зейнетақы көлемін арттырғаннан өзге бұл салаларда жаңашылдық бола қойған жоқ. Мемлекеттің әлеуметке арналған стратегиялық бағдарламалары біз ойлағандай, ғажап нәтиже бере қойған жоқ. Енді үкімет осы дүниелерді ескеруі тиіс. Қандай кадрлар келсе де бірінші кезекте, халықтың жағдайын шешетін, ауыртпалығын жеңілдететін бағытта жұмыс істеуі керек деп есептеймін, –дейді экономист-ғалым.

  Негізінен, мамандардың байыптауынша, халықтың әлеуметтік жағдайы, жалпы, экономика жақсару үшін әу бастан ұлттық холдингтер, квазимемлекеттік секторлар қарқынды жұмыс істеуі керек-тін. Өкінішке қарай, бізде олай болмады. Бұл ретте, мамандар «мұның барлығын үйлестіруі тиіс «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы болуы тиіс еді, бірақ аталмыш холдингтің экономиканың, әлеуметтік жағдайдың локомотивіне айналуға әлеуеті жетпеді. Бұл әл-ауқат қорын басқарғандардың білімі төмен болды. Бұл арада тағы да сол кадр мәселесінің құлағы қылтияды», дегенді алға тартты.

Бұдан бөлек, өзгеріске экономика мен саясаттан бөлек, тілімізбен, ділімізге дейін жаңарып барған жөн екенін мамандар баса айтып отыр. Бұған қатысты сала мамандары: «Егер біз болашақта Қазақстанның беделін халықаралық деңгейге көтергіміз келсе, алдымен, билік қазақша ойлап, қазақтың жағдайын түсіне алуы тиіс. «Халықаралық саяси арена түсінсін», деп ресми тілде сөйлеуді доғару керек. Шенеуніктер, министрлер, ең алдымен, қазақтың тілін, ділін, мәдениетін бойларына сіңіруі керек. Сол кезде билік халықтың мұң-мұқтажын жанымен түсінетін болады», – дейді.

    Абзалында, ел биылғы жыл басталғалы қаншама оқиғаларды бастан кешті. Қаралы қаңтар оқиғасы, үкіметтің жаңаруы, Қостанайдағы алапат өрт, елде жаңа облыстардың пайда болуы, Ата заңға өзгеріс енгізуге қатысты республикалық референдум, ресейдегі мобилизацияның салдары, ел күтпеген сайлау, Екібастұздағы елдің үсіп-тоңуы, пәтер қымбатшылығы, азық-түлік бағасының қайта-қайта шарықтауы, міне, осының барлығына халық төзіп келеді. Ел атқарушы билікке сенгісі-ақ келеді, реформалардың нәтижесін көргісі келеді. Сондықтан үкімет енді халықтың сенімінен шығуы үшін әділ шешімдер қабылдап, халыққа пайдасы бар жұмыстар істеп, елге жақын екенін көрсетуі тиіс. Неде болса келер жылы біздің жақсылықтан үміт үзгіміз келмейді.

Тегтер: