Сенің атың – Қожа

Каникулдан оралған депутаттар шығарма жазса
«Жуырда мен газеттен оқыдым: қытайлардың ат қоюы қызық болады екен.
Бала бес-алты жасқа толғанша, оның тәуелді аты болмайды. «Ортаншым», «Кенжем», «Сүйіктім», «Жұпарым» деген секілді шартты атаумен атап жүреді. Ал есі кіріп, бес-алты жасқа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны таңдап алады. Міне, әділдік деген. Осы дұрыс емес пе?»
«Менің атым – Қожа» повестінен
Менің де қауақ басыма әртүрлі ойлар келе береді. Елге ортақ тұлға болған, халыққа қызмет етіп жүрген адамдардың атын сол халықтың өзі қоятын болса. Ел алдында жүрген азаматтардың түр-тұрпатына, атқарған қызметіне, тындырған ісіне, тіпті кейбір қылықтарына қарай, «бұл кісіге осы ат лайық» деп әркім ұсыныс беретін болса. Мен мынадай ұсыныс жасаған болар едім. Әрине, бас жаққа барыспай, берідегі азаматтардан бастап кетейік.
Көп жылдардан бері жоғарғы палатаның төрін бермей келе жетқан Мәулен Әшімбевқа Төребек деген ат жарасатын сияқты. Төре десең төре, бек десең бек.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қазақы қоңыр үніне, сөйлеу мәнеріне, жүргізіп отырған билігіне, қаз даусына қарап Қазыбек деген болар едім.
Баға шарықтап, қымбатшылық қысып, инфляция бетімен кеткен заманда үкімет тізгінін ұстап отырған прембер-министр Әлихан Смайыловтың бейғам бейнесіне қарап отырып аузыма Сабыр деген есімнің түсе кеткенін қараңызшы. Не деген сабырлы адам десеңізші. Және аш, жалаңаш халыққа да түрі сабыр деген сөзді үнсіз айтып тұрғандай.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға ат іздеп әуре болудың керегі жоқ. Жәй ғана Орысбай десең жарасып-ақ кетеді. «Қанша бақсаң да «орманына» қарап ұлитынын» ескере отырып, Бөрібек десе де болатындай.
Интернет әлемінде 3G-ге толық қол жеткізе алмай жүріп, 4G-ға көштік, 5G-ға көшеміз, 6G-дауы ауылы алыс емес деп шімірікпей айтатын Аслан Мусин Талаптан деген атқа лайық. Құры жүрмейді, талаптанып жүреді. Бірақ нәтижесі аздау.
Президент әкімшілігі мен министрліктегі қызметіне араға уақыт салып қайта оралып тұратын Аида Ғалымқызы Балаеваға Орал деген атты қияр едік. Бірақ Орал деген есімді жас адамдардан көп кездестірмейтіндіктен бас тартып, жәй ғана Жайнагүл деген болар едік.
Денсаулық сақтау министрінің суретіне сүйсіне қарап отырып тағы бірер жыл Ажар деген өз атымен жүре бергені дұрыс шығар деп ойладым. «Ақылына көркі сай» дегендей, көркіне біліктілігі сай болса, нұр үстіне нұр болмақ.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты атқарып жүрген қызметіне қарай Сауытбек дер едім. Әйтпесе, «өкпелесең көшіп кет» деген бір ауыз сөзі үшін Далақбай деуге болады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке Байжігіт деген ат келе кететіндей. Ақшаға болмаса да білім мен мінезге бай сынды көрініп тұрады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа қызметі мен сырт келбетінің сәл-пәл ұқсастығы үшін Ыбырай десем, кішкене келіңкірейтін сияқты. Бірақ ол үшін министр мырза қызметін күшейтіп, шашын өсіре түсіп, сақал-мұртын жіберу керек.
Күні кешеге дейін экология және табиғи ресурстар министрі қызметін атқарып келген Зүльфия Сүлейменоваға Мөлдір, Тұнық деген аттар да жарасады. Дегенмен төтенше жағдай кезіндегі жылағанына қарап, Ақбөпе дегеніміз дұрыс шығар деп ойладым. Оның үстіне, министрлердің ішіндегі бөпесі (ең кішісі) де болып еді.
Мәдениет және спорт министрі қызметін атқарған Асхат Ораловқа Бақберген деген атты қияр едім. Шынымен Құдай бақ берген, президент тақ берген жігіт қой, әйтпесе, министр бола қоятындай асыл ер емес еді.
Сырт келбетіне сай келіп тұрғандықтан денсаулық сақтау министрінің есімін сол қалпы қалдырғанымыздай; «Егемен Қазақстан» газетін басқарғанында, бір жыл ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінде жүргенінде талантты жастарға жасаған қамқорлығы мен кеңдігін ескере келе Дархан Қыдырәлінің де өз атын сол қалпы қалдырған дұрыс шығар деген ойға келдім.
Қай қызметке барса да мәз болып жүретін, президенттің баспасөз хатшысы кезінде езуі жиылмаған, қазіргі қызметіне де дән риза Берік Уәлиге Қуандық деген ат жарасып-ақ тұр.
Министр қызметіне үш рет қайта оралған Тамара Дүйсеноваға Оралхан апай деген ат оғаш болмас-ау.
Министр кезіндегі істеген ісі мен әкелген өзгерістері үшін Асхат Аймағамбетовті Жаңалық деген болар едік.
Соңғы жылдары биліктен, жоғары қызметтен шеттетіліп қалған Бақытжан Сағынтаев қызметті, оның қазақы болмысын халқы (біраз жұрт) сағынып жүргендіктен, ол кісіге Сағынтай деп атасының атын қоя салар едім. Сыртта отырып алып, ақпарат алаңында майдан ашып, бомба жарып, тыныштықты бұзып отыратын Мұхтар Әбілязовты Ауғанбай дей салар едім.
Депутаттық өмірінің ұзақтығы қарап отырып Қуаныш Сұлтановты Өмірзақ десе болатындай.
Қайрат Боранбавты не үшін Құдабай дегіміз келетіні түсінікті шығар деп ойлаймын.
Кәрім Мәсімов жәй ғана Сатылған бола салсын.
Әзілге толы уағыздарымен-ақ айналасын күлкіге бөлеп жүретін Нұрлан имамның қара торы, жылы жүзіне қарап отырып «сенің атың – Қожа» дер едім.
Бекболат Тілеухан – Зарыққан.
Бауыржан Байбек – Босатқан.
Дәурен Абаев – Жеткерген.
***
«Жазда апамның ауылына...»
Бірінші қыркүйек күні Парламент мектебінің оқушылары мектептеріне келді. Каникулдары бітті. Жоғарғы клас (Сенат) пен бастауыш сынып (Мәжіліс) оқушыларының алғашқы қоңырауына мектеп директорының өзі қатысты. Қоңырауды ең кішкентай оқушы Дәулет Мұқаев соқты. Директор ұстаздар мен оқушылардың алдында сөз сөйледі. Мектеп туралы, білім мен тәрбие туралы айтты. Директордың айтысына қарағанда мектептері өте керемет екен. Жылы, таза, барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Білім сапасы жағынан да алдыңғы қатарда-мыс. «Бұнымен тоқтап қалмаймыз, әлі де дами» түсеміз деді.
Өз кластарына келгеннен кейін бастауыш сыныптың мұғалімі Ерлан Қошанов ағай оқушыларға «Мен жазғы каникулды қалай өткіздім» деген тақырыпта шығарма жазыңдар деді. Бәрі отыра қалып жазуға кірісіп кетті. Ардақ деген оқушы Максим Рожин деген сары баладан:
– Ауыз су деген бірге жазыла ма, бөлек жазыла ма, – деп сұрады. Максим: – Арасын жақындатып жаз, – деп күлді.
Жигули: – Ермұрат, артық қаламсабыңыз бар ма, менікі қалып кетіпті, – деп еді, Ермұрат сып еткізіп бере қойды.
Мақсат Толықбай: – Шығарма жазып отыратындай баяғы заман емес қой, ауызша айтып бере салсақ та болар еді, – деп еді, көбі қостай кетті. Ринат Зайытов: – Иә, біз Аманжол екеумізге домбыра берсе, арнау түрінде айтсақ жеңілдеу болар еді, – деді. Кластың іші шулай бастағанда Ерлан ағай бәрін тыйып тастады.
— Жоқ, талап бәріңе бірдей, жаз дегесін жазыңдар, – деді.
Бұлар жазбай-ақ қояйықшы, өйтейік, бүйтейік деп шулап отырғанда Айдос, Жанарбек, Ерлан, Қазыбек сынды пысықтар шығармаларын орталап-ақ тастаған. Жазуға жүйріктері де солар ғой. Ермұрат деген томпақ бала да дүңкиіп алып, боратып жатты. Анау Асхат атты білімді бала да шапшаң, шығармасын алғашқылардың бірі болып тапсырды.
Бәрінің шығармалары ұқсас болып шықты. Тіпті жұптарын жазбай бірге жүрген бе дерсің. Ешқайысысы тыным көрмепті. Жарғақ құлағымыз жастыққа тимеді дегенге келтірген. Елді аралаған, халықтың жағдайымен танысқан. Адам аяғы жете бермейтін ауылдарға дейін табандарын тигізіпті. Тоныкөктің: «Түнде ұйқыкөрмедім, күндіз күлкікөрмедім; қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді; күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып — бәрі елім үшін!» дегені жәй нәрсе болып қалды. Отансүйгіштік қасиеттерінде шек жоқ. Шетелге шықпаған, өзіміздің елде демалған. Алакөлдің суы шипа екен, Балқаштың суы бабында екен.
Ринат Зайытов шығармасын өлеңмен жаза салған екен.
Мен едім мектептегі әйбәт бала,
Шығармамды бастайын жәйлап қана.
Ұстазымның айтқанын екі етпедім,
Мен бардым алыстағы аймаққа да.
Халықтан адал адам қашпас болар,
Пышақтан қорықпайды қайрақ қана, айхай-ахау, а-а-а-а, е, – депті.
— Ринат, өлеңмен жазғаныңа ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ анау айхай ахауыңды жазбай-ақ қойсаң қайтеді? – деді сынып жетекшісі.
- Әдет болып қалған ғой, ағай, жазылып кете береді, – деді.
Ардақ деген бала: «Жазда апамның ауылына барып едім қыдырып, бір қошақан алдымнан шықты ойнап жүгіріп. Мен қойшылардың өмірімен таныстым, нағыз еңбек солардікі ғой, шіркін. Қойшыларға баяғыдағыдай еңбек ері деген атақ берсе артық болмас еді», – деп, қысқа қайырыпты.
Шығармада мазмұнына бір баға, сауатына бір баға қойылатыны белгілі. Мазмұнынан көбісі бес алды. Төрт алғандар да баршылық. Үш алғандар жоқтың қасы. Ал енді сауат жағына келгенде, керісінше, болды. Үш алғандар көп болды. Бес алғандар сол баяғы – Асхат, Аманжол, Елнұр, Мұрат, Жанарбек, Ермұраттар. Толықбаев төртке тартыпты.
Ерлан ағай оқушыларына үй тапсырмасына «Менің арманым» деген тақырыпта шығарма жазып келіңдер деп тапсырды. Ардақ деген бала «Менің арманым – қойшыларға бұрынғыдай еңбек ері деген атақ беру» деп бастайтын шығар, кім біледі?
***
Көлеңке
«Жаман дос — көлеңке: басыңды күн шалса — қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса — іздеп таба алмайсың».
Жолбарыс мырзаның басын күн шалып тұрғанында көлеңкелері көп еді.
Соның бірі де бірегейі Ермек-тұғын. Жас та жасамыс көлеңке. Жөкеңнің өзі де басқа көлеңкелеріне қарағанда осы бір сыптай көлеңкесіне іш тартатын. Өйткені Ерема Жолбарыстың көңілін табатын. Біреулердің жағымпаздығы бетке ұрып тұрады ғой, Ермектікі табиғи еді. Бәрі де жарасымды. Айтқан сөзі де, көрсеткен құрметі де, жасаған ілтипаты да шын жүрегінен, аппақ көңілінен ақтарылып шығып жатқандай әсер қалдырады. Және Жолбарыстың құлағына жағатын сөзді ғана айтатын. Ол кісінің не қалайтынын да біліп алған. Дер кезінде соны жасай қоятын. Жөкеңнің жек көретін адамдарын, дұшпандарын жамандағанда жерге тығып жіберердей қылады. Жөкеңе ұнайтын нәрсенің бәрін мақтап, көңіліне жақпайтындарын іске алғысыз етіп даттап жүреді.
Сол себепті де Жолбарыс мырза Ермекті жанынан тастамайтын. Қай қызметке барса да өзімен бірге ала кететін. Бәрін соған сеніп тапсыратын. Әй, туған баласына да Ермекке сенгендей сенбеген шығар-ау. Біреуді жұмысқа тұрғызу, біреуге тендер әперу дегеннің бәрі де Ермек арқылы іске асып жатады. Ермек алуды да, бөлуді де қатырады. Талай шенді мен шекпендінің көмекшілерін көріп жүрміз ғой. Солардың бірі де Ермектің жанында жіп есе алмайды. Егер көмекшілер арасында республикалық жарыс өтсе, оған Ермек қатысса, Жолбарыс мырза көмектесіп жіберсе, Ереманың бас жүлдені алатыны анық енді. Көліктің, кеңсенің есігін ашу, киімін іліп беру сынды қызметті әркім-ақ жасайды, Ермек туфлиін сүртіп береді ғой. Не керектің бәріне алдын ала дайын жүреді дегеніміз сол, Ермектің қол сөмкесінде аяқ киім сүртетін щеткаға дейін жүреді.
«Бағанағы жасағаным дұрыс болды, ә» десе, «айтары бар ма, өте дұрыс болды», – деп іліп әкетеді. «Әй, соным дұрыс болмаған сияқты» десе, «бір қателескен жеріңіз сол болды, ештеңе етпейді, сізге бәрі жарасады» деп жалғай жөнеледі. Қымбат бутикке барып, пиджак таңдағанда да сол. Жолбарысқа ненің ұнап тұрғанын, ненің ұнамай тұрғанын бет-жүзінен-ақ біліп алады. Жараспай тұрған киімнің өзін бастығы ұнатып тұрса: «өзіңізге арнап тігілгендей екен, құйып қойғандай» деп лыпылдайды. Сатып тұрған адамның өзі өйтіп мақтай алмайтын шығар-ау.
Жолбарыс сырт көзге ішпейтіндердің есебінде. Бірақ арасында тығылып тартатыны бар. Ол кезде де Ермекпен соғыстырады. Ермектің тілегі телегей теңіз ғой, шіркін. Сарқылған кезі жоқ. Және бір тостта айтқан жылы сөздерін екінші тостта қайталамайтыны тағы бар. Және жұмсақ үнімен үзілдіріп айтқанда елітіп-ақ тастайды. Керек десе, желпіндіріп те жібереді. Ермектің суреттеуінде Жөкең жүз жылда бір, жоқ, тіпті мың жылда бір туатын азамат. Оның елге сіңірген еңбегін елу адам жабылып, жүз жылда істей алмас. Адалдығы, адамдығы, азаматтығы, қайраткерлігі керемет енді. Жұрттар жыр қылып айта беретін Дінмұхамед Қонаев та Жөкеңдей-ақ болған шығар-ау.
«Сіз менің әкем жасамаған жақсылықты жасап келесіз, сол себепті де мен сізді әкем деймін, өмір бойы әкем деп құрметтеп, балаңыздай қызмет етемін» деген тілекке кісі риза болмасын. «Сіз үшін өмірінің соңына дейін бір адам тұрып берсе, ол мына менмін», – дегенде сендіріп-ақ жібереді итің.
Сөйткен Ермек күндердің бір күнінде сол Жолбарыс ағасының арқасында басқа бір мекемеге қызметке тұрады. «Жұмысымыз бөлек болғанымен, жанымыз бір ғой, көке-ау» деп жүріп көндірген. Өйткені жылыстамаса болмайтынын сезген...
… Күндердің бір күнінде Жолбарыс істі болды. Құрық құтылмастай салынды. Басын бұлт шалған Жөкеңнің әлгі көп көлеңкелерінің бәрі де жоқ болып кетті. Бірі де жанынан табылмады. Ермек екібастан. Хәлін білмекке талпынып, жолын қарастырғандай түр жасаса да арман жоқ екен-ау. Ұшты-күйлі жоғалды. Сол аралықта телефон нөмірін де ауыстырып үлгерген екен. Жолбарыстың әйелі өлдім дегенде бұны бір табады.
«Ағаңның шарапатын, жақсылығын көрген адамдарды ұйымдастырып, ақ, адал екенін айтып, жоғарыға хат жазсаңдаршы, бір септігі тиіп қалар» дейді ғой. Ермек басын ала қашады. «Маған жазуға болмайды. Қызметім рұқсат етпейді. Жазатын болсам, ағаның артынан жазатайым кетемін» деп ашық айтады.
Рас, Ермектің қызметі ондайға жібермейді. Бірақ «жақсы адам еді» деп бір ауыз жылы пікір білдірсе, ешкім басын алмайды. Бірақ ол өйтпейді. Өйткені көлеңке ғой. Қазір басқа адамның, басын күн шалып тұрған адамның көлеңкесі.